Билік азулы бұрынғы әкім Асқар Мырзахметовтың мұрасынан бас тартты

25875

Осы күнге дейін жобаға 4,8 миллиард теңге шығындалыпты.

Билік азулы бұрынғы әкім Асқар Мырзахметовтың мұрасынан бас тартты Фото: sputnik.kz

Бұрынғы биліктің туристік "мега-жобасына" иелік етуге бірде бір инвестор қызықпады.

"Қар-Алма" – Жамбыл облысындағы тұңғыш тау-шаңғы кешені және Шымбұлаққа балама-бәсеке болатыны біраз жыл жыр етілді. Жамбыл облысының әкімдігі бертінге, 2023 жылға дейін "Қар-Алманы" жергілікті қысқы туризмнің ірі жобасы ретінде дәріптеп келді.

"Шаңғы мен коньки тебу сияқты қысқы спорт түрлері Жамбыл өңірінде ешқашан танымал болған емес. Өйткені өңірде қыс жылы, көбіне қар жабынғысы да болмайды. Алайда дәл Жуалы ауданы "жамбылдық Сібір" деп аталады: соның аумағында қыс қытымыр, қар да қалың түседі. Бұрынғы жылдары өңірде жуалылық оқушылар қыста шаңғы тебетін. Енді табиғаты тұмса, жері көркем бұл өңірде "Қар-Алма" ірі тау-шаңғы кешенінің құрылысы аяқталуға таяды", - деп жазды 2023 жылғы 6 ақпанда Kazinform мемлекеттік ақпарат агенттігі.

Бүгінде "Қар-Алма" жобасы ғана емес, оның әлеуметтік желідегі ресми парақшалары да тұйыққа тіреліп, мәңгілік мұздықтардай өткен кезеңде "қатып" қалған. Ондағы: "Ну, жігіттер, қашан енді лыжа тебеміз?", "Құрылысы сол бойы тоқтап тұра бере ме?", "Қашан қосады екен?" сияқты халықтың сауалдары жауапсыз дағдарып тұр.

Жамбыл облысының Жуалы ауданында "Қар-Алма" ірі тау-шаңғы кешенінің құрылысының басталғанына алты жылдай уақыт өтіпті. Бастапқыда оның құрылысының доғарылуына араға коронавирус пандемиясының килігуі сылтау-себеп етілді.

Кейін қажетті материалдардың жеткізілімінде үзілістер болып жатқаны алға тартылды.  

Енді міне, Үкіметтің оны мемлекет қарауына алып, құрылысын аяқтаудан бас тартқаны белгілі болды. Бұдан бұрын, биылғы наурыз айының соңында жамбылдық жобаны Үкіметке Мәжіліс депутаттары тықпалап көрген болатын.

"Біздің мәліметтіміз бойынша "Қар-Алма" жобасы 2018 жылы сол кездегі облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың ұсынысымен басталған. Жамбыл облысының жұртшылығы бұл ұсынысты қуана мақұлдады. Бұл жобаның инвесторы – "ТаразСтрой-2004" ЖШС. Сол уақыттағы сметалық құны – 6,3 миллиард теңге болатын. Кешен құрылысы 2018 жылдың тамыз айында басталды. Құрылыс жұмыстары 2020 жылдың 1 тоқсанында жоба иесінің жеке қаражатының тапшылығына байланысты тоқтады. Бүгінгі күні уақыттың созылуына байланысты жобаның құны қайта есептеліп, 7,9 миллиард теңгеге дейін қымбаттады", - деді тараздық мәжілісмен Ерболат Саурықов.

Осы күнге дейін жобаға 4,8 миллиард теңге шығындалыпты. Депутаттардың айтуынша, кешеннің құрылысын толық аяқтау үшін тағы 3,1 миллиард теңге қажет көрінеді.

Бұл жобаға ел бюджетінен қанша қаражат шығындалғаны нақты белгісіз. Бюджет есебінен, "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" транзиттік трассасынан тау етегіне дейін 7 шақырым асфальтталған автожол төселген. Жоба қажетті инфрақұрылыммен, газбен, электр жүйесімен қамтамасыз етілген.

Тау шаңғысы кешеніндегі арқан жолының құрылысы, ішкі алаңдарды абаттандыру жұмыстары, кірме жол, ресторан, сервис орталығы, техникалық бокс және өзге нысандар шамамен 80-85% аяқталыпты, сол күйде қаңырап бос жатыр.

Депутаттың дерегінше, мемлекет тарапынан "Бизнестің жол картасы – 2025" бағдарламасы арқылы 542 миллион теңгеден астам қаражатқа ауыз су мен кәріз жүйесі тартылған. Сол сияқты саяхаттаушылар, демалушылар және шаңғы тебушілер үшін жекелеген инвесторлар тарапынан 20 коттедждің құрылысы басталып еді. Олар да 70-80% аяқталған күйде тасталды.

Мәжілісмен бұған жергілікті билік кінәлі болуы мүмкін деп тұспалдайды.

"Жоба басталғаннан бері Жамбыл облысында бүгінгі күні төртінші әкім ауысты. Осыдан кейін баршамызда мынадай сауал туындайды. Жеке инвестордың қаражатымен халық игілігі үшін басталған осындай іргелі жобалар неге аяқталмай қалады? Кім кінәлі? Жүйе ме, әлде бір әкімнің ұсынысын келесі әкімнің жалғастырғысы келмейтіндігі ме? Жанымызда тау шаңғысы кешені тұрғанда, неге адамдар сабылып 500 шақырым жердегі саяхат орнына баруға тиіс? Қарапайым халықтың қалтасы бағасы шарықтаған Шымбұлақ пен Ақбұлақты қалай көтереді? Жергілікті басшылар немесе Туризм және спорт министрі неге осыны ойламайды?", - деді Ерболат Саурықов бастаған бір топ Парламент депутаты Үкіметке хатында.

Осы орайда мәжілісмендер Үкімет басшысынан "Қар-Алма" туристік тау-шаңғы кешенінің жұмысын жандандыру үшін жобаның аяқталуына ықпал етуді, Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев пен Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевке тез арада мәселені шешу жолдарын қарастыруға тапсырма беруді сұрады.

Сондай-ақ Мәжіліс депутаттары басталуын басталған, аяқталмай тасталған удай қымбат жобаны "инвестордан мемлекеттің сатып алуы" идеясын ілгерілетуде.

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр қанша жерден ірі болса да, жекенің дәл осы жобасын ел қаржысына сатып алу дегеннің болмайтынын кесіп айтты. Мұны ол Парламентке жолдаған ресми жауабын жеткізді.  

Бірінші вице-премьердің айтуынша, бұл жобаға мемлекет онсыз да барынша көмек көрсетті.

"Жамбыл облысындағы "Қар-Алма" туристік тау-шаңғысы кешенінің жобасы кезінде "Бизнестің жол картасы-2025" бағдарламасы аясында қолдау тапты. Мемлекет тарапынан сумен жабдықтау және су бұру объектілерінің құрылысы жүргізіліп, инвесторға тиісті қолдау көрсетілді. Кешеннің құрылысын аяқтау үшін әкімдік те, салалық министрлік те жаңа инвесторларды тарту бойынша жұмыстар жүргізді. Алайда бүгінгі күні әлеуетті инвесторлар жобаны жүзеге асыруға қызығушылық танытқан жоқ", - деді Роман Скляр.

Ол аталған алып тау-шаңғы кешенін бюджет қаржысына сатып алу "орынсыз" деп танылғанын мәлім етті.

"Мәжіліс депутаттары жобаны инвестордан мемлекетке сатып алуды ұсынды. Жоба қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес, жекеменшік әріптeстік объектісі болып табылатындықтан, мемлекеттің инвестордан "Қар-Алма" кешенін сатып алуы орынсыз. Осыған байланысты, мүдделі мемлекеттік органдар қолданыстағы заңнамаға сәйкес, қосымша жеке қаражаттар тарту бағытында жұмыстарды жалғастырады. Жалпы, аталған жоба әкімдік пен министрліктің тұрақты бақылауында", - деді Үкімет басшысының орынбасары.

Бірақ оның айтуынша, мемлекеттің қаражатын емес, тек инвесторлардың қаржысын тарту жұмыстары жүргізіледі. Егер бизнес қызықса.

Жыл он екі ай жұмыс істейтін, бір мезгілде төрт мыңдай адамды қабылдай алатын ірі курорт болады деп насихатталған "Қар-Алма" тау-шаңғы кешеніне бұрынғы билік ең "майшелпек" орынды бөлген еді: ол Ақсу-Жабағылы қорығының шекарасында, Батыс Тянь-Шаньнің Талас жоталарының солтүстік бөктерінде, облыс орталығы Тараздан небары 70 шақырым жерде орналасқан.

Оған арнап, тау шыңынан төмен қарай 2,5 шақырымдық ұзындықтағы тау-шаңғы трассасы да салынып қойылған. "Қар-Алманың" арқан жолы мен тау-шаңғы трассаларының жалпы жиынтықтағы ұзындығы 30 шақырымға дейін жететіні хабарланған.

Оның бәрі жайына қалған жайы бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу