Inbusiness.kz кеше Президенттің "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және қылмыстық-атқару жүйесі салаларындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңына қол қойғанын жазды.
60 күн өтпелі кезеңнен соң қолданыла бастайтын бірқатар баптарын қоспағанда, аталған заң негізінен алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң күшіне енеді. Дегенмен, заңның бір қызықты нормасы өзгелерінің көлеңкесінде қалып қойды.
Оған сәйкес, бұл жаңа заң арқылы қолданыстағы Қылмыстық кодекске қылмыстық-атқару жүйесі (ҚАЖ) мекемелерінде бейнебақылау жүйесін, сол сияқты оның компонентін қасақана жойғаны немесе бүлдіргені үшін қылмыстық жазаның жаңа түрі енгізіледі.
Бұл жауапкершілік Қылмыстық кодексте пайда болатын жаңа 428-1-бабында қарастырылады.
Жаңа жаза заң жобасының бастапқы нұсқасында болмапты. Құжатты екінші оқылымда қабылдауға дайындау барысында оны Мәжіліс депутаттары енгізді. Сенаторлар әріптестерін қолдады.
Сонда жаңа жазаның қандай қажеттілігі болды? Жеке бапты енгізбей-ақ, түрмелердегі видеокамераларды қирататындарды қолданыстағы Қылмыстық кодекстің 202-бабына сәйкес жазалауға болмай ма? Болмайды екен.
202-бап "айтарлықтай залал келтіріп, бөтеннің мүлкiн қасақана жою немесе бүлдiру" үшін 2 мың АЕК айыппұл салуды, немесе екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуді не сол мерзімге бас бостандығынан айыруды қарастырады. Егер осы қылмыс өрт қою, жарылыс жасау арқылы немесе өзге де жалпы қауiптi тәсілмен, мысалы, түрмедегі бүлік кезінде жасалса, айыппұл көлемі 3 мың АЕК-ке, бас еркінен айыру 7 жылға дейін өсіп шыға келеді.
Бірақ Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха түрмелердегі камераларды бүлдіргендерді 202-ші бап аясында жазаға тарта алмай жүргендерін ашық айтты. Өйткені ол бапта "айтарлықтай залал келтіру" деген анықтауыш бар.
Бұл бап бостандықтағы адамдарға да қолданылады, сондықтан ұсақ-түйек нәрсені сындырып тастаған адамдарды жаппай соттамау үшін залалдың айтарлықтай болуы керектігі бекітілген.
"Қылмыстық кодекстің 202-ші бабының саралаушы-квалификациялық нышаны бар, оған сәйкес, келтірілген залал тек 200 АЕК-тен (2024 жылы 738 400 теңгеден) асса ғана жазалау қарастырылады. Бұл ретте біздің бейнекамераларымыз одан бірнеше есе арзан тұрады. Шамамен 70–100 мың теңге аралығындағы бағаға сатып аламыз. Сол себепті, бұл қылмыстар ол бап аясына кірмейді. Содан бейнекамераны әлдебір қарау ниетпен қасақана бүлдіретін сотталғандарға, басқа адамдарға тек тәртіптік жаза қолданумен шектелеміз", – деді ІІМ басшысының орынбасары И.Лепеха.
Ол тағы бір жайтқа назар аудартты: проблема күрт ушыға бастапты.
"Біз іс жүзінде тек алдыңғы жылдан бастап қана ҚАЖ мекемелерінде жаппай камера қоя бастадық. Сонымен бір мезгілде камераларды бұзып, бүлдіру проблемасы өршіді. Бізде, мысалы, бір ғана 2023 жылы шамамен 600 видеокамераны бұзып, істен шығарған. Бұл жерде бір мәселені ескерген жөн: бұл қылмыстар жай ғана бөтеннің мүлкін бүлдіруге бағытталмаған, ол басқару және тәртіпті бүлдіруге бағытталған. Яғни, бұл – қылмыстың мүлдем басқа деңгейі! Көбіне, бейнекамераларды құқыққа қайшы іс-әрекеттерін жасыру немесе алда соны жасау үшін бүлдіреді", – деді Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха.
Тиісінше, бұл бап пен жаза абақтылардағы бүліктердің дайындалуының алдын алу үшін де қажет.
Сенат депутаты Айгүл Қапбарова түрмелерді тегіс видеокамерамен жабдықтау туралы тапсырмасын Мемлекет басшысының сонау 2020 жылғы 1 қыркүйектегі жолдауында бергенін еске салды.
"Президенттің сол тапсырмасын орындауы үшін Ішкі істер министрлігіне пенитенциарлық мекемелерде үздіксіз бейнебақылауды енгізу жұмыстары мақсатына 9,3 миллиард теңгеден астам бюджет қаражаты бөлінген болатын. Сонымен қатар ІІМ ұсынған ақпаратқа жүгінсек, іс жүзінде аталған бақылау жүйелерін әдейілеп істен шығару фактілері орын алуда. Бұлай жалғаса берсе, колонияларды толық жабдықтап шығу қиынға түседі. Мәселен, 2015‒2022 жылдар аралығында сотталғандар 824 бейнекамераны, 2023 жылы 562 бейнекамераны қасақана бұзып тастаған", – деді Айгүл Жарылқасынқызы.
Сондықтан Парламент депутаттары бейнекамераларды бүлдіру – жай ғана мемлекетке материалдық зиян келтіру емес, оның басқа да қоғамдық қауіптілігі бар деп шешті.
Мәжілісте талқылау кезінде бұл жаңа жазаны бостандықтағы азаматтарға да таратуды ұсынғандар болыпты. Дәйек ретінде қанды қаңтар оқиғалары кезінде көшелердегі бейнекамералардың әдейі бұзылғаны келтірілген.
Дегенмен, заң тек пенитенциарлық мекемелердегі видеокамераларды бүлдіру аясымен шектелді.
Сонымен, Президент қол қойған және ағымдағы айдың соңында күшіне енетін жаңа заңдағы (ол арқылы Қылмыстық кодекске жаңа 428-1-бап болып енетін) нормаға сәйкес:
- Жазаны өтеудің белгіленген тәртібін, ұстау режимін бұзу мақсатында қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесі мекемелерінде, тергеу изоляторларында, уақытша ұстау изоляторларында бейне бақылау жүйесін, сол сияқты оның компоненттерін қасақана жою немесе бүлдіру – екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
- Адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып жасаған, қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесі мекемелерінде, тергеу изоляторларында, уақытша ұстау изоляторларында бейнебақылау жүйесін, сол сияқты оның компоненттерін қасақана жою немесе бүлдіру, сол сияқты бейнебақылау жүйесі арқылы жүргізілген жазбаларды қасақана жою – екі жылдан бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
- Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген, адамдар тобы, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған іс-әрекеттер – бес жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Назар аударатын жайт, Мәжіліс депутаттары мақұлдаған бастапқы заң жобасында видеокамераларды бүлдіру үшін баламалы жаза түрлері болыпты. Бірақ Сенат депутаттары жазаны күрт қатайтты: баламалы жеңілдеу жазаның бәрі алып тасталды, тек еркіндігінен айыру қалды.
Мәжілісмендер сенаторлардың мұндай өзгерістері "заңның концепциясын өзгертпейді" деп танып, келісім беріп, құптай салды.