Тарих ғылымдарының докторы, профессор Уахит Хамзаұлы Шалекенов 1943 жылы Курск шайқасына қатысып, Харьковты азат етуге өз үлесін қосты. Ерлігі жоғары бағаланған батыр "Қызыл Жұлдыз" ордені, 1 және 2 дәрежелі "Отан соғысы" ордені, Ленин және Сталин медалі, Мәскеуді, Харьковті қорғағаны үшін, "Жеңіс күні" медалімен және көптеген мерейтойлық құрмет төсбелгілерімен марапатталды.
Уахит Хамзаұлының дүниеге келген уақыты төлқұжатында 1924 жыл деп көрсетілгенімен, нақты туған жылы – 1921 екен. 1943 жылы әскер қатарына алынады. Елден шығып, шайқас майданына жеткенше, көптеген ер-азамат жолда қаза тапқан екен.
"Талай рет бомбаның астында қалдық. Бізді бомбалай бастағанда пойыздан шығамыз да, тоғайға қарай жүгіреміз. Бомбалау тоқтаған кезде, пойызымызға қайтып мінеміз. Кейбіреулері майданға жетпей жолда қаза тапты. Осылай Воронеж қаласын да артқа қалдырып, бір орманға кірдік. Бұл ақпан айы болу керек, қар ери бастаған. Далада өлген адамдардың иісі мүңкіп тұр. Дем алу мүмкін емес. Мүрделер қардың астында жатқандықтан көрінбейді. Осы иіс орман біткенше шығып тұрғаны әлі есімде. Орманнан өтіп, құлазыған далаға келдік. Біз Курск доғасы, Орловқа қарай келе жатқан екенбіз", – деп еске алды ақсақал.
Соғыс ардагері ұрысқа алғаш қалай кіргенін әңгімелеп берді.
"1943 жылдың маусым айында бір үлкен өзеннің жағасына барып, танк өте алмайтын әрі өзіміз жүгіретін блиндаждар қаздық. Қорғаныс жағдайында жұмыс істеп жаттық. Тамыз айының басында жазғы шабуыл басталды. Бұны "Курск-Орлов оқиғасы" деп атайды. Ұрысқа екі жақ та тыңғылықты дайындалған. Алдымызда танкілер бір бірімен түйісіп, жанып, өртеніп жатты. Екі жақтан да артиллерия ұрып тұрды. Зеңбіректер біз жақтан да, олар жақтан да атқылауда. Ал әуеден ұшақтар бомбалап жатты. Осылайша Курск-Орлов доғасының қырғыны басталды. Мен взвод командирінің көмекшісі болдым. Взвод командирі – лейтенант, ұлты өзбек жігіт еді. Ал біздің 53-ші Дала армиясын генерал-полковник И.С. Конев басқарды. Ол кейінірек маршал атағын алды", – деп айтып өтті ол.
Қан майданды кешіп келе жатқан жауынгер қолы мен аяғынан жараланады.
"И.С. Конев қолбасшылық етіп, ұрысып жаттық. Түнімен жүріп отырып, шағын орманнан өте бергенімізде дайын отырған фашистер бізді зеңбіректермен, мина атқыштармен атқылап қарсы алды. Немістің үш бұрышты мина атқышы өте қауіпті. Ол жарылған жерде аман қалатын адам аз. Мина атқыштардан кейін бізге әр түрлі калибрдегі артиллериядан оқ жаудырып, үстімізден де бомбалады. Бұндайда тек алға ұмтылу қажет. Мина атқыштар мен зеңбіректер бір жерді атқылап жатқанда, тез алға өтіп кету керек. Өтіп үлгеру-үлгермеу әркімнің өз еншісінде. Солай бір елдімекеннен екіншісіне барамыз. Дұшпандар бізбен атқыласып болғаннан кейін артқа шегінеді. Босатқан жерін алып, оларды қуа бердік. Сөйтіп жүргенде взвод командирінің басына жарықшақ тиіп жараланды. Біз Ресейдің Ескі Оскол, Жаңа Оскол, Белгород деген қалаларын азат етіп, алға қарай жылжыдық. Украинаның Харьков қаласына да келіп жеттік. Харьков немістерден екі мәрте құтқарылғанымен, олар үшінші рет қайта басып алыпты. Әбден қираған қала одан сайын талқандалды. Сол шайқаста маған да жарықшақ тиіп, жарақат алдым. Алдымен дала госпиталінде 1-2 күн жатқаннан кейін, үлкен госпитальге апарды. Ол жерден аяғымен жүре алатын, ақыл-есі сау адамдарды тылға жіберетін. Ал ауыр халде жатқандар мен жүре алмайтындар сонда емделуші еді", – деп айтты ақсақал.
Жараланған Уахит Хамзаұлы елге оралады. Алайда жарақаты асқынып, дәрігерлер оны Фрунзе, қазіргі Бішкек қаласына емдеуге апарады. Госпитальден желтоқсан айында шыққан жауынгердің жағдайын мемлекеттік комиссия тексерген соң, соғысқа жарамайтынын айтып, үйіне қайтарды. 1944 жылы Уахит Хамзаұлы Қарақалпақстанда жоғары оқу орнының тарих факультетіне түсіп, ғылымға ден қояды. Ол көп жыл әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тарих факультетінің кафедра меңгерушісі, деканы болып қызмет істеп, тарих ғылымдарының докторы, профессор әрі еңбек сіңірген ғылым қайраткері атанды.
Нұржан Көшкін