Түрлі саланың дамуына үлес қосқан қазақ қыздары

Бір қолымен бесікті, ал екінші қолымен әлемді тербететін әйелдер еліміздің дамуына өлшеусіз үлес қосып келеді.  

Түрлі саланың дамуына үлес қосқан қазақ қыздары Фото: canva.com

Жерді де, ғарышты да, ғылымды да, ер азаматтардың жүрегін де бағындыратын нәзік әрі батыл және дана әйелдер өнегелі істерімен тарих беттерінде қалды. Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында түрлі салалардың дамуына ерекше үлес қосып, қазақ әйелдеріне жолбасшы болған нәзік жандарды назарыңызға ұсынбақпыз.

Олардың есімдері еліміздің тарихында алтын әріптермен жазылған. Олар өздерін іздеп жүрген, өз саласында жетістікке жетуді қалайтын қыздар үшін үлкен мотивация.

Коронавирус пандемиясы кезінде қазақстандықтар дәрігер мамандығының маңыздылығын түсінді. Олар "біздің заманымыздың батырлары", "ақ халатты періштелер"деп аталды. Шынында да, олар барлық жылы тілектерге, шын жүректен мойындауға лайық.

Еліміздің тарихындағы алғашқы әйел дәрігер Гүлсім Асфендиярова пен Аққағаз Досжанова халыққа ең қажетті көмек көрсетті.

1897 жылы Санкт-Петербургте Еуропадағы алғашқы әйелдер медициналық институты ашылды, онда Гүлсім Асфендиярова кәсіптік білім алды. 1908 жылы бітіріп, ол өз Отанына жұмысқа оралды. 1910 жылы Асфендиярова ауылға дәрігер болды. 1913 жылы ол Хивада бас дәрігердің фельдшер-акушері қызметін бастады. Бір жылдан кейін Гүлсім Асфендиярова Ташкентке оралды. Мұнда ол әкесінің көмегімен 30 төсектік жеке аурухана ашты. Кейін қалалық перзентхананың директоры болды, жалпы түркі астанасының саяси өміріне белсенді қатысты, ҚазАССР болашақ денсаулық сақтау министрі Санжар Асфендияровқа аштыққа және үйсіздерге көмек ұйымдастыру жұмыстарына көмектесті. 1920 жылы Денсаулық сақтау халық комиссары Т. Рысқұлов бастаған Мұсылмандар Бюросының тапсырмасымен "әйелдер акушерлік курстарын" ұйымдастырып, "жүкті әйелдер физиологиясы" пәнін жеке өзі жүргізді. 1922 жылдан бастап Асфендиярова педагогикалық қызметін қалалық балалар ауруханасындағы жұмысымен ұштастырды, оның көмекшісі Аққағаз Досжанова болды - Ташкентте дәрігер мамандығы бойынша ашылған Шығыс Азия университетінің бірінші түлегі (1922 жылдың күзі).

Аққағаз Досжанова Мәскеу университетінің медицина факультетін бітірген. Азамат соғысы жылдарында жаралыларды емдеді. Дәрігер дипломын Ташкенттегі Шығыс Азия университетін бітіргеннен кейін алды.

Медицинамен қатар білім беру саласына да үлес қосты.

Балаларды тәрбиелеу мен білім беруде қазақтың алғашқы әйел – ұстазы Хуснижамал Нұралыханова маңызды рөл атқарды. Қазандағы земство мектебін бітіргеннен кейін ол 1894 жылы Ордадағы әйелдер мектебінде оқытушылық жұмысын бастады. XIX ғасырдың соңында ол қазақ қыздарына арналған алғашқы мектеп ашты. Инспектор А.Вознесенский оған сабаққа қажетті кітаптар, оқулықтар және басқа да заттарды берді.

Алғашқы қазақ әйел профессор, медицина ғылымдарының докторы, онколорингология және онкостоматология мектебінің негізін қалаушы - Софья Баймақанова. 1953 жылы емдеу факультетін, содан кейін Қазақ мемлекеттік медицина институтының ЛОР аурулары кафедрасының аспирантурасын бітірді. 1957 жылдан Семей медициналық институтының ЛОР аурулары кафедрасында жұмыс істеді. 1958 жылы "гипертониядағы есту және вестибулярлық анализатордың жағдайы" атты кандидаттық диссертациясын қорғады. Оның жетекшілігімен 3 докторлық, 16 кандидаттық диссертация орындалып, сәтті қорғалды, 243 ғылыми жұмыс, 4 монография жарияланды. Оның қоржынында 19 рационализаторлық ұсыныс, 17 әдістемелік ұсыныс бар, оның 4-і көмей ауруларын хирургиялық емдеудің бірегей әдістері, өнертабысқа 4 авторлық куәлік берілді.

Қазақ әйелдерінің құқықтары үшін қоғам және саяси қайраткер Алма Оразбаева күресті. Ол 1919 жылы большевиктер партиясына кірген алғашқы қазақ болды.

Ол өмірін қазақ әйелдерінің құқықтарын қорғауға арнады. Осы мақсатта көшпелі ауылдарды аралап, әйелдерге өзін және баланы қорғау құқығын түсіндіріп, сауаттылыққа үйретті. Сондай-ақ “Әйел теңдігі", "Жас қазақ", "Жас қайрат" журналдарының редакциялық алқасының мүшесі болды. Алма Оразбаева көрсеткен белсенді қызметі үшін қоғамдық құрметке ие болды.

Алғашқы қазақ журналисі Назипа Құлжанованың аты тарихта қалды. Ол өз заманының ең білімді және дана әйелдерінің бірі ретінде есте қалды. Назипа Құлжанова әдеби-музыкалық, этнографиялық кештер ұйымдастырды. Ол өз мақалаларында жастарды тәрбиелеу, мәдениет мәселелерін көтеріп, қазақ әйелдерінің өмірі туралы әңгімеледі. Ол әрдайым әйелдердің қоғамдағы белсенді позицияға деген ұмтылысын қолдап, әйелдер қозғалысын дамытуға тырысты. "Қызыл Қазақстан", "Әйел теңдігі" сияқты журналдарда жұмыс істеді, сондай-ақ "Айқап", "Қазақ", "Бірлік туы", "Алаш" газеттерінде мақалалар басып шығарды.

Қазақстандық әйелдер ғылым мен медицинаны ғана емес, аспанды да бағындырды. Хиуаз Доспанованың есімі фашистік басқыншыларға қорқыныш пен үрей туғызды. Шайқаста батылдығы үшін Хиуаз Доспанова "түнгі сиқыршы"деген лақап атқа ие болды. Ұлы Отан соғысы кезінде ол 588-түнгі бомбалау әуе полкіне штурман-атқыш ретінде қабылданды. Жауынгерлік тапсырмаларды Оңтүстік майданда, Солтүстік Кавказда, Закавказьеде, Украинада және Беларуссияда орындады. Екі рет ержүрек ұшқыш ауыр жарақат алды, бірақ қайтадан қызметке оралды және Берлин маңында жеңіске жетті. Соғыстан Хиуаз Доспанова II топтағы мүгедек болып оралды, екі аяғы жарақаттанған, бірақ соған қарамастан қоғамдық өмірге белсенді қатысты. Ол 2008 жылдың 20 мамырында көз жұмды

Қазақ КСР Сыртқы істер министрі және Қазақстан тарихында Біріккен Ұлттар Ұйымының трибунасынан шыққан алғашқы әйел дипломат - Балжан Бөлтірікова болды. Бала кезінен ол мұғалім болуды армандады. Жас кезінен бастап ол өзін осы жауапты қызметке дайындады, көптеген кітаптар оқыды. Ол ата-анасы мен құрдастарын таң қалдыратындай ақылды, парасатты болды. Бала арманына жету үшін ол мектепке жұмысқа орналасты. Содан кейін ол жауапты қызметтер атқарды, елдің қоғамдық және саяси өміріне белсенді қатысты. Мінезінің беріктігі, даналығы, шеберлігі арқасында ол жоғары лауазымға қол жеткізді. Ел тарихында тұңғыш рет Қазақ КСР Сыртқы істер министрі болып тағайындалды. Ол сондай-ақ Қазақстан тарихына БҰҰ трибунасынан шыққан алғашқы әйел дипломат ретінде енді. Бұл тіпті әйгілі американдық дипломат Генри Киссинджердің кітабында айтылған.

Талантты және дарынды қазақ әйелдері көп. Күләш Байсейітова мен Шара Жиенқұлова көпшілік алғашқы опера әншісі және алғашқы кәсіби қазақ бишісі ретінде біледі. Күләш Байсейітова еліміздің алғашқы кәсіби опера және концерттік әншісі болып танылды. Жас кезінде оған КСРО Халық әртісі атағы берілді. Оның есімімен әртүрлі қалалардағы көшелер, сондай-ақ Алматыдағы белгілі мамандандырылған музыка мектебі аталған.

Алғашқы қазақ әйел режиссері – КСРО кинематографиясының үздігі, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Дариға Тналина. Ол көптеген жылдар бойы Мосфильмде Кеңес киносының шеберлерімен бірге жұмыс істеді. Осы тәжірибенің арқасында ол өздігінен кино түсіре бастады. Дариға Тналина әлемдік және кеңестік киноның алтын қорының қазақ тіліндегі фильмдерін дубляждауға үлкен үлес қосты. Дәл осы еңбек КСРО кезеңінде әдеби қазақ тілінің сақталуы мен дамуына ықпал етті.

Ақмарал Арыстанбекова - Қазақстан тарихындағы тұңғыш әйел-елші, БҰҰ-дағы ҚР тұңғыш тұрақты өкілі, Қазақ КСР Сыртқы істер министрі. Ол Қазақстан Республикасының Франция Республикасындағы Елшісі және ЮНЕСКО жанындағы Қазақстанның Тұрақты өкілі қызметін қоса атқарған. Тарих ғылымдарының докторы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу