Түріктер Алматы әуежайын сатып алды

1469

Бұдан былай Алматы халықаралық әуежайын TAV Airports компаниясы басқарады.  

Түріктер Алматы әуежайын сатып алды

Түрік компаниясы Алматы әуежайының 85%, Vpe Capital басқаратын Kazakhstan Infrastructure Fund қоры 15% акциясына ие болды, деп хабарлайды inbusiness.kz.

TAV Airports компаниясының президенті-бас атқарушы директор Сани Шенердің айтуынша, Алматының әлем елдерімен әуе қатынасы арқылы байланысуының көкжиегін кеңейтуге басымдық беріледі. Осының нәтижесінде Алматының туристік әлеуеті артады. 

"Біз Алматы әуежайының мүмкіндігі мол деп санаймыз. Әуежайдың жұмысын жандандыруға бар күш-жігерімізді жұмсаймыз. Әлемге Алматыны Қазақстанның іскерлік астанасы, ал Қазақстанды бай мәдениет пен жоғары туристік әлеуетке ие ел ретінде таныстырамыз. Бұған біздің тәжірибеміз жетеді. Грузия әуежайларын 10 жыл басқару барысында ұшу бағытын 2 есе, жолаушы ағынын 7 есе ұлғайттық. Жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы Алматы облысының экономикалық, әлеуметтік дамуына және жергілікті бизнестің халықаралық деңгейде ілгерілеуіне үлес қосамыз. Қазақстанда шетелдік инвесторларға достық пейілмен қарайды. Мемлекет өкілдеріне, біздің серіктесімізге, кредиторлар мен қызметкерлерге келісімнің сәтті жүзеге асуына ықпал еткендері үшін алғыс білдіремін", – деді Сани Шенер. 

Белгілі болғандай, түрік инвесторлары Алматы әуежайының әлеуетін арттыруға 200 млн доллар құяды. 

Келісім бұған дейін рәсімделуге тиіс еді. Жоспардың жүзеге асуына пандемия кедергі келтірді. 

Бұл туралы Сани Шенер: "Алматы әуежайындағы акцияларды сату-сатып алу туралы келісімге қол қойылғаннан кейін біз акцияларды беруге қажетті бірқатар заңды және қаржылық шарттарды орындау үшін жұмыс істедік. Өкінішке қарай, бұл алғышарттарды орындау біз болжағаннан ұзаққа созылды. Кешігу карантиндік шектеулердің сапарларды тежегендігінен болды", – деді. 

Біле жүріңіз, TAV Airports компаниясы Алматы халықаралық әуежайы аумағында мультимодальды жүк хабын құруды көздеп отыр. Әуежайды қайта құру жобасы меншік капиталы мен қарыз есебінен қаржыландырылады. Жобаның жалпы құны 737,822 млн доллар. 

Әуежай терминалын кеңейту аясында Алматы әуежайының VIP терминалының қолданыстағы ғимараты көшіріледі. 

Қанат Махамбет
 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу