ҰБТ-ны енді университетке түсу үшін тапсыруы мүмкін

6496

Ұлттық бірыңғай тестілеу қазіргі күйінде халықаралық стандарттарға толықтай сай келмейтін болып шықты.

ҰБТ-ны енді университетке түсу үшін тапсыруы мүмкін

Бұл шындық тек қазір ғана мойындалып отыр. Осынау сынақтан өте алмаған талай жастың жігері құм болып, өзі мен әлемге деген жеккөрініш сезімі өршіп, өзіне-өзі қол жұмсады. Түлектер арасындағы суицид фактілері мен тестілеудің арасындағы байланысты жоққа шығаруға жан салып келген шенеуніктер бұл шындықты да тек қазір ғана мойындап отыр. Осы "сенсация" дерлік мойындаулар бүгінгі үкімет отырысында жасалды.

Дәстүрлі апталық отырысына жиылған үкімет мүшелері ҰБТ-ны қайта форматтау мәселесін қарады. Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев ҰБТ биыл осымен 13-ші рет өткізілгенін хабарлады. 13 жыл ішінде осынау сынақ "диірменінен" 1 млн 589 мың бала өтті. Бұл – осы жылдардағы барлық мектеп түлегінің 80%-ы.

Қалған түлектердің тестілеу тапсыруға жүректері дауаламаған, 9 сыныпты бітіре салып, лицей-колледждерге түсіп кеткен. Жылдарға шақсақ, ҰБТ-ға құжат тапсырудан бас тартқандардың үлесі 2004 жылы барлық түлектің 48%, 2005 жылы 40%, 2006 жылы 37%, 2008 жылы 38%-дан көп болған. Қалған жылдары бұл көрсеткіш 20-30% аралығында құбылады.

"13 жылдың ішінде ҰБТ өзін түлектердің білімін тәуелсіз бағалау құралы және "әлеуметтік лифт" ретінде көрсете білді. Бірақ та біздің министрлік 10 мыңнан астам мұғалім, ата-ана, мектеп бітіруші, үкіметтік емес ұйымдар, ғылыми қауымдастық өкілдері арасында қоғамдық сауалнама жүргізгенде, ҰБТ-ға қатысты өте маңызды проблемалардың басы ашылды. Атап айтқанда, сауалнама ҰБТ-ның бәсі тым жоғары сынаққа айналғанын және оқушыларға үлкен психологиялық ауыртпалық түсіретінін көрсетті", – дейді Ерлан Сағадиев.

Өйткені, осы сынақтан құлаған жасөспірім өзін жексұрын сезініп, жабығып, өзіне өзі қол жұмсау фактілері көбейген. Әрине, бұған дейін бұл факті мойындалмай келгендіктен, қанша түлектің осының кесірінен қыршын кеткені туралы статистика жоқ.

БҒМ дерегіне қарағанда, 2004 жылы ҰБТ-ға барлығы 179 мың мектеп түлегі қатысып, оның 24%-ы "құлаған" көрінеді. 2007 жылы ЖОО "табалдырығынан өткізер" балды жинай алмағандардың үлесі 31%-ға, ал 2012 жылы 37%-ға дейін жеткен. 2015 жылы жеткілікті көлемде балл ала алмай, жігері құм болғандардың үлесі – 19%. Ал биыл 17%-ды құраған көрінеді.  

Дүниежүзілік банктің білім беру саласындағы бағдарламалары мен жобаларын үйлестірушісі, осы ұйымның сарапшысы Әлия Бижанованың мәліметінше, Қазақстанның Білім және ғылым министрлігінің тапсырысымен, Дүниежүзілік банк 2014 жылы бірыңғай ұлттық тестілеу жүйесіне тәуелсіз аудит жүргізген.

"Халықаралық тәжірибе бойынша, мұндай аудит 4 жылда бір рет жүргізіледі. ҰБТ Қазақстанда сонау 2004 жылы енгізілгеніне қарамастан, 2014 жылға дейін бірде-бір тәуелсіз аудит жүргізілмепті. Бұл жұмысқа бағалау саласында 20 жылдан астам тәжірибесі бар 3 халықаралық сарапшы тартылды. Оның барысында Қазақстандағы тестілеудің әлемде қабылданған үздік тәжірибелер мен стандарттарға сәйкестігі бағамдалды", – деді Әлия Бижанова.

Сонымен, халықаралық бағалау нені көрсетті дерсіз?

Әлия Бижанованың айтуынша, өткізілген тәуелсіз аудит 2014 жылы-ақ ҰБТ-ның озық үлгілерге сәйкес келмейтінін анықтап берген.

"Халықаралық сарапшылар екі тұжырым жасады. Біріншіден, олар "ҰБТ оқушылардың оқу жетістіктерін тексеру үшін бәсі-ставкасы тым жоғары құрал болып табылады және ҰБТ-ның нәтижелері оқушылардың кейінгі тағдырына әсер етеді" деген қорытындыға келді. Екіншіден, олардың байламынша, Қазақстандағы қолданыстағы форматында ҰБТ халықаралық стандарттарға толыққанды сәйкес келмейді және тестілік жаттығулары да, оларды сараптау жүйесі де, балды белгілеуі де пысықтауды талап етеді!" – деді Дүниежүзілік банк сарапшысы.

Министрлік ҰБТ-ны дамыту келешегі бойынша анкеталау жүргізген кезде "сіздіңше, ең көп көңілтолмастықты не тудырады?" деген сұрақ қойылған екен. Нәтижесінде, сауалнамаға қатысқандардың 2 509-ы немесе 26%-ы "ҰБТ-ны өткізу тәртібі" деп жауап қатқан. 3 862-сі немесе 40%-ы "ҰБТ-ның мемлекеттік грантты тағайындауға ықпалы" деген пікірмен келіспейтінін білдірген. Тағы 3 106 адам (32%-ы) тестілеудің сұрақтарының мазмұны мен формасына кейіген.

Министрлікке мемлекеттік органдардан және кәсіби қауымдастықтардан да көп ұсыныс түскен көрінеді. Атап айтқанда, әкімдіктер "мектептерге қорытынды аттестация жасауды қайтаруды", ЖОО-ларға түсу үшін шығармашылық емтихан тапсыруды қайта енгізуді" сұраған. Ұлттық қауіпсіздік комитеті "ҰБТ процедурасын бөлу", "мектепке қорытынды аттестацияны кері қайтару", "оқуға түсу емтихандарын тестілеу форматында ЖОО қабырғасында өткізу" туралы ұсыныс жолдаған.

Ішкі істер министрлігінің ұстанымы да дәл осындай көрінеді.

Ұстаздар мен ғалымдар да мектеп бітіру емтиханын ЖОО-ға түсуден бөлек өткізуді қолдаған. Сондай-ақ ҰБТ-ны тек университеттерге іріктеу емтиханы түрінде қалдыруды ұсынған. "ҰБТ қорытындысы оқушыларды даярлау сапасын әділ бағалауға мүмкіндік бермейді. Оның үстіне оған қатыспайтындар арасында білім деңгейі төмен түлектер де, сондай-ақ олимпиадалар мен ғылыми сайыстар жеңімпаздары да бар" делінген ғалымдар хатында.

Осы айтылғандардың барлығын саралай келе, БҒМ ҰБТ-ны өзгертуге кірісіп кетті.

Министр Ерлан Сағадиевтің түсіндіруінше, енді емтихандар "мектеп бітіру емтиханына" және ҰБТ-ға бөлінді. Яғни, мектеп емтиханының рөлі "қорытынды аттестацияға" берілді. Оны университетке түсу ниеті жоқ барлық түлек тапсырады. Ал ҰБТ бұдан былай тек ЖОО-ға түсу емтиханы ретінде қалдырылмақ. Соның қорытындысы бойынша талапкер-абитуриенттер арасында мемлекеттік гранттар бөліске салынады.

Мұның сыртында ҰБТ-ның құрылымы да жаңартылыпты.

"Бұрын түлектер 5 пән бойынша 125 жаттығуға жауап іздейтін және соның ішінде 4 пән бойынша 100 жаттығу ескерілетін. 2017 жылғы ҰБТ-тың жаңа форматы бойынша 120 жаттығу болады және оның барлығы ескеріледі. Ең жоғарғы балл – 140 болады. Себебі, бірден 2 балдан алуға мүмкіндік беретін сұрақтар бар", – деді Ерлан Сағадиев.

2 балл бейінді (профильді) пәндер бойынша беріледі екен. Бұл ретте талапкер тест тапсыратын бес пәннің екеуі – бейінді болады.

ҰБТ-ның биыл ақырғы рет пайдаланылған ескі форматы бойынша "міндетті пәндер" қатарына мектепте оқыған тілі, математика және Қазақстан тарихы кіретін. Ал ұсынылып отырған жаңа форматта "міндетті пәндер" қатарына "математикалық сауаттылық", "Оқу сауаттылығы" және "Қазақстан тарихы" енбек.

Бұл ретте "математикалық сауаттылықта" оқушының осы пән бойынша білімі, логикасы, "оқу сауаттылығы" (грамотность чтения) бойынша мәтінді оқуы, оның мағынасын түсінуі, салыстыру және талдау жасай білуі, "Қазақстан тарихы" бойынша тарихи оқиғалар мен даталарды білуі бағаланады.

"Осы бес пән бойынша жаттығуларды орындауға талапкерге барлығы 3 сағат 30 минут беріледі. Осы аралықта ЖОО студенті атанудан үмітті жас азамат 140 балдың кемі дегенде 50-ін жинап үлгеруі қажет.

"Тестілеу 5 пән бойынша жүргізіледі. Оның ішінде үшеуі – міндетті, қалған екеуі – таңдаған мамандығына сәйкес бейінді пән. Нәтижесінде, отандық ЖОО-лардағы барлық 175 мамандық бейінді пәндері бойынша 10 комбинацияға бөлініп отыр. Мысалы, "Математика-Физика" комбинациясы бойынша тапсырса, талапкер 52 мамандық арасынан таңдауға, 4 ЖОО-ны көрсетуге мүмкіндігі болады, – деді білім және ғылым министрі.

"Түлек пен оның ата-анасына министрлік ұсынған "комбинацияны" таңдауда тапқырлық танытуы қажет болады. Өйткені "Математика+Физика" расында, министр айтқандай, жарты жүзден астам мамандық арасынан таңдауға мүмкіндік берсе, таңдауы төрт мамандықтан аспайтын комбинациялар да бар (бұлар "Тарих+Адам. Қоғам. Құқық", "География+Шет тілі"). Егер сол физика мысалы, химиямен жұп құрса, талапкерге тек 5 мамандықтың бірін таңдауға тура келмек. "Биология+Химия" – 22, "Математика+География" – 18, "Биология+География" – 12, "Шет тіл+Тарих" 11, "Қазақ тілі мен әдебиеті+Тарих" және "Тарих+География" 7 мамандықтың біріне жол ашады.

33 мамандық "шығармашылық емтиханды" талап етпек.

Біз бұл мәселені түсіндіруді "Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің" ректоры Қылышбай Бисеновтен сұрадық.

"Бұрынғы жылдары тарих, химия, шет тілі, қазақ және орыс әдебиеттері бейінді пән болғанда, мамандық таңдау мүмкіндігі шектеулі болатын. Ал алдағы жылы таңдаған мамандыққа байланысты екі бейінді пәннен тест тапсыру арқылы абитуриент бірнеше мамандықты қатар таңдай алады. Бұл бұрын-соңды болмаған жаңалық", – дейді ректор Қылышбай Бисенов.

ҰБТ-ға өтініш қабылдау алдағы жылдың 10 наурызы мен 10 мамыры аралығында жүреді. Тестілеу 20 маусым – 1 шілде аралығын қамтиды. Тиісті балл жинай алмаған талапкерге 2017 жылдың 1-8 тамызында және 2018 жылдың 5-12 қаңтары аралығында ақылы түрде қайта тапсыру мүмкіндігі беріледі.

Кезінде, 2007-2010 жылдары, білім және ғылым министрі болған, қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев та ҰБТ-ның кемшілігі көп екенін айтады.

"Мен ҰБТ-ның жаңа форматын қолдаймын. Өйткені, мектеп бітірушілер өз білім ордасында қорытынды аттестациялау емтихандарын тапсырғандары дұрыс. Өйткені, республика көлеміндегі ҰБТ өтетін 165 пунктіне, аудан орталықтары мен қалаларға еліміздің әр ауыл-аймағынан балаларды жию қиыншылық әкеледі. Оның үстіне бөтен елді мекенге тап болған оқушы психологиялық және басқа да қысым әсерінен өз білімін толық көрсете алмайды", – дейді Жансейіт Түймебаев.

Ол ҰБТ енді тек ЖОО-ларға түсу үшін ғана қалдырылғандықтан, Үкіметке оны өткізуді облыс орталықтарына көшіруді ұсынды. Яғни, университетке түсіп, ғылым шыңын бағындырғысы келген жас талапкер кеңес кезіндегідей үлкен қалаға аттануы қажет.

"Осы арқылы бюджеттен жұмсалатын қыруар шығыннан құтыламыз. Екіншіден, ешбір мемлекетте аудан орталығында жоғарғы оқу орнына түсу үшін емтихан тапсырмайды. Біз қазір жаңа заманға бейімделуіміз қажет. Облыс орталықтарында, Астана мен Алматыда университеттер мен академиялардың корпустарында өтсе, әділетті болады. ҰБТ үрдісін ұйымдастыру, жабдықтау мәселелері оңтайлы шешіледі. Сондай-ақ келуші жастарға жатақхана орнын ұсынуға мүмкіндік бар", – деді ОҚО әкімі.

Жансейіт Түймебаев БҒМ-ды басқарған кезін еске алды, сонда рейтингті көтеру үшін аудан орталықтарында ҰБТ-ны тапсыру кезінде, оқушыларға көмектесу секілді келеңсіз көріністерге кең жол берілгенін мойындады.

Бұл ұсыныстар министрлік тарапынан да, Үкімет тарапынан да әзірге қолдау тапқан жоқ. Бірақ, назарға алынып, пысықталуы мүмкін.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу