Үкімет пен "Қазақстан темір жолының" шұғыл шаралары үлкен тауқыметтің алдын алыпты

3949

Зейнетақы қорындағы 184 млрд теңге вагон алуға жұмсалады.

Үкімет пен "Қазақстан темір жолының" шұғыл шаралары үлкен тауқыметтің алдын алыпты Фото: canva.com

Қаңтар оқиғаларынан кейін, 2022 жылғы 7 шілдеде Президенттің төрағалығымен өткен еліміздің көлік-транзиттік әлеуетін дамыту кеңесінде "Қазақстан темір жолының" мәселелері жеке қаралған еді.

Аталған жиында Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Үкіметке "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясын толықтай жаңғырту міндетін қойды.

"Қазақстан темір жолын "ұлттық көлік-логистика компаниясы" ретінде трансформациялайтын уақыт келді. Бұл ҚТЖ-ның мандаты мен міндеттерін кеңейтуге, еліміздің көлік-транзит әлеуетін дамыту жұмыстарын кешенді жүргізуге мүмкіндік береді", – деді Президент.

Содан бері екі жылдай уақыт өтті, 2023 жылғы 1 қыркүйектегі жолдауында Мемлекет басшысы тапсырмасын қайталап, "ҚТЖ-ны трансформациялауды қысқа мерзім ішінде аяқтауды" жүктеді.

Трансформациялау бағытында не істелуде?

Бүгінде тек қана магистральді теміржолдар желісін жөндеп, ұстап тұруға жыл сайын шамамен 154 миллиард теңге шығындалады.

Өз кезегінде "Қазақстан темір жолының" дерегінше, сала тіпті де арттап қалған жоқ, даму үстінде. 2023 жыл қорытындысында теміржол көлігі саласында жүктерді тасымалдау көлемі 3%-ға, яғни 297 миллион тоннаға дейін артты. Экспорттық, импорттық және транзиттік бағыттар бойынша өсім байқалады. Республика ішіндегі бағыттар бойынша 164,1 млн тонна (-0,6%), экспорттық бағыттарда – 85,6 млн тонна (+9%), импорттық бағыттарда – 20,2 млн тонна (+10%), транзиттік бағыттарда – 27,4 млн тонна (+18%) жүк тасымалданған.

Негізгі құралдардың ескіргені турасында, ҚТЖ жылжымалы құрамды жаңарту – күн тәртібіндегі маңызды мәселенің бірі, әрі басымдыққа ие екенін жеткізді. Нәтижесінде, өткен жылы 119 локомотив, 275 жүк вагоны және 118 жолаушылар вагоны сатып алынған. 1 443 шақырым магистральдық желіде жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Көлік министрі Марат Қарабаев алдымызда Президенттің ҚТЖ-ны жан-жақты, әмбебап "ұлттық көлік-логистика компаниясы" ретінде трансформациялау тапсырмасы тұрғанын еске салды.

Министр оны транслогистикалық үлкен ұлттық компанияға айналдыру жұмыстары екі бөліктен тұратынын нақтылады. Біріншісі –инфрақұрылым құру, екіншісі – тасымалдау бөлігі.

Бірінші бағытта Қытайдың Ляньюньган портында Қазақстанның терминалы ашылды. Оның қуаттылығы 220 мың тоннаны құрайды. Оған қоса биылғы 2024 жылы Сиань портында Қазақстанның жаңа терминалы ашылды. Оның қуаттылығы – 66 мың тонна.

Екі елдің шекарасында – Қорғаста құрғақ жүктерге арналған арнайы терминал салынды.

"Осы жылы Алматыда қытайлық "Сиань порты" компаниясымен бірге, тағы бір құрғақ жүктерге арналған жаңа терминалдың құрылысын бастаймыз. Қазақстан аумағында, Ляньюньганмен бірлесіп, 2024 жылы тағы да бір жобаны қолға аламыз: Ақтауда арнайы терминал саламыз. Ол қытай жүктерін қабылдайды. Мұнымен шектелмей, "Аbu-Dhabi Ports" компаниясымен тізе қоса отырып, шетелде, Әзербайжанның Алят портында келесі жылы терминал салу жоспарымызда бар. Грузияның Поти қаласында қазақстандық жеке кәсіпкер қуаты 480 мың тонна болатын арнайы терминал салып жатыр. Оған да "Қазақстан темір жолы" консорциум ретінде кірді", – деді Марат Кәрімжанұлы.

Оның айтуынша, жалпы алғанда, шетелде жаңа 4 терминал салынады. Оның екеуінің құрылысы – биыл, келесі екеуінің құрылысы – 2025 жылы басталады деп жоспарланған.

Тек қана теміржол компаниясы болып қала бермей, көлік-логистика алпауытына дейін өсу үшін ҚТЖ шетелдік серіктестерін тартуда екен. Көлік министрі ірі серіктесі ретінде сингапурлық PSA-ны атады. Онымен бірлесіп, "Қазақстан темір жолы" АҚ еншілес 2 компания және Транскаспий көлік дәлізі бойынша жүктерді тасымалдайтын 1 бірыңғай компания құрды. Бұлардың бәрі екі ортада араағайын болып, Қытай мен Еуропа арасындағы жүктерді тасымалдаумен айналысады.

ҚТЖ Біріккен Араб Әмірліктерінің жетекші "АbuDhabi Ports" компаниямен екіжақты келісімшартқа қол қойып, еншілес компания ашты. Осы арқылы Парсы шығанағы аймағына шығаратын бағытты дамытуда. Атап айтқанда, осы компания Қытай, Ресей, Иран, әрі қарай Пәкістанға шығатын теміржол бағытын өркендетуге ниетті. Бұл жаңа бағытпен жүк тасымалдау әзірге басталған жоқ.

"Кімге басымдық беріледі дегенге келсек, өткен 2023 жылы теміржолмен тасылған барлық жүктің 56%-ы немесе 164 миллион тоннасы отандық жүктер болды. Яғни, басымдық ең алдымен ішкі жүк тасымалдаушыларға беріліп отыр. Соның арқасында отандық өндірушілердің экспорты 9% артып, 85 миллион тоннаға жетті. Басымдық жөнінен содан кейін тұрған транзиттік жүктер көлемі 18%-ға ұлғайып, 27 миллион тоннаны құрады. Ең соңында ғана импорттық жүктерге басымдық берілді", – деді Марат Қарабаев.

Министр қандай жүктерге басымдық берілуге тиістігі заңмен реттелмегеніне назар аудартты. Оның әдістемесі де заңнамамен бекітілмеген. Сондықтан ведомство Мәжіліске жеке заң жобасын енгізді, ол Көлік министрлігіне теміржолдағы басым бағыттарды бекіту бойынша да құзыр береді.

Вагондар Ресейден тасыла ма?

Көлік министрі көпшілік біле бермеген "құпияны" ашты. Локомативтердің тапшылығының ушыққаны сонша, былтыр Қазақстанда локомативтердің күрт жетіспей қалу қаупі туындаған екен.

Абырой болғанда, Үкімет шұғыл қаражат бөліп, берілген тапсырыс есебінен былтыр 119 локомотив сатып алды. Биыл тағы 194 локомотив алынады. Келесі 2025 жылы 245 локомотив сатып алу жоспарланған. Министрдің байламынша, сонымен локомотивтерге деген қажеттілік мәселесі толығымен шешілетін болады. Ол бүгінде локомотив әлі де жетіспейтінін, бірақ тапшылық былтырғыдай өткір тұрмағанын қосты.

Бірақ тағы бір түйткілдің "құлағы қылтиды". Үкімет теміржол вагондары паркін жаңартуға БЖЗҚ-дан қарыз алды. Ақпарат құралдары қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарына ресейлік вагондар сатып алынуы мүмкін екенін хабарлап жатыр.

"БЖЗҚ есебінен алынатын вагондар ресейлік болғалы тұр. Зейнетақы қорынан "Бәйтерек" холдингі арқылы жүк және жолаушылар вагондарын сатып алуға 184 миллиард теңге шығындалады. Соның ішінде 100 жолаушылар вагондарын сатып алу халыққа 73,7 миллиард теңгеге түспек. Вагондарды толығымен ресейліктер сатып алған петропавлдық "ЗИКСТО" АҚ жеткізеді", – деп жазады ProTenge.

Бұдан бұрын Ұлттық экономика министрлігі зейнетақы жинақтары отандық өндірушілерді қолдауға бағытталатынын мәлімдеген. Көлік министрі де "вагондар тек қазақстандық зауыттарда жасалады, қаражат Қазақстан аумағында қалады" деп табандап отыр.

"Зейнетақы қорынан вагондарды сатып алуға қаржы бөлінеді деген мәселе қоғамда қызу талқыланып жатыр. Шынында да зейнетақы қорынан "Бәйтерек" холдингі қаржы алды. Соның ішінде вагондарға 184 млрд теңге жұмсалып отыр. Оған жолаушыларды тасымалдайтын 100 вагон, сондай-ақ жүк тасымалдайтын үш мың вагон алынып жатыр. Зейнетақы қорында қаражаты жұмсалған азаматтарға бұл міндетті түрде пайда әкеледі. Бұл ретте, бірінші мәселе халықтың сол жақтағы ақшасы елге, жұртқа пайда әкеледі. Өйткені бұл нарықтық пайызбен алынған ақша, яғни "Бәйтерекке" жеңілдетілген ақша берілген емес. Екіншіден, басқарушы холдинг мемлекеттің меншігінде. Сондықтан ол ақшаны қайта қорға айналып келіп түсуіне мемлекет толық кепілдік береді. Үшіншіден, вагондар отандық зауыттардан сатып алынады", – деген болатын Марат Қарабаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу