Үкімет бірыңғай жиынтық төлемнен бас тартпақ

6375

Қазақстанда БЖТ төлеуші ретінде тіркелгендердің ішінде әрбір он адамның сегізі оны төлеуді тоқтатыпты.

Үкімет бірыңғай жиынтық төлемнен бас тартпақ

Республикада 2019 жылдан бастап "бірыңғай жиынтық төлем" (БЖТ) енгізілгені белгілі. Ол ресми жұмыс істемейтін адамдардың – қаптаған таксишілердің, тамада-асабалардың, аниматорлардың, фото-видео қызметтерін ұсынушылардың, ауылда мал ұстап, бақша салып, жеке қосалқы шаруашылығында өндірген азын-аулақ өнімін саудалайтындардың және басқа да "ресми емес жұмыспен қамтылған" қазақстандықтардың қызметін тіркеудің оңайлатылған тәртібін қарастырды.

Осы тетік өмірге жолдама алғанда, Қазақстанда 2,6 миллион адам өзі-өзі жұмыспен қамтыған деп есептелді. Бұлардың бәрі жинақтаушы зейнетақы жүйесінен, 2020 жылы іске қосылған медсақтандыру жүйесінен тыс қалған еді. Сондай-ақ Үкімет олардың табысына салық салу жайын да ойластырды.

Тиісінше, БЖТ 4 бірдей міндетті жүзеге асыруға мүмкіндік беретін. Оның құрамына жеке табыс салығы (ЖТС), мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына (МӘСҚ) әлеуметтік аударымдар, БЖЗҚ-ға зейнетақы төлемдері, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына (ӘМСҚ) аударымдар кіреді.

БЖТ-ның ай сайынғы мөлшері 3 мегаполисте және облыстық маңызы бар қалаларда тұратын жеке тұлғалар үшін – 1 АЕК, өзге елді мекендердегі азаматтар үшін – 0,5 АЕК көлемінде бекітілді.

Бұл ретте, БЖТ төлеуші мәртебесін иелену үшін жеке тұлғаның табысының мөлшері жылына 1 175 АЕК-тен аспауға тиіс. Бұл биылғы 2022 жылы 3 599 025 теңгеге тең.

Айтқандай, БЖТ биыл қымбаттады. Бұл жайында Медсақтандыру қорының Ақпараттық-түсіндіру жұмысы басқармасының басшысы Ирина Подскочая айтты.

"2022 жылы ең төменгі жалақы (ЕТЖ) мөлшері 42 500 теңгеден 60 000 теңгеге дейін өскендіктен, медсақтандыру аударымдарын өз бетінше төлейтіндер үшін жарна ставкасы 2 125 теңгеден 3 000 теңгеге дейін ұлғайды. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар үшін БЖТ мөлшері де өсті. Өйткені бірыңғай жиынтық төлем көлемі айлық есептік көрсеткішке тәуелді. Нәтижесінде, енді республикалық және облыстық маңызы бар қалалардың тұрғындары үшін БЖТ – 3 063 теңгені (1 АЕК), ал басқа елді мекен тұрғындары үшін – 1 532 теңгені (0,5 АЕК) құрайды", – деді Ирина Подскочая.

Оның түсіндіруінше, "сақтандырылған" мәртебесін алу үшін өткен 12 айдың жарнасын төлеу талап етіледі. Бұл ретте БЖТ төлеушілер үшін ғана жеңілдік жасалған: олардың кем дегенде 3 айға төлемі болса, медициналық сақтандырылған болады. Егер ол БЖТ төлемін ағымдағы айда немесе келесі ай үшін алдын ала енгізбесе, онда бұл мәртебесін жоғалтады. Оны қалпына келтіру үшін қайтадан БЖТ-ның алдағы үш айдағы төлемінің жасалып болуын күтуге тура келмек. ӘМСҚ өкілінің айтуынша, бұл азаматтарды БЖТ-сын уақытылы, тіпті алдын ала төлеп отыруға ынталандыру үшін жасалыпты. 

БЖТ төлеушілер саны еселеп азайды

Адамдар болса, осы тетіктің игілігін байқамай, одан көңілі қалғанға ұқсайды. Мәселен, БЖТ енгізілгенде, шенеуніктердің тәтті тіліне ерген, жаңа құралдың кереметтігіне сенген ("аз ақшамен 4 төлемді бір-ақ төлейсіз") жұрт жаппай БЖТ төлеуші болып тіркеле бастаған. Ресми мәлімет бойынша бастапқы кезеңде БЖТ төлеушілер саны 1,99 миллион адамға жетті. Бұл тетікке мойынсұнғандар әсіресе, Түркістан облысында (333,6 мың адам), Алматы облысында (338 мың), Жамбыл облысында (164,5 мың), ШҚО-да (124 мың), сондай-ақ Алматыда (153 мың), елордада (104 мың) және Шымкентте (137 мың адам) көп болды.

Медсақтандыру қоры мамандарының байламынша, егер сол көлем сақталғанда, Қазақстанда МӘМС жүйесімен қамтылған халықтың үлесі 92%-ға жететін еді.

Алайда ізінше қазақстандықтар бұл тетіктен теріс айналған. БЖТ төлеуші болып тіркелгендердің көпшілігі ізінше ол төлемді тұрақты төлеуден бойын аулақ салды. Бұған сондай-ақ ұзаққа созылған дағдарыс, пандемия, жұмыссыздық және басқа факторлар өз әсерін тигізсе керек.

Салдарынан, 2021 жылдың басында БЖТ-ны тұрақты төлеушілердің сапында 200 мыңдай адам ғана қалған көрінеді. Басқасының бәрі төлем төлеуді не мүлдем доғарған, немесе ұдайы енгізбейді. Бұлардың жалпы саны 1,5 миллионға жеткен. Тиісінше, олардың бәрі медсақтандырылмаған қатарын толықтырды.

Биылғы саны одан да аз болуы мүмкін. Мұны қорға түскен қаражатты бөліп қарағанда байқауға болады. Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық кеңесінің отырысында жария етілгендей, 2021 жылғы 10 айда (жылдың толық қорытындысы әзірге шыққан жоқ) ӘМСҚ-ке жалпы сомасы 620,4 миллиард теңге түсті. Оның 48%-ын немесе 297 млрд теңгесін балалар, көпбалалы аналар, мүгедектер, зейнеткерлер, тіркелген жұмыссыздар, студенттер, сотталғандар, қандастар секілді жеңілдікті-артықшылықты санаттар үшін мемлекет аударыпты.

Осылайша, медсақтандырудың ең үлкен жүктемесі мемлекет мойнына түсіп отыр.

Ал жұмыс берушілер өз жұмыскерлері үшін 156 миллиард теңге (жалпы соманың 25,2%), жұмыскерлер – 141 млрд теңге (22,8%) аударған. Сонда өз бетінше төлеушілер үлесіне тек 26,4 миллиард теңге қалады.

Бұл ретте 0,5-1 АЕК көлеміндегі БЖТ-ның үлкен бөлігі, яғни 40%-ы – міндетті медициналық сақтандыруға аударылады. "Азаматтарға арналған үкімет" мемкорпорациясы бірыңғай жиынтық төлем сомасының 30%-ын – міндетті зейнетақы жарналарына, 20%-ын – әлеуметтік аударымдарға, 10%-ын – жеке табыс салығына бағыттайды.

Билік не дейді?

Ендеше халықтың көңілін қалдырған тетік жойылуы мүмкін бе? Жойылатын көрінеді.

Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті бірыңғай жиынтық төлемі тетігінің қолданыс мерзімі келесі жылы бітетінін растады.

"БЖТ 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін ғана енгізіліп отыр. Әрі қарай Қазақстанда табыс пен шығысты жаппай декларациялау енгізіледі. Яғни 2024 жылғы 1 қаңтарда жаппай декларациялаудың 3-ші кезеңі басталады. Заңды тұлғалардың, компаниялардың құрылтайшылары, басшылары, жеке кәсіпкерлер және олардың бәрінің жұбайлары декларация тапсыруға кіріседі. Одан кейінгі 4-кезеңде, 2025 жылдың 1 қаңтарынан – барлық қазақстандықтар декларация тапсыра бастайды. Осылайша, БЖТ декларация толық енгізілгенге дейінгі уақытша шара ретінде енгізілді", – деген түсініктеме берді мемкірістер органы. 

Комитеттің мәліметінше, осы тетікті кәсіпкерлік қызметпен айналысатын, қызмет көрсететін немесе жеке қосалқы шаруашылығынан алған өнімін өткізетін жеке тұлғалар пайдаланып қалуы қажет. Бұл оларға әзірге жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей-ақ өз ісін заңдастыруына мүмкіндік береді. Жаппай декларация толыққанды енгізілгенде, оларға бәрібір жедел түрде заңдастырылуға тура келмек.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу