Үкімет релоканттар, босқындар мен мигранттарға тосын міндеттеме жүктемек

1628

Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстанда қауіпті ауруларды шетелдіктердің таратып жатқанына алаңдаулы. 

Үкімет релоканттар, босқындар мен мигранттарға тосын міндеттеме жүктемек Фото: udsu.ru

Пандемия аяқталғанымен, БҰҰ биыл әлемде эпидемиологиялық ахуал күрделі болып қалғанын хабарлады. Себебі індеттен әлсіреген адамзатқа ескі дерттер тап берді. Салдарынан, Ресей, Армения, Қазақстан, Қытай, Малайзия, Бразилия сияқты елдер "қолайсыз, нашар эпидемиологиялық жағдай" бақыланған мемлекеттер қатарында аталды. Мысалы, көрші Ресейде 2023 жыл басталғалы қызылша (корь), шошқаның африкалық обасы, күйдіргі (сібір жарасы), құс тұмауы (H5N1) ошақтары тіркелген.

БҰҰ биылғы бес айдың өзінде Қазақстанда күйдіргінің адамдарға жұғуының 4 дерегі әшкереленгеніне назар аудартты. Ауыл тұрғындары ауру малды союға қатысып, дерттенген.

Денсаулық сақтау вице-министрі–бас мемлекеттік санитариялық дәрігер Айжан Есмағамбетованың мәліметінше,  биылғы бірінші жартыжылдықта тұрғындар арасында 25 нозология, соның ішінде тырысқақ (холера), оба, паратифтер, іш сүзегі, туляремия, сіреспе, дифтерия, полиомиелит, құтырма, безгек, висцералдық лейшманиоз, пастереллез бойынша ауыру деректері тіркелмеген.

Өзге жұқпалы аурулардың қарқыны төмендегенімен, бәрібір таралуда. Өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 39 инфекциялық нозология бойынша сырқаттанушылық кеміді. Мәселен, ботулизм – 45%-ға, ротавирустық энтерит – 25%-ға, есекжем – 9%-ға, сальмонеллез – 12%-ға, туберкулез – 6%-ға азайыпты.

Қызылша болса, өршіп барады. Жыл басынан бері қызылшаның кем дегенде 3 037 жағдайы тіркелді. Бас мемлекеттік санитар мұның басты себебі ретінде "қызылшаға қарсы жоспарлы вакцинацияланбаған балалар санының артуын" атады. Оның айтуынша, егілмеген балалардың 72%-ы сырқаттаныпты. Балаларға екпенің салынбауына түрлі кедергі бар: 60% жағдайда вакцинациялаудан ата-аналар бас тартқан. 20%-ында балалардан егілуге қарсы көрсетілімдер анықталды. Балалардың тағы 20%-ы вакцинациялау жасына жетпей, ауырып қалды.

Айжан Есмағамбетова қызылша-корь індетін құрықтаудың, басқа да ауыр инфекциялық аурулардан қорғаудың жалғыз жолы – вакцинациялау деп отыр.

Ал Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті індеттің таралуының алдын алудың тағы бір жолын көрсетті.

Ведомство Қазақстанда барлық азамат медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында тегін, бірақ міндетті түрде профилактикалық екпемен егілетінін еске салды. Осыған орай Үкіметтің 2020 жылғы 24 қыркүйектегі №612 қаулысымен Міндетті профилактикалық екпелер жүргізілетін аурулардың тізбесі бекітілді. Онда сондай-ақ вакцинациялау мерзімдері және халықтың профилактикалық екпелерге жататын топтары нақты көрсетілген.

Денсаулық министрлігі жылдағы вакцинация азды-көпті сақталатынын жеткізді. Бірақ бір гәп бар: қаулыға сәйкес, бюджет есебінен Қазақстан азаматтары ғана тегін егіледі. Тиісінше, вакцинациялаудан өтуге де тек қазақстандықтар міндеттелген. Олардың егілуін емханалардағы дәрігерлер бақылайды.

Сонымен қатар Қазақстанның тұрақты тұрғындары қатарына шетелдіктер, релоканттар, босқындар және азаматтығы жоқтар кіретіні мәлім. Оларға аса қауіпті жұқпалы ауруларға қарсы егілу талабы қарастырылмаған. Тек Қазақстанда тұру ықтиярхатын алғысы келсе, клиникадан белгілі бір тізімдегі қауіпті ауруларының жоқтығы жөніндегі анықтаманы әкелуі талап етіледі.

Комитет мамандарының айтуынша, "Міндетті профилактикалық екпелер жүргізілетін аурулардың тізбесіне" 20 инфекциялық ауру жатқызылған. Олар көбіне ауыр жүреді және ушығуға, мүгедектікке, өлімге соқтыруы мүмкін.

"Мысалы, дифтериямен ауырғандардың 30%-ы көз жұмуы мүмкін. 60% жағдайда жүрек зақымдалады, 75%-ында – жүйке жүйесіне нұқсан келеді. Қызылшада өлім-жітім – 10%-ға дейін, өкпенің зақымдалуы – 38%-ға дейін барады. 2 мың адамның біреуі қызылшадан өрбитін беріштендіруші жітілеу панэнцефалитке душар болады. Паротит кезінде науқастанған ерлердің 10%-ы бедеу болып, ары қарай перзент сүйе алмады. Полиомиелитпен сырқаттанғандар 100% сал-паралич болады. Қазақстан аумағына осы инфекцияларды шетелдіктер, азаматтығы жоқ тұлғалар, ел аумағында уақытша тұратындар, пана іздегендер әкеліп, ары қарай таратуы мүмкін", – деп түсіндірді Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің мамандары.

Олардың пікірінше, бұлай бара берсе, вакцинациялау арқылы басқарылып отырған инфекциялар бойынша эпидемиологиялық ахуал күрт нашарлап, жаңа дерт ошақтары қаптауы ықтимал.

Бұл қауіп негізсіз емес болып шықты.

"Мәселен, биылғы жылы Қазақстанда қызылша індетінің өршіп кеткені тіркелуде. Оны жұқтырудың 3 мыңнан астам дерегі анықталды. Бұл ретте қызылшаны Түркия, Египет, Өзбекстан, Қырғызстан және басқа елдерден келген адамдар таратқан. Елдегі індет шет елдерден келген 46 адамнан инфекцияның табылуынан басталды. Сырттан келуші шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың қандай екпе салғызғаны туралы деректер бізде жоқ. Олардан елге кірместен бұрын, уақытылы вакцинациялануды талап етуге құзырымыз да жоқ. Осының бәрі олардың Қазақстан азаматтарына ауру жұқтырып, инфекцияларды елге жаюына соқтырды", – деді комитет мамандары.

Олар тағы бір кілтипанға назар аудартты. Тізбеде бар жұқпалы ауруларға қарсы вакцинация жеке клиникаларда салынбайды. Жекеменшік медұйымдарға, жеке вакцинациялау орталықтарына Үкіметтің №612 қаулысымен бекітілген тізбеге кірмейтін, мысалы менингококк инфекциясы, желшешек сияқты инфекцияларға қарсы вакциналарды ғана ұсынуға рұқсат етілген.

Тиісінше, аса қауіпті 20 індеттің екпесі мемлекеттік емханаларда ғана қолжетімді. Ал емханалар заңға сәйкес, оларды тек Қазақстан азаматтарына салады. Ақылы түрде шетелдіктерге ексе, мұнысы заңсыз тірлік болады, құзырлы органдар қудалайды.

Сондықтан Денсаулық сақтау министрлігінің комитеті республикадағы эпидемиологиялық әл-ауқатты қамтамасыз ету, сонымен бірге аса қауіпті жұқпалы аурулардың елге енгізіліп, одан әрі таралуының алдын алу үшін заңнамаға түзету ұсынып отыр.

Оны Үкімет пен Парламент құптаса, онда "Қазақстан территориясында уақытша тұратын азаматтығы жоқ тұлғалар мен шетелдіктерге, сондай-ақ пана іздеген босқындарға  міндетті профилактикалық екпе егу" тәжірибесі өміге жолдама алады.

Ол үшін жатжұрттықтар қалтасынан шығын шығармайды. Оларды вакцинациялау тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне (ТМККК) жатқызылады. 

Бірақ бұл түзетуде де бір гәп бар: Денсаумині Қазақстанда тұруға келген релокант, мигрант, босқындарды тегіс егілуге міндеттемеуді ұсынды. Тек жұқпалы дерт тараған ауданда, инфекциялық, паразитарлық індет ошақтарында тұратындарын ғана міндеттемек.

Мұндайлар саны өте аз: министрліктің дерегінше, соңғы 3 жылда инфекция тарау ошақтарында тұрып жатқаны анықталған 75 шетелдік қана тіркелді. Комитет мамандарының түсіндіруінше, саны тым аз болғандықтан, қосымша шығын шығармай-ақ, оларды медұйымдардың қолында бар вакцина есебінен еге салуға болады. Бәрібір ол вакциналардың қолданыс мерзімі өтсе, босқа утилизацияланады.

Алайда аса қауіпті жұқпалы ауруы бар жатжұрттық бір өңірде таратып, ошақ туындатып, өзге өңірімізге тайып тұрса не болмақ? ДСМ бұл шектеуге лажсыздан барғанға ұқсайды. Егер "барлық шетелдік міндетті түрде вакцинациялансын" десе, оған бюджет қаржысы жетпеуі, Республикалық бюджеттік комиссия, Үкімет, Парламент "шығыны шамадан тыс көп норма" деп қабылдамауы мүмкін.

Салдарынан, ведомство "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау саласындағы нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін болдырмау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңының жобасына әлгіндей жартыкеш, шектеулі нормасын ғана енгізіпті.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлемге нәубет келгенін, біраз жыл көрсеткіштері төмендеген тырысқақтың биыл қатты өршіп, сырқаттанушылық пен өлім-жітімнің күрт өсуі байқалып отырғанын ескертті.

Жүйенің кемшіліктері кесірінен, Қазақстан бүкіл Орталық Азияда коронавирус пандемиясынан ең көп зардап шеккен мемлекетке айналып еді. Басымдықты дұрыс белгілей алмау, ұлт денсаулығына көңіл бөлмеу, қаржыдан қағу кесірінен  тағы ойсырап, опынып қалмаса, жөн.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу