Түркі елдері Таяу Шығыстағы соғыста кімнің жағында: Әзербайжан мен Қырғызстан неге үнсіз?

10674

Израиль мен Хамас арасындағы соғыстың жүріп жатқанына бүгін тура 30 күн толды.

Түркі елдері Таяу Шығыстағы соғыста кімнің жағында: Әзербайжан мен Қырғызстан неге үнсіз? Фото: inbusiness.kz

Газалықтар бұл қақтығысты "Әл-Ақса дауылы", ал израильдік тарап – "Темір қылыштар" деп атайды.

Осы бір ай ішінде Таяу Шығыстағы, Газа аумағындағы қарулы жанжалға қатысты Түркі елдері өз ұстанымдарын айқындады. Алайда сарапшылар олардың ортақ арнада тоғыса алмағанына назар аудартады. Мұны осы аптада, 3 қарашада Астанада өткен Түркі елдері ұйымының мерейтойлық X саммиті де паш етті.

Мысалы, Түркі әлемінің көшбасшысы әрі әлем мойындаған державасы – Түркияның қазіргі басшылығы Израильді бірден "оккупант" деп жариялады. Осыған бола екі елдің бір-бірінен елшілерін қайтарып алғанын inbusiness.kz жазды. Мұны әдетте, бір-біріне соғыс жариялаған елдер ғана жасайды.

Енді Түркия лидері Реджеп Тайып Ердоған әлемді шулатқан тағы бір қатаң мәлімдеме жасап отыр. Ол Израильдің қазіргі басшысымен сөйлеспейтінін жариялады.

"Турасын айтамын, Израильдің Премьер-министрі Биньямин Нетаньяху бұдан былай тіпті қарапайым әңгімеге де жарайтын адам болудан қалды. Біз оны есептен шығарып тастадық. Алда Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы саммитінде өтетін кездесулерде бұл мәселеге қатысты шешімді қабылдаймын", – деді Ердоған мырза.

Оның мәлімдемесін түріктің Hürriyet басылымы келтіріп отыр.

Түркия көшбасшысы Газа секторындағы қанқасап қырғын үшін бірінші кезекте Израильдің премьері айыпты екенін атап өтті. Сондықтан бұл қайғылы жағдай онымен диалогты жалғастыруға мүмкіндік бермейді.

"Израильдің премьеріне қарсы наразылықтар Израильдің өз ішінде өршіп барады", – деді Ердоған.

Шынында, Израильдің жұртшылығы соғыстың аяқталуын күтпей-ақ, Нетаньяхуды орнынан кетіруді талап ете бастады. Жергілікті сарапшылар мен ақпарат құралдарының болжамынша, ел билігіне қорғаныс министрі Йоав Галант келуі мүмкін.

Әзірге "Биби" (Нетаньяху) орынтағына бар күшімен жармасып, айрылғысы келмейді. Өзін ақтау үшін ол әлемге мәшһүр израильдік барлау органдарын қаралауға дейін барып, өз кабинетіндегі министрлерден сөз естіді.

Дегенмен, Ердоғанның айтуынша, Түркия Израильмен дипломатиялық қатынастарды толығымен үзбейді. Уақытша "үзіліске қойды".

Түркия Президенті Палестинаға қатысты ұстанымын кезекті рет қадап айтты. Ердоған Қазақстанға жасаған сапарын қорытындылай келе, Түркі ұйымының мерейтойлық саммитінің күн тәртібіндегі басты мәселелердің бірі де осы тақырып болғанын жеткізді.

"Құдайға шүкір, біз Түрік мемлекеттері ұйымының Х саммитін сәтті аяқтадық. Түрік әлемі елдерінің мемлекет басшылары 1992 жылы кездесе бастаған екен. Осы жолы да түрік әлемі арасындағы берік ынтымақтастығымызды кезекті рет паш еттік. Өткен сенбіде Қазақстанның Қарағанды облысында қайғылы апат болғанын білесіздер. Осы орайда шейіт болғандардың туған-туыстарына, барша қазақ халқына көңіл айттық. Қаза болған қазақ бауырларымыз Алланың мейіріміне бөленсін. Зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектеспін", – деді Түркия Президенті.  

Ол түркі бірлестігін институттандыруды күшейту үшін түрлі құжаттарға қол қойғандарын жеткізді. Ұйымның "бірлігіміз – күшімізде" деген ұраны нығая түсті.

"Саммитте жүзеге асырылып жатқан жобалардың жай-күйін талқыладық. Ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын анықтайтын шешімдер қабылдадық. Өңіріміздің әл-ауқатын арттыру үшін экономика, сауда, өзара инвестиция, көлік және энергетика сияқты салалардағы жұмысымызды жалғастыруға бел будық. Тасымалдау саласындағы жол картамыз аймақтық экономикалық дамуға жол ашып, түрік әлемінің экономикалық және әлеуметтік интеграциясын жеделдетеді. Басқыншылыққа душар болған Палестина аумағындағы, әсіресе Газадағы ірі трагедияны да саммиттің күн тәртібіне шығардық. Біз қантөгісті тоқтатып, баянды бейбітшілікке қалай үлес қосатынымыз жөнінде пікір алмасып, ойларымызды ортаға салдық", – деді Ердоған.

Ол түркі елдері саммитінде талқыланған төл, тың бастамасын жариялады. Палестина аумағында, соның ішінде Газа секторында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін "Түркия кепілгер елдің рөлін өз мойнына алуда әзір".

"Бүкіл әлем Газада қақтығыс аяқталғаннан кейін не болатыны туралы сұраққа бас қатыруда. Бұл тұрғыда Газада БҰҰ бітімгершіл күштерін, көп ұлтты әскери күштер коалициясын орналастыру немесе араб елдері үстемдік ететін халықаралық механизмдерді енгізу сияқты түрлі сценарийлер ұсынылуда. Түркия бұл жоспарларға қатысуға дайын. Біз осы оқиғалар басталған сәттен кепілдік мәселесін үнемі айтып келеміз. Түркия кепілдік міндеттемелерін өз мойнына алуға дайын. Кипрде Грекия, Англия кепілгер ел болып отыр. Соған ұқсас Газада Түркия кепілгер ел бола алады. Қауіпсіздік өлшемі, саяси өлшем, сондай-ақ тарихи және мәдени тұрғыдан біз, Түркия, мұнда жетекші рөл атқаруымыз керек. Бұл тарихымызды бүгінмен және болашақпен жалғайтын болады", – деп түйді Түркия Президенті.

Бұл ретте сарапшылар қазіргі Газа аумағының аймағы да бұған дейін ғұн, Көк түрік, селжұқ бабаларымыздың, бертінде түріктің Осман империясының аумағына кіргеніне назар аудартады.

Түркі әлемінің тағы бір көшбасшысы Қазақстан Газа аумағындағы оқиғаларға нақты баға беруден біразға дейін бой тартып келді. Тек 17 қазанда Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің "Хамас пен Израиль арасындағы қарулы қақтығысқа қатысты" мәлімдеме таратты.

"Қазақстан Хамастың израильдік бейбіт тұрғындарға шабуылын және шетел азаматтарын кепілге алуын айыптайды. Сондай-ақ Қазақстан Израильді Газа аумағында көптеген бейбіт тұрғындардың қаза болуына және азаматтық инфрақұрылымның жойылуына әкеліп соғатын пропорционалды емес күш қолданудан бас тартуға шақырады. Мұндай жағдайда халықаралық құқық нормаларын сақтап, Палестина халқының заңды құқықтарын көздейтін БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тиісті қарарларын орындау өте маңызды. Зорлық-зомбылық әрекеті қайта зорлық-зомбылықты тудырады және Таяу Шығыс пен бүкіл әлем үшін сөзсіз, қайғылы салдарға алып келеді", – делінген Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесінде.

Яғни, Қазақстан Хамасты айыптады, алайда Израильді айыптаудан бас тартты. Дегенмен, бір мәселеде Қазақстан табанды. Бұрынғы билік сияқты қазіргі жаңа Қазақстан да Палестинаның тәуелсіз мемлекет болуын жақтайды.

"Қазақстан тараптарды әскери әрекеттерді тез арада тоқтатуын қамтамасыз етуге және "екі халық үшін екі мемлекет" формуласы негізінде аймақтың барлық тұрғындары үшін бейбітшілік, тұрақтылық пен қауіпсіздікке қол жеткізу жөніндегі күш-жігерді жандандыруға шақырады", – деп мәлім етті Сыртқы істер министрлігі.

Қасым-Жомарт Тоқаев Газа аумағындағы қанды қақтығысқа қатысты пікірін осы аптадағы Түркі мемлекеттері cаммитінде білдірді.

"Қазақстаннан Палестина халқына 1 миллион доллар көлемінде гуманитарлық көмек беру туралы шешім қабылдадым. Ондаған жыл бойы шешімін таппаған өзекті мәселелерді зорлық-зомбылық көрсету және лаңкестік әдістер арқылы шешу мүлдем дұрыс емес. Қазақстан мұндай тәсілдерді қатаң айыптайды. Ахуал ушығып кетсе, оның салдары тіпті ауыр болуы мүмкін. Бұл ретте кез келген жанжалды бейбіт келіссөз және дипломатиялық диалог арқылы ғана шешуге шақырамыз. Біз үшін әр елдің аумақтық тұтастығын сақтау және оның ішкі ісіне қол сұқпау – басты басымдық", – деді Президент.

Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев те Израильді қатаң айыптаудан аяқ тартты.

"Біз сенім дағдарысының әлемдік ауқымда ушығып бара жатқанына куә болып отырмыз. Жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісі жаңа қиыншылықтарға тап болып, тығырыққа тірелуде. Халықаралық құқық нормаларының аяққа тапталуын жиі көретін болдық. Әсіресе, бізді Таяу Шығыстағы ұзақ жылдарға созылған палестиналық-израильдік қақтығыстың төтенше қауіпті сипат алуы ерекше алаңдатып отыр. Израиль және Палестина арасындағы қақтығысты шешудің ең дұрыс әрі әділ болатын жалғыз ғана шешімі бар, ол – екі халық үшін екі мемлекет құру. Тараптарды әскери ұрыс қимылдарын дереу тоқтатуға, атысты доғаруға және бітімге келуге шақырамыз. БҰҰ қарарында анықталғандай, Палестина халқы тәуелсіз мемлекетін құруға құқылы", – деді өз елінің ұстанымын жариялаған Өзбекстан көшбасшысы Шавкат Мирзиёев.

Айтпақшы, Астанадағы түркі елдері көшбасшыларының саммитінде Өзбекстан Президенті "осы мәселе бойынша түркі әлемінің бірауызды, ортақ әрі табанды ұстанымын бүкіл әлемге жариялау" туралы ұсыныс енгізді. Бірақ Түркі мемлекеттері ұйымының Х саммиті қорытындысында қол қойылған "Астана Актісінде" Израильді айыптау немесе қырғынды тоқтатуды талап ету сөздері болмады.

Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев пен Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров өз елдерінің ішкі мәселелерімен шектеліп, Газа аумағындағы қақтығысқа қатысты өз елдерінің ұстанымы жөнінде әзірге мәлімдеме жасамапты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу