Үкімет халықты жаяу туризмге көшуге ынталандырмақ

6245

Осы мақсатта енді ұлттық парктерге кіретін автокөліктерден ақы жинау ұсынылып отыр.  

Үкімет халықты жаяу туризмге көшуге ынталандырмақ

Өткен жылдың 30 сәуірінде "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне туристік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа заң қабылданды. Ол ұлттық парктерге келушілерден жиналатын ақы түрлерін көбейтуге жол ашты.

Атап айтқанда, енді Қазақстанда ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мекемелері өз бюджетін келесі көздерден толықтыра алады:

  • Автомобильдерден табиғат қорғау мекемелерінің аумағына кіргені үшін ақы алу;
  • Зейнеткерлерді, мүгедектерді, түрлі санаттағы ардагерлерді, мектеп жасына дейінгі балаларды қоспағанда, басқа туристерден жеке ақы алу.

Яғни заң қазірден ақы жинауға мүмкіндік береді. Бірақ оны жүзеге асыру үшін қажетті тетіктер жоқ болып шықты. Сондықтан Ұлттық экономика осыған байланысты Салық кодексінің 590-шы және 591-ші баптарына тиісті өзгерістер енгізуге бастамашы болды.

Жаңа заң жобасы қабылданған соң ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдаланғаны үшін жаяу жүргіншілер мен автомобиль көлігінен ақы алына бастайды.

Қазақстанда ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға (ЕҚТА) – табиғи қорықтар, ұлттық парктер, табиғи резерваттар, зоологиялық парктер, ботаникалық бақтар, дендрологиялық парктер, табиғат ескерткiштерi, табиғи қаумалдар және қорық аймақтары жатады.

Қазіргі кезде жекешелендірілгені болмаса, мемлекеттік табиғи аумақтарға кіру тегін. Тек ұлттық парктерге кіреберісте, постта 300 теңгедей (0,1 АЕК) салық жиналады. Оның өзі біраз паркте жиналмайтыны мәлім. Мысалы, жергілікті тұрғындар мүлдем төлемейді.

"Автомобиль көліктерінің ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға кіргені үшін төлемақы қарастырылмаған. Осылай, тегін кіруге болатындықтан, әрі қандай да бір шектеулердің болмауы салдарынан ЕҚТА-ға кіретін авто және мотокөлік құралдарының саны жыл сайын еселеп көбейіп барады. Бұл табиғатқа едәуір салмақ, жүктеме түсіреді. Авто және мотокөлік иелері қоршаған ортаны ластағаны үшін жауап бермейді. Адамдарға қарағанда, машиналар қоршаған ортаға әлдеқайда көп зиян келтіреді: шу шығарады, ауаны улы газбен ластайды, зиянды химиялық заттар төгіледі. Олардың шуы жабайы жануарларды үркітеді", – деп түсініктеме берді экономика ведомствосы.

Сондықтан мотоциклдерден, мопедтерден, квадроциклдерден – 0,2 АЕК, жеңіл автомобильдерден – 0,3 АЕК тарифімен ақы жинау қарастырылып отыр.

Айта кету керек, 2022 жылы 1 АЕК – 3 063 теңгеге тең.

"Келушілердің 80%-ы ЕҚТА-ларға отбасы немесе ұжым, команда болып демалу мақсатында автокөліктермен келеді. 16 орынға дейінгі шағын автобустар мен жүк автомобильдерінен жиналатын ақыны 1 АЕК мөлшерінде белгілеу ұсынылады. ЕҚТА-ларда туроператорлар түрлі туристік турлар ұйымдастырады. Турлар көлік 70-80%-ға толған кезде өткізіледі. Сондықтан орташа ақыны 10 адамға (60%-ы) есептей отырып, жинау ұсынылады", – деп хабарлады меморган.

  • 32 орынға дейінгі автобустардан – 2 АЕК. Ақыны 30 адамға (60%) есептей отырып, алу ұсынылады.
  • 32 орыннан көп орындығы бар автобустардан – 3 АЕК. Ақыны 30 адамға есептей отырып, алу ұсынылады.

"Бұл нормалар адамдардың жаяу туризмге көшуін ынталандыруға ықпал етеді деп санаймыз. Ал бұл бірегей табиғи кешендердің және олардағы биологиялық әралуандылықтың сақталуына оң әсерін тигізеді. Сондай-ақ бюджетке түсетін салықтық төлемдердің ұлғаюына жол ашады", – деген ұстанымда министрлік.

Осы жаңалықтардың жеңілдігі де бар. Жаңа түзетулер аясында мото және автокөліктердің ЕҚТА-ға кіруі үшін ақы енгізу кезінде келесі азаматтардың санаттарын ақы төлеуден босату ұсынылған: зейнеткерлер, мүгедектер, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, басқа мемлекеттердің аумағындағы соғыс ардагерлері, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер, еңбек ардагерлері, мектеп жасына дейінгі балалар.

Бұдан бөлек, мектеп жасындағы балалардан тек 0,05 АЕК, студенттерден 0,075 АЕК ақы ғана алу түрінде жеңілдіктер белгіленбек.

Ұлттық экономика министрлігі әлемдік тәжірибені басшылыққа алып отырғанына назар аудартады. Мысалы, АҚШ-та ұлттық парктерге кіру кезінде бақылау өткізу пункттерінде автомобильдерден ақы алынады.

Нақтылай кетсек, әр машинадан – 30 доллардан (шамамен 13 мың теңгедей), мотоциклден – 20 доллардан, ал жаяу жүргіншіден 10 доллар жиналады.

Үкімет халықтан және көліктен жиналатын қаражатты табиғи аумақтар ұйымдарын дамытуға, оның қызметкерлері және туристер үшін қолайлы жағдай жасауға жұмсалатынын айтып отыр.

Жанат Ардақ

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу