Үкімет ұлттық мәселеде үндемей, майда-шүйдені көріп қалады – "Зерде" холдингінің басшысы

3059

Мемлекет басшысының сынынан кейін "Зерде" инфокоммуникация холдингі жабылатыны мәлім болды. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мұндай жаңалықты фейсбук желісінде де жазды. 

Үкімет ұлттық мәселеде үндемей, майда-шүйдені көріп қалады – "Зерде" холдингінің басшысы

Бұл жаңалықты аталмыш холдингтің басшысы Арман Әбдірасылов көппен бірге фейсбуктен естігенін айтады.

Толығырақ Atameken business телеарнасына берген сұхбатында айтты. Inbusiness.kz порталы сұхбатты ықшамдап ұсынады.

– Әуелі айтыңызшы, сіз екі жыл бұрын осы қызметке келдіңіз, бүгінге дейін не істедіңіздер?

– Осы жұмысқа келгенде үлкен трансформация жүргіземіз деп бірден келістік. Өйткені таныса бастаған бір-екі айдың ішінде асып жатқан ұрлық, трайбализмді байқадық. Үкіметтік компания болған соң келген адамдар оған қызыққан. Біз келгелі 77 басшы қызметкер қысқартылды. Бұл дегеніміз жұмысшылардың жалақысына жеңілдік болды деген сөз. Жалдаған машиналары қымбат екен. Жеке компаниялардан жалдапты. Отырған офисіміз туысқандарына қатысты болды. Одан екі есе арзан офиске көштік. Көптеген оңтайландыру жұмысын жүргіздік. Енді бас көтере бастағанымызда осындай жаңалықты көпшілікпен бірге фейсбуктен естідім. Алдын ала ешкім айтпады. Бітпей қалған бір-екі жобамыз бар еді. Бірақ жұмыс болған соң ондай болады. 

– Жабылуына не себеп деп ойлайсыз?

– Шынын айтқанда неге жабылғанын түсінбедім. Өйткені Зердені қысқарта отырып, басқа квазимемлекеттік орган құрып жатыр. Сондықтан мұны адам қысқарту дей алмаймыз. 

– Сөзіңіз аузыңызда, министрдің айтуынша, 700 млн теңге шығын азайтылады екен.

– Бұл дәлелденген сан емес. Аспаннан алынған сан. (…). 

– Есеп комитетімен арада дау болған еді. Мүмкін сол себеп шығар?

– Мүмкін… Бірақ екі жақты көзқарасымыз келіспегендіктен, Есеп комитеті біреудің қолындағы саяси құрал болып қалған секілді. Есеп комитетінде бізден басқа да мәселе толып жатыр. ЛРТ-ға трлн-даған ақша көшіп жатыр, оған қарамай, біздің 3,5 млн теңгеге көз тіккендері, мәселенің Президентке дейін жеткені, жалпы осындай принципиалды жағдай болып жатқаны түсініксіз. Оған қоса жетіспеушілікті жойып, әлгі 3,5 млн-ды мемлекетке қайтарып, қателер тізімінен сызып тастағанбыз. Сонда да БАҚ арқылы резонанс туғызуы түсініксіз. Үкіметтік аппаратқа таңғалып отырмын, ұлттық мәселе болғанда көтермейді, майда-шүйдені көрсетіп қалады.

– Бұл жаңалықты елден бұрын естімегеніңіз таңғалдырады. Бәлкім, министрмен арада келіспеушілік болған шығар?

– Жеке келіспеушілігіміз жоқ. Кәсіпкер ретінде, ІТ маманы ретінде де бір-бірімізді сыйлаймыз. Әрине, бір салада әртүрлі көзқарас болады. Цифрландыру саласында кейбір жағдайда көзқарасымыз сәйкеспейді. Өйткені менің ойымша, қазіргі жұмыстар дұрыс емес секілді. Мысалы, стратегиялық көзқарас жоқ. Қазіргі стратегиялық мақсат бойынша, алдағы бес жылда 100 мың маман дайындауымыз керек. Бұл деген кеңес кезеңіндегі ұран секілді. Арғы жағында жоспар болуы керек қой. ІТ деген үлкен сала. Маркетолог, киберқауіпсіздік маманы дегендей 50-ден астам мамандық бар. Жалпы қазіргі қарқынмен-ақ бес жылда жүз мың маман дайындалады. Бұл жерде жүз мың маман дайындаймыз дегені жаңағының сыртында ма, әлде сол ма? Егер сол болса, онда ештеңе істемей отыра берсек те болады. Оған қоса 500 млн доллар экспорт істейміз дейді. Ол ІТ-дың қай секторы? Дайын өнім бе? Қаржы секторы ма? Адамдарды сыртқа шығарамыз ба? Big data ма? Жалпы Бағдат мырза көптен бері мемлекеттік қызметте. Ал мен нарықтан келдім. Үлкен өзгерістерді қалаймын. Қазіргі қарқынмен "Жаңа Қазақстанға" жете алмайтын сияқтымыз. (…). Менің ойымша, біздің экономиканың 30%-ы жемқорлық. Жемқорлықты, цифрлық мүмкіндіктерімізді пайдаланып, оңай табуға болады. Сондықтан алдағы бес жылда екі есе қарқынмен дамуға, Сингапурдың жолына түсуге болады. 

– Зерде холдингінің жабылуын қалай бағалайсыз?

– Ескі Қазақстанның "Жаңа Қазақстанды" жеңуі деп ойлаймын. Осы мәселеде артқа кеттік.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу