"Түріктер баспана деп ресейліктерге ескі-құсқы, көр-шөрін қымбатқа сатуда"

3016

Тұрғындары Түркияда жылжымайтын мүлік сатып алған шет мемлекеттер арасында РФ алғаш рет №1 орынға шықты. 

"Түріктер баспана деп ресейліктерге ескі-құсқы, көр-шөрін қымбатқа сатуда" Фото: rbc.ru

Кремльдің соғысшыл саясатын қолдамай, жатжұрттарға қоныстанған, сонымен қатар қырғынға барғысы келмей, мобилизациядан қашқан ресейліктердің Түркиядағы тұрғын үйлерді ыстық бәліштей сыпырып әкетіп жатқаны туралы былтырдан бері көп айтылуда. Бұл енді нақты статистикамен расталып отыр.

Ресейлік РБК талдауынша, РФ тұрғындары жалғыз 2022 жылы Түркияда соңғы 6 жылдағы бүкіл көлемнен де көп ауқымда жылжымайтын мүлік сатып алыпты.

Нақтылай кетсек, былтыр ресейліктер түрік елінде 16,3 мың үй мен пәтер иеленген. Бұл дерек түрік республикасының статистика бюросынан алынды.

Салыстыру үшін айтсақ, 2016 жылдан 2022 жылға дейінгі аралықта Ресей тұрғындары Түркияда жалпы саны 16,2 мың жылжымайтын мүлік объектісін ғана сатып алыпты. Яғни, Путин соғыс бастаған бір жылдағы көрсеткіш оған дейінгі 6 жылдағы жиынтық көрсеткіштен асып түсіп отыр.

Бұған қоса, РФ азаматтары 2022 жылы барлық шетелдіктер арасында осы көрсеткіш жөнінен алғаш рет бірінші орынды алды. Өткен жылы Түркияда баспананы сату-сатып алу мәмілелерінің жалпы санының 24%-ы солардың үлесіне тиді. Салыстырсақ, 2021 жылы ресейліктердің үлесі 9% болған. Бұған дейін Иран көш бастады.

TURKSTAT статистика бюросының дерегінше, Иран екінші орынға (8 223 баспана) сырғыды. Үшінші орында Ирак (6 241) тұрғындары тұр. Себебі, Иран санкциялардың астында, ал Ирактың тынышы кеткен, тұрақтылығы шайқалған, сондықтан олардың байлары діндес, әрі бақуатты, бейбіт өмір ұсына алатын Түркияны таңдайды. Сондықтан олар ұзақ жылдардан бері түркиялық жылжымайтын мүлікті сатып алуда көшбасшылар қатарында келеді.

Төртінші орынға Германия (2 705 мәміле) азаматтары жайғасса, ал Қазақстан тұрғындары бестікті тұйықтады.

Қазақстандықтар 2022 жылдың өзінде Түркияда 2 702 пәтер мен үй сатып алды. 

Шетелдіктер Ыстамбұл мен Анталияны көбірек таңдайды. Тиісінше 24,9 мың және 21,8 мың мәміле осы қалаларға тиесілі. Үштікке Мерсин (4,3 мың) кірді.

Жалпы алғанда, жатжұрттықтар Түркияда былтырғы жылы 67,49 мың тұрғын үй иеленген. Бұл алдыңғы жылғыдан (58,5 мың) 15,2% көп.

Осылайша, Түркия шет мемлекеттердің азаматтарына жылжымайтын объектілерді сатуда 2022 жылы рекорд орнатты: соңғы он жылдағы ең жоғарғы көрсеткішке қол жеткізді.

Дегенмен, түрік елі баспананың көбін өз азаматтарына сатады. Шетелдіктердің жалпы көлемдегі үлесі 4,5% ғана.

Golden Brown Group бас директоры Татьяна Бурлаковскаяның айтуынша, Түркия ресейліктерге баспана сатып алуға рұқсат ететін аз ғана елдің бірі. Оның үстіне РФ тұрғындарын бұл елде қолайлы климат, бірнеше теңіздің жақындығы, 400 мың долларға жылжымайтын мүлік сатып алғандарға тұрақты тұру ықтиярхатының берілетіні қызықтырады.

"Түркиядағы тұрғын үйге деген сұраныс біздің клиенттер арасында төмендемейді. Былтыр Түркия инвестицияға айырбас ретінде тұрақты тұру ықтиярхатын және азаматтықты алу қағидаларын күрт қатайтты. Бірақ бұл да тосқауыл бола алмады. Ресейлік, ТМД-лық сатып алушылардың белсенділігі 2023 жылы да жоғары болып қала береді деп күтілуде", – деп болжады Татьяна Бурлаковская.

Ал ресейлік экономист, кәсіпкер Дмитрий Потапенко дәл қазір Түркияда пәтер сатып алуға кеңес бермейді.

"2022 жылы ғаламат дүрбелең туды. Мен өзімнен ақыл сұрағандарға егер мүмкін болса, сатып алуды кейінге ысыра тұруды ұсындым. Өйткені түріктер 60–70 мың доллар тұрған ескі-құсқы, көр-шөрін (барахло) 250 мыңнан, тіпті 450 мыңнан сатқан. Бұл нарық әбден қызды. Кейін баға күрт құлдыраса, оларды сол бағамен қайта сату қиын болады. Түркияға жарты миллион доллар жинағымен қоныс аударған орташа ауқаттылар баспана алудан қалғанына енді күнін көре алмай жатқан жайы бар", – деді экономист.

Ресейлік сарапшылар Түркияға түпкілікті қоныс аударушылар легі алда бұдан да артуы мүмкін деп тұспалдайды. Толыққанды мобилизация күтілуде. Бүгінде ол тасқынға Ресейден капиталды көп көлемде шығаруға қойылған тыйым тосқауыл болып тұрған көрінеді.

Сонымен бірге Түркияда енді ресейлік банк карталары негізінен жұмыс істемейді. "Мир" картасын қабылдайтын бір-екі халықаралық банктің банкоматтарын іздеп, сабылып жүрген РФ азаматтарын көп кездестіруге болады. Ол банкоматтарда ақша тез таусылып қалады.

Ресейден шектеулі мөлшерде қаражатты SWIFT-аударма арқылы түрік картасына аудару қызметін ұсынатын онлайн-сервистер бар, бірақ олардың комиссиясы жоғары. Олар ресейліктерден екі есе комиссия сыпырып, бір апта күттіріп қоюдан ұялмайды.

Ресейліктердің Түркиядағы жағдайы мәз емес. Оларға визасыз тұруға 90 күн ғана беріледі. Ары қарай не шетелге кетуі немесе ресми рәсімделуі қажет.

Ол үшін тұрғылықты тұратын баспанасы, банкте қомақты есепшоты, қаптаған құжаттар пакеті талап етіледі. Бірақ соның бәріне шығындалған уақыт пен ақша босқа кетуі де ықтимал: РФ азаматының Түркияда тұруына рұқсат берілетініне еш кепілдік жоқ. Ал бұрын Түркия шетелдіктерге баспананы бір жылға жалдау келісімшарты негізінде тұрақты тұруға ықтиярхат бере беретін. Қансыраған Украинадан, қанқұмар Ресейден босқындар саны күрт артқан соң, былтыр Анкара ол тәжірибеден бас тартты.

Егер Түркия өзінде тұруға келісім бермей қойса, шетелдік адам 10 күн ішінде елден кетіп қалуға міндетті. Әйтпесе, Түркияға енді келуге тыйым салып тастайды. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу