Үкімет атаулы әлеуметтік көмек алатындарды азайтады

9145

2,5%-дық несие жамбылдықтарға не үшін берілетіні белгілі болды. 

Үкімет атаулы әлеуметтік көмек алатындарды азайтады

Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың сөзінше, Жамбыл облысы дотациялық өңір. Халқының 60%-дан астамы ауылдық жерде тұрады.

Мұнда өзін-өзі жұмыспен қамтығандар көп. Өңірде тұрақты табысы жоқ азаматтар да аз емес.

"2,5%-дық несие ауылда тұратындардың тұрмысын түзеуге септігін тигізеді. Нәтижесінде атаулы әлеуметтік көмек алатын адамдардың саны азаяды. Біз бұл жобаны облыс әкімдігімен бірнеше рет талқыладық. Барлығын есептедік. Облыс әкімдігіне айтатын өтініш, біз көптеген жобаларды жүзеге асырғанмен кейде соның нәтижесіне жетпей қаламыз. Сондықтан облыс әкімдігі мұны күнделікті бақылауы керек. Ойдағы нәтижеге қол жеткізсек, жобаны еліміздің басқа өңірлеріне енгіземіз", – деді вице-премьер.

Естеріңізге салайық, бір айдан соң Жамбыл облысында халықтың табысын арттыруға бағытталған қанатқақты жоба жүзеге асырылады. Бұл бастаманы Жамбыл облысының әкімдігі көтерген. Осы турасында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов: "Статистика бойынша, өңірде жан басына шаққандағы номиналды ақшалай табыс 66 мың теңгені құрайды. Бұл республикалық орташа көрсеткіштің 68%-ы. Облыстағы жұмыс күшін саралайтын болсақ жұмысы бар 506 мың адамның 35%-ы немесе 177 мыңы өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр. Бұл республикадағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі", – деді.

Министрдің мәлімдеуінше, облыс әкімдігі ұсынған мәліметке сәйкес, 368 мың ауыл тұрғынының 54%-ы немесе 177 мың адам ғана тұрақты табысқа ие.

"Республика бойынша атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған отбасылардың 9,6%-ы Жамбыл облысының тұрғындары. Бұл облыс халқының 17,7%-ы. 31 мыңнан астам отбасы атаулы әлеуметтік көмекті тұрақты алады. Осы отбасылардағы 43 мыңнан астам адам еңбекке қабілетті жаста", – деді Біржан Нұрымбетов.

Белгілі болғандай, қанатқақты жоба "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылады. Осыған орай бағдарламаға өзгеріс енгізіледі.

"Жүзеге асырылғалы отырған қанатқақты жоба аясында микрокредит бюджеттік бағдарлама әкімшісі айқындайтын сенім білдірген өкіл арқылы ұсынылады. Бюджеттік несие жергілікті атқарушы органдарға 10 жылға беріледі және қарапайым халыққа 2,5%-дан аспайтын жылдық мөлшерлемемен үлестіріледі", – деді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу