Түркия Орталық Азияға шығу арманына жақындай түсті – саяси сарапшы

2614

Шығыстанушы, халықаралық саяси сарапшы, түркі елдерін зерттеуші Жанат Момынқұлов Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары турасында ой-пікірін білдірді.  

Түркия Орталық Азияға шығу арманына жақындай түсті – саяси сарапшы

Сарапшы inbusiness.kz тілшісіне берген шағын сұхбатында сондай-ақ АӨСШК саммитінің маңызы жайлы да сөз қозғады.

...Мүлде басқаша естіледі

Айта кетсек, кеше Түркия президенті Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген. Ал бүгін ол Астанада өтіп жатқан Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің алтыншы саммитіне қатысты.

Саяси сарапшы Ердоғанның осы жолғы сапары қатардағы кездесу болғанымен, Қазақстан мен Түркияның саяси қарым-қатынасының стратегиялық маңызын артқанын көрсететінін атап өтеді.

"Түркия басшысы Қазақстанның жер тұтастығын, тұрақтылығын және бейбітшілігін қолдаймыз дегені, бұған қоса еліміздің тұтастығына үлкен мән береміз деп айтуы дәл қазір қауіпсіздік мағынада мүлде басқаша естіледі. Түркия Қазақстанның жер тұтастығына кепілдік беретіндей сөйлеп,  қолдайтынын білдіріп отыр. Бәлкім Ердоған бұл тұста Байрактар дроны зауытын меңзеп немесе  Қазақстанға дрон бергенін ишаралап тұруы мүмкін бе?", – дейді ол.

Жанат Момынқұлов жалпы, Каспий дәлізі, Орта дәліз туралы айтуы қазір географиялық-геосаяси  тығырыққа тіреліп, қыспаққа түскен Қазақстанға және Шығыс пен Батыс арасында транзит энергетикалық хаб болмақ ниеттегі Анкара үшін айрықша маңызды екенін айтады.

"Әрине, түркі әлемі ынтымақтастығын дамыту маңыздылығын атап өтуі бекер емес, жәй риторика емес шығар деген үмітім бар", – дейді сарапшы.

Мәскеу ұсынысты Анкарадан күтеді

Жанат Момынқұлов АӨСШК кездесуіне қатысатын басшылардың біразы басқарудың авторитарлық жолына сүйенетін мемлекеттерді басқаратынын айтады.

"Алдағы кезеңде Қазақстанда, Түркияда, Ресейде сайлаулар өтеді. Осы қыс Ресей үшін нағыз сынақ болмақ. Ресей асығып та, асықтырып та жатыр. Өйткені Батыс елдері де етек-жеңін жиып, бірлесуді күшейтті. Сол үшін Ресейге жақын басшылар өз билік мүдделерін қорғау үшін Ресейге жанама қолдау-көмек көрсетуге жасырын күш біріктіруі мүмкін. Бұл президенттердің ортақ мақсаты кешегі Самарқан ШЫҰ саммитінде белгіленген бағытта бір-біріне көмек көрсету, биліктерін сақтап қалу үшін күш біріктіруші ниетінен туындап отыр", – дейді Жанат Момынқұлов.

Саяси сарапшы Украина-Ресей соғысында санкциядан, әскери тәуекелдерге ұрынып, абыройынан айырылудан, соққыдан шаршаған Мәскеу Түркия арқылы Батыспен статус-квоны сақтап келісімге келмек ниеті бар сияқты деп тұспалдайды. Мәскеу Түркиядан Украинада соғысты тоқтату жөнінде ұсыныс күтеді немесе өзі Анкара ұсыныс жасауы мүмкін.

"Түркия Ресейдің Украинадағы қиын жағдайын пайдаланып Орталық Азияға энергетикалық, транспорт жолдарын дамытуға дұрыстан көңіл бөле бастауы мүмкін. Ердоғанның мәлімдемелерінде маңызды стратегиялық та, жәй риторикалық да сөздер болды", – дейді сарапшы.

Жанат Момынқұлов Ресейдің өзі Түркияны хаб ретінде мойындап, Еуропаға газ тасымалында түрік ағынына басты мән бермектігін атап өтеді. Әзербайжаннан Еуропаға Танап құбырымен газ тасымалы екі есе артқан.

"Түркия Орталық Азияға шығу арманына жақындай түсті. Бірақ бұл мәлімдемелер қаншалықты шынайы екенін уақыт көрсетеді", – дейді Жанат Момынқұлов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу