Украинадағы соғыс басталғалы, Ресейге көшетін қазақстандықтар көші күрт төмендеді. Бұрынғы жылдары солтүстік көршіге қоныс аударушылар саны 30-40 мыңға дейін жетсе, 2022 жылы – 19,4 мың, 2023 жылы – 11,7 мыңды құраған. Биыл бұл сан әзірге 7 мыңның айналасында.
Дегенмен, келесі жылдары көршіге кетушілердің легі күрт артуы мүмкін. Себебі Ресей "аналық капитал" көлемін күрт арттырды. Соның нәтижесінде, бірінші баласын босанған аналарға төленетін мемлекеттік төлем 2024 жылғы 630 380 рубльден келесі 2025 жылы – 677 мың рубльге (шамамен 3,4 миллион теңгеге) дейін өседі.
Егер ресейлік ана екінші баласын дүниеге әкелсе, аналық капитал көлемі биылғы – 833 024 рубльден келесі жылы – 894 мың рубльге (шамамен 4,5 миллион рубльге) дейін ұлғаяды.
Ресейде аналық капиталды баспана сатып алуға, тұрғын үй жағдайларын жақсартуға, соның ішінде ипотеканы жабуға, сондай-ақ балаға білім беруге, анасының не әкесінің жинақтаушы зейнетақысын көбейтуге бағыттауға рұқсат етілген. Бұдан бөлек, бала 3 жасқа толғанша, ай сайынғы төлем ретінде ала алады. Демографиясын демеуге, бала туу көрсеткішін түзетуге ден қойған көрші мұнымен шектелмеді.
"Парламентская газета" жазуынша, баласын 25 жасқа дейін тапқан қыздарға әрбір баласы үшін 200 мың рубль (1 миллион теңгеден астам) бір реттік жәрдемақы төленбек. Мысалы, егіз туса, екі есе алуы мүмкін. Егер 25 жасқа дейін бірнеше бала тауып үлгерсе, әрқайсысына берілуге тиіс.
Тиісті заң жобасы Парламентке енгізілді және Мемдуманың электронды базасында жарияланды. Аналарға жәрдемақының жаңа түрі отбасының тұрмыстық-материалдық жағдайына қарамастан, бай-кедей, жұмыс істейтін-істемейтін әйел деп бөле-жармай, бәріне төленбек. Көршінің Челябі сияқты кейбір өңірі заң шықпай жатып, жергілікті заңдары аясында перзент сүйген студент қыздарға 1 миллион рубль (5 миллион теңгеден астам) төлем төлеуге кірісті.
Мәжілісмен Гауһар Танашева отбасының беделі алдымен ана мәртебесінен басталатынын еске салды. Алайда, депутаттың айтуынша, елде аналардың мәртебесі төмен, қолдауы кем.
Содан болар, кейінгі жылдары демография құлдырай бастады. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстанда 2021 жылы – 446 491 бала өмір есігін ашса, 2022 жылы – 403 893 бөбек, 2023 жылы – 388 428 сәби туылған. Биылғы жыл қорытындысында да көрсеткіш төмен болатыны байқалады. 2024 жылдың 8 айында 265 мың бала дүниеге келді. Мысалы, 2023 жылғы тамызда 34 761 бала туылса, 2024 жылғы тамызда бұл сан 30 044 перзентті құрады.
Осыған орай депутаттар Үкіметке бірнеше ұсыныс енгізген болатын. Мысалы, көп балалы аналарға жәрдемақыны уақытша емес, өмір бойы төлеу қажет. Олай болмаған соң, тұңғышы 18 жасқа толса, болды, ол отбасы жәрдемақыдан да, мемлекет тарапынан берілетін басқа көмектен де айырылады. Бұл ретте егер тұңғышы университетке немесе колледжге түссе, жәрдемақы төлеу ол 23 жасқа толғанға дейін жалғасады. Бірақ мәжілісменнің айтуынша, оқуға түсе алмауы көп балалы отбасыларда жиі кездеседі.
Сондықтан Қазақстанда өмір-бойғы "көп балалы ана" мәртебесін енгізу керек. Мысалы, әлдебір адамға "Халық Қаһарманы", "Еңбек Ері" атағы берілсе немесе Олимпиадада жүлде алса, Конституциялық сотта, судья қызметінде жұмыс істесе, мемлекет оған өмір бойы төлем төлейді. Ұқсас көмек ұлттың басын көбейту арқылы ерлік жасаған батыр, құрсағы алтын аналардың бәріне берілуге тиіс.
"Қазіргі кезде елімізде 583 мыңнан астам көп балалы отбасы тіркелген, оның ішінде 90%-ы, яғни 525 мыңы – 4 және 5 бала тәрбиелеп отырғандар. Бұл шамамен 3 миллионға жуық бала. Олардың тағдыры отбасының мәртебесіне және табысына тәуелді. Онда неліктен көп балалы отбасы мәртебесі өмір бойы емес, уақытша беріледі? Пайдаландық, тастадық па? Балалар отбасында дүниеге келді, олар уақытша келген жоқ, олар бар, олар өмір сүруде. Олар жай ғана бар емес, оларды тамақтандыру қажет, киіндіру керек, үйрету, дамыту, емдеу, толыққанды өмір сүру үшін жағдайларын жасау қажет", – деді депутат Танашева.
Алайда Үкіметтің "көп балалы ана" мәртебесін өмір бойға бекіту бастамасын қолдаудан үзілді-кесілді бас тартқаны мәлім болды. Ол туралы Мәжіліске Премьер-министрдің өзі хабарлады. Сондағы басты бір дәйектемесі – егер көп балалы аналарға өмір бойы төлем төленсе, онда бұл 2-3 баласы ғана бар отбасыларды кемсіту болмақ.
О.Бектенов қолданыстағы заң бойынша Қазақстанда "көпбалалы отбасы" мәртебесі тек уақытша берілетінін, яғни, отбасының тұңғышы 18 жасқа толса немесе күндізгі оқу нысаны бойынша оқитын болса – 23 жасқа толған соң, оның отбасы мұндай санаттан шығарылатынын атап өтті. Бұл талап Азаматтық кодекстің 17-бабына сәйкес азамат кәмелеттік жасқа толғаннан кейін азаматтық құқықтарды иеленіп, өзі жүзеге асыратынына, өзіне азаматтық міндет алатынына және оларды толық көлемде орындайтындығына байланысты белгіленіпті.
"Оқу бітіргеннен кейін тұңғышы ересек ретінде еңбек нарығына кіре алады. Осылайша, ата-анасын өзін асыраудан босатады. Жалпы, қолданыстағы жүйе балалы отбасын қолдаудың мемлекеттік саясатының тиімділігін көрсетті. Егер бала кәмелеттік жасқа толғанда немесе университет бітіргенде, көп балалы отбасыға жәрдемақы төлеуді жалғастыратын болсақ, онда бұл көп балалы отбасыға жәрдемақы төлеуді енгізу идеологиясына қайшы келеді. Бұдан басқа, аталған ұсыныс кәмелеттік жасқа толмаған 1–3 баласы бар және көп балалы отбасы мәртебесі жоқ отбасыларға қатысты әлеуметтік теңсіздікке соқтырады. Осыған байланысты көп балалы отбасыларды қолдаудың қолданыстағы тетігін сақтаған жөн деп санаймыз", – деді Үкімет басшысы Олжас Бектенов.
Мәжіліс Үкіметке тағы бір бастама енгізген болатын. Депутаттар "Алтын алқа", "Күміс алқа" сыртында, "Қола алқаны" енгізуге бастамашы болды. Өйткені Үкімет қола жүлде алған спортшыларға да қомақты төлемақыны ай сайын төлеп тұрады.
"Осы мақсатта "ҚР мемлекеттiк наградалары туралы" 1995 жылғы 12 желтоқсандағы №2676 заңының "VI. көп балалы аналарға арналған наградалар бөліміне": 4 және 5 баланы туған немесе асырап алған көп балалы аналарға "Қола алқа" наградасын берумен" толықтырылсын", – делінген Мәжілістің ұсынысында.
Үкімет бұл мәселеде де мәжілістегілердің меселін қайтарып тастады. Басты дәйектемесі – ондай тәжірибе ТМД көлемінде жоқ.
"Мемлекеттік наградаларға Ресей мен Қырғызстанда кемінде 7 бала тәрбиелеген әйелдер, Түркіменстанда 8 және одан көп бала тәрбиелеген әйелдер үміткер бола алады. Ал, Қазақстанда 6 бала тәрбиелеген ана "Күміс алқаға", 7 баласы бар ана "Алтын алқаға" ұсынылады. Осылайша, ұлттық заңнамада және қоғамда көп балалы аналарға лайықты құрмет пен қолдау қарастырылған", – деді кесті Премьер-министр Олжас Бектенов.
Мәжілістегі "AMANAT", "Қазақстан Халық партиясы", "Respubliсa", "Ақ жол", "Ауыл" және "Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы" фракциялары Үкіметтен "Алтын алқа", "Күміс алқа" ордендерімен марапатталған аналарға жәрдемақы мөлшерін көтеру және көптеген қосымша жеңілдік ұсынуды талап етіп, мәселені төтесінен қойды.
"Қазіргі уақытта "Алтын алқа" және "Күміс алқа" ордендері үшін жәрдемақы мөлшері тіпті күлкілі: 7 бала үшін – 27 321 теңге, ал 6 бала үшін 23 629 теңгені құрайды. Айына бір балаға 3 900 теңгеден, ал күніне небәрі 130 теңге шығады! Бұл сандарда Отан алдындағы еңбегі үшін Батыр Аналарға деген құрмет те, сыйластық та көрінбейді!", – деп айтылған мәжілісмендердің хатында.
Үкімет көп балалы аналар қазіргі бергенге қанағаттанулары керек дегенге келтірді. Айтпақшы, Ресейдегідей қомақты аналық капитал да болмайды.
Премьер-министрдің айтуынша, биыл республикалық бюджеттен мемлекеттік жәрдемақылардың 5 түрін және "Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан" әлеуметтік төлемнің 2 түрін төлеуге 1,5 триллион теңге бөлінді. Ағымдағы жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша жоғарыда аталған төлемдерді 2,3 миллионнан астам адам алды, бұл өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 10,5% көп.
"Көп балалы отбасыларға әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында мемлекеттік жәрдемақы отбасындағы балалар санына қарай сараланған мөлшерде төленеді. 4 баласы бар отбасыларға – 59 183 теңге, 5 балалыға – 73 988 теңге, 6 балалыға – 88 793 теңге, 7 балалыға – 103 598 теңге, 8 және одан да көп балалары бар отбасыларға – әр балаға 14 768 теңгеден қосылады", – делінген Үкімет басшысының жауабында.
Ол елде барлық отбасы арасында 5 және одан да көп баласы бар отбасылардың үлесі 2020 жылғы – 8,4%-дан 2024 жылы – 9,8%-ға дейін өскенін жеткізді. Алтын және күміс алқалармен наградталған аналардың саны 2020 жылғы – 232 320 адамнан 2024 жылы – 237 636 адамға дейін шамалы өсіпті.
Премьер-министрдің пікірінше, қоғамдағы "жәрдемақы мөлшері төмен" деген пікір жаңсақ және ол "жәрдемақының әр түрін дербес төлем ретінде қабылдаудан" туындаған. Егер бәрін жинақтаса, қомақты сома шығатынына сенімді.
"Ал, егер оларды жиынтық төлем ретінде алатын болсақ, мысалы, 2024 жылы 7 баласы бар отбасына ай сайын 163 778 теңге, яғни 1 жыл ішінде бюджеттен 2 миллион теңгеге жуық қаражат беріледі. Оның ішінде 1,5 жасқа дейінгі бала күтіміне – 32 859 теңге, көп балалы отбасына – 103 598 теңге, "Алтын алқамен" наградталған анаға – 27 321 теңге бар", – деді Үкімет басшысы.
Дегенмен, көршідегі сияқты аналарды қолдайтын салмақты заңдар қабылдағысы келсе, қазіргі Мәжілістің қолында тиісті тетігі де бар.