Сенатор Ләззат Рысбекова Президент өз жолдауында Үкіметке теміржол саласын дамытуды, оның өткізу қабілетін арттыруды және лайықты жағдайын қамтамасыз етуді ерекше тапсырғанын еске салды.
Алайда оның орнына "Қазақстан темір жолы" АҚ-ы жоспарлы реструктуризациялауды желеу етіп, 2020 жылы теміржолдың Орал бөлімшесін жойды. Сол арқылы Батыс Қазақстан облысын қараусыз қалдырғандай.
Өйткені ұлттық компанияның әкімшілік бөлімшесі елдің батыс территориясындағы жүк және жолаушы тасымалдарын тікелей басқарумен айналысып келген еді. Басқару функциялары өңірден тыс шығарылып, енді өзге облысқа бағындырылған екен.
Ләззат Тұяқбайқызының байламынша, ҚТЖ-ның бұрынғы басшылығының бұл шешімі логистикалық процестердің жеделділігін құлдыратты.
Сондай-ақ, бизнес үшін әкімшілік кедергілердің көбеюіне, теміржолдың басқарылу икемділігінің төмендеуіне және өңірде бірқатар әлеуметтік және экономикалық қауіп-қатерлердің туындауына соқтырды.
"Батыс Қазақстан облысының экономикасын әрі қарай дамыту үшін әсіресе, көлік инфрақұрылымының тиімді жұмыс істегені қажет. Ал, оның ұстынын теміржол көлігі құрайды. Өйткені жалғыз жүк автокөліктерімен алысқа ұзай алмайсың: БҚО-дағы жергілікті маңыздағы жолдардың небәрі 56%-ы ғана нормативтік жағдайда! Бұл республика бойынша ең нашар көрсеткіштердің бірі", – деді сенатор.
Рысбекованың пікірінше, шекарада орын тепкендіктен, елдің ең маңызды бір логистикалық буынына айналу орнына БҚО өңірі енді қаптаған сын-қатерден, қиыншылықтардан бас көтере алмауда, атап айтқанда:
- Жергілікті жерде ҚТЖ-ның жедел әкімшілік орталығының болмауы әсіресе, жүк тасымалдарын үйлестіруді күрделендірген.
- Маусымдық кезеңдерде көмір, жанар-жағар май, қиыршық тас, битум сияқты инертті және энергетикалық материалдарды жеткізуге деген қажеттілік күрт артады. Өңірлік басшысыз қалған салада вагондардың тапшылығы туындап, тиеп-жөнелту кестелері жаппай бұзылады екен.
- Бизнес те, жеке тұлғалар да техникалық және жеткізу құжаттамаларын келісімнен өткізуде сергелдеңге түседі. Өйткені осы мақсатта ҚТЖ-ның қашықтағы құрылымдық бөлімшелеріне, мысалы, көрші Ақтөбе облысына сабылуға мәжбүр.
- Бұл проблемалар сабақтас, жапсарлас секторларға залалын тигізеді, мысалы, автожолдардың уақыты жөнделуін, инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруды тежейді.
БҚО әкімдігінің дерегінше, теміржолдың Орал бөлімшесі жойылғалы, өңірдегі жүк айналымының көлемі 4,6%-ға құлаған. Бұған тіпті облыста өнеркәсіп және құрылыс секторларының өсуі де серпін бере алмады.
Осының бәрі, сенаторлардың тұжырымдауынша, тасымал процесінің тиімділігінің төмендегенін, басқаруды орталықсыздандырудың қажеттігін куәландырады.
Сенатор Рысбекова оралдық теміржолдың көршінің ықпалына толық түсіп кетуіне жол беруге болмайтынын да қаперге салды.
Депутат қазақстандық Орал қаласындағы теміржолдар РФ-тің Еділ теміржол желісімен (Приволжская железная дорога) қосылысатынына назар аудартты.
ҚТЖ дерегінше, теміржолдың Орал бөлігінде 1 600-ден аса теміржолшы еңбек етеді. 200-ден аса техника тіркелген. Филиалдың жалпы экономикалық әлеуеті жыл сайын 677 млн теңгеден асады.
Сондықтан бір топ сенатор Үкіметтен "Қазақстан темір жолының" Орал қаласындағы бөлімшесін қайта қалпына келтіруді сұрады.
Үкімет не дейді?
Алайда Үкімет бұл бастамаға үзілді-кесілді қарсы. Бұл ұйғарымын сенаторларға Премьер-министр Олжас Бектеновтің өзі хабарлады.
"Өйткені Орал өңірінің өндірістік инфрақұрылымы шағын ғана. БҚО-да небәрі 25 теміржол станциясы бар. Басты жолдардың ұзындығы 318,6 шақырымнан аспайды. Ол арқылы өтетін жүк тасымалының қарқындылығы төмен. Бұл өңірдегі жолдардың жалпы ұзындығы іргедегі Ақтөбе бөлімшесінің небәрі 13%-ына тең", – деді Бектенов.
Сонымен қатар, Орал жол дистанциясының жүкпен жүктелуінің орташа мәні Ақтөбе теміржол бөлімшесінің құрамындағы барлық учаскелердің арасындағы ең төмен көрсеткішке ие екен. Жылына 15,4 миллион брутто тоннаны құрайды.
Үкімет басшысы тағы бір дерек келтірді. Оралда 2024 жылы теміржол арқылы тасылған жылдық эксплуатациялық жүк айналымы 5 403 млн нетто тонна-шақырымды құрапты. Бұл Ақтөбе өңірінің жалпы жүк айналымының (25 865,4 млн нетто т-км) бар-жоғы 4,3%-ына барабар көрінеді.
Премьер-министр Орал жақтан түсетін салық көлемін де қомсынды. Былтыр "ҚТЖ-Жүк тасымалы" ЖШС "ЖТ Ақтөбе бөлімшесі" филиалынан салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер түрінде Ақтөбе облысының бюджетіне 15 миллиард 730 миллион теңге түсіпті.
Соның ішінде Батыс Қазақстан өңірінен (Орал бөлімшесі таратылған соң Ақтөбе бөлімшесіне қосылды) 677 миллион теңге (4,3%) түсім түскен.
Үкімет басшысы сенаторлардың сөзін жоққа шығарды. Ол "салыстырмалы түрде алғанда тасымалының шағын болғанына қарамастан бұл өңірдегі жүк жеткізуге қатысты барлық клиенттік өтінімдердің дер кезінде өңделіп, толық көлемде орындалатынын" мәлімдеді.
Олжас Бектенов өңірде теміржол саласы бассыз қалды деп те есептемейді. Бүгінде бөлімше директорының бір орынбасары Орал қаласында орнығып, іске кірісіпті. Өңірлік теміржол кәсіпорындарының жұмысын үйлестірумен енді сол айналысады.
Ал, теміржолды орталықсыздандыру емес, қайта орталықтандыру жалғастырылады. Тасымал қызметін трансформациялау бағдарламасы аясында 2020 жылдан бері Астана, Алматы және Ақтөбе қалаларында Тасымалдауды басқарудың өңірлік орталықтары (ТБӨО) құрылды.
Бүгінде Ақтөбе ТБӨО-сы Батыс Қазақстан облысын қоса алғанда, елдің батысындағы 5 облыстың аумағындағы тасымалды орталықтандырылған түрде бір өзі басқарады.
Қорыта айтқанда, Премьер-министр Бектенов Оралда ҚТЖ бөлімшесі ашылмайтынын ұғындырды. Ол бұған қатысты қазіргі бюджет тапшылығы заманындағы тағы бір "бұлтартпас" дәлелін келтірді.
"Жаңа филиалды ашу толыққанды әкімшілік құрылымды, соның ішінде кадрлық, заңгерлік, экономикалық, техникалық және басқа қызметтерді құруды талап етеді. Филиалдың жұмысын қамтамасыз ету үшін кем дегенде 35 штаттық бірлік бөлу қажет. Олардың жалақысын төлеу үшін жыл сайын 320 миллион теңгені еңбекақы төлеу қорына шығындау керек болады. Бұған қосымша кеңсе ғимараттарын, бухгалтерияны, күзетті ұстап тұру, ІТ-жүйелер мен коммуналдық қызметтер төлемін төлеу үшін тағы ақша керек болады", – деді Бектенов.
Үкімет басшысының пікірінше, мемлекеттің шығындарын оңтайландыру, операциялық тиімділікті арттыру қажеттілігі жағдайында Орал қаласында жеке бөлімше құру "тұрақты шығындардың өсуіне, экономикалық рентабельділіктің төмендеуіне, функциялардың бірін-бірі қайталауына соқтырады".
Бектенов Оралда бөлімше құрудан клиенттерге қызмет көрсету сапасын арттыру немесе операциялық көрсеткіштерді жақсарту түріндегі "оң эффект-әсер болжанбайтынын" мәлімдеді.
Осыған байланысты Премьер-министр "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының Батыс Қазақстан облысындағы жеке филиалын қалпына келтіруді әзірге орынсыз деп санайтынын нықтады.