Түркия неліктен скандиналық елдердің НАТО-ға өтінішіне алаңдаулы?

1724

Ердоғанның Финляндия мен Швецияға қояр бірнеше талабы бар. Ал Солтүстікатлантикалық альянс Стокгольм мен Хельсинки НАТО-ға өту туралы тарихи шешім қабылдағанда, өз ішінен емес, Мәскеуден қатаң жауап күткен еді. 

Түркия неліктен скандиналық елдердің НАТО-ға өтінішіне алаңдаулы?

Түркия Президенті Реджеп Тайып Ердоған Швеция мен Финляндияның НАТО-ға мүше болу жайлы тарихи шешімдеріне наразылық білдіріп отыр.

Түрік лидерінің мәлімлеуінше, бұл скандинавиялық мемлекеттер Түркияға қауіп төндіретін күрд содырлары мен басқа да топтарды қолдағаны үшін Солтүстікатлантикалық альянсқа өтпеулері керек.

НАТО-ның бас хатшысы Йенс Столтенберг болса, Швеция мен Финляндияны өзі жетекшілік ететін одаққа тез арада қабылданатынына сенім білдірді. Бірақ Ердоғанның мәлімдемесі Солтүстік Еуропадағы екі елдің НАТО-ға кіру жолы тақтайдай тегіс болмайтынын көрсетіп отыр.

Түркияның мақұлдауы өте маңызды, өйткені әскери одақ өз шешімдерін консенсуспен қабылдайды. Оның құрамындағы 30 елдің кез келгені жаңа мүшеге вето қоя алады.

Ердоған үкіметі екі мемлекеттің мүшелік жайлы өтінімдерін одақтастарынан жеңілдіктер мен кепілдіктер алу үшін пайдаланады деген болжам бар.

Түркияның ұстанымына, оның не ұтатынына және Анкара қарсылығының ықтимал салдарына тоқталсақ, бұл мәселелердің қысқаша сипаты төмендегідей:

Түркия екі елдің өтініштеріне неге қарсы?

НАТО-ның екінші ірі армиясы – Түркия одақтың "ашық есік" саясаты еуропалық қауіпсіздікті күшейтеді деп, дәстүрлі түрде НАТО-ның кеңеюін қолдап келеді. Мысалы, Анкара бір кездері Украина мен Грузияның да альянсқа қосылу мүмкіндігін құптады.

Ердоғанның Швеция мен Финляндияға қарсылығы Стокгольм мен Хельсинкидің Күрдістан жұмысшылар партиясын (PKK), DHKP-C солшыл экстремистік тобын және АҚШ-та тұратын мұсылман уағызшысы Фетхуллаһ Гүленнің ізбасарларын қолдауынан туындап отыр. Анкара 2016 жылғы сәтсіз әскери төңкеріс әрекетінің артында Гүлен тұр деп есептейді.

Соңғы онжылдықтарда талай күрд пен басқа да қашқындар Швециядан пана тапты. Солардың қатарында Гүлен қозғалысының мүшелері де бар. Түркияның мемлекеттік ақпарат құралдарының хабарлауынша, Швеция мен Финляндия Түркия іздеу салған 33 адамды экстрадициялаудан бас тартқан.

Одақтастарын Түркия қауіпсіздігіне көз жұма қарайды деп жиі айыптайтын Ердоған еліне әскери техника сатуға қойылған шектеулерге де ашулы. Бұл санкцияны ЕО елдері, соның ішінде Швеция мен Финляндия, 2019 жылы Түркия Сирияның солтүстігіне әскер кіргізгені үшін жариялады.

Өзінің қарсылығын әрі қарай ақтай отырып, Ердоған 1980 жылы Грекияны НАТО-ға қайта қабылдауға келіскен Анкараның "қателігін" енді қайталағысы келмейтінін де атап өтті. Оның сөзінше, бұл әрекет Грекияға НАТО-ның қолдауымен "Түркияға қарсы позиция" ұстануға мүмкіндік берген.

Түркия не ұтуы мүмкін?

Түркия екі елдің НАТО-ға қосылуына келісім бермес бұрын олармен PKK мен басқа да топтарды басу жөнінде мәміле жасасуға тырысуы мүмкін. Анкараның Швеция мен Финляндияға қоятын негізгі талаптары – сириялық күрдтер тобына, күрдтердің халықтық қорғаныс бөлімшелеріне немесе YPG-ге қолдау көрсетуді тоқтату. Бұл топ Сирияның солтүстігінде "Ислам мемлекеті"  тобымен күресте Батыстың одақтасына айналды. Бірақ Түркия YPG-ны PKK-ның жалғасы деп санайды.

Сондай-ақ Ердоған Швеция мен Финляндияның мүшелігін АҚШ пен басқа да одақтастардан жеңілдіктер алу үшін пайдалануға әрекеттенуі ықтимал. Түркия АҚШ-тың F-35 жойғыш ұшақтарын жасау бағдарламасына қайта оралғысы келеді – бұл жоба Анкара ресейлік S-400 зымыранға қарсы қорғаныс жүйелерін сатып алғаннан кейін тоқтатылды және де Түркия F-16 жойғыш ұшақтарының жаңа партиясын сатып алып, әскери авиациясын жаңартуды көздеп отыр.

Басқа талаптар Түркияға қару сатуға жарияланған бейресми эмбаргоны тоқтатуды, Түркияның Еуропа одағына қосылу ұмтылысына қатысты жеңілдіктер жасауды және елдегі 3,7 миллион сириялық босқынды қолдауға қажетті қаражатты көбейтуді қамтиды.

Бұл батыста Түркияның имиджіне қалай әсер етуі мүмкін?

Түркияның вето қою қаупі оның Вашингтондағы және НАТО-дағы мәртебесін әлсіретіп, Анкараны өз пайдасы үшін одақтың кеңеюіне тосқауыл қойды айыптауға негіз болуы мүмкін және де осы қадаммен Түркия Украинаға Ресей әскерімен күресте тиімді қаруға айналған Bayraktar TB2 дрондарын жеткізу арқылы жинаған беделіне нұқсан келтіруі ғажап емес.

"Түркия Финляндия мен Швецияның мүшелігіне қарсы дауыс беретін болса, Путиннің НАТО ішіндегі агенті атанып кетуі мүмкін. Мұндай жағдайда оның РКК-ға байланысты қарсылықтары ұмытылып, Анкараның НАТО-ның кеңеюіне кедергі келтіргеніне көбірек назар аударылады. Сөйтіп Түркияның НАТО-дағы имиджі бұрмаланады", – дейді Вашингтон институтының Түркия бойынша сарапшысы Сонер Джағаптай АР агенттігіне берген сұхбатында.

Түркия Ресейді жұбатуға әрекеттеніп жатыр ма?

Түркия Ресеймен де, Украинамен де тығыз қарым-қатынас орнатты және екеуімен де байланыстарын теңестіруге тырысып отыр. Мәселен, Түркия Ресейге қарсы санкцияларға қосылудан бас тартқанымен, Украинаны әйгілі дрондарымен қолдап, Ресейді көршісінің аспанында үстемдіктен айырды.

"Ердоғанның НАТО-ның кеңею процесіне тосқауыл қоюы Түркияның Киевке берген күшті әскери жәрдемі мен Ресейге көрсеткен саяси қолдауы арасында тепе-теңдік сақтауға талпынысын байқатса керек", – дейді Джағаптай.

Түркияның жетекші саясаткері Финляндия мен Швецияның НАТО-ға мүшелігі Ресейді арандатып, Украинадағы соғысты тіпті өршітуі мүмкін деген пікірде. Ердоғанмен одақтас ұлтшыл партияның жетекшісі Девлет Бахчели теріскей Еуропаның қос елін "күту залында" қалдыруды ең жақсы вариант деп есептейді.

Ердоғанның әрекеті рейтингіне көмектесе ала ма?

Түрік лидері құлдыраған экономика, шарықтаған инфляцияға байланысты ел ішінде қолдаудың төмендегенін көріп отыр.

Батыс елдерімен PKK тәрізді эмоционалдық мәселе бойынша тайталас Ердоғанның рейтингін көтеріп, оған 2023 жылдың маусымына жоспарланған сайлау қарсаңында ұлтшылдарды өз айналасына біріктіруге көмектесуі мүмкін.

Сарапшы Асылы Айдынташбаш Еуропа халықаралық қатынастар кеңесінде жарияланған мақаласында жазғандай: "Түркия маңызды сайлау цикліне еніп жатқан шақта ішкі қолдаудың азаюына байланысты, Ердоған өзінің жаһандық маңыздылығын түрік сайлаушыларына көрсету үшін біршама жоғары халықаралық бедел іздеуге мәжбүр".

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу