ТЖ министрлігі тұрғын үйлердегі өрт үшін жауапкершіліктен қашып отыр

595

Жыл басынан бері тұрғын үй секторындағы өрт саны 14%-ға өсіп, 72 жағдай тіркелді, ал қаза тапқандар саны 10%-ға артты.  

ТЖ министрлігі тұрғын үйлердегі өрт үшін жауапкершіліктен қашып отыр Фото: inbusiness.kz

Соған қарамастан, Алматы қаласы тұрғын үйлерін өрт қауіпсіздігі мен сейсмикалық тексеру тоқтап тұр. Төтенше жағдайлар министрінің айтуынша, оларда ресми түрде тексеріске рұқсат жоқ, алайда министрлік сайтында мұндай қызметті Өртке қарсы қызмет комитеті орындайтыны анық көрсетілген, деп жазады inbusiness.kz тілшісі. 

Соңғы деректер бойынша тұрғын үйлерде барлығы 72 өрт тіркелген, 119 адам зардап шегіп, 17 адам тілсіз жаудың құрбаны болды. Мұндай жағдайлардың саны 14%-ға өскенімен, ҚР Төтенше жағдай министрі Сырым Шәріпханов әлі күнге дейін қолы байлаулы күйде екенін айтып, министрлікке ресми тексеріс жүргізуге рұқсат берілмегенін айтады, яғни талаптарды бұзғандар жазаланбай, тек ескертумен құтылып отырады. 

"Бізде бір уақыттары шағын және орта бизнеске қысымды азайту үшін тексеру жұмыстары тоқтатылған болатын. Ал бірақ біршама төтенше жағдайлардан кейін барлық нысандардың талапқа сай болуы маңызды, мысалы, "Ақкент" тұрғын үйінде өрт сөндіру жүйесі уақытылы іске қосылмағанын білеміз. Сондықтан бұл бағытта жұмыстар қолға алынды, қазір Астана қаласының барлық көпқабатты үйлерін тексеріп жүрміз. МИБ пен ПИК-терге ескертулер жасалды, бірақ ұйғарым шығарған жоқпыз, өйткені бізде ресми түрде тексеріс жүргізуге рұқсат жоқ", — деді Сырым Шәріпханов. 

Министр өрттің алдын алу бойынша бар жауапкершілікті тұрғындарға жүктеп отыр. 

"Өрт қауіпсіздігі жүйесінің талапқа сай болуы бірінші кезекте сол үйдің тұрғындарының міндеті. Құрылысшылар үйді тұрғызып болғаннан кейін, оны тұрғындарға тапсырады, яғни ары қарай бар жауапкершілік тұрғындар мойнында", — деді ТЖ министрі. 

Шынымен де өрт қауіпсіздігіне тұрғын үйдің тұрғындары жауапты ма? ҚР Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты Өртке қарсы қызмет комитеті туралы ережеде оның басты қызметіне өрт қауіпсіздігі саласында мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру кіретіні, ең бастысы, осы ереженің 2-бабы,12-тармағында көрсетілгендей, Комитет азаматтарға, лауазымды адамдарға және заңды тұлғаларға анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұйғарымдар беру және өрттің алдын алу жөніндегі іс-шараларды жүргізуге рұқсат берілгені айтылған.

Ал сейсмикалық тексеруге келер болсақ, мұнда да Сырым Шәріпханов барлығы жобалау кезінде бақылауға алынуға тиіс екенін айтып, оған оның ведомствасы жауап бермейтінін айтты.

"Біздің министрлік үйді жобалауға қатыспайды,  дайын баспаналарды тексеретін арнайы органдар бар. Қазір дайын баспаналарды тексеру мәселесі де ауыр болып тұр. Оның зілзалаға қаншалықты төтеп бере алатынын арнайы зертханалары бар бөлімдер ғана тексере алады. Негізі мұндай талаптар құрылысшылар жобасына қатысты құжаттарда бекітілуі керек, оны Мемлекеттік құрылыс-сәулет бақылау агенттігі қадағалайды. Біздің міндет — халықты қауіпсіздік шараларына оқыту, қажетті дағдыларлы қалыптастыру", — деп түсіндірді министр.

Сонда министр өз ведомствасының қызметі тек түсіндірме жұмыстарымен шектелетінін алға тартты. Оның айтуынша алдағы уақытты ПИК пен МИБ-термен кездесулер ұйымдастырылып, түсіндірме жұмыстары жүргізілетінін айтты. 

Жалпы Қазақстан ТЖМ өз қызметін бастағалы бері 400 мыңнан астам адам құтқарылды, 380 мың адам қауіпсіз жерге қоныс аударды, 1,5 млн жуық төтенше жағдайдың беті қайтарылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу