Түркістан облысына "тонналап" кірген қаржы неліктен ізім-ғайым жоқ болып кете береді

20734

Мемлекеттік ресми статистиканың өзі өңірдегі тіксінтерлік кері өзгерістерді тіркеп жатыр.

Түркістан облысына "тонналап" кірген қаржы неліктен ізім-ғайым жоқ болып кете береді Фото: abai.kz

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің дерегінше, Қазақстанда ең көп сыбайлас жемқорлық жайлаған облыстардың тізімін 2023 жылы Қостанай және Түркістан облыстары бастады. Содан ба, сарапшылар Түркістан облысын "түпсіз құдыққа" теңейді. Бұл өңір – "тонналап" кірген ел қаржысы ізім-ғайым жоқ болатын "тылсым әлемге" ұқсайды.

Тіпті бертіндегі кезеңді алғанның өзінде, елде билік транзиті жүрген 2019 жылдан бері бір ғана Түркістан облысын дамытуға республикалық бюджеттен 3 триллион 555 миллиард теңгеден артық субвенция қаражат бөлініпті. Бірақ одан бұл өңірдің қарқынды дамып кеткені шамалы. Мұны Ұлттық статистика бюросының Түркістан облысының дамуына қатысты есебі паш етті.

Жалпы, дәл Түркістан облысындай орталық бюджеттен орасан зор дотацияны бірде бір өңір алмайды.

Атап айтқанда, 2019 жылғы республикалық бюджеттен барлық өңірге берілген бүкіл 1 трлн 584 млрд теңге субвенцияның үштен біріне жуығы – 402 миллиард 300,5 миллионы жалғыз Түркістан облысына берілген.

2020 жылы бұл облысқа – 379 миллиард 908 миллион теңге субвенция бағытталды. Салыстырсақ, республикадағы сол кездегі №2 дотациялы өңір – Шығыс Қазақстан облысына 215 млрд теңге тиді. Өзге өңірлердің көбінің алған қаражаты жүз миллиардқа да жетпейді.

2021 жылы Түркістан облысы – 391 миллиард 668,5 миллион теңге дотацияға қол жеткізді. Оның ізін басқан ШҚО – 217,4 миллиардты, өзге өңірлер одан бірнеше есе аз қаржыны қанағат тұтты.

2022 жылы Түркістан облысы орталықтан көбірек қаржы – 402 миллиард 327,7 миллион теңге сұратып алды. ШҚО сол бұрынғы 217 миллиардын, басқасы – азын місе тұтты.

Облыстың "тәбеті" әрі қарай еселеп өсуін жалғастырды. 2023 жылы Түркістан облысы шығындаған дотация рекордтық 976 миллиард 724 миллион теңгеге жетті. Салыстырсақ, сол кездегі №2 дотациялық өңір Жамбыл облысына тигені – 405 млрд теңге.

Ал, биылғы 2024 жылы Түркістан облысына республикалық бюджеттен ел тарихында бұрын-соңды болмаған алапат дотация – 1 триллион 1,6 миллиард теңгеден көп қаражат шығындалмақ. Салыстырар болсақ, биылғы нөмір екінші дотациялық өңір Қызылорда облысының иеленгені – 433 млрд.

Айтқандай, 2005 жылы Қазақстанның бүкіл республикалық бюджеті қандай болса (1 трлн 230 млн теңге), қазіргі кезде бір ғана Түркістан облысы дотация түрінде сонша қаражатты шығындайды. Оның үстіне бұл – облыстың бүкіл шығыны емес, ол ағымдағы нысаналы трансферт, бюджеттік тапшылығын қаржыландыру және басқа түрінде қаражат алады.

Осы астатөк қаражаттың қайтарымы қайда? Әрбір түркістандық тұрғын араб шейхтарындай шалқып, ауқатты өмір сүруде ме? Ұлттық статистика бюросының (ҰСБ) деректері мұны жоққа шығарады. "Аспаннан шұға жауса..." дегендей, сорақысы сол, Түркістан облысында орташа жалақы – еліміздегі ең бір төмені екен.

ҰСБ дерегінше, Қазақстан бойынша атаулы жалақының орташа мәні 2024 жылғы I тоқсанда 382 279 теңгені құрады. Түркістан облысында 2024 жылғы I тоқсанда қызметкерлерге есептелген орташа айлық атаулы жалақы 284 373 теңге ғана болды.

Статбюро мұндай жалақы түркістандықтардың көбіне арман екенін жасырмайды. Бұқараның шынайы табысы бұдан әлдеқайда төмен. Өткен жыл соңында, 2023 жылғы IV тоқсанда облыс халқының жан басына шаққандағы орташа табысы небәрі 103 516 теңге болды.

Ұлттық статбюро зерттей келе, бұл өңірде белең алған өзге де көңіл қобалжытарлық өзгерістерді тіркеді. Мысалы, Қызылорда облысы сияқты Түркістан облысынан да халық қашып жатқан көрінеді.

"Түркістан облысында биыл көші-қонның теріс айырмасы қалыптасты және ол 7 592 адамға жетті. Салыстырғанда, 2023 жылғы қаңтар-наурызда бұл облыстан көшіп кеткендер саны көшіп келгендерден 2 978 адамға ғана асып еді. Түркістандықтар шетелге де, Қазақстанның өзге өңірлеріне де кетіп жатыр. Олардың орнын атажұртқа оралған қандастар толықтырды. Сыртқы көші-қонда – 133 адамға оң көші-қон айырмасы (105 адам) қалыптасса, ішкі көші-қонда теріс айырма – 7 725 (былтыр 3 083 адам) адамға жетті", – дейді бюро сарапшылары.

Алаңдатарлық басқа да жайттар жетерлік. Тұрмысының төмендеуі, баспанасыздық мәселесінің толық шешілмеуі, өңірді қымбатшылық жайлауы және басқа проблемалар ықпал етсе керек, кейінгі жылдары түркістандық аналар бала тууды азайта бастады.

Бұл теріс тенденция биыл да жалғасты. Халықтың табиғи өсімі өңірде 2024 жылғы бірінші тоқсанда 10 633 сәбиді ғана құрады (өткен жылдың сәйкес кезеңінде 11 031 бөбек дүниеге келген). 2024 жылғы қаңтар-наурызда жаңадан туылғандар алдыңғы жылғы сәйкес кезеңдегіден 2,1% кем болды. Өлген түркістандықтар саны 4,8% көбейген.

Облыстың тағы бір салада аутсайдерге айналғаны анықталды. Алыс шетел, жаһандық нарық түгіл, іргедегі елдерге өткізетін тауары да күрт кеміпті.

Ұлттық статбюро дерегінше, алдын ала деректер бойынша 2024 жылғы қаңтар-наурызда Түркістан облысының Еуразиялық елдермен өзара сауда-саттығы бар-жоғы 56,9 миллион доллар болды. Егер өңірде мықты бір компания болғанда, осынша табысты сол жалғыз-ақ табатын еді. Қалай болғанда, облыстың бұл көрсеткіші 2023 жылғы қаңтар-наурызбен салыстырғанда бірден 50,7%-ға азайды.

Оның ішінде түркістандық экспорт – 15,2 млн доллар ғана болып, алапат 83,4%-ға құлдырап кетті. Ал, сырттан тасыған импорты – 41,7 млн долларға жетіп, керісінше, 75,3%-ға өсті.

Осылайша, Түркістан облысы тек Қазақстандағы "№1 дотациялы" өңір болумен шектелмей, енді шетелдік импортқа тәуелді облысқа айналып бара жатқандай.

Бұл облыстың неге сонша құлдырағанына сарапшылар да, депутаттар да аң-таң.

Мысалы, Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжанов елімізде халық саны бойынша Алматы облысы (мамырдағы жағдай бойынша 1 миллион 540 мың 567 адам) Түркістан облысынан кейінгі екінші орында тұрғанын айтып, салыстыру келтірді.

"Бұл ретте, дотациялық тұрғыдан Алматы облысының жергілікті бюджетінің орталыққа тәуелділігі төмен. 2023 жылы Алматы облысына берілген субвенция көлемі 185 миллиард теңгені құрады. Яғни, облыс бүкіл шығыстарының 71%-ын төл, меншікті кірістері есебінен қаржыландырады. Ал, Түркістан облысының орталық бюджетке тәуелділігі 86,9%-дан асты. Республикалық бюджеттен триллион теңгедей дотация алады да, өзінің меншікті кірістері небары 147,5 млрд теңгені немесе 13,1%-ды құрады", – деді мәжілісмен.

Түркістан облысының гүлденген өңірге айналуына барлық негізі бар. Қазақ жерінің тәжі ғана емес, күллі түркі әлемінің алтын бесігінің бірі байырғы Түркістан – соның аумағында. Демек, туризмді дамытып, күреп табыс табуға, №1 туристік дестинацияға айналуға тиіс еді.

Түркістан облысы халық саны жөнінен де облыстар арасында №1. ҰСБ мәліметінше, 2024 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша Түркістан облысында 2 147 234 тұрғын тұрып жатыр. Бұл жөнінен оның алдына тек ең ірі мегаполис Алматы қаласы (2 249 370 адам) түсе алады.

Олай болса, бұл облыста тепсе темір үзетін азаматтар көп, жұмыс күші мол. Бизнестің барлық түрін дамыту әлеуеті зор. Жері де шүйгін деуге болады.

Облыс басшылығы болса, осы ұланғайыр ресурстардың қалауын таба алмай, республикалық бюджетке қол жайып отыр.

Мысалы, статбюро дерегінен өңірдегі ауыл шаруашылығында стагнация белгілері байқалады. 2024 жылғы қаңтар-сәуірде ауыл шаруашылығы өнімдері мен қызметтерінің жалпы шығарылымы триллион емес, небәрі 175 млрд теңгені құраған және 2023 жылғы қаңтар-сәуірмен салыстырғанда өсім айтуға тұрмайтын 100,4% болды. Соның өзінде бұл статистикада қосып жазудың жоқтығына кепілдік жоқ.

Түркістанда бабаларымыз байырғы замандарда Ұлы Жібек жолын өрістетіп, керуендердің желісін кеңейтіп, ел-жұрттың ауқатын арттырған. Бүгінде, 2024 жылғы қаңтар-сәуірде облыстағы жүк айналымының көлемі 7 569,3 млн тонна-шақырымға әзер жетті. Бұл 2023 жылдан 6,8% кем. Бұл салада кері кету тіркелген.

Триллиондап қаржы құйылып жатқанына қарамастан, өңірде көптеген мәселе сол бойы шешімін таппаған күйде тоқырап қалуда. Сенаттың Түркістан облысынан сайланған депутаты Мұрат Қадырбек Үкімет басшысына жолдаған депутаттық сауалында облыста шешімін табуды қажет ететін бірқатар мәселелер барын жеткізді. Мәселен, елді мекендері табиғи газбен жете қамтылмаған.

"Облыс халқы табиғи газды "Бейнеу-Бозой-Шымкент" магистральды газ құбырынан тұтынуда. Облыста 833 елді мекеннің 465-сі немесе 55,9% ғана табиғи газбен қамтамасыз етілген. 2023 жылы қосымша 57 елді мекенге газ тартып, қамту деңгейін 62,6% жеткізу көзделді. Елді мекендерді газбен жабдықтау үшін облыста арнайы Жол картасы әзірленіп, 2025 жылы қосымша 202 елді мекенге газ құбырын тартып, қамту деңгейін 86,9% жеткізу жоспарланған", – деді сенатор.

Алайда Энергетика министрлігі "газ ресурстарының шектеулілігін ескере отырып, жаңа жобаларды іске асыру газ тасымалдау жүйесінің біртұтастығының бұзылуына әкелуі мүмкін деген" себеппен 2024 жылға тек қана өтпелі 6 нысанның құрылысына 3,1 миллиард теңгені мақұлдапты. Бұдан бұрын, 2022 жылы республикалық бюджеттен 23,9 млрд теңге, 2023 жылы 8,9 млрд теңге жұмсалған екен. Оның бәрі нысаналы мақсатына, тиісті жеріне жұмсалса, дұрыс.

М.Қадырбектің айтуынша, бірінші кезектегі елді мекендерді табиғи газбен қамту жобаларын қаржыландыру мәселесі шешілмесе, бюджет қаражаты есебінен бұрын салынған газ нысандары қараусыз қалуы, тозуы және де талан-таражға түсіп, газ құрылғылары мен желілерін жарамсыз жағдайға жеткізуі әбден мүмкін.

Бұл өз кезегінде, нысандарды қайта қалпына келтіруге бюджеттен қосымша шығын шығаруға, бюджет қаражатының тиімсіз игерілуіне, халықты газбен қамту жоспарының кейінге шегерілуіне әкеліп соғады деп алаңдайды депутат.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу