Үкімет биржаларды жайлап алған боттарға жойқын соққы береді

3521

Боттардың жасаған мәмілесінің күші жойылатын болды.

Үкімет биржаларды жайлап алған боттарға жойқын соққы береді Фото: ffin-edu.com

Жаңа тыйым "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне тауар биржалары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа заң жобасында қарастырылған.

Құжатты Мәжіліс екінші оқылымда қабылдауға әзірлеп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.

Мәжілісмен Сергей Пономаревтің айтуынша, қазіргі кезде Қазақстанда биржаларда, соның ішінде қор және тауарлық биржаларда көптеген бот жұмыс істейді.

"Біздің сауда биржаларында көптеген мәмілені нағыз адамдар ғана емес, сондай-ақ "биржалық боттар" да бекітеді. Бұл боттар – автоматтандырылған алгоритмдер түрінде болып келеді. Олар қазірдің өзінде мәміле жасасуда адамдарды алмастырып, солардың орнына қатыса бастады. Бір қауіптісі – олардың өнімділігі бірнеше есе жоғары, содан мәмілелерді еш ойласпай, секундтың бір бөлігінде және бәрін бір мезгілде, қатар жасай салады", – деді ол.

Депутаттың байламынша, биржалық боттар болашақта барлық адам-брокерлерді ауыстыруы мүмкін.

"Мұндай бот жұмыс істейтін жерде бірде бір тірі брокер онымен тең бәсекелесе алмайды. Өйткені, адам физикалық тұрғыдан оған қабілетсіз. Ойласқанша, орнынан қозғалғанша, саусақтарын қимылдатып, тиісті батырманы басқанша, жүйедегі бот бірнеше мәмілені бекітіп те болады. Салдарынан салада саламатты бәсекелестіктен сау-тамтық қалмайды. Үкімет бір қауқар танытып, тиісті шара қабылдауы қажет", – деді депутат.

Бұл бағытта алғашқы қадам жасалуда: әлгінде айтылған жаңа заң жобасына сәйкес, тауарлық биржаларда биржалық боттардың қатысуымен жасалатын шарттар енді "елеусіз" (ничтожный) деп танылады.

Осылайша, депутаттар боттарды адам-брокерлерге жығып бергелі тұр.

Бұл тетіктің қалай жүзеге асырылатынын заң жобасының авторларының бірі, Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева түсіндірді.

"Шынында, боттар – қазіргі өмір шынайылығының бір бөлігіне айналды. Олар қор биржаларын, тауар биржаларын жайлап алды. Сөз болып отырған шектеу – тек тауарлық биржалардағы боттарға қатысты болады. Себебі, криптобиржалардағы немесе қор нарықтарындағы боттар – жеткілікті түрде білікті алгоритмдер саналады. Олар ондағы ортаға үйлесімді түрде кіріккен. Ал, тауарлық биржаларда мұндай боттар қарсыластарды қапы қалдыру үшін де қолданылады. Мысалы, әсіресе, егер олардың жасайтын операцияларының жиілігі өте жоғары болса, онда сауданы дискредитациялауы, арандатуы мүмкін", – деді мәжілісмен.  

Депутаттар тауарлық биржаларда боттар арқылы заңды айналып өтудің түрлі схемалары жүзеге асырылады деген қауіп барына нұсқады.

"Боттар сауда-саттықты манипуляциялайды, бағаларды жасанды түрде күрт арттыруға қуатты ықпал етеді. Ақпараттық технологияларды енгізудің осындай жанама зиянды эффектісі байқалуда. Сондықтан біз жаңа заң арқылы боттарды пайдалануға тыйым енгізіп отырмыз. Тауарлық биржаларда бот операция жасаса, оның көмегімен бекітілген барлық мәміле елеусіз деп танылып, күшін жояды", – деді Екатерина Смышляева.

Бұл тыйым қалай жұмыс істейді? Депутаттың түсіндіруінше, осындай боттың қатысқаны анықталған жағдайда мәмілелер "елеусіз-ничтожный" деп танылады.

Нәтижесінде, биржалық ойыншылар үшін боттарды пайдаланудың ешқандай мәні қалмайды. Мәжілісмендер мұндай тәсілді "инновациялар мен қауіпсіздік арасындағы өзіндік бір баланс-теңгерім" деп атады.

Бірқатар сарапшы мұндай тыйым адам-брокерлерді жұмыссыз қалудан қорғау үшін ғана қажет деп санайды. Өйткені, егер әлдебір ойыншы боттың көмегімен алаяқтық немесе қылмыс жасаса, оны құзырлы органдар анықтап, жазалауы қажет. Ал, технологиясы ғарышқа самғаған заманда тауарлық биржалардағы сауда-саттық процесін автоматтандыруға тыйым салу – жаһанды жайлаған дарияның ағысымен күресіп, оның жолына жергілікті, шағын бөген салуға тырысумен бірдей.

Қаржы аналитигі, экономист Ярослав Кабаковтың түсіндіруінше, сауда боттары – биржаларда немесе басқа сауда жүйелерінде тауарларды сатып алу және сату процестерін автоматтандыратын бағдарламалар.

"Олар алдын ала белгіленген алгоритмдер бойынша мәмілелер жасайды. Мысалы, тауар, метал, көмір, газ бен басқасының құны мына шамаға көтерілсе – сат, мына шамаға түсе бастаса сатып ал деген сияқты белгіленген бұйрықтарды орындайды. Қарапайым брокер ойланып, шешім қабылдап, қимылға кіріскенше, бот жарты әлемді адақтап шығады, бірнеше мәміле бекітіп үлгереді. Боттар шынайы уақыт режимінде дүниежүзіндегі барлық нарықтық деректі тез талдайды. Дәл осы мезетте әлемдегі басқа нарықтарда не болып жатқанын, жалпы трендті қарастырып, қорытып, соның негізінде нақты бір операцияны жүзеге асыруы үшін оған секундтың бір үзігі жетеді", – деді сарапшы.

Кабаковтың айтуынша, қаласаңыз, тауарлық боттар тіпті бағаның көзге көрінер-көрінбес ұсақ қана құбылуына да лезде ден қоя алады. Мұндай құбылушылықты экрандағы қаптаған графиктен адам-брокер байқамай қалуы мүмкін. Осының арқасында бот сізге тауарларды бәсекелесіңізден бұрын сатып алуыңызға мүмкіндік береді.   

Инвесторларды, бизнесті мұндай артықшылықтан айыру, бот атаулыға жаппай тыйым салу елдің жетілмегенінің, замана дамуынан кенже қалғанының көрінісі болса керек.  

"Сауда боттарының басты артықшылығы – нарықтағы өзгерістерге ұшқыр үн қата білуі. Егер сізге мәмілені жиі бөлшектеу және мұны барынша тез орындау қажет болса, онда мұны боттан артық ешбір адам жасай алмайды. Дүниежүзінде беделді тауарлық-шикізаттық биржаларда адал емес, тіпті алаяқтық сауда тәжірибелеріне тосқауыл қою үшін мониторингтің тиісті жүйесі жолға қойылған. Олар боттар арқылы жасалатын схемаларды да анықтай алады. Қазақстан мен Ресей болса, керісінше, боттарды қолдануға тыйым салу жолына түсті. Өйткені осы бағдарламалардың көмегімен адал емес ойыншылар тауардың бағасын жасанды түрде шарықтатып жібере алады", – деді сарапшы.

Немесе олар биржаға түскен шикізаттың бүкіл көлемін лезде сатып ала алады. Мұндай жағдайда өзге қатысушылар өз ұсыныстарын беріп үлгермейді, содан өнімнің бағасы өспей, арзанға кетіп қалады. Қазақстандағы "қалта-биржалар" осы арқылы мысалы, көмір өндіруші алпауыттарға жылыту маусымына арналған көмірді өз делдалдарына қағаз жүзінде арзанға өткізуіне, сөйтіп, салығын азайтуына, артынша өз делдады арқылы бағаны көтеруге мүмкіндік ұсынатыны жасырын емес.

Үкімет пен жауапты органдар нарықтағы мұндай манипуляцияларға тиімді, тегеурінді тоспа құра алмағандықтан, амалсыз, тыйым салуды таңдағанға ұқсайды.

Осы кезде жаһандағы көптеген елде боттарды пайдалану толығымен заңды саналады, тек белгілі бір заң нормалары мен регуляцияларды қатаң сақтаса болғаны.  

Технологиялардың қолжетімділігі артып, есептеуіш қуаттылықтары ұлғайған сайын, әлемде сауда боттары да нарықта үстем бола түседі. Қазақстан Үкіметі заман ағысына, технологиялық даму барысына тыйым салып, "үңгірге" қамалып, ұзақ отыра алмайды. Осы орайда заң жобасына, тиісінше, тыйымға бастамашы болған депутаттар тауарлық биржаларда боттарға тыйым салудың "уақытша" шара болатынынан үміттенеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу