Тұтыну несиесінің көлемі 8,9 трлн теңгеге жетті

5572

Тұтыну несиесінің тасы өрге домалап, ипотекалық несиенің айдарынан жел есіп тұр. 

Тұтыну несиесінің көлемі 8,9 трлн теңгеге жетті

Ал 1 млн адам екінші деңгейлі банктен алған қарызын қайтара алмай жүр, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Бірінші кредиттік бюроның дерегінше, қазір 6 млн адамның берешегі бар. Қарыз қамытын кигендердің 48%-ы – тұтыну несиесінің жүгін арқалап жүр. Борышкерлердің 31%-ы – баспаналы болу үшін ипотекалық несие алуға тәуекел еткен. 10%-ы – автокөлікті қарызға алған. 5%-ы – несиені кепілзат арқылы рәсімдеген.

Қарыз иелерінің 3%-дан астамы несие картасын қолданып отыр. Бұлардың қатарында микроқаржы ұйымдарына жүгінген және тауар мен қызметті бөліп төлеуге келісім берген адамдар бар.

Өкініштісі, қарыз алушылардың саны 1,5 есе өскен. Борышкерлердің 18%-ы төлеу мерзімін 90 күннен асырып алған.

Бірінші кредиттік бюроның мәліметінше, тұтыну несиенің көлемі 8,9 трлн теңгеге жетті.

Бұл туралы экономист Меруерт Махмутова: "Тұтыну несиесі – ең қымбат, ең тиімсіз несие. Оны жағдайы жоқ адамдар алуға және қайтаруға мәжбүр болып отыр", – деді.

Несие алушылар санының жыл сайын артып келе жатқанына халықтың тұрмысының төмендеп кеткені себеп болып отыр. Осы турасында Бірінші кредиттік бюроның атқарушы директоры Әсем Нұрғалиева: "Жұмыссыз қалған немесе жалақысы аз адамдар қарызға өмір сүруден басқа амал таппайды. Кейбір адамдарда "бөліп төлеу" дегенді қарыз деп қабылдамау түсінігі қалыптасқан. Азық-түлікті қарызға алатын адамдар да аз емес. Олар бұл қадамға қажеттіліктен барып отыр", – деді.

Бірінші кредиттік бюроның дерегінше, 2022 жылғы 1 қаңтарда бөлшек кредиттік портфель 10,76 трлн теңгеден асты. Кепілсіз несие алушылардың қарызы орта есеппен алғанда 300 мың теңгені құрады.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Қаржылық сауаттылықты арттыру басқармасының басшысы Сәуле Ынтықбаеваның айтуынша, несие алған адамда қарызды қайтармау туралы ой болмау керек.

"Несие тарихын бұзбау үшін қарыз қайтару мерзімін кешіктіру қаупі туса, қарыз алған жерге мән-жайды түсіндіріп, ескерту қажет. Қашу, жасырыну тығырықтан шығатын жол емес. Несие өтеу мерзімі өтіп кетсе, банк өсім­пұл мен айыппұл есептейді. Бұдан кейін іске коллекторлар кіріседі. Қарызды қайтарудан жалтару қарыз үстіне қарыз қосады", – деді.

Маманның мәлімдеуінше, қарыз алушының жалақысының тең жартысы несие өтеуге кететіні белгілі болса, онда оған қарыз алуға да, беруге де болмайды. Себебі ол тәуекел аймағында тұрады. Әлдеқандай жағдай орын алса, борышкер қарызды қайтару мүмкіндігінен айырылады.

"Несие бойынша ай сайынғы тө­лемнен артылатын ақша бір ересек адам­ға ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз емес және әрбір кәмелетке толмаған адам­ға ең төменгі күнкөріс деңгейінің жартысы мөл­шерінде болуға тиіс", – деді басқарма басшысы.

Айбын Асқарұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу