Үкімет басшысы Павлодар облысында адам сенбес ғажайып орын алғанын жариялады

3987

Соңғы 5 жылда тек осы облыста ғана бірде-бір ауыл жабылмапты.

Үкімет басшысы Павлодар облысында адам сенбес ғажайып орын алғанын жариялады Фото: canva.com

Мұны Премьер-министр Олжас Бектенов Мәжіліс депутаттарына хабарлады.

Кейінгі кезде жыл емес, ай сайын кем дегенде 3-тен көп ауыл Қазақстан картасынан жоқ болып кетеді.

Ғасыр басында, 2003 жылы елде 7 689 ауылдық елді мекен болыпты. 10 жыл өткенде, 2013 жылы бұл көрсеткіш 6 828-ді құрады. Бүгінде 6 147 ауыл мен ауылдық округ қана қалды.

Яғни, небәрі 20 жыл ішінде Қазақ даласында 1 542 ауыл жойылған. Бұл үрейлі үрдіс қазіргі кезде де жалғасуда.

"Жалпы, 2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша облыс әкімдіктерінің жедел деректеріне сәйкес, республикада 6 147 ауылдық елді мекен (АЕМ) бар. Оларда 7,5 млн адам тұрады. Бұл еліміздегі жалпы халық санының 37%-ын құрайды. Соңғы 5 жылда АЕМ саны 194 бірлікке азайды: 6 341-ден 6 147-ге дейін. Соның ішінде мысалы, ШҚО-да 13 АЕМ, СҚО-да 45 АЕМ жабылған. Ал, Павлодар облысында жабылған ауыл жоқ!" – деді Олжас Бектенов.

Бұған қуануға болады, алайда Үкімет басшысының айтуынша, жергілікті атқарушы органдар негізінен тұрғындарының саны 50 адамнан кеміп қалған ауылдарды жабу бойынша жұмыс жүргізеді. Демек, Ұлы даланы елсіз қалдыратын теріс үрдіс тоқтамайды.

Ондай депрессивті ауылдардың тұрғындарына өз ауылдарында өмірінің соңына дейін қалуына болатыны айтылды. Бірақ ондай жағдайда мемлекеттік қызметтердің көбінен қағылады, уақытылы ала алмайды. Ауырып-сырқаса, жедел жәрдем бармайды.

Егер қоныс аударамын десе, Бектеновтың айтуынша, жергілікті әкімдіктер көшу үшін мемлекеттік қолдау, соның ішінде тұрғын үй беру және жаңа орнында жұмысқа орналастыру мүмкіндігін ұсынуы қажет.

Сонымен қатар Алматы облысында 12 ауыл Мемлекет басшысының жарлығымен құрылған жаңа Алатау қаласының құрамына кірді. Жамбыл облысында 14 ауылды кеңейіп жатқан Тараз қаласы "жұтып" қойды.

Екіншіден, ауылдағылар әлі күнге бала туады, соған қарамастан ауылдықтар саны жүз мыңға азайып қалды. Соңғы 5 жыл ішінде ауыл халқының саны 2021 жылғы  7,6 миллионнан – 2025 жылғы 1 қаңтардағы 7,5 млн адамға дейін азайды.

Сондай-ақ, ауыл тұрғындарының жалпы халық санына қатысты үлесі төмендеді. Егер бұрынғы жылдары биліктегілер: "Ауылда халқымыздың жартысына жуығы, 43,5%-дан астамы тұрады" деп сөйлейтін болса, бүгінде халқымыздық 37%-ы ғана – ауылдықтар.

Премьер ауылдың қараң қалып, кері кетуінің бірнеше негізгі себебін атады. Ауылдың үлкен бөлігінде инфрақұрылым тапшы. Ғылым, техника, технологиялық жетістіктер ауылға жетпейді. Жұмыссыздықтың "көкесі" ауылда. Бұған қоса, "индустриялық және өндірістік прогресс әсерінен туындаған урбанизация" күшейген.

Үшіншіден, бұл аз болғандай, алда ауыл жарықтық тағы бір бағдарламасынан айрылуы мүмкін.

Олжас Бектенов Үкіметтің ауылдағы тұрмыс сапасын жақсартуға, жұмыспен қамту деңгейін арттыруға, инфрақұрылымды дамытуға және кәсіпкерлік белсенділікті ынталандыруға бағытталған бірқатар жүйелі шараларды іске асырып жатқандарын жеткізді.

Атап айтқанда, 2023 жылдан бері "Жайлы мектеп", "Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту", "Ауыл – Ел бесігі", "Ауыл аманаты", "Дипломмен ауылға" және басқа да ауыл өмірінің түрлі салаларына қатысты бағдарламалық құжаттардың кейбір ережелерін қамтитын Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы жүзеге асырылуда.

"Қазіргі уақытта Үкімет ауылдық аумақтарды дамытудың жаңа тәсілдерін қарастыруда. Соның аясында "Ауыл – Ел бесігі" мен "Ауыл аманаты" жобаларын "Ауыл аманаты" ретінде бір бағдарламаға біріктіру қарастырылады. Жаңа формат ауылдарды кешенді дамытуды қамтамасыз етеді, оған мыналар кіреді: инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, бизнес объектілеріне коммуникация тарту, кәсіпкерлікті қолдау, өнімдерді сақтау, өңдеу, қаптау және өткізу үшін индустриялық шағын аймақтар құру", – деді Үкімет басшысы Бектенов.

Мәжілісі депутаты Ринат Зайытов мұның Президент тапсырмасы екенін еске салды.

"Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында: "Ауылдық аймақтарды жан-жақты дамытуға арналған мемлекеттік қолдау шараларының бәрін, яғни, "Ауыл аманаты", "Ауыл – ел бесігі" және тағы басқасын бір бағдарламаға біріктіру дұрыс шешім болмақ" деді. Ауыл деген жай жаба салатын есік емес, қазақтың алтын бесігі. Иә, Үкіметтің "Ауыл – ел бесігі" және AMANAT партиясының "Ауыл аманаты" сияқты ауыл тамырына қан жүргізетін сәтті бағдарламалары ұсынылып жатыр. Нәтижесі де жаман емес. Бірақ бір-екі бағдарлама Қазақстанның барлық ауылдарын гүлдендіріп жібере алмайды ғой", – деді Ринат Рифхатұлы.

Оның айтуынша, бүгінде ауыл тұрғындары өз күнін өзі көру үшін қандай да бір іс бастайын десе кедергіге тап болады. Мал бағып, егін өсірейін десе – жер, кәсіп бастайын десе – қаржы, қажетті инфрақұрылым таппайды.

"Тұрғындарын былай қойып, ауылдың әкімінде қарапайым қажеттіліктерді өтейтін бюджеті де, техникасы да, пәрмен де жоқ. Ауылдарды осындай күйге жеткізген соң, ауыл халқына "неге көштің?" деп қай бетімізбен айтамыз?! Алдағы уақытты Абай облысының Аягөз ауданында 10-нан астам ауылды жапқалы жатыр. Оның алдын алуға талпынып жатқан бір лауазымды тұлға жоқ. Қазақ өз тамырын өзі балталаса, қалай гүлдемек?! Жоқ, әлде бұл әрекеттердің ары жағында халықтың бәрін мәжбүрлі түрде қалаға көшіру деген жымысқы саясат бар ма? Ауылдарды сақтау әрекетін қашан жасаймыз? Ауыл болмаса – қазақ, қазақ болмаса мемлекеттің де болмайтыны анық қой", – деді мәжілісмен.

Ол ауылдардың жаппай жабылуына соқтырған саясат жүргізген шенеуніктерді "қариясын қаңғыртып жіберген қайрымсыз, қайырсыз балаға" теңеді.

Қажетті инфрақұрылымы, сапалы медицинасы, жетік білімі, тұрақты жұмыс пен табысы, тіпті қарапайым интернеті болмаса, ауылдар ары қарай мүжілген сүйектей мүшкіл халге жетіп, жойыла бермек.

Айтқандай, бұдан бұрын Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов Үкімет басшылығы және облыс әкімдері жанынан қаладан ауылға кері қоныс аударту жөніндегі мемлекеттік комиссия құруды ұсынған болатын.

Алайда Үкіметтің бұл бастаманы құптамай тастағаны анықталды. Неге қолдамағандарын Премьер түсіндірді. Ол жұмыс күші артық өңірлерден тұрғындарды жұмыс қолы тапшы өңірлерге ерікті қоныс аударту жүзеге асырылып жатқанын алға тартты.

Бағдарламаға қатысушылар "экономикалық даму әлеуеті орташа және жоғары ауылдық елді мекендерге, шағын және моноқалаларға, облыстық және аудандық маңызы бар қалаларға, сондай-ақ экономикалық өсу орталықтарына" жолданады.

"Осы ерікті қоныс аударуды қолдау мәселелерін халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі Өңірлік комиссиялар қарайды. Олар өз кезегінде жұмыспен қамту, өңірлік жұмыспен қамту картасы және әлеуметтік көмек бойынша өңірдің даму жоспарын іске асыру мәселелерін салааралық үйлестіреді. Осыған байланысты комиссиялардың бірінің функцияларын бірі қайталауын болғызбау үшін ерікті қоныс аудару мәселелері бойынша тағы бір комиссия құру ұсынысын орынсыз деп санаймыз!", – деді Олжас Бектенов.

Депутат Зайытов "ауылда жастарды тұрақтандыруға бағытталған жұмыс жоспарын құрып, оны ауылдық жастарға жеткізуді" ұсынды. Оның бұл бастамасы да жүзеге аспайтын болды.

Премьердің түсіндіруінше, 2023-2029 жылдарға арналған Мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасы аясында бәсекеге қабілетті ауыл жастарының үлесін арттыру, оларды жұмыспен қамту және кәсіпкерлікке тарту үшін кешенді шаралар онсыз да жүзеге асырылуда.

"Жастарды ауылдық жерлерде тұрақтандыру және олардың еңбек нарығындағы белсенділігін арттыру мақсатында келесі шаралар жүргізілуде: жұмыссыз тұрғындарды анықтау мақсатында мобильді топтар, мансап орталықтары жоғары және кәсіптік-техникалық оқу орындарына, адам көп жиналатын жерлерге, шалғай елді мекендерге барады. Бос орындар жәрмеңкелері және жұмысқа орналасу бойынша кеңес береді. Осыған байланысты ауылдық жерлерге жастарды тұрақтандыру және қоныс аударту бойынша қосымша құжат әзірлеу қажет емес деп пайымдаймыз", – деді Үкімет басшысы Бектенов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу