Түркі елдері жеңілдетілген кеден дәлізін енгізіп, тауар айналымын арттырмақ

1433

Қазақстанның Түркі ұйымына мүше елдермен алыс-беріс көлемі жылдан-жылға артып келеді.

Түркі елдері жеңілдетілген кеден дәлізін енгізіп, тауар айналымын арттырмақ Фото: gov.kz

Алдағы сәрсенбіде Мәжіліс депутаттары Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің арасында оңайлатылған кеден дәлізін құру туралы келісімді қарағалы отыр. Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан кедендік бақылаудың тиімділігін арттыруды көздейді. Осыған орай Мәжіліс депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Еркін Әбілдің пікірін білген едік, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.  

Еркін Аманжолұлы, Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттер оңайлатылған кеден дәлізін құруға ниетті. Осы мақсатта келісімді ратификациялау туралы заң жобасы Мәжілісте қаралып жатыр. Тиісті құжат  қандай мақсаттарды көздейді? Заң жобасына қысқаша тоқталып өтсеңіз.

Осы келісім 2022 жылы 11 қарашада Самарқанд қаласында жасалды. Бұл – үкіметаралық келісім. Жалпы бұл келісімге бес ел – Түркия, Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан қатысып жатыр. Негізгі мақсаты – оңайлатылған кеден дәлізін құру, елдердің арасындағы тауар айналымын арттыру. Осы мақсатта бес елдің өкілдері кеден органдары арасындағы кедендік рәсімдерді жеңілдету, ақпарат алмасу, кедендік операцияларды жасауға қажет құжаттардың санын қысқарту, тәуекелдерді басқару жүйесін қолдана отырып, тауарлар туралы ақпаратты талдау негізінде кедендік бақылау нысандары мен әдісін қолдануды барынша азайтуды көздейді.

Бұл құжаттың Қазақстан экономикасы үшін маңызы неде?

Әрине, бұл ел экономикасы үшін өте пайдалы келісім болады. Себебі, біз қазір әлемге тауарларымызды екі жол арқылы шығарамыз. Біріншісі Ресей арқылы Еуропаға болса, екіншісі – Қытай арқылы. Соңғы 10 жылдың ішінде қарқынды дамып жатқан Транскаспий жолын ілгерілету негізгі мақсат болып отыр. Осы Транскаспий жолы арқылы Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан өзінің өнімдерін Әзербайжан мен Түркия арқылы Еуропаға шығара алады. Жалпы оңайлатылған кеден дәлізіне тоқталар болсақ, бұл негізінен цифрлық платформа болады. Кедендік операцияларға қатысты ақпарат бір жерде болады, сондықтан әрбір шекарада жеке рәсімдеу жүргізілмейді. Тауар бір жерден рәсімделіп, ешқандай шектеу болмайды, тиісінше өзінің соңғы нүктесі Еуропаға немесе Еуропадан Орталық Азия елдеріне дейін жеткізіледі.

Келісімді ратификациялау бес ел арасындағы алыс-беріс көлеміне қалай әсер етеді? Қандай мүмкіндіктерге жол ашылады деп күтіліп отыр?

Бұл тауар айналымын көбейтіп, инфляцияны төмендетеді. Себебі шетелдік тауарлардың құнын азайтады және де қазақстандық тауарларды басқа нарықтарға шығаруға мүмкіндік береді. Осыған дейін бізде осы келісімге кіретін әрбір мемлекетпен жеке келісімдер болды. Бірақ 2022 жылы оның бәрін біріктіретін осындай келісім жасалып, жеке елдермен болған қатынастарды бір жүйеге біріктіріп жатырмыз.

Келісім ратификацияланған жағдайда оңайлатылған кеден режимі қай уақыттан бастап іске қосылады деп жоспарланып отыр?

Осы келісімнің ратификациясы өтіп, Президент осы заңға қол қойғаннан кейін 6 айдың ішінде пилоттық жоба ретінде осы режим іске асырылады. Алты айдан кейін оңайлатылған кедендік режим толығымен жұмысын бастайды. Жарты жылдың ішінде бүкіл техникалық мәселелер, ақпараттық желілерге, құжаттарды рәсімдеуге қатысты мәселелер шешіледі. Содан кейін келісім толық жүзеге асырыла бастайды. Үкіметтің де, Мәжілістің де, Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің негізгі мақсаты – Орталық Азияны, Түркі елдерін қайтадан әлемдік тауар айналымының орталығына айналдыру. Орта ғасырда Жібек жолы кезіндегі сауда орталығы болғандай, Еуразияның ұлы даласын қайтадан әлемдік тауар айналымының орталығы ету мақсаты бар. Ол үшін Ресей арқылы батысқа, Қытай арқылы шығысқа шығатын жолмен қатар Транскаспий бағытын дамыту керек. Ол үшін Түркі елдері бірігіп, ортақ стратегиямен әлемдік нарықтарға шығуы тиіс.

Қазақстанның Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттермен сауда-саттық көлемі бойынша қандай да бір статистика бар ма?

2010 жылдан бастап 2022 жылға дейін Қазақстанның ұйымға мүше елдермен сауда-саттығы 3 есе өсті. 2010 жылы 4,5 млрд доллар болса, қазір 13 млрд долларға жақындады. 2023 жылдың толық статистикасы бізде жоқ, бірақ онда да өсу болды деп айта аламыз. Біздің жалпы саудамыздағы Түркі мемлекеттерінің үлесі 2010 жылы 4,8 пайыз болса, 2022 жылы бұл көрсеткіш 9,6 пайызға дейін өсті. Оның ішінде Түркиямен өзара сауда көлемі – 3,5 есе, Өзбекстанмен 3 есе өсті. Ендігі мақсат – Әзербайжанмен сауданы ұлғайту. Қазір бұл ел өзінің ішкі мәселелерін шешті. Әзербайжанмен де сауда көлемі өседі деген ойдамыз. Сауда өсіміндегі 13 млрд доллардың 74 пайызы Қазақстанның Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдерге экспорты екенін айта кету керек. Оның жартысы Түркияға тиесілі.

Келісім аясында "оңайлатылған кеден дәлізі" мен "сауда операторлары" сияқты ұғым енгізілмек. Сауда операторлары дегеніміз кімдер?

Сауда операторлары дегеніміз бұл әрбір елде тіркелген заңды тұлғалар немесе сауда жасап жатқан жеке адамдар. Олар осы келісім аясында сауда операторлары деп аталады. Сауда операторлары оңайлатылған кеден дәлізі деген ақпараттық жүйеге кедендік рәсімдеуге жататын тауарларды өз еркімен қосады. Келісімге сәйкес жеңілдетілген рәсім бойынша тауарлар кедендік рәсімдерден өтеді.

Сұхбатыңызға рахмет!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу