Үкімет басшысының сөзін энергетика министрі жоққа шығарды

4178

Еліміздің бас энергетигінің сөзі халыққа келіп түсіп жатқан түбіртектерде расталды. 

Үкімет басшысының сөзін энергетика министрі жоққа шығарды Фото: primeminister.kz

Қазақстанда электр энергиясы арзандай ма?

Премьер: арзандайды!

"Amanat", "Ауыл", "Ақ жол", "Respublica", ЖСДП фракцияларының депутаттары Үкімет басшысына жүгініп, "электр энергиясының тарифтерін негізсіз көтеретін, ел аузында "ЭСО" аталып кеткен энергиямен жабдықтаушы ұйымдарға тыйым салу" бастамасын көтерді.

Осыдан 20 жыл бұрын либерализация және электр энергиясының бөлшек сауда нарығында бәсекелестікті енгізу аясында – энергиямен жабдықтаушы ұйымдар пайда болды. Олар нарықта электр қуатын көтерме бағамен сатып алып, ары қарай тұтынушыларға сатуды жүзеге асыратын компаниялар немесе жеке кәсіпкерлер. Бір сөзбен айтқанда, дистрибьюторлық қызмет атқаратын делдалдар.

Қазіргі таңда бұл ұйымдардың реттелетін және реттелмейтін екі түрі нарықта жұмыс жасауда. Реттелетін ұйымдардың операциялық шығындары ескеріліп, жабдықтау тарифінің орташа бағасы 1 квт/сағатқа 1 теңге шамасында бекітіліп отыр. Одан арзан емес.

"Ал, реттелмейтін ұйымдар тарифтерін өздері белгілейді, яғни оларға "әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ"! Ұлттық оператор – "KEGOC"-тың мәліметінше, тұтынушыларға жіберілетін электр энергияның 18%-ы тарифі реттелмейтін жүздеген ұйым арқылы сатылуда. Яғни, делдалдар арқылы миллиардтаған қаржы өтеді. Біздің болжамды есебімізше, әрбір делдал жылына кемінде 1 миллиард теңге таза пайда көреді екен. 120-дан астам реттелмейтін ұйымның бір жылдық таза табысы кемі 150 миллиард теңгені құрайды! Нақты цифрларды ешкім білмейді: бұлар ешкімге есеп бермей, тек делдалдық қызмет арқылы, кеңседегі азғантай ғана қызметкерлерімен, халықтың адал табысынан миллиардтап қаржы тауып отыр. Сорақысы, бұл ұйымдардың балансында бір метр электр желісі, тіпті электр бағаны мен трансформаторы жоқ. Бұл не деген батпан құйрық?!", – делінген депутаттық сауалда.

Мәжілісмендер билікке ескерту жасады: "егер бюджеттік ұйымдарды, адал кәсіпкерлерді, ең бастысы – халықты сүлікше сорып отырған, қанағатсыз делдалдардың қызметі дәл осылай жалғаса беретін болса, мұның түбі қоғамда саяси-әлеуметтік шиеленіске әкеледі".

Өйткені, мысалы, кейбір өңірде делдалдардың тарифіндегі таза пайда бір кВт сағат үшін 25 теңгеге жеткен. Ал, Қазақстандағы ең ірі Екібастұз 1-ші электр станциясының 1 кВт сағат электр энергиясын өндіру тарифі 8 теңгені құрайды. Делдалдар ештеңе өндірмей-ақ станциялармен салыстырғанда кемі 3 есе пайда көріп отыр.

Дегенмен, парламенттік фракциялардың үндеуіне өткен аптада жауап қайырған Үкімет басшысы олардың бұл мәселені көтеруде кешігіп қалғанын меңзеді: сөз болып отырған делдалдардың лицензиясы 2024 жылғы 1 сәуірден бастап тоқтатылыпты.

"Премьер-министр қызметіне кіріскеннен бастап мен уәкілетті органдардың алдына барлық тауар нарықтарында өнімсіз делдалдарды жою жолымен тәртіп орнату жөнінде міндет қойдым. Электр энергиясы нарығында энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың (ЭЖҰ) екі түрі қызмет атқарды: реттелетін және реттелмейтін. "Прокладка" деп аталатындарды жою мақсатында биылғы 1 сәуірден реттелмейтін ЭЖҰ-лардың лицензиялары тоқтатылды және электр энергиясының көтерме сауда нарығындағы шарттары бұзылды", – деді Олжас Бектенов.

Ол мұның бәрін депутаттардың өзі шеше алатынын меңзеді: "Жылу энергетикасы туралы" негізгі заң жобасы да, оған ілеспе "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне жылу энергетикасы және электр энергетикасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" және "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобалары, яғни электр энергетикасы саласына қатысты заңнамалық түзетулер пакеті Парламентте жатыр.

Мәжіліс бұл үш заңды да 3 сәуірдегі жалпы отырысында бірінші оқылымда қабылдап тастады. Енді депутаттардың жұмыс тобы жобаларды екінші оқылымға дайындап жатыр. Премьердің айтуынша, "барлық салалардағы өнімсіз делдалдарды жою жұмыстарын" дәл осы құжаттар аясында жалғастыруға болады.

"Аталған заң жобасына бастама жасаған Мәжіліс депутаттарының түзетулеріне Үкіметтің қорытындысы жіберілді. Оның аясында энергия беруші ірі ұйымдарға жабдықтау жөніндегі функцияларды беру үшін бөлшек сауда нарығын реформалау жұмысы жүргізілуде. Содан кейін электрмен жабдықтау саласын өңірлік электр желілері компанияларына (РЭК) беру қарастырылатын болады. Осы шараларды қабылдау заңды тұлғалар мен бюджеттік ұйымдар үшін тарифті төмендетуге мүмкіндік береді! Бұл өз кезегінде халық пен мемлекет үшін түпкілікті өнім бағасының тең шарттары мен төмендеуін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ үнемделген қаражатты әлеуметтік маңызы бар жобаларға жұмсауға болады", – деді Премьер-министр Олжас Бектенов.

Энергетика министрі: Арзандайтынын күтпеңіз!

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев "тариф төмендейді" деген ақпаратты жоққа шығарды және "реалист" болуға шақырды. Одан бұл мәселенің мән-жайын Мәжіліс депутаты Серік Егізбаев сұраған еді. Халық "прокладка" аталатын делдал ұйымдар жойылса, шарықтап бара жатқан тоқтың құны арзандайды деп күтеді.

"Биылғы сәуірден бастап, ЭЖҰ-лардың лицензиясын Үкімет кері қайтарып алыпты. Осы шараның нәтижесінде халық үшін электр энергиясының тарифтері төмендей ме? Менің білуімше, сарапшылар екі түрлі көзқарасты ұстанады. Оптимистері тіпті халық үшін электр құны 15–20%-ға дейін түседі деп жатыр", – деді депутат.

Алмасадам Майданұлы мұның шындықтан алыс жатқанын білдірді.

"Бұл сұраққа жауап бергенде реалист болу керек. Тариф бағасының төмендеуі деген болмайды. Өйткені қазіргі кезде энергиямен жабдықтаушы ұйымдар инвестиция салып, біраз шығындалуда. Штат санын ұлғайтты, электр қуатын сатып алумен байланысты мәселелерді шешеді, үстемеақылар деген бар. Олардың бәрі өңірлік электр желілік компаниялардың тарифтеріне қосылуға тиіс. ЭЖҰ-лар санын қысқарту есебінен нарықта баға қалыптастырудың анағұрлым тиімді тетіктері пайда болатын шығар. Бірақ трендте тарифтердің төмендейтінін босқа күтуге болмайды", – деп бәрінің үмітін үзді Энергетика министрі.

Сондай-ақ Сәтқалиев 35 реттелетін ЭЖҰ қалатынын мәлім етті.

Еліміздің бас энергетигінің сөзі халыққа келіп түсіп жатқан түбіртектерде расталды. Сәуір айы үшін тарифтер еш төмендемеген.

Мәжілісмен Болатбек Нажметдинұлы саланы әділетсіздік жайлап жатқанын айтады. Ол энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың (ЭЖҰ) реттелетіндері РЭК-терге бағынып, солардың айтқанын істейді, ал, реттелмейтіндері өзара бәсекелеседі деп есептейді. Яғни, депутаттардың бір бөлігінің ұстанымы Үкіметке депутаттық сауал жолдаған әріптестеріне қайшы келеді.

"Мысалы, Қарағанды облысы "қуаттың атасы" – көмір клондайкінде орналасқан. Қуат пен жылу генерациялайтын кәсіпорын атаулының бәрі қасында. Барлық шикізаты аяқастында. Алайда электр тарифі 81 теңге! Көрші өңірлерде тариф екі есе төмен. Алматы қаласы мен облысында – 36 теңге, ШҚО, Абай облысында – 43 теңге, Жамбыл облысында – 43 теңге, Ұлытауда – 34 теңге, Қарағанды облысында – 81 теңге. Сонда не, Қарағанды облысының аумағы басталысымен, "KEGOC" бағанамен кілең алтын кабель тартқан ба? Мұның сыры неде? Реттелмейтін ЭЖҰ-лер төмен бағамен сата алады. Бүгінде Үкімет нарықтан реттелмейтіндерін құртып жатыр. Онда ертең Қарағандыдағы ахуал барлық өңірде қайталануы мүмкін", – деді Болатбек Нажметдинұлы.

Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы Асан Дарбаев қалай болғанда, реттелмейтін ЭЖҰ-лардан арылу ісі жалғастырылатынын жеткізді.

"Реттелмейтін ЭЖҰ-лардың лицензиясын шектеу бойынша шешім қабылданды. Реттелмейтін ЭЖҰ-ларға қатысты проблема бұрыннан қордаланды, кейбір тұста проблеманы солардың өзі ушықтырды. Олар негізінен заңды тұлғаларды, кәсіпорындарды, бюджеттік ұйымдарды электрмен қамтып, төл тарифтерін орнатады. Бұл – ең маржиналды, майшелпек тұтынушылар. Реттелмейтін ЭЖҰ-лар халықты қуатпен жабдықтауға мүдделі емес. Оларды қызықтыратыны – компаниялар мен бюджеттік мекемелер. Нәтижесінде, бүкіл халықтың 98–99%-ына қуат жеткізіп отырғандар – реттелетін ЭЖҰ-лар", – деді Асан Дарбаев.

Демек, реттелмейтін энергиямен жабдықтаушы ұйымдарды жойғаннан халық үшін жылу мен жарық бағасы арзандамайды. Өйткені олардың басым көпшілігін қамтып отырған реттелетін ЭЖҰ-лар әзірге жойылмайды, қалады. Үкіметтің бұл қадамы тіпті заңды тұлғалар мен бюджеттік ұйымдар үшін де тарифті төмендетпейді, тек тұрақтандырады.

Табиғи монополияларды реттеу комитетінің басшысы реттелмейтін ЭЖҰ-ларда тариф арзан екенін мойындады. Мысалы, Астанада тариф 50 теңгеден жоғары. Ал, реттелмейтін ЭЖҰ-лардың бюджеттік мекемелер мен бизнеске арналған тарифі – 47–48 теңгеден болып келеді, халыққа – 20 теңгеден де төмен.

Комитет төрағасы Дарбаев реттелмейтін ЭЖҰ-лар жойылған соң, "Қарағанды облысындағы жағдай барлық өңірде қайталанбайды" деп отыр. Бірақ мұны өмір шындығы жоққа шығарды.

Ұлттық экономика министрлігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Табиғи монополияларды реттеу департаменті "Тарифті инвестицияға айырбастау" қағидаты бойынша тарифтік саясатты жүзеге асыру үшін 2022 жылғы 30 желтоқсанда Мемлекет басшысы "Табиғи монополиялар туралы" заңына өзгерістер енгізу туралы" заңға қол қойғанын еске салды. Ол керісінше, тарифтерді көтеруді қарастырады және өсіруде.

"Енді өңірдегі, қаладағы табиғи монополиялар субъектілері (ТМС) өз қызметкерінің орташа жалақысын өзгерту, балансты, мүлікті сенімгерлік басқаруға алу, сондай-ақ бекітілген инвестициялық бағдарламасының шығынын ұлғайту сияқты негіздер бойынша тариф көтеруді сұрап, жүгіне алады. Тариф бұдан былай ТМС-тің өзі ұсынатын өтінімге байланысты болады. Мұнда тариф пен тарифтік сметаның құрылымына желілердің тозуын төмендетуге бағытталған инвестициялар, сонымен қатар ТМС қызметкерлерінің жалақысын арттыруға арналған шығындар, ТМС балансына берілетін иесіз және коммуналдық желілерге қызмет көрсетуге арналған шығыстар кіреді", – деп хабарлады департамент.

Осыған орай елде әкімдіктер "иесіз" электр желілерін, коммуналдық желілерді табиғи монополистерге беру, тиісінше, олардың бекітілген инвестициялық бағдарламасын өзгертуге қажетті өтінімді дайындау (желілердің санын анықтау, тиісті құжаттарды ресімдеу және басқасы) бойынша кешенді жұмыс жүргізуде.  

Депутаттардың дерегінше, монополистер тариф арқылы халық пен бизнестен және мемлекеттен өндіріп алатын сметасына өкілдік сыныптағы қымбат автомобильдерді сатып алуды, тәжірибе алмасу деген желеумен тәжірибе алмасуға түк қатысы жоқ шетелге іссапарларды, туристік саяхаттарды, өздеріне қымбат кеңсе жиһаздарын сатып алуды және басқасын енгізіп жатыр.

Бұған қоса, туыс-туғанын бірнеше миллион жалақысы бар қызметке орналастырып, төл әкімшілік персоналының штатын негізсіз ұлғайту сияқты жағдайлар тіркелген. Осының бәрі тарифтің ары қарай көтерілуіне ықпал етуде. Депутаттарға сайлаушылармен кездескенде жұртшылық осыған наразылығын білдіріпті.

Энергетика министрлігі биліктің "Тарифті инвестицияларға айырбастау" саясаты 2035 жылға дейін есептелгенін айтады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу