Үкімет солтүстікке халықты топтап қоныстандыру саясатын қарастырып жатыр

3804

Бүгінге дейін 27 мың адам елдің оңтүстігінен солтүстігіне көшкен. Дегенмен, бірқатар мәселеге байланысты көш үрдісі кейінгі жылдары саябырлап барады, деп хабарлайды inbusiness.kz

Үкімет солтүстікке халықты топтап қоныстандыру саясатын қарастырып жатыр Фото: tengrinews.kz

Қазақстанның оңтүстігінен солтүстігіне халықты көшіріп, ішкі миграцияны реттеу саясатын ел билігі бірнеше жыл бойы жүргізіп келеді. Қазақстанның Тұңғыш Президенті тұсынан басталған бұл шаруа бүгін де жалғасып, қазіргі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та қоныс аудару процесін дамытуға мүдделілік танытқан. Міне, сондықтан 2020 жылдың 22 қазанында өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 4-отырысында Мемлекет басшысы дәл осы мәселені көтерген болатын.

"Мемлекет мигранттар үшін барынша қолайлы жағдай жасауға тиіс. Өңірде демографиялық өсу бойынша ең төмен көрсеткіш бар, алайда облыс өңірге қоныс аударушыларды тарту бойынша жақсы нәтижелер көрсетіп отыр. Өңірде қоныс аударушылар үшін жаңа тұрғын үйлер салынуда. Коммуналдық инфрақұрылым жүйесі дамуда, әлеуметтік маңызы бар нысандар салынуда. Көшіп-қонушыларды ынталандыру мақсатында қосымша шара ретінде жәрдемақы мөлшерін екі есе, яғни 35 АЕК - тен 70 АЕК-ке дейін арттыруды ұсынамын", – деген болатын Президент.

Бұл ретте Үкімет "Халықтың көші-қон туралы" заңына сәйкес Алматы, Жамбыл, Маңғыстау, Түркістан, Қызылорда облыстарын, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларын қоныс аударушылардың шығу өңірлері ретінде, ал Ақмола, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарын қоныс аударушыларды қабылдау өңірлері ретінде белгілегенін атап өту керек.

Қоныс аударушылар қалаған ауылына көше алмайды

Әйтсе де бағдарлама мінсіз іске асырылып жатыр деп айтуға тағы келмейді. Мәселен, бекітілген жоспарға сәйкес 2020 жылы солтүстіктегі өңірлер 1 832 отбасын қабылдауы керек болатын. Алайда жылдың қорытындысы бойынша осы өңірлерге 1 665 отбасы қоныстандырылған. Яғни бағдарлама былтыр 90,8%-ға орындалған.

Көш процесі барысында қоныс аударушылар мен жергілікті тұрғындар арасында әлеуметтік қайшылықтар да туындап жататыны құпия емес. Өткен айда ғана сондай шудың бірі Айыртау ауданында туындаған еді. Айыртау ауданының әкімі жұмыстан босаған кезде "Айыртау таңы" газетінің бас редакторы Бағлан Қожақов атты азаматтың әкім жайлы "Оңтүстіктің сүмелектері үшін зардап шекті" деген бір ғана сөзі (фейсбукқа жазған) қоғамның ашуын туғызған. Әлбетте, бас редактор бұл сөзі үшін кешірім сұрап жазба жариялады. Әйтсе де бір ауданның халыққа ықпал ете алатын ақпарат саласына жауапты маманының бұл пікірі біршама мәселеден хабар береді.

Қоныс аударушылардың өзекті проблемаларын таяуда ғана сенатор Әлімжан Құртаев бастаған бір топ сенатор көтерді. Олардың пайымдауынша, осы бағдарламаға қатысам деушілерге жергілікті атқарушы органдар тарапынан толыққанды жағдай жасалмай тұр. Бағдарламаның орындалу барысында азаматтар бірнеше қиындыққа тап болған. Атап айтқанда көшуге ниет білдірген отбасы қабылдау облыстарының барлық аудандары туралы толық ақпаратқа қол жеткізе алмайды. Соның салдарынан олардың таңдау мүмкіндігі шектеулі. Кейбір жергілікті органдар қоныс аударған отбасын өздерінің қалаған ауылына емес, әкімшілік таңдаған ауылға жіберіп жатыр.

Депутаттар сонымен қатар бұған дейін БАҚ-та жиі жазылған тағы бір мәселені, атап айтқанда тұрғын үй проблемасын да көтерген еді. Өкінішке қарай, солтүстік өңірлерде жаңа жеке тұрғын үйлерін шаруа қожалықтар салып жатыр. Тіпті сол үйлер ресми келісу процесстерін толық өтпестен салынып жатқаны тағы бар.

"Үйлердің сапасы сын көтермейді. Ал ескі үйлерді сатып алуға бөлінетін қаржы қысқартылып кеткен, тұрғын үй салынбаған елдімекендерге көшіп келушілерге үй сатып алуға ақша дер кезінде аударылмайды. Әкімшілік кедергілер туындап тұр. Кейбір облыстардағы жергілікті атқарушы органдар бағдарламаның жоспары орындалғаннан кейін артық отбасын қабылдау жұмыстарын тоқтатуда", - деген еді сенаторлар.

Расында да, мемлекет солтүстік өңірлерге халықты көшіріп қоныстандырдық дегенмен, солтүстіктен көшіп жатқандар да аз емес. Әсіресе көршілес Ресейге көшетіндер көп.

"Былайша айтқанда, демографиялық жағдайдытүзеп, солтүстіктегі өңірлер иен қалмауы үшін атқарылып жатқан бұл бағдарламаның орындалу барысын Үкімет жіті қадағалап отырмаса, жұмсалған қаржы ертең өзін ақтамай, текке кеткен шығынға айналуы әбден мүмкін. Еліміздің оңтүстік өңірлерінен жоғарыда атап өткен бағдарламада белгіленген аймақтарға ынталы азаматтардың көшуіне жағдай жасап, қоныстанған мекендерде сіңісіп кетуіне ықпалын тигізетін ұсыныстарды қабылдау керек", – дейді сенаторлар.

Үкімет жоспары қандай?

Үкіметтің сенаторларға берген жауабына сенсек, бағдарлама іске асырыла бастағаннан бері 27 мыңнан аса адам жұмыс күші тапшы өңірлерге көшкен. Қоныс аударушыларға мемлекеттік қолдау шараларын күшейту үшін алдағы уақытта бағдарлама Ұлттық жобаға өзгертілгелі тұр. Бұл жобада қоныс аударушыларды қолдау бойынша тұрғын үйді жалдауға (жалға алуға) субсидиялар төлеу құралдары сақталады. Қоныс аударушылар өз бетінше қабылдайтын және жұмысқа орналастыратын жұмыс берушілерді қолдау бойынша шаралар күшейтілмек. Аталған тетіктің тиімділігін арттыру мақсатында көшуге субсидиялар мөлшері отбасының әрбір мүшесіне 35 АЕК-тен 70 АЕК-ке дейін арттырылған. Сонымен қатар, қоныс аударушыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін сатып алынған үйлердің сапасы бойынша көшпелі мониторингтер ұйымдастырылған. Мониторинг нәтижелері негізінде тұрғын үйлердің сапасы бойынша кемшіліктер анықталып, жергілікті атқарушы органдарға тиісті нұсқаулар мен тапсырмалар берілген.

"Қоныс аударудың мүмкіндіктері туралы азаматтардың ақпараттануын кеңейту мақсатында биыл Электрондық еңбек биржасы базасында Бірыңғай ақпараттық ресурс әзірленіп, 9 сәуірден бастап іске қосылған. Ақпараттық ресурс жұмыс күші көп өңірлерден жұмыс күші тапшы өңірлерге қоныс аударушыларға арналған мемлекеттік қолдау шаралары туралы өзекті ақпаратты ұсынады. Үміткерге онлайн форматта қоныс аударуға алдын ала өтінім беру мүмкіндігі көзделген функционал іске асырылған. Қоныс аударушылардың мемлекет тарапынан қолдау шаралары туралы ақпараттандыру үшін ақпараттық жүйені жетілдіру бойынша жұмыс жалғасуда. Сондай-ақ жіберуші және қабылдаушы өңірлерде арнайы Call-орталық жұмысын ұйымдастыру бойынша жергілікті атқарушы органдарға тиісті тапсырма берілді", – дейді сенаторларға берген жауабында Үкімет басшысының орынбасары Ералы Лұқпанов.

Сондай-ақ, қоныс аударушыларда екінші деңгейдегі банктерде несиесі болған жағдайда 6 айдан 1 жылға дейін каникул беру мәселесін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі заңнамада белгіленген тәртіппен пысықтап жатқан көрінеді. Бұл ретте заңға, сәйкес банктер мен олардың клиенттері арасындағы қатынастар, егер басқа заңдарда өзгеше көзделмесе, шарттар негізінде жүзеге асырылады. Банк туралы заңның 34-бабына сәйкес, ішкі кредиттік саясат туралы қағидалар банктік қарыз операцияларын жүзеге асыру кезінде тәуекелді төмендету мақсатында жасалады. Жеке және заңды тұлғаларға кредиттер беру шарттарын, кредит беру туралы өтініштерді қараудың, кредит беру (беруден бас тарту) туралы шешім қабылдаудың, кредит беру шарттарын өзгертудің шекті мерзімдерін айқындайды.

"Этникааралық қарым-қатынастар саласында мемлекеттік саясатты жетілдіру жөніндегі жол картасын әзірлеу бойынша жұмыс жүргізілуде. Онда қоныс аударушыларды жаңа тұрғылықты жерінде тұрақтап қалуы бойынша шараларды іске асыру үшін солтүстік өңірлерде "Қоныс аударушылар мен қандастарды қабылдаудың бейімдеу және интеграциялау орталығын" құру бойынша іс-шаралар көзделген. Павлодар облысының тәжірибесін басқа өңірлерге тарату және бір елді мекенде тұратын қоныс аударушыларды топтап қоныс аударуды ұйымдастыру туралы ұсыныстар мемлекеттік ынталандыру шараларын жетілдіру барысында қарастырылады", – дейді Ералы Лұқпанов.

Аян Бекенұлы


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу