Үкімет пен депутаттар маңызды мәселеде ымыраға келді

600

Кез келген реформаның оң және теріс жағы бар, дейді сарапшылар. 

Үкімет пен депутаттар маңызды мәселеде ымыраға келді

Қосылған құн салығы ставкасының 16 пайызға көтерілуі мен ҚҚС шегінің өзгеруі халықтың өмір сүру деңгейіне қалай әсер етуі мүмкін? Бұл шешімнің оң және теріс салдарлары қандай? inbusiness.kz редакциясының тілшісі осы тақырыпқа байланысты сала маманының пікірін білді.

Үкімет жаңа Салық кодексінің жобасында қосылған құн салығы 16% болып белгіленгенін айтты. Ал ҚҚС бойынша шек 40 млн теңге мөлшерінде ұсынылып отыр.

"Бұл – біз қол жеткізген ымыраның нәтижесі. Алайда, біз осы тұста 160 мың жаңа салық төлеушіні жоғалтып, 400 миллиард қосымша түсімнен айырылып жатырмыз. Мұны айтқан себебім, біздің кәсіпкерлер Үкімет пен Парламенттің осындай ымыраға келуге дайын екенін түсінуі тиіс", - деді Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин.

Атқарушы билік салықтарды, төлемдер мен алымдарды қысқартуды жоспарлап отыр. Осылайша 12 салықтың орнына 11 болады. 10 төлемнің 2-ін алып тастау ұсынылады: жарнаманы орналастырғаны және лицензияларды пайдаланғаны үшін төлемдер. Су ресурстарын пайдалану үшін, орманды пайдалану үшін және жануарлар дүниесін пайдалану үшін төлемдер біріктірілуі мүмкін. Сондай-ақ Үкімет алымдардың 6 түрін қысқаруды ұсынып отыр. Олар бойынша мөлшерлемелердің 34 түрі алынып тасталмақ.

Экономист Бауыржан Ысқақов қосылған құн салығының 16 пайыз болуы және оның шегі 40 млн теңге мөлшерінде белгіленуі өте күрделі сұрақ екенін жасырмады.

"Жалпы ҚҚС-тың 16 пайызға баруы бұл салық жүйесін реформалау кезіндегі елеулі қадам деп айтуға болады. Ең басты мақсат – мемлекет бюджетінің кіріс бөлігін арттыру. Оның шегін 40 млн теңге деп белгіленуі ҚҚС төлейтін кәсіпкерлердің санын көбейтуге әкеледі. Бұл өз кезегінде салық санаты базасының көбеюіне әкеледі. Оның негізгі мақсаты да салықтан түсетін түсімдерді арттыру. Бірақ та, оның нақты қандай салдары болатынын уақыт көрсетеді. Өйткені салық ставкасын көтеріп, шегін төмендетумен ғана шектеліп қалса, онда бұл үлкен нәтиже бермейді. Салық салынатын базаға байланысты мемлекеттің нақты механизмі болуы керек. Яғни, ҚҚС төлеу кезінде кәсіпкерлерге қолайлы орта болуы қажет. Ыңғайлы тәртіпке бағынатын жүйе болуы керек", - деді ол.

Сөзінше, бюджеттің дефициті 10 трлн теңгеге жетіп отыр.

"Біз шығындарды Ұлттық қордың қаражатымен немесе сыртқы қарыздармен жауып отырған жағдайымыз бар. Сол тұрғыдан алған кезде егер біз пайызды көтермейтін болсақ, болашақта Ұлттық қордың да қаражатын азайтып тастауымыз әбден мүмкін немесе сыртқы қарызымыз да асып кетуі мүмкін. Сол үшін де бұл мәжбүрлі түрде болып жатқан нәрсе деп есептеймін. Бірақ та, осы ставканы көтеретін болса, кәсіпкерлерге көлеңкелі экономикаға кетіп қалмаудың алдын алатындай орта қалыптастыру керек. Шағын және орта бизнеспен айналысатындардың саны артуы үшін қарапайым, әділ салықтық әкімшілендіру жүйе қалыптастыру керек", - деп атап өтті Бауыржан Ысқақов.

Сарапшы қосылған құн салығы жанама салық екенін, оны түптеп келгенде қарапайым халық төлейтінін баса айтты. Оның айтуынша, ҚҚС мөлшерінің көтерілуі тауарлар мен қызмет құнының артатындығымен, инфляцияның күшеюіне де әсер ететіндігімен белгілі. Бұл, әсіресе, азық-түлік, тұрмыстық қажеттілікке қатысты тауарлар бағасына әсер етеді.

"Соңындағы нәтижесі халықтың нақты табысының төмендетуі де ықтимал. Ал ҚҚС шегінің 40 млн теңгеге дейін төмендеуі шағын кәсіпкерлікке салмақ салатыны белгілі. Өйткені бұрын жеңілдетілген салық режимімен жұмыс істеп жатқандарға 16 пайызбен төлеу табысының бір бөлігін салық ретінде төлеу деген сөз. Оң әсері: бюджет кірісін арттыру арқылы мемлекеттік бағдарламаларды қаржыландыруға мүмкіндік алу. ҚҚС шегінің төмендеуі егер кәсіпкерлер бәсекелестік ортада болатын болса, бір жағынан кәсіпкерлікке де ыңғайлы болу керек. Теріс жағдайын айтайын, бағаның өсуіне әсерін тигізеді, инфляция өсіп кетуі мүмкін, халықтың нақты табысы төмендеп кетуі мүмкін. Одан кейін ірі және орта бизнес үшін әкімшілік ауырпалықтардың да туындауына әкелуі мүмкін. Сонымен қатар тұтынушының төлем қабілетінің төмендеуі салдарынан сұраныстың да қысқаруы мүмкін деген сияқты теріс әсерлері де бар", - деді экономист.

Сарапшыдан Қазақстандағы негізгі мәселе салықтардың түспей жатқанында ма, әлде салықты жинау тетігінің тиімсіздігінде ме деп нақтыладық.

"Салықтың түспей жатқаны да бар. Бірақ түпкі себебі салықты жинау тетігінің әлсіздігі мен көлеңкелі экономиканың көптігі деп айтар едім. Яғни, көп кәсіпкер табысын толық көрсетпейтіндігі белгілі. Бақылау тетіктерінің де әлсіз цифрландыру жүйесінің де әлі жеткіліксіз екендігін көріп отырмыз. Сонымен қатар салықтық ынталандыру тетіктері де тиімсіз жұмыс істеп отыр. Кәсіпкерлер салық төлегеннен гөрі салық жүйесінен қашып, өмір сүргенді тиімді көреді. Бұл мәселе салық көлемінде емес, сенімді, әділ, ашық салық жүйесінің жоқтығында деп айтуға болады", - деді Бауыржан Ысқақов.

Жалпы ел билігі ҚҚС-ты 16 пайызға көтеруден бюджетке 2,8 трлн теңге түседі деп жоспарлап отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу