Үкімет жаңа девальвацияға дайындалып жатыр ма?

3719

Депозитінің мерзімі аяқталған халықтың өтемақы алуына қатысты талаптар анықталды.

Үкімет жаңа девальвацияға дайындалып жатыр ма?

Биылғы ақпан айында Үкімет пен Ұлттық банк азаматтардың салымдарын құтқаруға шара қабылдайтынын жариялады. Себебі Батыс әлемі Ресейге қарсы үсті-үстіне санкциялар топтамаларын енгізіп жатты. Ақырында, 9 наурызда Қазақстандық қор биржасында (KASE) 1 доллардың құны 510 теңгеден асты.  

Қазақстанның билігі теңгедегі салымдарды қорғау бағдарламасы қабылданатынын жариялады. Яғни, банктерде жатқан теңгедегі жинақтарын келесі жылға дейін алмайтын азаматтарға 10% көлемінде өтемақы берілмек.

"Алдын ала бағалау бойынша салымшыларға төленетін өтемақының жалпы шығысы шамамен 550 миллиард теңгені құрайды. Бұл шығыс бюджеттен жұмсалады және банктерге жүктеме түсірмейді, олардың қаржылық тұрақтылығына нұқсан келтірмейді", – деп түсіндірді Ұлттық банк.

Ол бағдарламаның шарттары арнайы нормативтік құқықтық актіде егжей-тегжейлі жазылатынын хабарлады.

Содан кейін Ресей өзінде доллар мен еуроның қолданысын күрт шектеді, рублді қорғауға бағытталған қуатты шараларды қабылдады. Бұл теңгенің де нығаюына ықпал етті. Мысалы, 25 наурызда бағам 494 теңгеге төмендеді. 25 сәуірде – 448 теңгеге, 25 мамырда – 414 теңгеге дейін құлдырады. Осыдан кейін 10 пайыздық өтемақы жасау өзекті болмай қалғандай болды.

Дегенмен Қаржы министрлігі 8 маусымда "Жеке тұлғалардың ұлттық валютада (теңгемен) орналастырылған депозиттері бойынша өтемақы (сыйлықақы) төлеу қағидаларын бекіту туралы" Үкімет қаулысының жобасын қоғамдық талқылауға шығарды. Қаржы ведомствосы құжаттың жобасы коммерциялық банктермен талқыланғанын және Үкіметтің құптауы мен бекітуіне жолданғанын мәлім етті.

Бұл күні доллар бағамы KASE алаңында 433 теңгені құрады.

"Валюта бағамы тұрақтанса, өтемақы жасаудың қандай қажеті бар?", – деген сауал қойды журналистер. Құжатты әзірлеушілер тым-тырыс қалды. Артынша министрлік ол қағидаларды пысықтау үшін кері қайтарып алды.

Отандық экономистердің байламынша, осыдан-ақ Үкіметтің доллардың бағамын құрықтап ұстамай, девальвацияға жол ашатыны байқалған.

Мысалы, Ұлттық банктің Монетарлық операциялар департаменті директорының орынбасары Иван Сердюктің мәліметінше, мемлекет бюджетке трансферттерді жүзеге асыру үшін Ұлттық қордан алынған шетел валютасын үлкен көлемде сатып жатыр. Маусым айының басынан бері жарты миллиардқа жуық – 408 млн долларды сатып, теңге түрінде бюджетке құйыпты. Теңгенің нығаюына сол да көмектесе алмады. Бүгінде доллар құны 500 теңге белесіне беттеп бара жатқандай.

Қазір Қаржы министрлігі өтемақы төлеу қағидаларын қайтадан қоғамдық талқылауға шығарып отыр. Талқы 7 шілдеге дейін жалғасады.

Бағдарламаның мақсаты көп әрі жан-жақты. Ұлттық валютаға сенген қазақстандық салымшыларды қолдау, теңгедегі депозиттердің тартымдылығын арттыру, бағамдық ауытқулардың теріс әсерін төмендету, банк секторын қорландыру және қаржылық жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз ету, тіпті долларландырудың өсуін тежеу.

Айта кету керек, наурыз-мамыр аралығында доллар бағамының күрт құлдырауы қазақстандықтардың үлкн бөлігін қолындағы АҚШ валютасынан арылуға итермеледі.

Ұлттық банктің дерегінше, банктердегі депозиттердің көлемі бір айда 2,2%-ға азайып, 2022 жылғы сәуірдің соңында 25 триллион 877,6 млрд теңгені құрады. Оның көбісін – 13 трлн 228,7 млрд теңгесін квазимемлекеттік ұйымдардың, бизнестің жинақтары құрады. Заңды тұлғалардың депозиттері бір айда 2,2%-ға азайды.

Жеке тұлғалардың депозиттері 12 трлн 649 млрд теңге болды, 2,2%-ға ғана кеміді. Яғни халық қаражатын тек ресейлік банктерден ғана жаппай әкетті. Бірақ оны қазақстандық банктерге апарып салған.

Бұл ретте ұлттық валютадағы депозиттердің көлемі сәуірде 16 трлн 772,9 млрд теңгеге дейін – 0,4%-ға ұлғайды. Ал шетел валютасындағы салымдар 9 трлн 104,7 млрд теңгеге дейін – бірден 6,7%-ға қысқарды. Долларлану деңгейі 2022 жылғы сәуірдің соңында 35,2%-ға азайды. Салыстырсақ, 2021 жылғы желтоқсанда – 36% болған.

Әрине, осы 16,7 триллион теңгенің бәріне компенсация ұсынылматыны мәлім.

Біріншіден, өтемақы талап етілгенге дейінгі депозиттерге, шартты депозиттерге және ағымдағы банктік шоттарға төленбейді.

Екіншіден, өтемақы 2022 жылғы 23 ақпанның соңындағы жағдай бойынша банктерде жатқан және 2023 жылғы 24 ақпанға дейін шешіп алынбаған депозиттерге беріледі.

Үшіншіден, әрбір азаматтың қатысушы әрбір банктегі 20 млн теңгеге дейінгі жинағына ұсынылады.

Жалпы сарапшылар құжатты сынап жүр.

"Үкімет пен Ұлттық банк неге дәл 23 ақпанды басшылыққа алғанын түсіндірмеді. Құжатта: салымшылардың 2022 жылғы 23 ақпандағы операциялық күннің соңындағы жағдай бойынша қолданыста болған өтелетін депозиттеріне төленетіні жазылған. Неге девальвация басталған 1 наурызды межеге алмаған? Соған қарағанда Ресейдің Украинаға қарсы соғысының басталған күнін басшылыққа алып отырғанға ұқсайды. Мұнысы енді тым оғаш. Біздің билікте кімдер отыр деген сауал туады", – дейді кәсіпкер Василий Землянский.

Мәдина Қасқырбаева теңгедегі депозитіне 10 пайыздық өтемақы ала алмай қаламын ба деп қауіптенеді.  

"Менің Халық банкіндегі салымымның мерзімі 5 сәуірде аяқталды. Банк оның мерзімін ұзартудан бас тартты. Оның орнына жаңа депозит ашу қажеттігін айтты. Ескі келісімнің қолданыс мерзімі аяқталған соң салымым есептік шотқа түсуі қажет еді. Содан кейін ғана жаңа депозитке аудара аламын. Үш күн ішінде түспегендіктен банкке хабарлассам, олар ақшамның жабық шотқа түскенін, жаңа депозит ашу үшін банк бөлімшесіне баруым керектігін жеткізді. Банк менеджері ақшамды ашық шотқа аударып, сол арқылы жаңа депозит ашып берді. Қазір банктегілер депозитім өтемақы бағдарламасының шарттарына сәйкес келмейтінін хабарлап отыр. Өйткені жаңа депозит 0,32 тиынға артық болып шыққан. Мен ақшаны банктен әкеткен жоқпын ғой, мұнысы әділетсіздік болмақ", – дейді Мәдина.

Жаңарған қағидаларда мерзімі аяқталған жинақтар мәселесі ішінара ескеріліп отыр.

"Өтемақы келесі депозиттер бойынша жүзеге асырылады. Өтелетін депозиттің мерзімі аяқталмаған, сондай-ақ кемінде 2023 жылғы 23 ақпанды қоса алғанға дейінгі мерзімге бір немесе бірнеше рет ұзартылған. Депозитті толық алып қою жүзеге асырылмаған, оның ішінде банктік салым шарты мерзімінен бұрын тоқтатылмаған. Егер өтелетін депозиттің мерзімі аяқталса және ұзартылмаса, 2022 жылғы 24 ақпаннан бастап 2022 жылғы 1 тамыз аралығын қоса алғандағы кезеңде салымшының келісімімен ақшаны мұндай депозиттен дәл сол қатысушы банктегі жаңа өтелетін депозитке немесе депозиттерге аударуға рұқсат етіледі. Бірақ бұл аударым жинақ шотынан, "жеке тұлғалардың талап етілгенге дейінгі салымдары" шотынан не 2022 жылғы 23 ақпандағы операциялық күннің соңында қолданыста болған өтелетін депозитке байланған клиенттің ағымдағы шотынан жүзеге асырылуы шарт", – делінген қағидалар жобасында.

Қағидалар жобасындағы тағы бір тұсы дау тудырады.

"Өтемақыны төлеу өз келісімін растаған, 2022 жылғы 1 қазаннан кешіктірмей өтініш жазған депозиторларға, салымшыларға жүзеге асырылады. Салымшының келісімі туралы өтініш беру тәртібі мен тәсілін қатысушы банк осы қағидаларға сәйкес айқындайды", – делінген құжатта.

Пікір білдірген азамат Ерлан Маханов айналдырған 10 пайыздық өтемақыны алу шектен тыс бюрократияландырылғанына назар аудартты. Ол өтініш жазу туралы талапты алып тастап, өтемақыны банктердің талапқа сәйкес келетін барлық салымшыға автоматты түрде есептеуін және аударуын енгізуді ұсынды. Оның байламынша, бұл банктерде шектен тыс дүрбелеңнің, басыартық әлеуметтік шиеленістің туындауының алдын алады.

Қисыны бар ұсыныс. Демек Қаржы министрлігі шикі құжатын кері қайтарып алып, пысықтап шықса, жөн.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу