Тұтынушының құқын қорғайтын мекеменің өзі заң бұзды

3793

Қарағандылық бизнесмендер өңірдегі Кәсіпкерлік палатасына тұтынушылардың құқын қорғау басқармасының үстінен шағымданды.

Тұтынушының құқын қорғайтын мекеменің өзі заң бұзды

Кәсіпкерлердің құқын қорғау кеңесінің кезекті отырысында құзырлы орган тарапынан болған заң бұзушылықтар қаралды.

Қарағанды облысының кәсіпкерлердің құқын қорғау мен әкімшілік кедергілерді жою бөлімінің сарапшысы Ю.С. Олейник өз баяндамасында мекеменің жоспардан тыс тексерістері сырын әшкерелеп берді.  

Көтерме бағамен дәрі-дәрмек және медициналық техника сатумен айналысатын "Аманат" компаниясына 3 айдың ішінде жоспардан тыс екі тексеріс жүргізіліпті. Алғашқы тексеру Астана қаласындағы тұтынушылардың құқын қорғау департаментінің қарағандылық әріптестеріне жолдаған хаты негізінде жүргізіліпті.

Хатта Астанада орналасқан "Меренок Е.Н." ЖК дәріханасындағы балалар өнімдерінен қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін 3 сынама алынғаны көрсетілген. Сапасыз өнімдерді дәріхана қарағандылық "Аманат" компаниясынан сатып алғаны анықталыпты.

Хаттағы жайттың анық-қанығын Қазыбек би ауданы тұтынушыларының құқын қорғау басқармасы зерделеді.

Тексеру парақшасында көрсетілгендей, 15-тармақ бойынша парфюмерлік-косметикалық бұйымдар мен қолды, шашты, теріні, тырнақты күтуге арналған өнімдердің талапқа сай әрі қауіпсіздігін растайтын құжаттардың болуы, 64–тармақ бойынша шикізат пен өнімдердің, тағамдық қоспалардың, жұпарландырғыштардың сапасы мен қауіпсіздігін куәландыратын құжаттар зерттеуге алыныпты. Яғни, басқарма тауарлардың мемлекеттік тіркеу туралы куәлігін, сәйкестік сертификаты мен декларациясын тексерген. Сондай-ақ, аталмыш сапасыз өнімдерді сатып алған субъектілердің мекенжайына сұрау салыпты.

"Аманат" компаниясы өнімдердің сапасын растайтын сертификаттар мен сәйкестік декларациясын, сұрау салған барлық құжатты басқармаға дер уақытында ұсыныпты.

Алайда, құзырлы орган санитарлық-эпидемиологиялық актіде аталған өнімдерді сатып алған субъектілердің мекенжайы көрсетілмегендіктен, тауарлардың одан әрі таралуын қадағалай алмадық деп көрсетеді. Сондай-ақ, актіде "Аманат" компаниясы тауарлардың сәйкестігін тексертпеді деп жазылыпты.

Мекеме ұсынған тексеру парақшасына сүйенсек, қадағалау екі тармақ бойынша ғана жүргізіліпті. Ал, 58-тармақ бойынша қойма ғимаратына қойылатын талаптар мен 63-тармақтағы өндірілген өнімнің сәйкестігі мен қадағалануын бекітетін нормативті және техникалық құжаттардың бар-жоғы тексеріске алынбапты.

ҚР Кәсіпкерлік кодексінің 151-бабы бойынша, бақылау және қадағалау органдарының лауазымды тұлғалары тексеру парағында көрсетілмеген шарттарды тексеруге құқы жоқ. Кодекстің 156-2 бабына сай бұл өрескел заң бұзу болып табылады.

Сондай-ақ, санитарлық-эпидемиологиялық актіде "Балалар мен жасөспірімдерге арналған өнімдердің қауіпсіздігі туралы" Кеден одағының техникалық регламентін реттейтін 14-1 бап талаптары бұзылған делініпті. Онда "Кедендік одаққа мүше-мемлекеттер осы аумақтағы техникалық регламенттің қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін балалар мен жасөспірімдерге арналған өнімдерді айналымға шығаруға, шектеуге, тыйым салуға және нарықтан алып тастауға барлық шараны қолдануға міндетті" делінген.

Тауарды тек тасымалдаумен айналысатындықтан "Аманат" оны шектеуге немесе сатылымнан алып тастауға өкілеттігі жоқ. Заңдағы бұл тармақ бойынша өнім өндірушілер жауапқа тартылады.

"Дегенмен, Қазыбек би аудандық тұтынушылардың құқын қорғау басқармасының санитарлық-гигиеналық қадағалау бөлімінің бас маманы А.Б. Сүлейменова ҚР Еңбек кодексінің 462-1 бабы бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырады. Бұл бапта "Мемлекеттік инспекция және мемлекеттік бақылау және қадағалау органдарының лауазымды тұлғаларына өздерінің қызметтік міндеттерін орындауына кедергі жасау, қаулыларды, нұсқамаларды және өзге де талаптарды орындамағаны үшін шағын кәсіпкерлікке - 100 АЕК, орта кәсіпкерлікке – 150 АЕК көлемінде айыппұл салынады" делінген. "Қазыбек би аудандық тұтынушылардың құқын қорғау басқармасының санитарлық-гигеналық қадағалау бөлімінің бас маманы А.Б. Сүлейменова тексеріс аясында әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманы заңсыз толтырған деп есептейміз", – деді Юлия Олейник.

Жоспардан тыс келесі тексеріс Ақмола облысы тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті хатының негізінде екі айдан кейін жүргізіледі. "Ұлттық сараптама орталығы" ШЖҚ РМК Ақмола облысы бойынша филиалы "Асқабақ-тыква" фито-шайының қоспасында зең саңырауқұлағы көбейіп, көгеріп кеткенін анықтапты. "Тамақ өнімдері қауіпсіздігі туралы" Кедендік одақтың техникалық регламентіне сай келмейтін өнімді жеткізуші "Аманат" ЖШС екендігі анықталып, тексеріс тағайындалыпты.

Санитарлық-эпидемиологиялық актіге қарағанда, тексеру барысында қарағандылық компаниядан әлгі "Асқабақ-тыква" фито-шайы табылмапты. "Аманат" компаниясынан зерттеу үшін сынама да алынбапты. Заттың қай жерден алынғаны белгісіз. Актіде "Ұлттық сараптама орталығы" ШЖҚ РМК Ақмола облысы бойынша филиалы жүргізген сараптамаға ғана сілтеме жасалыпты.

Дегенмен, санитарлық-эпидемиологиялық актінің қорытындысында "Тамақ өнімдері қауіпсіздігі туралы" Кедендік одақтың техникалық регламентінің 5-3 бабының талабы бұзылғаны анықталды деп көрсетіліпті. Аталған норма бойынша айналымдағы тағам өнімдерін, оның ішінде азық-түлік шикізатын бақылауда ұстайтын тауарлық-ілеспе құжаттар тіркелу қажет. Ал, осы техникалық регламенттің 10-3-12 бабы бойынша тамақ өнімдерін бақылау процедурасы оны өндіру кезінде жасалып, енгізілу қажет екен.

Ал, "Аманат" ЖШС азық-түлік шығарушы болмаған соң, бұл талаптарға жауап бермейді.

Осыған қарамастан, құзырлы орган ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық Кодексінің 425-1 бабымен хаттама толтырып, "Аманат" санитарлық-эпидемиология саласындағы нормативті-құқықтық актілерді бұзып, халықты абайсызда улау, дертке шалдықтыру, гигиеналық нормативті сақтамау бойынша кінәлі деп танылды.

Тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармасы тағы бір компанияға дәл осындай заңсыз айыппұл салып, бюрократтық әуре-сарсаңға салған.

Сәтпаев қалалық тұтынушылардың құқын қорғау басқармасы азық-түлік сатумен айналысатын "Кыздарбекова Б.К." жеке кәсіпкеріне де жоспардан тыс тексеріс жүргізген. Нәтижесінде ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 415-1 бабы бойынша хаттама толтырылып, 65 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Бұл 137 865 теңгені құрайды.

Хаттамада микробиологиялық зерттеу нәтижесінде "Ұлан" бірінші сортты бұқтырылған сиыр еті" өніміндегі микроорганизмдер қалыпты нормадан асып кеткен, тауарға ілеспе құжаттар ұсынылмады" деп көрсетіліпті.

Дегенмен, актіге қарағанда, аталмыш өнім дүкенге тексеруден 8 күн бұрын тәркіленіпті. Әрі тауарды ресімдеген актіде дүкеннің аты емес, Сәтпаев қалалық тұтынушылардың құқын қорғау мекемесінің атауы тұр. Яғни, сапасыз бұқтырылған еттің қай жерден алынғаны түсініксіз.

ҚР Кәсіпкерлік кодексінің 150-4 бабы бойынша актіде тауары тексерілген субъектінің атауы мен мекенжайы көрсетілуі тиіс.

Сондай-ақ, хаттама мен қаулыда кәсіпкер Кеден одағының техникалық регламентінің "Азық түлік өнімдерінің қауіпсіздігі туралы" 5-3 бабы мен "Ет және ет өнімдерінің қауіпсіздігі туралы" 13, 15 тармақтарын бұзды делініпті.

Дәл осы норманы қарағандылық "Аманат" компаниясы да бұзды деп танылған болатын.

"Қыздарбекова" мен "Аманат" екеуі де өнім дайындаушы компания емес. Тасымалдаушы ретінде аталған талаптар үшін жауап бермейді.

ҚР "Техникалық реттеу туралы" заңының 31-1 бабында тауар сапасының сәйкестігі Декларациямен бекітіледі делінеді. Дүкен құзырлы органға аталмыш тауардың 25.03.2017 ж. мерзімге дейінгі сәйкестік декларациясын ұсынған. Сондай-ақ, дүкен тауардың микробиологиялық және гигиеналық нормаларға сәйкестігін бақылай алмайды. Себебі, ол өндіруші мекеме емес.

"Осылардың барлығы Тұтынушылардың құқы қорғау органы қызметкерлері ҚР қолданыстағы заңнамаларын білмейді немесе қандай да бір бақылаудың болмағандығынан өз істеріне жауапкершілікпен қарамаған", – деп қортындылады Ю. Олейник.

Ләззат Қожахметова, Қарағанды

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу