Түрмеден ерте босап, қайта қылмысқа барғандар

3646

Соттардың, биліктің ірі қылмыскерлерге ізгілік танытуының орындылығы күмән тудырып жүр.  

Түрмеден ерте босап, қайта қылмысқа барғандар Фото: inbusiness.kz

Президенттің экс-көмекшісі, бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев 2018 жылғы 14 наурызда 10 жылға сотталған болатын. Сот оның бар дүние-мүлкін тәркіледі және мемлекеттік қызметке тұруға өмір бойғы, мәңгілік бұғат қойды. Алайда жаңа Қазақстан оған қамқорлық пен қайырымдылық танытты: темір торда 19 айға жетпес мерзім ғана отырған Қуандық Бишімбаевты 2019 жылғы 25 қыркүйеке Шымкент қаласының Абай аудандық соты мерзімінен бұрын шартты түрде бостандыққа шығарды.  

Енді экс-министр темір қапасқа ұзақ жылға оралуы мүмкін. Қылмыстық кодекстің 99-бабының бірінші бөлімі бойынша "Адам өлтiру, яғни басқа адамды құқыққа қарсы қасақана қазаға ұшырату" үшін 8 жылдан 15 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Сарапiылар Қазақстанда сот ізгілік танытып, еркіндікке жіберген қылмыскерлердің артынша қылмысқа қолын қайта арамдауының оқиғалары аз еместігіне назар аудартады.

Тұтастай алғанда, Қазақстанда қанша рецидивистің бары туралы статистика табылмады. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, елордадан 60 шақырым жерде, Аршалы кентінде орналасқан ЕЦ-166/5 төтенше қауіпсіздік мекемесінде үш және одан көп рет сотталған 600-ден аса қылмыскер, рецидивист ұсталады.

Бас прокуратураның хабарлауынша, ерте босап шыққандардың қайталап қылмыс жасау көрсеткіші (рецидивті қылмыс) соңғы 5 жыл бойы төмендемей тұр. Тек бір жылда пробациялық бақылауда тұрғандар 784 ұрлық, 109 алаяқтық, 105 тонау қылмыстарымен ұсталған. Темір тордан босатылғандар бір жылда 31 адам өлтірген. 24 қарақшылық шабуылын жасаған. 20 адамды зорлап кеткен.

Барлық рецидивист туралы айту мүмкін емес, қажеті де шамалы болар. Сондықтан, "бостандық ауасын ерте жұту бақытын бағаламай, қылмыс жолына оралған атышулы тұлғалар кім?" деген сауалға жауап ізделік.

Мұхтар Әблязов

Ол 1963 жылғы 16 мамырда Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас ауданында туған. Еңбек жолын бизнесмен ретінде бастады: аспирантурада жүріп, 1991 жылы қызының есімімен аталатын "Мәдина" кәсіпорнын құрды. Арада екі жыл ғана өткенде билікпен қатысы бар "Астана-Холдингін" құрып, соның президенті атанды. Бұл холдингтің қанат жаймаған нарығы аз еді: астық жеткізілімдерінен, азық-түлік саудасынан бастап, банк секторына дейін араласты.

Әблязов 1997 жылы "KEGOC" ұлттық компаниясының президенті, 1998–1999 жылдары энергетика, индустрия, сауда министрі болды. 1999 жылы отставкаға кетіп, Назарбаев билігін қатаң сынай бастады. Сол жылы Мұхтар Әблязовқа қаражаттарды ұрлау, өкілеттігін асыра пайдалану және қылмыстық топ құру бойынша айып тағылды.

Ол сот заңсыз деп таныған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" оппозициялық қозғалысы көшбасшыларының бірі болды. 2002 жылдың жазында сот М.Әблязовты коррупциясы және қызметтік өкілеттігін теріс пайдаланғаны үшін 6 жылға бас бостандығынан айырды.

2003 жылғы 13 мамырда бірінші Президент Нұрсұлтан Назарбаев Мұхтар Әблязовтың рақымшылық жасау туралы өтінішін қанағаттандырды. Бостандыққа шыққан Әблязов баспасөз конференциясын өткізіп, бұдан былай саяси қызметпен айналыспайтынын және ҚДТ қатарынан шығатынын жариялады.

Арада он жылдай уақыт өткенде басы дауға қалды. БТА Банкінің басшылығы Әбілязовты директорлар кеңесінің төрағасы лауазымын атқарған тұста банктен 6 миллиард доллар ұрлады деп айыптады. 2015 жылы Лион қаласының соты оны тұтқындап, Ресейге экстрадициялау туралы қаулы қабылдаған. Бірақ 2016 жылғы желтоқсанда Францияның жоғарғы әкімшілік соты Қазақстанның және Ресейдің қылмыстық қудалауының "саяси астары бар" деп танып, ол үкімнің күшін жойды.

Мұхтар Әблязов 2020 жылғы қыркүйекте саяси босқын мәртебесін алды.

2017 жылы тұтқындалған бизнесмен Мұратхан Тоқмади "Банк ТұранӘлем" басқармасының төрағасы Ержан Тәтішевті 2004 жылы М.Әблязовтың тапсырысымен өлтіргенін сотта мойындады. 2018 жылы Тоқмади қасақана кісі өлтіру үшін 10,5 жылға қамалды. Ол адам өлтіруді орындаушы ретінде сотталды, тапсырыс беруші ретінде Әблязов танылды. 2018 жылғы 27 қарашада қазақстандық сот Мұхтар Әблязовты адам өлтіруді ұйымдастырғаны үшін сырттай, өмір бойға бас бостандығынан айыру жазасына кесті.  

Руслан Күлекбаев

Р.Күлекбаев – Қазақстандағы өлім жазасына кесілген соңғы адам. Одан кейін республикада өлім жазасына тыйым салынды. Ашық дереккөздерде 10 адамды өлтіріп, тағы 7 адамды жаралаған террорист Русланның салафиттік джихадизм идеясының жақтаушысы екені айтылады. Ол 1990 жылғы 11 маусымда Қызылорда облысының Байқоңыр қаласында дүниеге келген.

Күлекбаев бірінші қылмысын 20 жасында жасады. 2010 жылғы 1 шілдеде Қызылордадан Шымкентке ақшасыз келген ол "Самал" киім базарында ұрлықпен және тонаумен айналысады. Сатушы әйелдердің бірін құрбаны ретінде таңдап, бірнеше күн бақылайды. Әйелдің дүңгіршегін жауып, үйіне бет алуын күтеді. Құрбанын дәл пәтерінің есігінің алдында қуып жетіп, сөмкесін тартып алмақ болады. Саудагер қарсыласып баққан. Бірақ қарақшы күш қолданып, 115 мың теңге және ұялы телефон салынған сөмкені тартып алды. Алайда көшеге қашып шыққан Күлекбаевты патрулдік полиция байқап қалып, ұстады. 2010 жылғы тамызда Еңбекшіқазақ аудандық соты рақымшылық танытып, Күлекбаевты 3 жылға шартты түрде соттап, бостандыққа қоя берді.

Екі жыл өткенде Руслан кезекті қылмысы үстінде тағы ұсталды. 2012 жылғы мамырда Қызылорда қалалық соты атыс қаруын заңсыз сатып алып, сақтағаны үшін оны 2 жыл 11 айға абақтыға қамады. Ол 2015 жылы босап шығып, отбасымен Алматыға қоныс аударды. Мегаполисте базарда ұялы телефондар саудасымен айналысқан. Таныстары оның түрмеден басқа адам болып оралғанын жеткізді. Темір тордың ар жағында ол салафилер тобына кіріп, жан діни ағынмен еліккен. Әйелін алдымен хиджаб, содан соң пәрәнжі киюге мәжбүрлейді. Теледидар көріп, музыка тыңдауға тыйым салады.

Руслан Күлекбаев 2016 жылғы 17 және 18 шілде күндері Алматыда лаңкестік шабуыл жасады. Терактіні өзі ұйымдастырып, өзі жүзеге асырған. Алдымен Өзбекстанның тумасы саналатын, жезөкшелікпен айналысатын әйелді атып кеткен. Содан соң Алмалы ауданының ішкі істер басқармасын шабуылдады. Тергеушілер және сот "теракт" деп таныған қылмыс салдарынан құқық қорғау органдарының және меморгандардың сегіз қызметкері, екі бейбіт тұрғын қаза тапты. Тағы 7 адам жараланды.

Арман Құдайбергенов, Нұралы Қиясов

2018 жылы бүкіл қазақстандық қоғам тағы бір қылмыскердің алдыңғы қылмысы үшін қатаң жазаланбағанына қатты опынды.

Олимпиаданың қола жүлдегері, әлем чемпионатының күміс жүлдегері, мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен 19 шілдеде ауруханада көз жұмды. Дәрігерлердің айтуынша, даңқты спортшы тым көп, 3 литр қан жоғалтқан.

Денис соңғы жылдары шетелде, Америкада жаттығатын, Қазақстанға сирек келетін. Сол жолы туған елін сағынып, асыға жетіпті. Бірақ машинасының айнасына көз тіккен ұрлықшылардың қолынан қаза тапты.

Тенді өлтіргендер бірнеше күннен соң ұсталды. Тергеу бірнеше айға созылды. Қайғыдан қан жұтқан қазақстандықтар шырағданды акциялар ұйымдастырды. Мемлекет жарияламаса да, Аза тұтты. Ел атын әлемге танытқан спортшының еліміздің ең ірі қаласының қақ ортасында өлтірілуі жұртты шошынтты. Қоғам биліктен Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовты отставкаға жіберуді талап етті. Құқық қорғау жүйесінде реформа басталды, полицейлердің жалақысы өсірілді.

Артынша елді естен тандыра жаздаған тағы бір факті анықталды: Денисті өлтірген қылмыскерді соның алдында полиция ұстап алып, соңыра қоя берген.  

"Құдайбергенов 11 шілдеде елордада ұрлық жасап ұсталған. Жеделдетілген рәсіммен сотқа дейінгі тергеу басталды. Біз қолданыстағы заң талабына сәйкес оған қамауға алу шарасын қолдана алмадық. Қолданыстағы заң тек шақыру бойынша сотқа келуге міндеттейді, күдіктінің қозғалыс еркіндігін шектемейді. Ол осыны пайдаланып, Алматыға кетіп қалды. Соған жол берген Астана қаласының Алматы ауданының ішкі істер басқармасының қызметкерлері тәртіптік жазаға тартылды, қызметінен босатылды", – деп ақталды сонда ішкі істер министрінің орынбасары Рашид Жақыпов.

Сот 2019 жылғы 17 қаңтарда Арман Құдайбергеновты және сыбайласы Нұралы Қиясовты 18 жылға соттады. Сол қылмыстан соң Қазақстанда автокөліктердің бөлшектерін ұрлаушы рецидивистер үшін жаза қатайтылды.

Түркістандық педофил

2023 жылғы шілдеде Түркістан облысының Жібек Жолы ауылында естігеннің жанын түршіктірген оқиға болды. Еркежан Нұрмахан есімді қыз бала жоғалып, оны бүкіл ауыл іздеген. Балдырғанның туысқандарының айтуынша, бұрын сотталған көршісі бірден-ақ күдік тудырыпты. Содан іздеушілер оның үйіне екі рет кіріп, қараған. Бірақ тек үшінші барғанда ғана оның баспанасын қопарып, толық тінте алған. Пышақпен тілгіленген, көптеген жарақаты бар қыз баланың мәйіті оның шатырынан табылды. Қаскөйдің құрбаны болған 5 жасар қыздың ата-анасының айтуынша, әлгі айуан ауылдықтармен бірге іздеуге белсене қатысыпты. Бұл істі тергеу барысын ел Президенті бақылауына алды.

7 қыркүйекте Шымкенттің изоляторында 48 жасар педофил Сайдолим Гаийбназаровқа қатысты үкім шығарылды. Қылмыскер өмір бойға бас бостандығынан айрылды. Бұған қоса сот оған химиялық кастрация қолдануға, оны маскүнемдіктен күштеп емдеуге міндеттеді. Педофилдің өз балалары бар болып шықты: олар онымен араласпайды екен.

Бертінде Түркістан облысындағы сол қанды оқиғаға қатысты тағы бір сыр әшкереленді. Қоғам белсендісі Дина Таңсәрі түркістандық педофилдің соның алдында басқа бір ер адамды, танысын балтамен ұрып, ауыр жарақат салғаны туралы деректі жариялады. Оның айтуынша, сот сонда оған рақымшылық жасап, жауызды жеңіл жазамен қоя берген: пробациялық бақылауға тұрғызып, үш жыл бас бостандығын шектеуге үкім кескен. Сөйтіп, бостандықта тайраңдауына жол беріпті.

Осыған орай Жоғарғы сот 2023 жылғы мамырда Гаийбназаровқа қатысты заңсыз үкім шығару фактісі бойынша қызметтік тексеру жүргізді. Тексеріс қорытындысында Түркістан облысының Сарыағаш аудандық сотының төрағасы лауазымынан босатылды. Бұрынғы төраға Н.Шетенов 11 қазанда Сарыағаш аудандық сотының судьясы қызметіне кірісті.

Сарыағаш аудандық сотының экс-төрағасы Нұрқазы Шетенов таяуда резонансты сол оқиғаға қатысты түсініктеме беруді жөн көрді. Оның айтуынша, Сарыағаш аудандық сотының 2023 жылғы 4 мамырдағы үкімімен С.Гаийбназаров ҚК-нің 106-бабының 1-бөлігіне сәйкес, кінәлі деп танылып, оған 3 жыл мерзімге бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Қылмыстық кодекстің "Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру" атты сол 106-бабының 1 бөлігінде үш жылдан сегіз жылға дейiн бас бостандығынан айыру жазасы да қарастырылған. Онда неге сол қатаңырақ жаза қолданылмады? Сонша Еркежан аман қалатын ба еді?

"С.Гаийбназаровқа бас бостандығынан айырмайтын жазаны төмендегі жағдайларға байланысты тағайындадым: С.Гаийбназаров бұрын, 31.07.2006 жылы ҚК-нің 96-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, сотталған. Алайда, қылмыстық іске тіркелген анықтамаға сәйкес, 2014 жылы бас бостандығынан айыру жазасы шартты түрде жазаға ауыстырылған, 14.06.2016 жылы жазадан босатылған. 14.01.2022 жылы оның соттылығы толығымен жойылған. ҚК-нің 79-бабының 9-бөлігіне сай, С.Гаийбназаровқа үкім шығару кезінде оның соттылығының жойылғаны, яғни, бұрынғы соттылығы бойынша барлық қылмыстық-құқықтық салдарлардың күшi жойылғаны ескерілді. Сотталушының жазасы 2014 жылы шартты түрде жазаға ауыстырылған кезден бастап, қылмыс жасағанға дейін, яғни 2023 жылға дейін 9 жылға жуық уақыт аралықта тұрғылықты жерінде тұрған. Бостандықта жүрген кезінде қандай да бір жауапқа тартылмаған", – деді Н.Шетенов.

Бұдан бөлек, балта тиіп, жараланған жәбірленуші Д.Тажиматов биыл сотқа дейінгі жауап алуда сотталушы С.Гаийбназаровты кешіргенін, келтірілген зиянның өтелгенін хабарлап, сотталушыға жеңіл жаза тағайындауды сұраған. Сотталушы С.Гаийбназаров сот тергеуінде қылмыстық әрекетін толық мойындап, өкінетінін айтып, кешірім сұрады.

"Сотталушы С.Гаийбназаровтың жауаптылығын жеңілдететін мән-жайлар жиынтығын, жәбірленушіге келген залалдың орнын толтырғанын, нақты қылмыстық оқиға орын алған сәтте жәбірленушіге алғашқы медициналық көмек бергенін, жәбірленушінің кешірім бергенін және оның бұрынғы соттылығы жойылғанын ескеріп, сотталушыға ҚК-нің 106-бабының 1-бөлігінде көзделген бостандығын шектеу жазасы тағайындалды", – деді судья Нұрқазы Шетенов. 

Сонымен қатар, Қылмыстық кодекстің 54-бабының 1-бөлігінің 12-тармағына мас күйде қылмыс жасау жазаны ауырлататын мән-жай деп танылады. Бірақ соттарға мастықты ауырлататын мән-жай деп танымауға да құқық беріліпті. Судья сол құқығын пайдаланып, педофилдің балта сілтегенде мас болғанын елемеген. "Оның қайтадан қылмыс жасайтынын білмегенін" айтады.

Әрине, биліктің, соттың, құзырлы органдардың қайырымдылық танытуы арқасында абақтыдан мерзімінен бұрын шығып, ізінше қылмыс әлеміне оралғандар тізімі тым ұзын, оның бәрін тізбелеу күрделі.

Мысалы, елордалық бизнесмен Қайрат Жамалиев Әліби есімді жігітті зорлағаны, заңсыз қамауда ұстағаны, аса ірі көлемде қаржы бопсалағаны үшін 2015 жылдың жазында 13 жылға сотталды. Бірақ үш жылдан соң босап шықты. Колониядан шыққан соң Жамалиев тағы бір адамды соққыға жыққан. Тергеушілер алдында өз айыбын мойындады. Алайда жәбірленуші артынша шағымын кері алыпты.

Бұдан бір байлам шығады: заңнама қайта қаралып, рецидив қылмыстар үшін жаза қатайтыла түскені жөн.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу