Үкімет мемлекеттік компанияларға қатысты мораторий жариялайды

1375

Бұған билік мемлекеттің экономикаға шектен тыс араласуын тыю үшін барғалы тұр.

Үкімет мемлекеттік компанияларға қатысты мораторий жариялайды Фото: primeminister.kz

Антимонополиялық орган ел Президентінің тосын, теңдессіз жарлығының жобасын жариялады. Ол "Тауарды өндіруге және (немесе) сатуға, сатып алуға немесе оны пайдалануға мемлекеттің айрықша құқығын заңмен бекітуге бастамашылық жасауға, сондай-ақ нарық субъектісіне заңмен арнайы құқық беруге мораторий енгізу туралы" деп аталады.

"Қазақстан Президентінің тапсырмасы және келісімі бойынша осындай құқықтарды беру жағдайларын қоспағанда, мемлекеттің тауарды өндіруге, сатуға, сатып алуға немесе оны пайдалануға айрықша құқығын заңмен бекітуге бастамашылық жасауға, сондай-ақ нарық субъектісіне заңмен арнайы құқық беруге 2025 жылдың 31 желтоқсанына дейін мораторий енгізілсін", – делінген жарлық жобасында.

Бұл ретте оны орындауға биліктің барлық органы, соның ішінде ел Үкіметі, Президентке тікелей бағынатын және есеп беретін меморгандар, әкімдіктер жұмылдырылады. Жарлықтың орындалуын бақылау Президент әкімшілігіне жүктеледі.

Құжатты әзірлеуші ведомство екі жылдық мораторий "мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке қатысуын қысқарту және жеке секторды дамытуға жағдайлар жасау" үшін қажеттігін нұсқады.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Марат Омаровтың түсіндіруінше, бұл жоба 2023 жылғы 1 шілдеде Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Бәсекелестікті дамыту мәселелері туралы кеңестегі тапсырмасын орындау мақсатында әзірленді.

"Жарлық тауарды өндіруге, сатуға, сатып алуға немесе оны пайдалануға мемлекеттің айрықша құқығын заңмен бекітуге бұдан былай бастамашылық жасауға, сондай-ақ нарық субъектісіне заңмен арнайы құқық беруге уақытша тыйым салуды көздейді. Жарлық жобасының мақсаты бәсекелестікті қорғау, Қазақстанның тауар нарықтарындағы адал бәсекелестікті және тауар нарықтарының тиімді жұмыс істеуін қолдау және қолайлы жағдайлар жасау, сондай-ақ монополистік қызметті шектеу болып табылады", – деді М.Омаров.

Оның сендіруінше, жарлықты қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық, құқықтық салдарға әкеп соқпайды, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге әсер етпейді.

Жарлық оған Президент Қ.Тоқаев қол қойып, алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Билік неге мұндай шетін шараға барды?

Әкімшілік, қаржылық ресурстары мен құралдары аса мол мемлекетпен жеке бизнес тең дәрежеде бәрібір бәсекелесе алмайды. Күштері тең емес. Сондықтан антимонополиялық орган мамандарының айтуынша, дамыған елдерде мемлекет пен кәсіпкерлік субъектілерінің өзара іс-қимылының негізгі қағидаттарының бірі – мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке қатысуын шектеу болып табылады.

Жеке кәсіпкерлікті және бәсекелестікті дамыту үшін Қазақстан биліктің кәсіпкерлік қызметке қатысу үлесін қысқартуға бағытталған шаралар қабылдауда. Мысалы, барлық дерлік салада мемлекеттік компаниялар мен заңды тұлғаларды құруды шектеді, оларға жекелеген қызмет түрлерін жүзеге асыруға тыйым салды.

Акцияларының 50%-дан астамы мемлекетке тиесілі мемлекеттік кәсіпорындар, заңды тұлғалар және олармен үлестес тұлғалар жүзеге асыратын қызмет түрлерінің тізбесін Үкімет бекітеді.

Бүгінде мемлекеттік кәсіпорындар:

  • ұлттық қауіпсіздікті, мемлекеттің қорғаныс қабілетін немесе қоғамның мүдделерін қорғауды қамтамасыз етудің өзге мүмкіндігі жоқ болса ғана;
  • стратегиялық объектілерді пайдалану және ұстап тұру үшін;
  • мемлекеттік монополия салаларында қызметті жүзеге асыру үшін;
  • бәсекелестік дамымаған немесе даму деңгейі төмен, яғни кәсіпкерлер құлық, қызығушылық танытпайтын салаларда ғана құрылады.

Бірақ бұл шаралар да жеткіліксіз болып тұрған көрінеді. Сондықтан Үкімет төтенше қадамға – мораторий жариялауға барғалы тұр.

Мысалы, Қазақстанда 2014 жылдан бері ендірілген "Yellow Pages Rules" қағидаттарына және ұлттық заңнамаға сәйкес, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор тек "тиісті тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өндіруді жүзеге асыратын жеке кәсіпкерлік субъектілері жоқ" болса ғана өнімді, қызметті мемлекеттік компаниядан, бір көзден сатып ала алады.

Қаржы министрлігінің дерегінше, дәл осы негіз бойынша: 2016 жылы – 203 миллиард теңге, 2017 жылы – 298 млрд теңге, 2018 жылы – 248 млрд теңге, 2019 жылы – 234 млрд теңге, 2020 жылы – 181 миллиард теңге сомасына шарттар жасалды. Шарттардың орташа саны – 2 000. Яғни, жеті жылда көп азая қойған жоқ. Мемлекеттік бизнестің орнын жеке бизнес баспады.

Қаржы министрлігінің ақпараттық жүйелерінің мәліметінше, бүгінде Қазақстанда 6 мыңнан астам "мемлекеттік кәсіпкерлік субъектілері" өз қызметін жүзеге асырады. Олар белгілі бір деңгейде жеке бизнестің өркен жаюына мүмкіндік бермей, тұншықтырып жатыр.

Сол себепті мемлекет ол ұйымдарды жекешелендіруге тырысуда. Мораторий оларды жоймайды. Бірақ жаңалары пайда болмауға тиіс.

Антимонополиялық орган "кәсіпкерлік ортада мемлекеттік компаниялардың қатысуының артып келе жатқан" үрдісін байқап, алаңдап отыр.

Негізі, 2022 жылдың басында Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне жаңа құзырет берілген болатын: ол квазимемлекеттік кәсіпорындарға мониторинг жүргізіп, олар жүзеге асыратын қызмет түрлеріне келісім береді немесе белгілі бір қызметпен айналысуына тыйым сала алады. Бірақ ұлттық компаниялар антимонополиялық ведомствоның келісімін ала бермейтін көрінеді. Яғни, оның қарсылығына пысқырмайды.

Агенттік "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясын мысалға келтірді. ҚТЖ мен оның 46 үлестес-аффилирленген компаниялары жалпы саны 400-ден аса қызмет түрін жүзеге асырады екен.

Алайда агенттік 46 компанияның 17-сін мониторингпен қамти алмапты: 8-і Қазақстанның резиденті болып табылмайды, яғни шетелдік компания. Тағы 9-ының акцияларының 50%-дан астамы жеке тұлғалар мен компанияларға тиесілі бірлескен кәсіпорындар болып шықты.

"Мониторинг қорытындысы көрсеткендей, ҚТЖ өз қызметін жүзеге асыру кезінде монополияға қарсы заңнаманы сақтамай отыр. Бұл әлемдік тәжірибеде кеңінен қолданылатын "Сары беттер қағидаттарын" ("Yellow Pages Rules") бұзуға соқтырды. Атап айтқанда, "Қазақстан темір жолы" талданған 414 қызмет түрінің 153-іне монополияға қарсы органның келісімін алмаған", – деп хабарлады Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі.

Ведомство осындай жұмыстарды республиканың барлық өңірлерінде, өзге компанияларға қатысты да жүргізді: әлеуметтік саланың 251 мемлекеттік кәсіпорнына мониторинг жасалған.

Нәтижесінде, 59 субъектінің іс-әрекеттерінде бұзушылықтар әшкереленді және бұзуды тоқтату туралы нұсқамалар жіберілді.

Квазимемлекеттік компаниялар құруға рұқсат етілген салалардың Тізбесін Үкімет бекітетіні әлгінде айтылды. Мемлекет басшысының кәсіпкерлік қызметке мемлекеттің қатысу негіздері мен шарттарын қысқарту жөніндегі тапсырмаларын орындау үшін 2022 жылы агенттік арнайы талдау жүргізді. Ъорытындысында тауар нарықтарындағы қызметтің 45 түрінде (саласында) не бір ғана квазимемлекеттік ұйымның барлығы, немесе кейбірінде мүлдем жоқтығы анықталған. 

Осыған байланысты агенттіктің бастамасымен қызметтің аталған 45 түрін тізбеден алып тастауды көздейтін Үкімет қаулысы қабылданды. Тізбеден шығарылған түрлер арасында өнеркәсіп, құрылыс, қаржы, консалтингтік қызметтер, тасымалдау және басқа салалар бар.

Осылайша, бүгінде квазимемлекеттік сектор субъектілеріне бұрын рұқсат етілген 410 қызмет түрінің тек 365-інде жұмыс істеуге рұқсат етіледі.

Қорыта айтқанда, "Әділетті Қазақстан" мемлекеттің экономикаға қатысуын айтарлықтай шектейтін жаңа қадамдарға суыт кіріскенге ұқсайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу