Үкімет әйелдерге қайтарымсыз ақша беретін арнайы қор құруды қарастыруда

3667

Елімізде әрбір төрт қыздың бірі – ешқашан келін болып табалдырық аттамаған.

Үкімет әйелдерге қайтарымсыз ақша беретін арнайы қор құруды қарастыруда Фото: inbusiness.kz

Өзінен 5 жас кіші тележүргізуші Әнуарбек Жәлелге тұрмысқа шыққан тележүргізуші, продюсер Айгерім Есенәлі қазіргі жас жігіттердің ниетінен қатты шошынатынын айтты. Олар "дайын асқа тік қасық" деп, өмірде өз орнын тапқан, карьерасын құрған, дүние-мүлкін жиған әйелдерді іздеуге бой ұрып барады.

"Осы трендтен шошимын! Жасы 20-дан жаңа асқан бозбалалардың анасындай, әпкесіндей жастағы әйелдерге қолқа салып, көңіл білдіруі көбейді. Ауырдың үсті, жеңілдің астымен жүруге ынтығу қалыпты болып барады. Отбасын құру үшін соңынан жүргісі, жүгіргісі келмейді. Ондай жігіттерден жауапкершілік, ер азаматқа тән мінез көре аламыз ба?", – деді ол.

Жас қыздардың үрейі негізсіз еместігін статистика да көрсетіп отыр. Ұлттық статбюро дерегінше, қазіргі кезде жарты миллионға жуық (464,6 мың) қазақстандық әйелге ер-азамат жетпейді. Республика тұрғындарының саны 2024 жылғы мамырда 20 118 478 адамға жетсе, соның 10 291 565-і – әйел, 9 826 913-і – ерлер.

Бұл Ресейдегі ахуалға қарағанда жақсылау. Мысалы, Росстат дерегінше, 2024 жылдың басында РФ-та әйелдер саны ерлерден 10 миллиондайға асып түсті: әйелдер саны – 76 млн 726,7 мың, ерлер саны – 66 миллион 718 мың.

Көрші Қытайда мүлдем басқа, керісінше жағдай қалыптасты, оларда ерлер көп: 720,32 миллион еркек (51,08%), 689,35 миллион әйел (48,92%) бар. 31 миллиондай қытайлық ер-азаматы артық.

Қазақстанның Ұлттық статбюросы тағы бір алаңдатарлық мәліметті жария етті. Соңғы, 2021 жылғы Ұлттық санақ қорытындылары көрсеткендей, қазіргі уақытта әйелдердің 58,9%-ы ғана некеде тұрады. Бұл бір қарағанда 2009 жылғы ұлттық санақ көрсеткішінен жоғары: алдыңғы санақта некедегі әйелдердің үлесі 52,2% ғана болған.

Бірақ сарапшылар байлам жасауға асықпауға шақырады. 2009 жылғы санақта тек АХАТ-та ресми тіркелген некелер ғана есепке алынды. 2021 жылғы соңғы санақта некесін тіркемегенімен, отбасыда біраз уақыт бірге тұратын, бюджеті ортақ жұптар да осы қатарға қосылды.

Егер бөліп қарасақ, бүгінде "некедегі" әйелдердің 52,4 пайызының ғана некесі ресми тіркелген. 6,5 пайызы – азаматтық некеде тұрады.

Ешқашан тұрмыс құрмаған нәзік болмыс иелерінің үлесі осы онжылдықта 28,2%-дан 25,7%-ға дейін төмендеді, бірақ бәрібір жоғары болып қалуда. Әрбір төртінші әйел ешқашан келін болып, табалдырықтан аттамаған.

Әйелдердің 8,4 пайызы немесе 595 280-і жесір қалған және содан соң басқа ермен бас қоспаған.

Бір қызығы, елімізде әйелдердің 58,9%-ы некеде болса, ерлердің 63,1%-ы үйленген екен. Мұның бір мәнісі бірқатар қазақ жігіттерінің "инабатты, иманды" деп санап, болашақ зайыбын көрші Өзбекстаннан, Қырғызстаннан, алыс елдерден іздей бастағанында жатуы мүмкін. Түрлі танысу сайттары мен ұялы қосымшалар әлемнің кез келген елінен жар табуға мүмкіндік ұсынады.

Сонымен, ресми статистика бойынша Қазақстанда әйелдердің 7 пайызы немесе 494 328-і ресми түрде ажырасқан.

Олардың үлкен бөлігі қолындағы баласымен қалып, көмекке зәру. Бұрынғы күйеуі "көкек-әке" болудан қымсынбай, табанын жалтыратып, экс-зайыбын қиындықпен жалғыз қалдырған әйелдерге арнайы қор көмекке келуі мүмкін.

Үкімет басшысының орынбасары Тамара Дүйсенова Мемлекеттік алимент қорын (МАҚ) құру жоспарланғанын білдірді. Ол жаңа қордан кімдер төлем ала алатынын да мәлім етті.

Тамара Босымбекқызының айтуынша, бүгінде Әділет министрлігі қазақстандықтардың алименттер бойынша қанша миллиард қарызы барын есептеп жатыр. Бұл жалғызбасты аналарға көмек көрсететін Мемқорды құру үшін қажет.  

"Әкелердің өз міндетіне адал қарамауы кесірінен қанша әйелдің алимент алмайтынын есептеу жүргізілуде. Сондай-ақ әйелдердің қаншасы толық емес, мардымсыз көлемде алимент алатыны анықталады. Әкенің жұмыссыз қалуына немесе жасырын, шетелде жұмыс істейтініне, жұмыс орнының анықталмағанына байланысты төлемдер тоқтатылып та жатады", – деді вице-премьер.

Оның айтуынша, тек осы есеп-қисабы, соның ішінде алименттер бойынша қарыздардың нақты көлемі белгілі болғанда, мемлекеттік қорға қанша қаржы салу керектігі де анықталады.

"Қазіргі маңыздысы – қаражат көлемін айқындау. Онсыз біз Мемлекеттік алимент қорының құрылғаны туралы жариялайтын болсақ және оған жеткілікті қаражат бөлінбесе, онда үш айдан кейін олар таусылып қалуы мүмкін. Онда не болады? Біз бұлай проблеманы шеше алмаймыз. Ендеше Әділет министрлігінің есептемелерінің аяқталуын күтейік. Содан кейін ақырғы шешім қабылданады", – деді Тамара Дүйсенова.  

Премьердің орынбасарының тұспалдауынша, қарау ниетті немесе жұмыссыз әкелерінің кесірінен балаларына алимент алмайтын немесе жеткілікті көлемде ала алмай жүрген әйелдер МАҚ төлемін алудан үміттене алуы мүмкін.

Мәжілісмен Магеррам Магеррамовтың айтуынша, алименттер бойынша берешек былтырдың өзінде 21 миллиард теңгеге жеткен.

"2022 жылы алименттер бойынша қарыз 13 млрд 793,7 миллион теңге болған еді, 2023 жылы бұл қарыз сомасы 20 млрд 796,6 миллион теңгеден асып кетті. 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша алимент өндіруге қатысты 8 мыңнан астам сот шешімі мүлдем орындалмай жатыр", – деді Магеррам Магеррамов.

Оның айтуынша, бұл проблеманы кешенді шешу үшін біріншіден, көкек әкелерден немесе көкек аналардан әрбір балаға өндірілетін алимент сомасы күнкөріс шегінен (шамамен 48,9 мың теңге) төмен болмауға тиіс. Олай болмаған соң, кейбірі баласына бес-алты мың теңге тастаумен шектеледі.

Екіншіден, Мемлекеттік алимент қоры құрылуы қажет. Бірақ атауы мемлекеттік болғанымен, депутаттың айтуынша, оның қаражаты бюджеттен тыс түсімдер есебінен қалыптастырылғаны жөн. Мысалы, олигархтар қаржы бөлсе, артық болмайды. Өйткені ана мен бала – елдің болашағы.

Қордың басты қаржы қайнары – алимент төлемей жүргендерден өндірілетін қаражаттан, сондай-ақ олардың мүлкін, көлігін сатудан түсетін табыс.

Бұл қор 3 айдан артық уақыттан бері алимент алмаған балаларды жарылқауы керек.

Бірақ Әділет министрлігінің есеп-қисабы біткен соң Үкімет МАҚ құрмай, бұл идеядан бас тарта салуы ғажап емес. Өйткені Үкіметтегі талқылаулардан жеткен дерекке құлақ түрсек, Премьердің өзі бұл идеяны қолдамайды. Себебі, "қорды құру – одан қаржы алу үшін қазақстандықтардың некені жасанды түрде бұзуына, алимент төлемейтін борышкерлер санының артуына" соқтыруы мүмкін деп қауіптенеді.

Кезінде атаулы әлеуметтік көмек (АСП) енгізілгенде, бірқатар облысты жалған неке бұзу "індеті" жайлап, Үкіметтің бір рет аузы күйген.

Сондай-ақ "алиментшілердің қор алдындағы берешегін өтеу тетігі даулы болып тұрғаны" айтылды.  

Бірақ асыраушысынан көзі тірісінде айрылып, аңырап, азап шеккен аналарға тұрақты көмектесетін қор бәрібір керек-ақ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу