Үй кезегіне тұру үшін жалған ажырасу көбейген – Ләззат Ибрагимова

3481

Статистикалық деректерге сүйенсек, 2019-2021 жылдар аралығында ажырасулар саны 148 599 болған. Оның ішінде 2019 жылы – 59 796, 2020 жылы – 48 002, 2021 жылы – 48 239.  

Үй кезегіне тұру үшін жалған ажырасу көбейген – Ләззат Ибрагимова

"Отбасы банк" АҚ төрағасы Ләззат Ибрагимова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте үй кезегіне тұру үшін ішінара жалған ажырасуға баратындардың саны көбейгенін айтты. Бұл толық емес отбасыларға берілетін ипотека шарттарын қайта қарауға әкелген, деп жазады inbusiness.kz.  

Банк төрағасының айтуынша, соңғы жылдардағы талдау нәтижелері үй кезегіне тұрғандардың ішінде "толық емес отбасы" санатының өскенін көрсетіп отыр. 

"Біздің ойымызша, мұндай ішінара жалған ажырасулардың себебінің бірі адамдар баспана кезегіне тұру. "Толық емес отбасы" бағыты бойынша ажырасу туралы куәлік жеткілікті. 23 қыркүйекте Үкімет қаулысы аясында "толық емес отбасы" санатын "Шаңырақ – 5-10-20" бағдарламасына ауыстыру ұсынысы қолдау тапты. Айырмашылық тек сыйақы мөлшерлемесінде екенін айта кеткен жөн. Әр отбасы деңгейінде айырмашылық шамамен 30 мың теңге болуы мүмкін. Егер берешек 15 млн теңге көлемінде болса, онда "Бақытты отбасы" арқылы несие алғандар бастапқы сегіз жылда айына 80 623 теңгеден, берешек соманың жартысы жиналған соң 63 344 теңгеден төлейді. Ал енді "толық емес отбасылар" "Шаңырақ" бойынша тура сол үйге бастапқы сегіз жылда айына 116 500 теңгеден төлейді. Ал кейіннен 73 983 теңге салатын болады", – деді спикер.

Бүгінде үй кезегіне тұрғандардың ішінде "толық емес отбасы" санаты бойынша 147 мыңнан астам отбасы, ал мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған 24 мың отбасы бар. 

"Бақытты отбасы" бағдарламасы бойынша жыл сайын 3-2,5 мыңнан астам адам қаржыландырылса, 5-6 жыл ішінде кезекте тұрған 24 мың адамның 80 пайызға жуығын тұрғын үймен қамтамасыз етуге болады. Толық емес отбасыларға келетін болсақ, оларда проблемалар бар екені анық. Олардың (үй кезегінде тұрғандардың) саны 147 мыңнан асады.  Мысалы, Астанада күніне 70 адам үй кезегіне тұрады. Олардың жартысы – толық емес отбасылар. Біз қандай ресурстар бөлсек те, бұл санат бойынша нақты нәтижеге қол жеткізе алмаймыз", – деді спикер.

Айта кету керек, жыл басынан бері "Отбасы банк" 32,4 мың өтінім өтінім қабылдаған. Оның ішінде жартысынан астамын "толық емес отбасы" санатындағы азаматтар берген. Көпбалалы отбасылар бойынша 12,7 мың өтінім, ал мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар бойынша 3,3 мың өтінім келіп түскен.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу