Түркияның тұңғыш атом станциясын салуда "Росатом" проблемаларға тап болды

10373

Осыны көріп Болгария Ресейден бас тартты, ал, Армения АЭС салу мәселесін енді Америкамен талқылай бастады. 

Түркияның тұңғыш атом станциясын салуда "Росатом" проблемаларға тап болды Фото: МК Турция

"Росатом" Түркиядағы "Аккую" атом электр станциясының құрылысы жобасын салуда проблемаларға жолықты, бірақ бұған ол үшінші елдерді айыптап отыр. Бұл туралы РФ мемлекеттік корпорациясының басшысы Алексей Лихачев журналистерге хабарлады.

"Жалпы, "Аккую" жобасын дамыту табысты жүріп жатыр деп санаймыз. Проблемалар бар. Бірінші кезекте, ол проблемаларды бізге үшінші елдер жасап жатыр деп есептейміз. Өйткені түрлі жеткізілімдерді шектеуде. Жоба аясындағы есеп айырысулар нашарлады, төлемдер өтпеуде. Логистиканы да күйретіп жатыр", – деді "Росатом" басшысы.

Дегенмен, ол атом станциясын келесі жылы іске қосу мерзімі әзірге өзгеріссіз қалып тұрғанын жеткізді.

"Біз станцияны бұрын уәде еткендей, 2025 жылы дайын етуге тиіспіз. Келесі жылдан бастап, "Аккую" түрік республикасының энергетикалық жүйесіне толыққанды үлесін қоса бастауға тиіс деген міндет қойылды. Алайда Siemens осы жобаға арналған аса маңызды жабдығын жеткізуден бас тартты. Ол қондырғының бір бөлігі жасалып біткен еді, неміс компаниясы оның қалған бөлігін жасау ісін бұғаттап тастады", – деп шағымданды Алексей Лихачев.

Сарапшылар бұған Германияның электроника, электротехника, энергетикалық жабдықтар шығаратын алпауыт конгломератын айыптаудың еш жөні жоқтығын қаперге салды: ол тек халықаралық санкцияларды орындады. Жауапкершілік Ресейдің өзінде және шешімі де соның қолында: егер Мәскеу Украинадағы соғысын тоқтатса, санкциялар да доғарылар еді.

"Росатом" Түркияда, Жерорта теңізінің жағалауындағы Гүлнәр өлкесінде "Аккую" (Akkuyu Nükleer Güç Santrali) атом электр станциясын сонау 2010 жылдан бері салып жатыр. Ол жалпы қуаты 4800 МВт қана болатын 4 энергоблоктан тұрады. Онда технологиялары біршама ескірген кеңестік-ресейлік ВВЭР-1200 реакторлары орнатылады. Бірінші энергоблокты Мәскеу тек 2025 жылы іске қосуға сөз берді. Бұл АЭС құрылысының құны шамамен 22 миллиард долларға түспек.

Бұл жерде Лихачевтің күйіп-пісетін реті бар: ол Түркияның "Аккуюмен" шектеліп қалмайтынын, жаңа АЭС жобасын қолға алғалы жатқанын жеткізді. "Росатом" өз міндеттемесін орындай алмаса, келесі жылы станцияны іске қоспаса, онда өзге жобалардан дәмелене алмайды.

Әңгіме Түркияның "Синоп" жаңа атом электр станциясын тұрғызу жобасы туралы болып отыр.

"Президент Ердоған мырза Түркия Республикасында атом энергетикасының кем дегенде 20–25 ГВт қуат өндіргенін қалайтынын әлденеше рет мәлімдеген болатын. Біз өз ұсыныстарымызды енгіздік. "Синоп" жобасының мән-маңызын әлдеқайда кеңейтуді ұсындық: оны тіпті "жасыл кластердің флагманы" етуге болар еді. Бұл үшін жобаға тек атом энергетикасын ғана емес, біз көмектесе алатын басқа да компетенцияларды, мысалы, жел генерациясын, күн электр станциясын қосуға болады. Осы бағыттарда Түркиямен бірлесе жұмыс істей аламыз. Бірақ соңғы сөз, соңғы шешім бәрібір, Түркия жағында", – деді "Росатом" мемкорпорациясының басшысы Лихачев.

Халықаралық және түрік ақпарат құралдарының хабарлауынша, Анкара "Аккую" сыртында тағы екі АЭС тұрғызуды қарастыруда. Олар Синоп және Тракия провинцияларында орналаспақ. Технологиялары ескі, санкциялардан сорлаған Ресей Түркияға өзінің шағын АЭС-терін ұсынып келді. Алайда түрік көшбасшысы Реджеп Тайып Ердоғанның мұраты мен амбициясы ғаламат болып, Ресейдің тақиясына тар келді. Анкараның байламынша, алып АЭС-тер арқасында Түркия энергетикалық саясатта өзге елдерге тәуелсіз болады.

Reuters мәліметінше, Түркия екі алпауыт атом станцияларының құрылысына қатысты Америка Құрама Штаттарымен келіссөздер жүргізіп жатыр. Бұған Америка да мүдделі: Вашингтон НАТО мүшесінің Мәскеуге тәуелділігін азайтуға ниетті.

Бұл ақпаратты Анкара растады. Энергетика министрлігінің жоғары лауазымды өкілі Юсуф Джейланның мәлімдеуінше, Түркия ірі атом электр станцияларын және жалпы қуаты 20 000 МВт болатын шағын модульдік реакторларды салу туралы Құрама Штаттармен келіссөздерге кірісті.

"Түркияның төл ядролық энергетикалық қуаттылықтарын арттыру және жаңа АЭС-тер тұрғызу бойынша мақсаттарына АҚШ салмақты қызығушылық танытты. Біз Америкамен үлкен электр станцияларына қатысты, сондай-ақ шағын модульдік реакторлар құрылысы бойынша да келіссөздер жүргізіп жатырмыз", – деді Джейлан.

Түркиядағы АҚШ елшісі Джефф Флейктің айтуынша, Анкара шағын модульдік реакторлар құрылысы мәселесін Америкамен және өзге елдермен талқылап жатыр.

"Біз Түркиямен осы бағытта бірлесе жұмыс істеп жатырмыз. Түркияның Ресейге тәуелділігін барлық мүмкін болған тәсілдермен азайтуға күш саламыз", – деді Флейк. Түркия Оңтүстік Кореямен де ұқсас келіссөздер жүргізіп жатыр. Бұдан бөлек, Түркияның солтүстік-батысындағы жаңа АЭС-ті салуға Қытайдың SPIC компаниясы үлкен мүдделілік танытып, бәсекелестерін басып озуға тырысуда.

Армения да АЭС салу туралы Америка Құрама Штаттарымен келісуге қадам жасады. Мұны армяндық "Радио Азатутюн" хабарлады.

"Ереван қауіпсіздік саласындағы сияқты енді халықаралық серіктестерімен арадағы экономикалық қарым-қатынастарын да диверсификациялауға талпынуда. Осы мақсатта Армения жаңа АЭС құрылысын АҚШ-пен талқылап жатыр. Арменияда кеңес кезінен бері жалғыз Мецамор АЭС-і бар. Жаңа атом станциясы сонау 1970-ші жылдардың соңында салынған сол ескі АЭС-ті ауыстыруға тиіс", – деп жазды "Радио Азатутюн".

Республика қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Армен Григорянның мәліметінше, Армения мен Америка арасындағы осы бағыттағы келіссөздер процесі "нақты, нысаналы талқылау фазасына көшті". Тараптар жобаның құқықтық негіздерін де талқыға салуда.

"Бүгінде Құрама Штаттармен бірге келісім жобасын әзірлеу, құқықтық базаны құру мәселесін мазмұнды түрде талқылаудамыз. Құқықтық-заңнамалық базасыз алға жылжи алмас едік. Біздің тарапымыздан барлық жағдай жасалды. Қазіргі кезде доп АҚШ жағында екенін айтқым келеді. АҚШ-та келісімнен өтудің ішкі рәсімдері аяқталады және содан кейін жұмысқа кірісеміз деп күтудеміз", – деді Григорян.

Мецамор атом электр станциясы бүкіл Армения тұтынатын электр қуатының 40%-ын жалғыз өзі өндіреді. Алайда, ол 2036 жылдан кешіктірмей істен шығарылуы шарт. Чернобыль АЭС-індегідей алапат апаттың қайталанғанын ешкім қаламайды. Егер соған дейін жаңа қуат көздері пайда болмаса, Армения электрдің жартысына жуығынан әп-сәтте айрылып қалады.

Ресей АЭС-тердің құрылысын тым ұзаққа созатыны, сондай-ақ санкциялар кесірінен заманауи озық технологияларға қол жеткізе алмайтыны әшкере болды. Бұған Таулы Карабах мәселесіне қатысты Ереванның Мәскеуге өкпесі қосылды. Сондықтан Армения "Росатомды" сенімді серіктес ретінде қарастырмауы мүмкін.

Ереван жаңа АЭС салу жоспарын 2022 жылы жариялады. Бұл кезде Ереван–Мәскеу арасы бұзылып, "қара мысық" жүгіріп өткен болатын. Сол 2022 жылғы 2 мамырда, Вашингтонда АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен мен Арменияның сыртқы істер министрі Арарат Мирзоян екі мемлекет арасындағы Ядролық стратегиялық ынтымақтастыққа қатысты өзара түсіністік меморандумына қол қойды.

Вашингтон 3 миллиондай ғана халқы бар кішкентай Арменияның бюджетінің мүмкіндігін ескере отырып, бұл елде шағын модульдік реакторлармен жарақтандырылған АЭС салуды қарастыруда: олардың генерациялайтын тоғы ресейлік алып, бірақ ескі реакторлардың беретініне жетеғабыл болатын көрінеді.

Ақ үйдің мәлімдеуінше, атом энергетикасы саласындағы америкалық заманауи технологиялар Арменияға энергетика саласында Ресейге тәуелділігін азайтуға көмектеседі.

2024 жылғы Пашинян Үкіметі бұл жоба бойынша АҚШ, Ресей және Оңтүстік Кореямен келіссөздерін жалғастырып жатқанын мәлім етті.

Мысалы, америкалық NuScale Power Corp компаниясы шағын модульдік реакторларды жобалап, салумен айналысады. 2023 жылғы қаңтарда компания мұндай бір жобаның құны 9,3 миллиард доллар тұратынын жариялады. Бұл сома бүкіл Арменияның бір жылғы мемлекеттік бюджетінен асып түседі. Дегенмен, 22 миллиард доллардан асатын ресейлік АЭС жобаларынан арзан.

Қалай болғанда, Батыс "Росатомға" қарсы тікелей санкция енгізбегенімен, оны халықаралық нарықтан ысырып шығара бастағандай. Биылғы маусымда Болгария КСРО салып берген Козлодуй АЭС-і үшін ядролық отынды алғаш рет Ресейдің өзінен емес, АҚШ-тан, Westinghouse компаниясынан сатып алуға кірісті.

Reuters ескертуінше, "Росатомның" ұтатыны: ол барлық дерлік шығындарды өз мойнына алады, АЭС-ті өзі салады, реакторын да орнатады. Алайда салып болып, іске қосқан соң АЭС-ті өз меншігінде қалдырады, оны өзі эксплуатациялайды, қуатын сатудан түскен табысты өзі алады. Сөйтіп, ол мемлекетті өзіне тәуелді етеді: қаласа, кез келген күні станция жұмысын доғара салу тәуекелі бар. Онда сол мемлекетте жарық пен жылу өшіп, ел орта ғасырдан бір-ақ шығады, халық арасында толқу басталуы да ғажап емес.

Сондықтан Түркия, Қазақстан, Армения болсын, АЭС салатын серіктесті таңдауда мәселенің әр қырына үңіліп, жете пысықтағаны абзал. Әйтпесе, ақпарат құралдары жазғандай, Қазақстанда "Росатом" мүддесін ілгерілетушілердің тегеуріні алапат болып тұр.

Болгария да енді 2030 жылға қарай төл атом станциясының қос ядролық реакторын Америкадан алғызатын болды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу