Биылғы жылы облыстарымыздың басым бөлігін тасқын су басып қалғанда, экологтар мен эпидемиологтар дабыл қақты. Себебі, кеңес заманынан бері қазақ даласына, Қазақстанның көптеген өңіріне "Сібір жарасына" (қазақы атауы – күйдіргі) шалдыққан жануарлар жаппай әкеліп, көмілді. Депутаттардың мәліметінше, олардың көбісінің қайда орналасқаны белгісіз, архивтік карталардың бір бөлігі жоғалған.
Қызыл су сол індетті жер астынан шайып шығаруы мүмкін. Жалпы, күйдіргіге шалдыққан адамдардың саны жыл сайын артып барады.
Ақпарат құралдары жазғандай, таяуда Атырауда бір адамнан сібір жарасы анықталды. Қатерлі инфекцияны жұқтырған адам "Асыл Агро" мал базарында қасапшы болып жұмыс істеген. Оған қоса, ауру малды базарға тасыған тағы 16 адам дәрігерлердің бақылауына алынды.
"Зертханалық талдау нәтижелері бойынша мал сою пунктінің бір жұмысшысынан тері сібір жарасы диагнозы расталды. Науқас ауруханада жатыр. Оған бекітілген медициналық хаттамаға сәйкес емдеу жүргізілуде. Жағдайы тұрақты. Өзге адамдардан аурудың белгілері әзірге байқалмады", – деп хабарлады Атырау облысы әкімінің баспасөз хатшысы Руслан Жұмағазиев.
Сондай-ақ Мәжілістің дерегінше және жергілікті тұрғындардың шағымдануынша, Алматы облысының Іле ауданында Қараой мен Н.Тілендиев ауылдарында үй салуға және жер пайдалануға рұқсат етілген аумақтардан сібір жарасын көму орындары табылған.
"Жергілікті тұрғындардың алаңдаушылығы толығымен түсінікті! Олар рұқсат етілген жерлерде үй салып, енді құжаттарын рәсімдеймін деп жүргенде, күтпеген жерден сібір жарасының көму орындарының табылуы оларды үйсіз қалдыруы мүмкін. Бұл мәселе тұрғындардың психологиялық, әлеуметтік, экономикалық жағдайына кері әсер етеді. Қазақстан бойынша мұндай жағдайлар көп. Бұдан неге жер учаскелері берілгенде алдын ала зерттеулер жүргізілмеген деген сұрақ туындайды", – деді мәжілісмен Ержан Бейсенбаев.
Жалпы алғанда, Қазақстан аумағында халықтың денсаулығы мен қауіпсіздігіне үлкен қауіп төндіретін сібір жарасының көмілген орындарының саны – 2 162. Бұл белгілісі ғана. Олардың басым бөлігі елді мекендерде орналасқан.
Мәселен, осындай қауіпті "қорымдардың" бірі Алматының Медеу ауданының қақ ортасында тұр.
Бұдан бөлек, Түркістан қаласында, сондай-ақ Ақтөбе қаласындағы "Нұр Ақтөбе" шағынауданында жаңа мектепке жақын орналасқан "қорым" жұртшылықтың үнемі үрейін ұшырады.
Басқаны айтпағанда, елорда іргесіндегі Қосшыда жерлеу орны су қоймасына жақын орналасқан көрінеді, содан су көздерінің ластануы және тұрғындардың денсаулығына қауіп төніп тұр.
Ұқсас қауіп-қатер Зайсан әуежайының маңынан табылды. Салдарынан, ластанған аумақтар тым жақын болғандықтан бұл әуе қақпасына заманауи ұшақтар қонуы үшін ұшу-қону жолағын ұзарту мүмкін болмай қалған.
Қарағанды облысында сібір жарасы орталықтандырылған су жеткізуге кедергі болған. Бұқар жырау ауданының әкімі Ерлан Құсайынның айтуынша, аудандағы бір ауылдың аумағында сібір жарасынан өлген малдардың өлекселері көмілген мал қорымдары бар. Салдарынан, ол ауылға су құбырын тартпақ түгіл, тіпті қарапайым блоктық модуль орнату да мүмкін болмай қалды. Яғни, әкім суды "водовозбен" тасымалдау ғана қалғанын айтады.
Республика бойынша шағын ауылдарда да осындай қорымдар жетерлік. Бұл проблема халықтың қауіпсіздігі мен денсаулығын қамтамасыз ету үшін шұғыл назар аударуды және шешуді талап етеді.
Алайда, депутаттардың айтуынша, мәселені шешпек түгіл Үкімет олардың ошақтарының қайда екенін де толығымен біле бермейді. Өйткені "елімізде сібір жарасы бойынша кадастрдағы деректер дәл, нақты емес" көрінеді.
Қазіргі уақытта қолданылатын ғылыми кадастрларды министрлік бекітпегендіктен, жергілікті әкімдіктер жер телімдерін беру кезінде бұл құжатқа ресми түрде сүйене алмайтыны анықталды.
Премьер-министр Олжас Бектенов депутаттарға сібір жарасы көмілген жерлерге қатысты мәселе Үкіметте қаралғанын жеткізді. Тіпті бұл мәселе бұдан бұрын елдің Қауіпсіздік кеңесінің отырысында жеке талқыға салынғанын және тиісті тапсырмалар берілгенін мәлім етті.
Осы мақсатта барлық облыста өңірлік комиссиялар құрылған екен.
"Үкімет сібір жарасының туындауы мен таралуына жол бермеу мақсатында жүйелі шаралар қабылдау үшін уәкілетті мемлекеттік органдарға сібір жарасы көмілген жерлер мен мал қорымдарының тізімдерін жаңартып, оларға ревизия жүргізу жөніндегі өңірлік комиссиялар құру туралы тапсырмалар берді. Қазіргі уақытта тиісті комиссиялар мүдделі ведомстволар құрамында жоғарыда аталған жұмыстарды жүргізуде", – деді Үкімет басшысы.
Комиссиялар жұмыстарының қорытындысы келесі жылы белгілі болады деп күтілуде.
Ал, Алматы облысының ауылдарында халыққа үй салуға, мал бағуға, егін егуге берілген жерлерден күйдіргіден өлген малдар қорымдарының табылуы жеке зерделеніпті. Ол үшін жеке жұмыс тобы құрылды.
Премьердің хабарлауынша, Алматы облысында әкімнің 2024 жылғы 4 қазандағы №58-өн/қ өкіміне сәйкес, бұрын анықталған "сібір жарасы көмілген жерлердің координаттарын" нақтылау, оларды ветеринариялық-санитариялық қағидалардың талаптарына сәйкес келтіру және санитариялық-қорғау аймағына кіретін жер учаскелеріне қатысты тиісті жұмыстарды жүзеге асыру жөніндегі жұмыс тобы құрылды. Осы бағыттағы жұмыс жалғасуда.
Бектенов Қазақстанда Сібір жарасы көмілген жерлердің координаттары негізінен белгілі екеніне сендірді.
"Сібір жарасының эпизоотиялық, эпидемиялық ошақтары туралы мәліметтер Денсаулық сақтау және Ауыл шаруашылығы министрліктерінің 2003 жылғы 5 және 31 қаңтардағы бұйрықтарымен бекітілген "1948-2002 жылдары Қазақстан Республикасының сібір жарасы бойынша стационарлық қолайсыз елді мекендерінің кадастрында" ұсынылғанын хабарлаймын. Кадастрға сәйкес, мысалы Алматы облысының Қараой ауылында сібір жарасы бойынша бір стационарлық пункт (1959 жылы бір ІҚМ өлген), Шелеккемер ауылында (Н.Тілендиев ауылы) 3-еуі (1968, 1969 және 1970 жылдары ауру ірі қара малдар өлген) тіркелген", – деді Үкімет басшысы.
Ол Қазақстанның Қауіпсіздік кеңесінің тапсырмасымен, осы кадастр мәліметтерін және сібір жарасы көмілген жерлердің нақты координаттарын ескере отырып, топографиялық карталарды әзірлеу бойынша іс-шаралар өткізілгенін мәлімдеді.
Оның барысында елеусіз қалған ескі "қорымдар" анықталыпты. Мысалы, Іле ауданында сібір жарасы ошақтары көмілген жерлерді анықтау үшін Іле ауданы әкімінің қаулысымен жұмыс комиссиясы құрылды. Комиссия 1959-1970 жылдар аралығында сібір жарасынан қырылған мал өлексесі көмілген жерлерді тапты.
Акт жасалды, сібір жарасы көмілген 6 жерді қоршау және заңдастыру туралы шешім қабылданды. Бүгінде бұл жерлер қоршалды, нақты координаттары көрсетіліп, белгілер орнатылған. Топографиялық карталар әзірленді және жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне енгізілді.
Бұл іске ғалымдар тартылуда екен. Олжас Бектеновтың айтуынша, өз кезегінде Денсаулық сақтау министрлігі "QazBioPharm" ұлттық холдингіне жүктелген "ағымдағы жылғы мемлекеттік тапсырмасына" арнайы ғылыми негізделген әдістеме әзірлеу жөніндегі тармақ енгізді.
"Ол әдістеме ерекше жағдайларда осы объектілердің санитариялық-қорғаным өлшемдерін өзгертуді негіздеу үшін индикаторларды айқындау мақсатында сібір жарасы көмілген жерлердің халықтың денсаулығына және жануарлардың саулығына әсеріне қатысты биотәуекелдерді бағалауға арналады. Бұл жұмыстың қорытынды есебі 2024 жылғы желтоқсанға жоспарланған", – деді Олжас Бектенов.