Түрік үкіметі жарылыс үшін күрд содырларын айыптап 22 адамды тұтқындады

1493

Елдің ең ірі қаласының орталығына жасалған шабуылдан 6 адам қаза тауып, 81-і жараланды.

Түрік үкіметі жарылыс үшін күрд содырларын айыптап 22 адамды тұтқындады Фото: reuters.com

Жексенбі күні Ыстанбұлдың қақ ортасындағы жаяу жүргіншілер даңғылында бомба жарылып, 6 адам қаза тапты, ондағаны жараланды. 

Алапат дүмпуден үрейі ұшқан жұрт жан-жаққа қашып, жақын маңдағы кафелер мен дүкендерді жасырынған.

Оқиға орнына жедел жәрдем көліктері дереу жетті. Жарылыс әйгілі Таксим алаңына апаратын әрі дүкендер мен мейрамханаларға толы танымал Истикляль даңғылында болды.  

Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоған бұл жарылысты "сатқындардың шабуылы" деп атап, оны жасағандардың жазаланатынын ескертті. Дегенмен, ол бұның артында кім тұрғанын айтпаса да, қанды оқиғадан "террордың иісі" аңқығанын да мәлімдеген.

Жексенбі күнгі жарылыс осындай шабуылдар жиі болған жылдардағы алаңдаушылық пен қауіпсіздік мәселелерін түрік халқының есіне қайта түсіріп отыр. 2015-2017 жылдары бұл мемлекетте алапат жарылыстардан жүздеген адам қаза тауып, сол қастандықтардың кейбірін "Ислам мемлекеті" тобы, басқаларын автономия немесе тәуелсіздікке ұмтылған күрд содырлары өз мойындарына алғаны белгілі.

Кейінгі жылдары Ердоған содырларға, сондай-ақ, күрд депутаттары мен белсенділеріне қарсы ауқымды шаралар қолданды. Инфляцияның күрт өсуі мен басқа да экономикалық қиындықтар жағдайында Ердоған үшін лаңкестікке қарсы науқан - келесі жылы өтетін президенттік және парламенттік сайлау қарсаңында елді ұйыстырушы, біріктіруші негізгі фактор саналады.

Жексенбі күні Индонезиядағы "Үлкен жиырмалық" саммитіне аттанған Ердоған алты адамның қаза тапқанын айтты. Ал, оның вице-президенті Фуад Оқтай жараланғандар санының 81-ге жеткенін, және солардың екеуінің жағдайы ауыр екенін мәлімдеп, Ыстанбұл орталығындағы оқиғаның лаңкестік әрекет тәрізді көрінгенін жасырмады.

Әділет министрі Бекир Боздаг үкіметке жақтас A Haber арнасына берген сұхбатында тергеушілердің жарылыс болған жердегі орындықта шамамен 40 минут отырған әйелге назар аударғанын хабарлады. Жарылыс ол азаматша кеткен соң, бірнеше минут өткенде болған. Боздагтың айтуынша, ұсталған күдікті әйелдің аты-жөні әлі нақты емес. Сонымен қатар, шабуылдың артында қандай топ тұрғаны да белгісіз әзірге.

Түркия ішкі істер министрлігі болса, жарылыс үшін күрд содырларын айыптап, ондаған адамның тұтқындалғанын жеткізді.

"Біраз уақыт бұрын бомба қалдырған адамды Ыстанбұл полиция департаментінің қызметкерлері қамауға алды. Тағы 21 адам тұтқындалды. Терроризммен күресті, оның құны қандай болса да, соңына дейін жалғастырамыз", - дейді Түркия ішкі істер министрі Сүлейман Сойлы.

Тағы бір сөзінде Сойлы Ыстанбұлда бомба жаруға бұйрықты Сирияның солтүстігіндегі Кобани қаласындағы күрдтер бергенін мәлімдеді.

Көптеген шетелдік үкімет, соның ішінде Түркиямен қарым-қатынасы шиеленісіп тұрған көршілес Грекия да көңіл айтты. Ол елдің премьер-министрі Кириакос Мицотакис "бұл шабуыл туралы хабардан шошып, қайғырғанын" мәлімдеді.

2015-2017 жылдар аралығындағы 500-ден астам бейбіт тұрғын мен қауіпсіздік қызметкерін мерт қылған жарылыстардан кейін, Түркия Сирия мен Ирактың солтүстігіндегі күрд содырларына қарсы әскери операцияларды бастады, сонымен бірге, Түркияның өз ішінде күрд саясаткерлері, журналистері және белсенділері қудаланды.

Түркия, АҚШ, Еуропа одағы күрдтердің PKK партиясын террористік ұйым деп санайды. Дегенмен, кейбір сыншылар Ердоғанды сөз бостандығын тұншықтыру үшін терроризм заңдарын кең ауқымда қолданды деп айыптап келеді. Түрік билігі болса, мұны жоққа шығарып отыр.

Жақында Түркия ішкі немесе халықаралық қауіпсіздік, қоғамдық тәртіп немесе денсаулық туралы жалған ақпарат таратқан әлеуметтік желі қолданушыларын үш жылға дейін бас бостандығынан айыруды қарастыратын даулы "дезинформация" заңын қабылдады. Кейбір оппозиционерлер бұл ережені биліктің мүддесіне сай пайдалануға да болады деп есептейді.

Жексенбі күні Түркия полициясы осы заңға қайшы келетін "арандатушы контентті" бөліскен 25 әлеуметтік желі қолданушысын анықтағанын атап өтті. Сондай-ақ, мұнда Twitter және басқа да әлеуметтік желілерге кіруге шектеу қойылып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу