Түркияның статистика институтының мәліметінше 2020 жылы шетелдіктер 41,3 мың үй сатып алған. Оның ішінде 1 174-ін біздің отандастарымыз меншіктеген. Биылғы жылдың 9 айында қазақстандықтар 1 339 тұрғын үй сатып алу шартын жасаған. Оның 210-ы қыркүйек айында жүзеге асыпты. БАҚ пен әлеуметтік желі бетінде танымал адамдардан бастап, жылжымайтын мүлік иесі атанғанын жарыса жазып жатқан отандастарымыз көп. Анадолы елінен баспана сатып алудың артықшылығы неде? Қай аймағынан пәтер алған жөн? Қазақстанмен салыстырғанда үй бағасы арзан ба? Inbusiness.kz тілшісі осы және басқа да сұрақтарға жауап іздеп көрді.
Түркиядан үй сатып алған қазақстандықтардың қатары жыл сайын көбейіп келеді. 2020 жылы бұл елден үй алғандардың алғашқы үштігіне Иран (7 189), Ирак (6 674), Ресей (3 078) кірсе, қазақстандықтар 9-орынға тұрақтап, ТОП-10-дықта болған. Осылайша, "пандемия жылында" отандастарымыз 1,5 есе көп пәтер алған. Биылғы жылдың 9 айында бұл көрсеткіш 19,3%-ға өсіп, ТОП-10 елдің ішінде 7-орынға жетті. Алғашқы үштікті биыл да Иран, Ирак, Ресей бастайды.
Tranio сарапшыларының жазуынша биыл отандастарымыз меншіктеген жылжымайтын мүліктің орташа құны – 155 мың еуро.
Шетелдіктер Түркияда негізінен пәтер алады
Себебі жер учаскесі мен виллалар көбіне теңізден, қаладан қашықта орналасады. Дүкен, супермаркеттер қала ішінде болғандықтан оған жетуге уақыт, әрі көлік керек. Ал Түркияда көлік құны мен салығы қымбат. Сонымен қатар вилланы күту, бау-бақшасын баптау үшін адам жалдау қажет. Курорттық аймақтарда жер бағасы қымбат.
Сондықтан шетелдіктердің көпшілігі пәтер алуға тырысады. Мұнда тұрғын үй кешенін арнайы адам қарап, күтіп-баптау ақысы пәтер иелеріне тең бөлінеді. Әрі пәтерді жалға беру де оңай екен. Tranio сарапшыларының жазуынша қазақстандықтардың да 50%-ы пәтерге тапсырыс берген. Себебі көпшілігі жоғарыдағы себептермен қатар, тұрақты тұрмағандықтан жылжымайтын мүліктерін басқарушы компанияға тапсырғанды жөн санайды.
Қазақстандықтар ірі қалаларда шоғырланған
Қазақстандықтардың басым бөлігі Ыстамбұл, Анталья, Анкара, Бурса қалаларында тұрады. Айта кетейік, қалалар бойынша бағаның ең қымбаты – Бодрумда, орташа есеппен шаршы метріне 1 350 еуро, Мармаристе 1 000 еуро, Фетхиеде 800 еуро, Ыстамбұл мен Аланияда 650 еуро. Ірі қалалардың ішінде ең арзаны Анкарада шаршы метріне 350 еуро.
Түркиялық жылжымайтын мүлік агенттігінің иесі Абдулмаджит Раззаковтың айтуынша тұрғын үйді рәсімдеу ашық, айқын, ал сатып алу-сату механизмі бүге-шігесіне дейін қарастырылған. Мұнда тұрғын үй иесі 5 жылдан соң, азаматтық алу үшін миграциялық қызметке өтініш бере алады. Оған дейін тұрақты тұруға рұқсат беріледі. Ал үйді 250 мың долларға сатып алса, онда бірден азаматтық алуына мүмкіндігі бар.
"Соңғы жылдары аталған елде үй сатып алғысы келетін шетелдіктер күрт көбейді. Бұған пандемия себеп. Тұрғын үй бағасы Еуропамен салыстырғанда төмен болғандықтан, Түркияда тұрып қашықтан жұмыс істегісі келетіндер көбейді", – дейді сарапшы.
Пәтер сатып алғысы келетіндер нені білуі керек?
Түркияда да Қазақстандағыдай баспананы жаңа салына бастаған үйден алған арзанға түседі. Салынып біткен соң, бастапқы бағасына 30% қосылады екен. Құрылыс компанияларды жерді мемлекеттен сатып алатындықтан, тікелей пәтер сатып алуда еш қауіп жоқ, алайда құрылыс уақытын созуы мүмкін.
"Түрік тілі мен заңын білмейтін адамдар кәсіби агенттік арқылы алғаны жөн", – дейді сарапшы.
Алайда алаяқ риелторлар мәселесі бұл елде де бар. Жалған ақпарат беріп, бағасы төмен пәтерді сатып кетуі мүмкін.
Үйді 36 айға бөліп төлеуге немесе несиеге алуға болады. Қарыз лирамен, доллар, тіпті кейбірі ресейлік рубльмен де береді.
Үйді жалға алатын болсаңыз риелторға пәтерге төлейтін сомамен қоса депозит беруіңіз керек.
Отандастарымыздың көбі сауда саласында жұмыс істейді
Неге қазақстандықтар Анадолы елін таңдайды? Бұл сауалды Түркияда 2,5 жылдан бері тұратын отандасымыз Гүлнұр Досболға қойдық. Ол мұның бірнеше себебін атады.
Айтуынша ең басты артықшылықтар – әлеуметтік-экономикалық жағдай, баға, климат, диаспора, дін.
"Мұнда этникалық қазақтардан бастап, соңғы жылдары көшіп келген қазақстандықтар өте көп. Олар Ыстамбұл сынды ірі қалаларда шоғырланған. Екіншіден, баспана бағасы төмен. Қазақстанда 20 млн теңгеге қаланың ортасынан 1 бөлмелі нашар пәтер алатын болса, сол сомаға Ыстамбұл орталығынан 1-2 бөлмелі жақсы үй табуға болады. Антальяда теңіз жағасында орналасқан баспана иесі атануға болады. Сонымен қатар бұл мұсылман елі және мұнда халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсы", – дейді отандасымыз.
Әрине, Түркияға көшіп барғандар жоғары лауазымды қызметке орналасып, бірден "жұлдызы жанып", "тасы өрге дөңгелейді" деп айту қиын. Себебі ондада кадрлар арасында бәсекелестік бар. Көшіп кеткендердің көбі сауда саласында жұмыс істейді,
ТМД мемлекеттеріне киім-кешек, былғары бұйымдары, тағам тасымалдайтын компанияларға қызметке орналаса алады.
"Себебі қазақстандықтардың көбі орыс тілін біледі. Бұл Ресей, Беларусь сынды ТМД елдеріне жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Сондықтан олар Ыстамбұлда шоғырланады. Тағы бір айта кететінім, қазіргі кезде Түркия білім гранттарын көптеп ұсынуда. Оған жол және оқу ақысы, тамақ құны да кіреді. Бұл да бір артықшылық", – деп түйіндеді отандасымыз.
Құралай Құдайберген
Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!