Түркіменстанда ұн тапшы: нан керек болса, судың ақшасын төле

5327

Билік артық ұнды тәркілеу жолдарын қарастырып жатыр.

Түркіменстанда ұн тапшы: нан керек болса, судың ақшасын төле

Түркіменстан үшін де нан - ең қажетті өнім. Жақында ресми Ашхабад ұнның қат тауарға айналып, оның құны күн өткен сайын шарықтап бара жатқанын ішінара мойындап, жағдайды түзету үшін шара қолдануға кірісті. 

Түркіменстандағы ұн тапшылығы туралы хабар-ошарлар алғаш рет шетел баспасөзінде қараша айында жариялана бастады. Ал  биыл ақпанның соңында ахуалдың жақсарғаны емес, насырға шапқаны белгілі болды.

Өткен айда жарияланған мәліметтерге қарағанда, республикада ұнның 50 келілік қабының бағасы 30 долларға жуықтаған, ал Керкичи және Мағданлы облыстарында  57 долларға жеткен. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, билік артық ұнды тәркілеу жолдарын да қарастырып жатыр.

"Ұнның жетіспейтіні және оның күрт қымбаттағаны жайлы ақпарат бізге келіп тұрады", – дейді "Неміс толқынына" берген сұхбатында "Түркіменстан" республикалық партиясының көшбасшысы Нұрмұхаммад Ханамов.

Оның сөзінше, кейбір жерлерде нан сатып аламын деген тұрғындардан коммуналдық қарызының жоқтығы туралы анықтама талап етіледі екен. Сонымен қатар  ұн бағасының қатаң реттелгенін және оның мөлшерлеп берілетінін мемлекеттік азық-түлік дүкендерінен де байқауға болады.

Қазіргідей тапшылық тәуелсіз Түркіменстан тарихында алғаш рет болып отырған жоқ. Былтыр мұнда егін бітік шықпағандықтан, ұн тапшылығы бірнеше айға созылған.

"Түркімен адам құқықтары бастамасы" ұйымының дерегінше, шалғайдағы елдімекендерде халық нан мен ұн үшін ұзынсонар кезекте тұруға мәжбүр. Әр адамға үш бөлкеден артық нан берілмейді.

Халық саударгерлерге өкпелі
Жергілікті үкімет қол қусырып отырған жоқ. Билік жағдайды ушықтырмау үшін солтүстіктегі Ташауыз уәллаятында, шығыстағы Лебап облысында халыққа паспортпен болса да нан сатуға тырысып жатыр.

"Егер сіз осы ауданда тіркелген болсаңыз, нан мен ұнға қолыңыз жетеді, тіркелмесеңіз  аш қалуыңыз мүмкін", –  дейді тұрғындардың бірі.

Жағдайды бақылап отырған үкіметтік емес ұйымдардың сөзінше, халықтың ашынуына мемлекеттік деңгейдегі тапшылық қана себеп болып отырған жоқ.

Тұрғындар орталықтағы биліктен гөрі, жергілікті басшылар мен нанды тығып сататын саудагерлерге ренжулі. Айта кетсек, халық мұндай таршылыққа алғаш рет душар болып отырған жоқ. Бұрынғы Кеңес одағының өзге елдері тәрізді Түркіменстанда да көпшілік 1990  жылдары нан мен купон үшін кезекте талай тұрды.

Ендігі үміт - Қазақстан мен Иранда немесе Ресейде
Нұрмұхаммад  Ханамовтың айтуынша, Түркіменстан бір кездері сапасы жоғары астықты Иран мен Қазақстаннан сатып алды. Алайда  жергілікті саудагерлер ұнды көбейтіп, қосымша пайда табу үшін сапалы бидайды сапасыз бидаймен араластырады. Ал  мұндай қоспадан пісірілген нанды нан деуге ауыз бармайды. Ресейде де егін бітік шығып, рекордтық деңгейде астық жиналады. Бірақ  соны сатып алуға бюджетте қаражат тапшы. Валюта жоқ.

Сарапшылардың пікірінше, Түркіменстанда бұл проблема қазір өте өзекті. Оған алаңдаған билік мәселені бұрнағы жылдардағыдай шұғыл шешу үшін ұнды немесе нанды бірнеше елден сатып алуға күш салып жатыр. Түркіменстан құтқарушы ретінде әдеттегідей Иран мен Қазақстанға немесе Ресейге жүгінуі мүмкін.

"Үкімет елде осындай жағдайдың қалыптасуына жекеменшік бизнесті, мысалы, өнеркәсіпшілер одағын кіналап отыр. Қолда бар ақпаратқа жүгінсек, бюджетте  шетелден астық сатып алуға валюта жоқ. Ал мемлекеттік бизнес проблеманы шешейін десе, манатқа мұқтаж", – дейді үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері.

Ұн тапшылығының үш себебі
Мамандар Түркіменстандағы ұн тапшылығының үш себебін атап отыр. Оның біріншісі – валютаның  жоқтығы, екіншісі – халықтың ұннан жасалған өнімдерге сұранысының жоғарылығы, үшіншісі – қоймадағы астықтың шынтуайтында ресми статистикамен салыстырған әлдеқайда аздығы.

Кейбір экономистердің ойынша, егер мемлекет астық бизнесіне монополия орнатпағанда, еркін саудаға жол ашқанда, валютаға шектеу қоймағанда, шағын кәсіпкерлер іргедегі Қазақстаннан, Ираннан немесе Ресейден ұнды көптеп әкеп, нан мәселесін баяғыда-ақ  шешер еді.

Түркімендер дастарханда шәй мен бәліш тұрса, күн көруге болады дейді екен. Бірақ қазір мұнда осылардың өзі тапшы болып отыр.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу