Тұрғын үй нарығы: баға тұрақтай ма?

Сарапшылар пікірі бір арнаға тоғыспай тұр.  

Тұрғын үй нарығы: баға тұрақтай ма?

Мемлекет ипотекалық бағдарламаларға қаржы салуды біртіндеп азайтуы мүмкін, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Биыл "Баспана хит", келер жылдан бастап "7-20-25" бағдарламасын қаржыландыру тоқтайды. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы Мадина Әбілқасымова мәлім еткен өзгерістер "нарықтық қағидаттарға жол беру" мақсатында көзделген. Бұл нарыққа қандай өзгеріс әкеледі? Баға өсе ме, төмендей ме?

Сарапшылардың пікірін білген едік.  

Қазақстан құрылыс компаниялары қауымдастығының президенті Виктор Микрюков "7-20-25" бағдарламасы тиімді болмағанын айтады. Оның айтуынша, бекітілген тұжырымдамаға сәйкес, 2018 жылдан 2021 жылға дейінгі кезеңде шамамен 700 млрд теңгеге ипотекалық несиелер берілуі  керек еді. Ал берілген барлық несиелердің жалпы сомасы 493 млрд теңгеден аспаған.

"Егер бағдарламаның орындалу барысын жылдар бойынша қарастыратын болсақ, онда 2018 жылы жоспары бойынша 100 млрд теңге бөлінуі керек, іс жүзінде 39 млрд теңгеге несие берілді.  2019 жылы 150 млрд теңгенің орнына 96 млрд теңге бөлінді. 2020 жылы жақсы динамика байқалды. Жоспарланған 200 млрд теңгенің 185 млрд теңгесіне несие берілді. Биыл 250 млрд теңгенің орнына тек 93 млрд теңгелік несиелер қаржыландырылды", – дейді сарапшы. 

Қазақстан құрылыс компаниялары қауымдастығы мүшелерінің пікірінше, бағдарлама бірнеше себепке байланысты діттеген мақсатына жетпеген. Олар:
- бағдарламаның жаңа тұрғын үйлерге бағытталуы. Бұл құрылыс компанияларына ұсыныс қалыптастыруға мүмкіндік бермейді. Себебі пайдалануға берілгенге дейін пәтерлердің шамамен 90%-ы сатылып кетеді;
- ипотекалық несиенің ең көп мөлшері 25 млн теңгеден аспайды. Жылжымайтын мүліктің қымбаттауына байланысты республикалық маңызы бар қалаларда бағдарламаны толығымен жүзеге асыру мүмкіндігі жоқ.

Сондықтан қауымдастық әлі де болса мемлекеттік бағдарлама ережелеріне бірнеше өзгеріс енгізуді ұсынып отыр. Олардың қатарында салынып жатқан және үлескерлерден қаражат жинауға рұқсаты бар нысандардан пәтер алуға мүмкіндік беру. Сондай-ақ берілетін ипотеканың шекті мөлшерін 25 млн теңгеден арттыру. 

"Ипотекалық бағдарламалардың жабылуы жылжымайтын мүлік нарығына кері әсер етеді. "7-20-25" және "Баспана хит" жобаларының тоқтатылуы екінші деңгейлі банктердің ипотекалық өнімдері бағасының жоғарылау қаупіне әкеледі. Сонымен қатар аймақтық құрылыс компаниялары зардап шегеді. Бұған қоса өмір сүру жағдайларын жақсартқысы келетін қазақстандықтар мен құрылыс компаниялары үшін де оңай болмайды", – деді Қазақстан құрылыс компаниялары қауымдастығының президенті.

Ал "Қазақстанның орнықтылық қоры" АҚ аталған бағдарламалар ипотеканың қолжетімділігін арттыру бойынша өз міндетін толық орындағанын мәлімдеді. 

"Қазіргі кезде екінші деңгейдегі банктер "Баспана Хит" бағдарламасына ұқсас кредиттеу талаптарын әзірледі және ұсынуда. Демек, енді мемлекет тарапынан ипотека нарығының осы сегментін одан әрі ынталандыру қажеті жоқ. Бұл жағдай бағдарламаны жоспарлы түрде аяқтауға мүмкіндік береді",– деп жазылған қордың хабарламасында.

Бұл пікірмен Қазақстанның жылжымайтын мүлік федерациясының президенті Ермек Мүсірепов мүлде келіспейді. Себебі екінші деңгейлі банктер ұсынып отырған бағдарламаларда пайыздық мөлшерлеме 15%-дан басталады. 

"Мөлшерлеме "7-20-25" бағдарламасы бойынша – 7%, "Баспана хит" бойынша – 10,75% көлемінде. Олар халықтың осал тобына лайықталған. Ал қазіргі қаржы ұйымдары ұсынып отырған бағдарламалардың мөлшерлемесі айтарлықтай жоғары. Оны төмендетпесе немесе субсидияламаса, нарық тоқырауға ұшырауы мүмкін. Екінші деңгейлі банктер мұндай үлкен сұранысты игере  де, келешекте 7-10%-пен ипотека бере де алмайды. Алдағы уақытта екінші деңгейлі банктер үшін жаңа ережелер енгізіліп, мөлшерлеме халық үшін қолжетімді болуы мүмкін", – дейді Қазақстанның жылжымайтын мүлік федерациясының президенті. 

Сонымен қатар Ермек Мүсірепов Қазақстан құрылыс компаниялары қауымдастығының президенті Виктор Микрюковтың "7-20-25" бағдарламасы тиімсіз" деген ойымен де келіспейді. Сарапшы мемлекеттік бағдарлама нарықты тоқыраудан алып шыққан экономикалық құрал болғанын айтады. 

"5 жыл бұрын жылжымайтын мүлік нарығын "7-20-25" арқылы қолдау тоқырау алдында тұрған құрылыс индустриясы үшін үлкен өзгеріс әкелді, былайша айтқанда саланы жандандырды. Сол кезде тұралап қалған жаңа тұрғын үй саласы қарқынды дами бастады. Жобаның оң әсерін әлі де байқауға болады. Салынып жатқан нысандар көп, пәтердердің басым бөлігі сатылып кеткен. "7-20-25" бағдарламасы әлі де сұранысқа ие", – деген Қазақстанның жылжымайтын мүлік федерациясының президенті алдағы уақыттағы тұрғын үй бағасына қатысты болжамдарымен бөлісті. 

"Жаңа үйлердің бағасы 10%-ға дейін, қайталама нарықта 15%-ға дейін төмендеуі мүмкін. Алайда бағаның арзандауына ипотекалық бағдарламалардың жабылуына емес, зейнетақы жинағының бір бөлігін шешіп алуға қатысты дүрбелеңнің басылу себеп болады", – деді Ермек Мүсірепов.

Айта кететіні, 2021 жылғы сәуірде республика бойынша тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша 59689 мәміле тіркелді. Бұл өткен аймен салыстырғанда 13,3%-ға жоғары. Ал 2021 жылғы қаңтар-сәуірде тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны өткен жылдың осы кезеңінен 2,5 есеге артты. Сәуір айында қайталама нарықтағы тұрғын үй бағасы 1,7%, жаңа баспана бағасы 0,8%-ға қымбаттады. 

Құралай Құдайберген
 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу