Үкімет шенеуніктерді костюмнен ұлттық киім киюге көшіруден бас тартты

10651

Оның орнына мектеп оқушыларының формасына ұлттық киім элементтерін енгізу мәселесі пысықталады.

Үкімет шенеуніктерді костюмнен ұлттық киім киюге көшіруден бас тартты Фото: © Sputnik / Санат Имангалиев

Таяуда қоғам белсенділері ұлттық киімді ұлықтауға қатысты Үкіметке ұсыныспен шыққан болатын. Басты ұсыныстары келесідей. Біріншіден, жеке "Ұлттық киім күнін" бекіту. Үкіметтің арнайы қаулыларымен "Ұлттық домбыра күні" (шілденің бірінші жексенбісі), "Нан күні" (16 қазан), тіпті "Энергия үнемдеу күні" (11 қараша) ресми бекітілген, ендеше неге ұлттық киімге жеке мереке арнамасқа?

Екіншіден, барлық мемлекеттік қызметшілерді ұлттық киім киюге көшіру немесе қазақы элементтер бар бірыңғай форма үлгісін бекіту керек. Сонда шенділер халыққа шекеден қарамай, сұсты көрінбей, жылы шырайлы, ұлттың мүддеге жақындай түсуі де ғажап емес. Мұның мысалы да бар. 2017 жылдан бері судьялардың мантиясына қазақы элемент – жағасына ою-өрнек түсірілді. Жарасымды көрінеді.

Үшіншіден, ұлттық киім өндірісін қолдау керек. Масқара болғанда, Қазақстанға қазақтың шапанын, қамзолын, сәукелесін, бөрігі мен тақиясын және басқасын Қытайдан, Ресейден және Өзбекстаннан импорттап, тасу жолға қойылған. Елімізде мұның бәрін шағын тігін цехтары ғана өндіреді, көршілерде ірі фабрикалар жасайды. Бәсеке тең емес.

Өзге де ұсыныстар болды.

Мұндай ұсыныстарды "Қазақстан" телерадиокорпорациясы қолдап көрген болатын. Ол жыл басында "Ұлттық киім – ұлттық рухтың айнасы" ұранымен ел бойынша басталған "Ұлттық сезім" жобасы аясында ұлттық киімдердің сән-салтанатын көрсетуге, насихаттауға тырысты. Мысалы, жұмысына ұлттық киім киім баратын әкімдік қызметкерлерін, тіпті мектептердегі ұсақ іс-шараларға дейін дәріптеді.

Бірақ мұндай жобалар алысқа ұзамайды, көбіне "Наурыз" мейрамынан кейін тыйылады, тұрақты сипатта емес. Оның үстіне бірқатар қазақстандықтардың айтуынша, "ұлтшылдықтың көрінісі деп таниды" деп құзырлы органдардың қудалауынан қорқа ма, жұмыс берушілер қызметкерлерінің жұмыста қазақы киім киіп жүргенін құптамайды екен. Өзге ұлт өкілдерін "қымсындырмау үшін" қарапайым киімге көшуге табанды кеңес беретін көрінеді.

Таяуда бір топ мәжілісмен де ұлттық киімді ұлықтауға қатысты қоғамның ұсыныстарын жеткізіп, Үкіметке депутаттық сауал жолдаған еді. Алайда қазіргі кезде ол депсауал Мәжілістің сайтында жоқ.  

Осы орайда Үкіметтің шенеуніктерді ұлттық киім киюге көшіруден бас тартқаны анықталды. Өйткені Мемлекеттік қызмет істері агенттігі әдеп үшін мемқызметшілер костюм немесе іскерлік киім киіп жүргені жөн депті. Мұны Мәжіліс депутаттарына Үкімет басшысының орынбасары Тамара Дүйсенова жеткізді.

Ол "Мемлекеттік қызметшілер мен халыққа қызмет көрсететін орталық қызметкерлерінің киімдеріне қазақы айдентика элементтерін қосуға және мектеп оқушылары киетін ұлттық киімдер стандартын әзірлеуге қатысты" ұсыныстар Үкіметте қаралғанын жеткізді.

"Мемлекеттік қызметшінің қызметтік міндеттерді орындау кезіндегі сырт келбеті "Мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексінің" 7-тармағына сәйкес айқындалған. Мемлекеттік қызметші әрқашан кәсіпқойлықтың, жауапкершіліктің, тәртіп пен тәртіптіліктің үлгісі болуы қажет. Оның сыртқы түрі – осындай бейнені қалыптастырудың маңызды элементі. Осыған байланысты Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мемлекеттік қызметшілердің сыртқы түріне қойылатын талаптар көрсетілген стандарттарға және мемлекеттік орган қызметінің ерекшелігіне сәйкес белгіленуі қажет деп санайды", – деді Тамара Дүйсенова.

Жалпы, егер саяси ерік-жігер болғанда, мұны бір-ақ бұйрықпен не қаулымен өзгерте салуға болар еді. Бұйрықтан аттап баспайтын шенеуніктер сөзсіз көнеді.

Елімізде орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптар да оқу-ағарту министрінің бұйрығымен бекітілген. Мұнда да бүкіл мектептерді ұлттық киімге көшіруді бір құжатпен жүзеге асыруға болады.

"Өз кезегінде Оқу-ағарту министрлігі қолданыстағы бұйрыққа мектеп оқушылары киетін ұлттық киімдер стандарты бөлігінде өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қарастырады. Сонымен қатар, білім беру ұйымдарының педагогтері мен оқушыларының арасында ұлттық киім, ұлттық нақыштағы белгісі бар киім кию онсыз да трендке айналуда. Бұл үрдіс сынып сағаттарында, сыныптан тыс мәдени-көпшілік іс-шаралар мен кәсіби байқауларда, халықаралық түрлі жарыстарда жалғасады", – деді вице-премьер.

Дегенмен, мұнда да гәп бар. Оқу-ағарту министрлігі осындай қадамға барса, бұйрық жобасын және жаңа киім формасының үлгісін қоғамдық талқылауға шығаруға тиіс. Егер қоғамымыздың қазаққа көзі түзу емес және бой-басын көрші елге қарап түзейтін бөлігі бастамаға қарсы шықса, ол құжат та қабылданбайды. Реформа өтуі үшін жан-жақты түсіндіру науқаны жүруге, пиары мықты болуға тиіс. Мемлекет шын қаласа, тіпті Ата заңды да өзгерте береді.

Қалай болғанда, бұл мәселе де қашан шешілетіні белгісіз күйде қалып тұр.

Ал, "Ұлттық киім күні" жеке мерекесін белгілеу ше?

Үкімет одан да бас тартты. Үкімет қаулысымен бекітілген "Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндердің тізбесіне" ондай бөлек мереке енгізілмейді. Ұлттық киім тек "Наурыз мейрамы" аясындағы онкүндік құрамында атап өтіледі.

"Елімізде Наурыз мейрамы, Ұлттық домбыра күні, Қазақстан халқының бірлігі мерекесі атап өтіледі. Аталған мерекелерде қазақтың ұлттық киімдері кеңінен насихатталады. Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елімізде Наурыз мейрамын тойлаудың жаңа тұжырымдамасы бекітілді. Биылдан бастап төл мерекеміз 14–23 наурыз аралығында, "Наурызнама" онкүндігі форматында, оның әр күні белгілі бір тақырыпқа арналып тойлана бастады. Соның ішінде "18 наурыз – Ұлттық киім күні" деп шартты белгіленген. Осыған орай, ағымдағы жылдан бастап жыл сайын Наурызнама онкүндігі аясында "Ұлттық киім күні" мерекесі атап өтілетін болады", – деді Премьер-министрдің орынбасары Т.Дүйсенова.

Ол ұлттық киімді елімізде көбіне шағын тігін цехтары ғана тігетінін растады. Бірақ бұл өнімді шығарушыларды жеке демеу деген болмайды. Оларға жеңіл өнеркәсіпті мемлекеттік қолдау аясында жалпы көмек көрсетіледі.

Үкіметтің мәліметінше, 2024 жылғы наурыздағы жағдай бойынша елімізде жеңіл өнеркәсіп саласында 1 425 кәсіпорын жұмыс істейді. Соның 98%-ы – кішкентай кәсіпорындар.

"Ұлттық киімдерді көп жағдайда, дизайнына баса назар аударып, тұтынушыларға бағдарланған шағын цехтар шығарады. Бүгінде қазақстандық компаниялар ішкі нарық сұранысы көлемінің 7%-ын ғана өндіруде. 2023 жылдың қорытындысында, барлық бағытында отандық жеңіл өнеркәсіптің өндіріс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 12,2%-ға өсіп, 211,3 миллиард теңгені құрады. Тоқыма бұйымдары өндірісі 18,9%-ға, киім-кешек өндірісі 7%-ға өскен", – деді вице-премьер.

Оның айтуынша, бүгінде елімізде кәсіпкерлікті қолдау шаралары кәсіпкерлік бастамаға жәрдемдесу жөніндегі шараларды ұйымдастыру және қаржыландыру қағидаларымен реттеледі.

Қағидаға сәйкес, жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға гранттар беру қарастырылған. Олардың басым бөлігі тігін машиналарын, технологиялық жабдықтарды, еңбек құралдарын сатып алуға беріледі.

Сонымен қатар шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері үшін екінші деңгейдегі банктердің кредиттері бойынша сыйақы ставкасының бір бөлігін субсидиялау және кепілдік беру арқылы мемлекеттік қолдау бағдарламасы іске асырылады. "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры" АҚ арқылы іске асырылатын бұл субсидия аясында кәсіпкерге жылдық 8%, әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілеріне, батыс және оңтүстік өңірлердегі кәсіпкерлерге жылдық 7%-бен кредит беріледі. Бір кәсіпкерге 3 миллиард теңгеге дейін несие қарастырылған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу