Ұн мен мұң: қазақ елі мақтанышынан айырылып қалмай ма

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
4745

Қазақстан алты елден вагон сұрап, жүгінуге мәжбүр.

Ұн мен мұң: қазақ елі мақтанышынан айырылып қалмай ма

Ұн экспорты Қазақстанның шын мәнінде мақтанышы болып табылады. Бұл өнімнің жан басына шаққандағы экспортының көлемі бойынша еліміз бүкіл әлемде бірінші орында.

Бірақ мемлекетіміз бұл мақтанышынан айырылып қалуы мүмкін. Себебі, жаһандық нарыққа қазақстандық ұнның жеткізілімі құлдырауда.

Қап-қап ұнды бізден шетелдік нарықтарға сату көлемі салмағы бойынша 3,3%-ға, ал ақшалай құнда бірден 7,1%-ға азайып кетті.

Бірақ сонымен бірге, бұл отандық кәсіпкерлердің өндірісінің құлағанын білдірмейді: обалы нешік, олар ұн өндірісін бір жыл ішінде тағы 2%-ға арттырыпты.

Ең көп өсімге қол жеткізген өңірлердің көшін Қостанай облысы бастап тұр. Онда ұн шығару көлемі өткен жылғыдан 16,5%-ға немесе 1,3 миллион тоннаға дейін ұлғайды. Облыста "Костанайский Мелькомбинат" АҚ-ы, "Саламат", "Асалия", "Азия Ұны", "Romana-Нан", "Аруана-2010", "КЗП" секілді беделді компаниялар осы саладағы игілігіміз үшін жұмыс жасауда.

Өзі "астықты" бес өңір қатарына кірмесе де, бидайды диірменде тарту ісінде екінші орынға Оңтүстік Қазақстан облысы шығып отыр. Өңірдегі ұн өндірушілер өз өнімдерінің көлемін 7%-ға немесе 861,4 мың тоннаға дейін арттырды. ОҚО-да "Miller & K", "Атамекен" корпорациясы, "Алтын-Дән", "Pioneer Grain Products" секілді "сен тұр, мен атайын" кәсіпорындар астықты өңдеумен айналысады.

"Үштікті" әрине, астықты өңірлердің тағы бір өкілі Ақмола облысы тұйықтайды. Алайда мұнда өндіріс көлемі жыл ішінде 4,5%-ға немесе 431,2 мың тоннаға дейін азайып кетті. Облыста "Урожай" ЖШС, "Колутон-95", "Agrimer-Astyk" секілді компаниялар еңбек етуде.

Отандық ұн өндірушілер өз еліміздің "ас атасының" шикізатына деген сұранысын толық дерлік қамтамасыз етіп отыр. Яғни, бұл салада ұлттық қауіпсіздікке еш нұқсан жоқ. Бұл ретте елде өндірілген ұнның 41,2%-ын қазақстандықтар өзі тұтынған. Одан артылған 58,8% толық экспортқа кетті. 

Сонымен қатар мамандар ішкі тұтыныстың 17,8%-ға артқанын айтады. Мұны дағдарыспен де түсіндіруге болатындай. Қарапайым тұрмыстық тілге салсақ, экономикалық дағдарыс тұсында "азғантай бір тәрелке тамақты нанмен жесең тоясың" идеологиясы жұмыс жасайды.

Ал қазір өзге елдер болса, қазақстандық ұнды кем тұтына бастады. Бұған не себеп? Өткен жылдың күзінде Қырғызстан Қазақстаннан әкелінетін, бірақ йодпен және басқа да пайдалы ферменттермен қосымша байытылмаған таза ұнды тасуға және пайдалануға тыйым салып тастады. Бұл заңды бұзған кәсіпорындар 50 мың сом (шамамен 250 мың теңге) айыппұлмен жазаланады. Қырғыз бизнесі үшін бұл қомақты сома болса керек. Бірақ ел үкіметіндегілер бұл тыйымның экспортқа сонша жойқын соққы бермейтініне бек сенімді.

"Қазақстанда 2004 жылдан бері ұнды байыту туралы заң жүзіндегі талап күшінде. Еліміздегі барлық дерлік ұн өндіруші кәсіпорындар осыған қажетті заманауи қондырғылармен жарақтандырылған. Яғни, әрқайсысы талап етілетін фортификацияны (байытуды) жүзеге асыра алады. Қазақстандық ұнның сапасы тамаша. Біз ұн экспорты бойынша әлденеше жылдан бері бүкіл әлемде көшбасшы орында келеміз. Мәселен, 2016 жыл қорытындысында 2,3 миллион тонна ұн экспортталды. Бұл 2015 жылдағыдан 31 пайызға көп" – дейді ауыл шаруашылығы вице-министрі Рүстем Құрманов.

Бірақ өткен жыл қорытындысында көрсеткіштің кемігені әлгінде айтылды.

Әйткенмен, оның себебі қырғыздың шектеуі емес көрінеді. Себебі, ұн өндірушілер де байытудың сонша қиын еместігін, оның техникалық проблемасы жоқтығын растайды. Өйткені бір тоннаны фортификациялау құны орташа есеппен небары 2 долларға түседі екен. Ал бұл ұнның әр тоннасы құнының 1%-ына да жетпейді.

Бүгінде қазақстандық ұнның басты сатып алушысы Өзбекстан мен Ауғанстан болып отыр. Атап айтқанда, өткен он екі ай ішінде ауған елі қазақтардан осы өнімнің 324,9 миллион долларға 1,5 миллион тоннасын сатып алды. Осылайша, жеткізілімнің көлемі 5,6%-ға, ал ақшалай түсім көлемі 1,5%-ға ұлғайды.

Өзбек ағайындар болса, 627,2 мың тонна ұнды бізден тасып әкетті. Бұл алдыңғы жылғыдан 13,4%-ға аз. Одан түскен түсім 109,7 млн долларды құрады, бұл 13,6%-ға кем.

Қазақстандық ұнды былтыр астық алудан әлемдік рекорд жасаған көрші Ресей де сатып алады. Өйткені дәмі тіл үйірер кондитерлік тағамдарды, нан өнімдерін, жоғары сұрыпты макарон түрлерін жасау үшін ресейліктер өз ұндарына қазақстандық қатты бидайдан алынған ұнды араластырады. Отандық осы өнім Еуропада да аса танымал. Бірақ тасымалы мен логистикасы қымбатқа түсетіндіктен, баға бойынша ол нарықтарда көп бәсекелесе алмайды.

Ал дәстүрлі нарықтарымыз керісінше, қазіргіден де көбірек сатып алуға құмбыл отыр. Бірақ оны көбейтіп жеткізіп беретін көлік құралдары жоқ. Қазіргі сұраныстың өзін қанағаттандыру үшін Қазақстан тіпті өзге елдердің вагондарына телміруге мәжбүр.

Сондықтан өндірушілер де, парламент депутаттары да тасымалдауға қажетті вагондардың санын арттыру бойынша шараларды қабылдауды сұрап, үкіметке жүгінуде. Өйткені өткен жылдың соңында тасымал құралдарының тапшылығы туып, өндірушілер өз клиенттерінің ақысы төленген тауарын жеткізе алмай, дүрбелеңге түсті. Бұл сенімді жеткізуші ретіндегі Қазақстанның беделіне селкеу түсіруі әбден ықтимал.

Алайда үкімет басшысының бірінші орынбасары Асқар Мамин мұнда бір жағынан кәсіпкерлердің өздерінің де кінәсі барлығын айтады.

"Астық пен ұн тиеудің 10%-ы ғана алдын ала негізгі жоспар шегінде, ал қалған 90%-ы жоспардан тыс іске асырылатынын атап өткен жөн. Бұл ретте жоспарлау тасымалдау процесін ұйымдастырудың негізі болып табылады. Астықты инфрақұрылым мүмкіндігін және жылжымалы құрамның болуын есепке алмай, бәрінің жаппай, бір уақытта тасымалдауға ұмтылуы ақыры вагондардың тұрып қалуы сияқты теріс салдарларға және онымен байланысты шығындарға әкеледі", – дейді Асқар Мамин.

Сонымен қатар, ол вагон айналымы мерзіміне әсер ететін және жылжымалы құрамның жасанды тапшылығын тудыратын факторлар барлығын айтады. Мысалы, тиелуге берілген вагондардың тұру мерзімі орта есеппен 2-ден 5 тәулікке дейін, ал көптеген жағдайларда тіпті 15 тәулікке дейін ұлғайды. Мұнда тиеу кезіндегі тұрып қалулар "элеваторлардың техникалық жарықтандырылуының қанағаттансыз деңгейі, сеператорлардың және тиеу желілерінің сынуы салдарынан болады" екен.

"Бұдан басқа, көптеген жағдайларда элеваторлар демалыс және мереке күндері жұмыс жасамайды. Немесе өзі көрсететін қызметтеріне екі еселенген тариф белгілеп қояды. Қазақстан үкіметі жүк тасымалдауға алдын ала өтініш берген жоспарларды қамтамасыз ету үшін бірінші кезекте вагон айналымы мерзімін неғұрлым қысқартуға бағытталған барлық ықтимал шаралар қабылдауда. Атап айтсақ, жеткізу мерзімін 3 тәулікке, ал вагон айналымы мерзімін 2 есеге қысқартуға мүмкіндік берген Ақтау порты, Ауғанстан Ислам Республикасы және Өзбекстан Республикасы бағытында тұрақты тікелей бағдарлар іске қосылды", – дейді бірінші вице-премьер.

Ол осы мақсатта өзге елдерден вагондар сұратып алғандарын жасырмайды. Үкіметтің дерегінше, бағдарларды ұйымдастыру үшін қосымша – Тәжікстан, Түркменстан, Өзбекстан және Қырғызстан теміржол әкімшіліктерінен 280 инвентарлы астық тасымалдаушы вагон, "РусАгроТранс" ЖАҚ-тан (ЗАО) 360 астық тасымалдаушы вагон тартылыпты.

Сондай-ақ Грузиядан "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ стансаларына 176 астық тасымалдаушы вагон жөнелтілді, тағы 124 астық тасымалдаушы вагонның келуі жоспарланады.

Бұдан басқа шектес аумақтарда бос жатқан 2 мыңға дейін жабық вагондардың санын қысқарту бойынша шаралар қабылданып жатыр.

Жүк вагондарын қолдануды оңтайландыру, вагондар айналымының мерзімін қысқарту, сондай-ақ астық тасымалын қажетті теміржол жылжымалы құрамымен қамтамасыз ету мәселелерін шешу мақсатында инвестициялар және даму министрлігінде астық және ұн тасымалдауды жылжымалы құраммен қамтамасыз ету бойынша жұмыс тобы құрылды.

Жұмыс тобының шеңберінде Астық тасымалын жылжымалы құраммен қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар жоспары бекітілді және жоспарға сәйкес Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстары әкімдіктерінің жанынан астық пен ұнды тасымалдау бойынша іс-әрекеттерді үйлестіру және қамтамасыз ету мәселелері бойынша жедел штабтар құрылды.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу