Үкімет бүкіл электр жабдықтарға ЖСН тағайындап шықпақ

2460

Қазақстан – дүниежүзіндегі көп ластанған елдердің бірі. 

Үкімет бүкіл электр жабдықтарға ЖСН тағайындап шықпақ

Үкіметтің ресми дерегінше, республикада кеңес заманынан бері құрамында тұрақты органикалық ластаушылар (ТОЛ) бар қалдықтардың орасан зор көлемі қордаланған.

Атап айтқанда, Ұлы далада құрамында ПХД-майлары (полихлорланған дифенилді майлар) бар 40,3 мың дана трансформаторлар мен конденсаторлар, 82,6 тонна және 4 100 литр ескірген, тыйым салынған, пайдалануға жарамсыз пестицидтер, 3,7 мың тонна көмілген пестицидтер, 13,5 мың дана пестицидтерден қалған залалды ыдыс-құты жатыр.

Мәселені шешу мақсатында Экология министрлігі ЮНИДО-мен бірлесіп жобаны қолға алған. Оның аясында Қазақстанға қауіпті қалдықтарды жою қондырғысы өтеусіз, тегін берілуі қажет.

Қалай болғанда, Қазақстан осының бәрін өз бетінше жоюы шарт. Оған кесілген мерзім аяқталуға жақын. Одан кейін санкциялар салынады.

Осы орайда Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Тұрақты органикалық ластаушылармен және құрамында ТОЛ бар қалдықтармен жұмыс істеу қағидаларын әзірлеп шықты. Ондағы мақсат – құрамы қауіпті ТОЛ-дан тұратын қалдықтарды сақтаудың және жоюдың экологиялық қауіпсіз әдістерін енгізу, сөйтіп бұл залалды ластаушылардың халық денсаулығына, қоршаған ортаға теріс әсерін азайту. 

Экология министрлігінің түсіндіруінше, қолданыстағы ескі қағидалар ТОЛ-ды түпкілікті жою мәселелерін толық көлемде реттемейді.

Тұрақты органикалық ластаушылар – адам қолымен жасалған, ең қауіпті органикалық қосылыстар. Ғалымдар олардың адамзатқа, жан-жануарға зияндылығы сонша, ағзаларын өзгертіп, генетикалық деформацияға ұшыратып, ақыр соңында өлімге әкелетінін айтады.

Қазақстан салалық халықаралық келісімдерді ратикациялап, ТОЛ-мен күресуге міндеттеме алды. Экология министрлігінің түсіндіруінше, ТОЛ-дар табиғатта ыдырамайды, өз бетінше жойылмайды, ол ауамен, сумен, миграцияланатын флора және фаунамен алысқа тарайды.

"ТОЛ жерде және суда, экожүйеде қордаланып, адамдардың, тірі ағзалардың иммундық, эндокриндік жүйелерін күйретеді, онкологиялық және басқа да аурулар тудырады. Қазіргі кезде ТОЛ жөніндегі Стокгольм конвенциясының тізіміне химиялық заттардың 31 тобы кіреді", – деп хабарлады ведомство мамандары.

Жалпы адам қолымен жасалған химиялық қосылыстардың қандай алапат зияны барын ТМД аумағында "Юрист, ставший кошмаром компании DuPont" деген атаумен көрсетілген фильмнен аңғаруға болады. Кинотуындыда АҚШ-та үлкен дау-жанжалдар тудырған, соттардың үкімімен тыйым салынған, соған қарамастан, бүгінде жаһан жұртшылығының 90 пайыздайының бойына еніп үлгерген PFOA (перетороктанды қышқыл) туралы болып отыр. Ал ТОЛ одан әлдеқайда қауіпті.

Тұрақты органикалық ластаушылар жөніндегі Стокгольм конвенциясы бойынша Қазақстанның міндеттемелерін орындаудың 2017-2028 жылдарға арналған жоспарына сәйкес, республика 1 617 637 келі тыйым салынған, жарамсыз пестицидті жоюға тиіс. Міндеттемесі мұнымен бітпейді. Еліміздегі улы заты бар қоймалар саны тым көп – 822. Қоймаларда сақтаулы қосымша пестицидтер көлемі – 539 711,8 келі. Бұдан бөлек, министрлік дерегінше, Қазақстанда құрамында ПХД бар жабдықтар саны – 25 755 бірлік. Тағы 133 трансформатор, 25 544 конденсатор және 78 конденсаторлық қондырғы бар.

"Мұның басқа қауіп-қатері бар. ТОЛ жөніндегі Стокгольм конвенциясының талаптарын орындамау тәуекелі туындайды. Себебі Қазақстан 2025 жылға қарай – құрамында ПХД бар жабдықтарды пайдаланудан шығаруға, 2028 жылға қарай ТОЛ-дарды жоюға міндеттелген. Салдарынан, Қазақстан конвенцияны орындамағандарға арналған процедураларға тап болады", – делінген Экология министрлігінің реттеушілік әсерді талдауында.

Меморган осы бағытта жоспарланып отырған іс-шаралардан мысал келтірді. "АрселорМиттал Теміртау" 82 трансформатордан тұратын 240 тонна ПХД-сын жоюы қажет. Бұл ретте әр тоннаны жою құны 500 долларға түседі. Яғни шығыны 120 мың доллардай. Бұған қоса, АрселорМиттал жұмыс істеп тұрған қолданыстағы ескі 57 ПХД транформаторларын істен шығарып, оларды "құрғақ трансформаторларға" ауыстырып шығуға тиіс. Құрғақ яғни корпусы мен сымдарының арасы сұйық диэлектрикпен толтырылмаған заманауи 1 трансформатор шамамен 4 млн теңге тұрады. Бұл жалпы жиынтығы 228 млн теңге инвестицияны талап етеді. Аз салық төлейтін алпауыт үшін бұл сома еш қиындық келтірмейді.

Ал осының арқасында, егер жүзеге асса, "Теміртау қаласы тұрғындарының, кәсіпорын жұмысшыларының денсаулығы, әрі қоршаған орта қорғалатыны" көрсетілген. Егер жүзеге аспаса, онда ПХД Нұра өзеніне түсіп, бүкіл Ақмола, Солтүстік Қазақстан облысының халқын улауы ықтимал. Онда "АрселорМиттал Теміртау" қаншама адамның түбіне жетпек.

Әрине, Қарағанды облысындағы металлургиялық алыпты министрлік мысал ретінде келтіріп отыр. Әйтпесе, қазақ даласы мен қаласын ТОЛ-мен улап отырған кәсіпорындар жетерлік.

Осы орайда Экология министрлігі "Тұрақты органикалық ластаушылармен және олар құрамында бар қалдықтармен жұмыс істеу қағидаларында" елең еткізерлік бастаманы қолға алуды ұсынып отыр.

Нақтылай кетсек, Қазақстандағы әрбір электр жабдығына жеке сәйкестендіру нөмірі (индивидуальный идентификационный номер) тағайындалмақ. Осы арқылы олардың қолданыстан шығып, жойылғанға дейінгі жолы қадағаланады. Бұл – озық елдердің тәжірибесі. Бұл санкцияға түсіп қалмау үшін қажет.

Жаңа қағида бойынша эксплуатациялық статусына қарамастан, барлық электр құрылғылары мен жабдықтарына ПХД-инвентаризация жүргізіледі. Меншік иесі жыл сайын 31 желтоқсанға дейін бүкіл жабдықтарына ПХД-инвентаризация жасап, жеке сәйкестендіру формаларын толтырып, уәкілетті органның аумақтық бөлімшесіне есеп беруге міндеттеледі. 

Қазақстанның жыл өткен сайын ТОЛ-дармын қатты уланып бара жатқанын экологтар бұрыннан мәселе етіп көтеріп, дабыл қағып келеді.

Экология министрлігі сол дабылдан енді ғана ояна бастағандай. Тек қағиданы өзге меморгандар бұғаттап тастап, қабылданбай қалмаса.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу