Түрік татамиінен алтын мен күміс бұйырды

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
3277

Елдос Сметов қарсылас шақ келтірмеді.

Түрік татамиінен алтын мен күміс бұйырды

Анталияда дзюдодан бүкіләлемдік Гран-при белдесулері басталып, Елдос Сметов алтынмен апталды.

Түркияның Анталия қаласында бүкіләлемдік Гран-При турнирінің кезекті кезеңі басталды. Оған 75 мемлекеттен 485 дзюдошы қатысып жатыр. Дәлірек айтқанда, ерлер арасында 297 дзюдошы, ал әйелдер арасында 188 спортшы өз өнерлерін ортаға салады. 5-7 сәуір аралығында өтетін бұл додаға Қазақстан құрамасы 13 дзюдошысын үкілеп қосты.

Бірінші күні ерлер арасында екі, ал әйелдер арасында үш салмақ дәрежесі бойында жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды. Әрі біздің дзюдошылар үшін аса сәтті аяқталып, қоржынымызға бір алтын, бір күміс түсті. Елдос Сметов (60 келі) қарсылас шақ келтірмей, Галбадрах Отгонцэцэг (48 келі) екінші орынға ие болды.

Ерлер арасындағы 60 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғаған Елдос Сметов жерлестерін желпіндіріп, көпшілікті тәнті қылды. Ол әуелі әзірбайжан Оруж Влизаданы жолынан тайдырды (вазари). Одан кейін болгар Валентин Алипиевті алып ұрды (иппон). Ширек финалда Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері, Бразилия дзюдошысы Фелипе Китадаиды да бұйым құрлы көрмеді (иппон).

Елдос жартылай финалда Ұлыбритания үміті, Еуропа чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері Эшли Маккензиді де алып соқты (иппон). Ал финалда өзбек баһадүрі Кемран Нуриллаевты да таза жеңді (иппон). Сөйтіп, Түркия татамиінде қарсылас шақ келтірмей, көрермендер мен мамандарды сүйсіндіріп, бірінші орынға ие болды.

Әйелдер арасындағы 48 келіге дейінгі салмақта белдескен Галбадрах Отгонцэцэг финалға дейін сүрінбей жетіп, шешуші белдесуде Косово аруы Дистрия Красникиге есе жіберіп алды. Ол оған дейін Польша, Испания және Сербия қыздарын жеңген болатын.

Өкінішке қарай, Дәурен Сүйеукенов (60 келі), Сұңғат Жұбатқан және Әбілқайыр Мәуленин (екеуі де 66 келі) жүлделі орындарға іліге алмады. Түркия төріндегі бүгін және ертең өтетін бес келі салмақ дәрежесіндегі белдесулерде әлі сегіз жігітіміз бақ сынайды.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу