Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2021 жылдың ақпан айында тұрғын үй бағасы қымбаттады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Қаңтар айында сарапшылар бұл өзгерісті зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алумен байланыстырған еді. Алайда бұл үдеріс қатарынан екінші ай жалғасып келеді.
"Қаңтар айымен салыстырғанда қайталама нарықтағы үйлер бағасы 3,1%, жаңа үйлердің бағасы 1,2%-ға өсті. Ал қайталама нарықтағы пәтерлерді жалға алу құны 1,6% қымбаттады",– деп жазылған Ұлттық статистика бюросы таратқан хабарламада.
2020 жылы жаңа үйлердің бағасы 5%, ал 2021 жылдың қаңтар-ақпанында 4,2%-ға өскен. Қайталама нарықта да ұсыныс пен сұраныс жоғары. 2020 жылы мұндай баспаналар 13,2%-ға қымбаттаса, 2021 жылдың қаңтар-ақпанында баға бірден 8,2%-ға көтерілді. Елімізде жаңа үйлердегі пәтердің бір шаршы метрі орта есеппен 322 968 теңгеге бағалануда.
"2020 жылдың ақпаны мен 2021 жылдың ақпанындағы көрсеткіштерді салыстырар болсақ, жаңа үйлер 8%-ға, қайталама нарықтағы пәтерлер бағасы 20,3% өскен",– деп хабарлады Ұлттық статистика бюросы.
"Golden key" жылжымайтын мүлік агенттігінің директоры Ботагөз Кенжебаева қаңдарда баға өсе бастаса, ақпанда ең жоғары межеге жетті деп есептейді. Маманның айтуынша оған жасалған сатып алу-сату шарттары дәлел.
"Қаңтарда сұраныс артса, ақпанда сату бойынша келісімшарттар көп жасалды. Тіпті біздің жүйемізде тіркелген көптеген пәтер сатылып кетті. Баспаналарын сатқандардың барлығы доллар бағамына сай бағаны өзгертпей бір қалыпты ұстап отырғандар. Ал үйлерін сата алмағандар бағаны 10-20%-ға қымбаттатқандар. Бұл ең жоғары меже болды деп есептеймін. Енді нарық заңдылығы бойынша баға тұрақтала бастауы керек. Ал баспаналарын сатуды көздейтіндер баға саясатын қайта қарауға тиіс", – дейді жылжымайтын мүлік бойынша маман.
2021 жылдың қаңтар айында республика бойынша 21 577 сатып алу-сату келісім шарты жасалған. Әзірге үй сату бойынша Алматы қаласының тұрғындары көш бастап тұр (3813 шарт). Одан кейінгі орында Нұр-Сұлтан (3195 шарт).
Жылжымайтын мүлік бойынша маман өңірлерді жаңа үйлердің бағасы өссе, республикалық маңызы бар қалаларда қос нарыққа да сұраныс жоғары екенін жеткізді.
"Бірақ жаңа үйлерге сұраныс жоғары болатыны да анық. Бұл экономикалық жағынан тиімді. Алайда жаңа салынған тұрғын үйлерде пәтерлер бірден сатылып кетеді. Сондықтан сатып алушылар қайталама нарыққа көз сала бастайды", – дейді Ботагөз Кенжебаева.
Krisha.kz сайтының мәліметтеріне сүйенсек, ақпан айында Ақтау, Орал мен Атырауда тұрғын үй бағасының ең көп қымбаттағанын байқауға болады. Мәселен, Ақтауда 1 шаршы метр құны 13,1%, Оралда 7,8%, Атырауда 4,8% өскен.
Сонымен қатар 10 наурызда оңтүстік астанада "Алматы жастары" тұрығын үй бағдарламасына өтініш қабылдау басталды.
"Бағдарлама бойынша өтінімдер мен құжаттар 31 наурыз айына дейін almaty-zhastary.kz сайты арқылы қабылданады Биыл мүмкіндіктер кеңейді — несие сомасы 18 000 000 теңгеге дейін ұлғайтылды және бағдарламаға қатысушылар санатына құқық қорғау органдарының қызметкерлері енді. Сонымен қатар, биыл қатысушылардан Алматы қаласында тұру талабы алынып тасталды", – деп жазылған Тұрғын үй саясаты басқармасы таратқан хабарламада.
Айта кету керек, былтыр берілетін қарыз сомасы 13 000 000 теңге болатын. Сонымен қатар 1 000-нан аса жас отбасы баспаналы болған. Биыл да жоба аясында 1000-ға жуық жас отбасы баспанамен қамтылмақ.
Бұл ретте жылжымайтын мүлік бойынша маман аталған жоба да тұрғын үй бағасының қымбаттауына әсер ететінін айтады.
Құралай Құдайберген
Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз !