Үкімет зиянды жұмыс істейтіндерге құрма таратуды бекітпек

2246

Полифенолдың емдік қасиеттеріне ғалымдар қанық. Енді бұл мемлекеттік деңгейде мойындалып отыр. 

Үкімет зиянды жұмыс істейтіндерге құрма таратуды бекітпек Фото: pixabay.com

Аса ауыр, зиянды жұмыс істейтіндерге жұмыс берушілердің сүт беруге тиістігін қазақстандықтар бұрыннан жақсы біледі. Шынында, тізім тек ақпен шектелмейді.

Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 28 желтоқсандағы "Жұмыскерлерге сүт немесе оған теңестірілген тамақ өнімдерін және (немесе) диеталық (емдік және профилактикалық) тамақтануға арналған арнайы өнімдер беру нормаларын бекіту туралы" №1056 бұйрығымен "№1 рацион" бекітілген.

Оған сәйкес, аталған санаттағы жұмысшылардың асханада жейтін асының мәзіріне келесілер қосылуға тиіс: қара бидай наны, қаймақ, ірімшік, сары май, жармалар, макарондар, бұршақ, картоп, қант, қырыққабат, ет, бауыр, көкөністер мен жаңа піскен жемістер, балық, томат-пюре, жұмыртқа, айран, сүт, сүзбе, шай, мүкжидек (клюква) немесе лимон сияқты өнімдер кіреді.

"№2 рационға" да осылар жатады. Тек бұған қосымша:

  • фтор қоспаларымен жұмыс істегенде – 2 миллиграмм ретинол, 150 миллиграмм аскорбин қышқылы;
  • сілтілік металдармен, хлор және оның бейорганикалық қоспаларымен және азот тотықтарымен жұмыс істегенде – 2 мг. ретинол, 100 мг. аскорбин қышқылы;
  • фосгенмен жұмыс істегенде – 100 мг. аскорбин қышқылы беріледі.

№3 рационда жоғарыдағы ас сыртында 150 мг. аскорбин қышқылы, 2 г. пектин не 300 миллилитрлік жұмсағы бар шырын ұсынылуы шарт.

№4 рацион қосымша 150 мг. аскорбин қышқылынан; мышьяк, фосфор, сынап пен теллурдың қоспаларымен жұмыс істейтіндерге – 4 мг. тиаминнен тұрады.

№5 рационға қосымша 150 мг. аскорбин қышқылы, 4 мг. тиамин кіреді.

Басшысы ауысқан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі осы рациондардағы тамақтар тізімін шамалы өзгертуге ниетті. Атап айтқанда, соңғыларын, яғни мүкжидек пен лимонды алып тастамақ.

Оның орнына барлық рационда "200–400 миллиграмм стандартталған полифенол концентратын" қосу жоспарланып отыр.

"Стандартталған полифенол концентраты – экзогендік ластаушы заттар мен өнеркәсіптік зияндылықтардың уыттылығына қарсы тұратын әсері бар өнімдер, препараттар мен субстанциялардың қолданыстағы нұсқасында бар жалғыз субстанция болып табылады. Полифенолдар цитопротекторлық қасиеттерге ие, яғни жасуша-клеткаларды сыртқы зақымданудан қорғайды. Осының арқасында олар жұмыскерлерде кәсіптік патологияның дамуына жол бермейді немесе кәсіптік аурулардың ауыр түрлерінің дамуы қаупін азайтады", – деп түсіндірді Еңбек министрлігі.

Ғалымдар полифенолдардың пайдасын айтқанда, ауыздарына суы құрып, тамсанады. Саламатты тамақтану саласындағы мамандар да оларды мадақтап, дифирамбы айтады. Өз кезегінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жер бетіндегі әрбір адам мүмкіндігіне қарай дәл осы жеміс, жидек, көкөністердің 5 порциясын күн сайын жеуі керектігін еске салудан жалықпай келеді.

Ал адамдардың көбі оларды семіздіктен арылып, арықтағысы келетіндер ғана ас етеді деп санауын қояр емес.

Ғалымдардың түсіндіруінше, олардың шынында да калориясы төмен. Әрі құрамы толған витаминдер, минералдар, органикалық қышқылдар, ұлпа-клетчатка...

Бірақ полифенолды жемістердің басты пайдасы – басқада. Полифенолдар – бірінші кезекте өсімдіктерге тән күрделі қосылыстар. Ол өсімдіктерді залалды ультрафиолеттің ықпалынан қорғайды. Зеңнен, уақ саңырауқұлақ сияқты зиянкес микроағзалардан, көк-плесеньнен қорғайды. Зиянды жәндіктерді үркітеді. Өсімдіктердің түрлі дерттерге төзімділігіне жауап береді.

Осы саланы біраздан зерттеп келе жатқан қазақстандық ғалым, профессор Жастілек Мағажановтың айтуынша, табиғат миллиардтаған жыл бойы кемеліне келтіре жетілдірген осы механизм арқасында өсімдіктер ешқандай панасыз, күтімсіз, түрлі күрделі климаттарда өзін-өзі қорғап, өркен жаяды.

Ғажайып мұнымен бітпейді. Полифенолдар өсімдікпен бірге адамның денесіне енген соң өзіне жүктелген міндетті одан ары атқара береді. Енді адам ағзаларындағы түрлі патогендермен күреседі, иммунитетін күшейтеді.

Көптеген зерттеулер көрсеткендей, флавоноидтардың пайдасы орасан зор: олар қан қысымын қалпына келтіреді, артериялар мен қан тамырларын жақсартады, капиллярлардың жарылғыштығын азайтады, жүрек соғысын ретке келтіреді. "Нашар холестерин" көрсеткішін төмендетеді. Тромбоциттердің қордалануының және тромбтардың пайда болуының алдын алуға ықпал етеді.

Денедегі қабыну реакцияларын басады. Биофлавоноидтар қатерлі ісік клеткаларының туындауының және таралуының процестерін тежейтіні де дәлелденіпті.

Сондықтан да сарапшылар өсімдік полифенолын "ұзақ өмір сүрудің эликсирі" деп те атап жүр.

Бірінші топтағы полифенолдар, яғни флавоноидтар келесі өнімдерде көп:

  • Құрма;
  • Қара жүзім, одан жасалған шырындар, концентраттар;
  • Қаражидек (черника), шырғанақ (облепиха), қарақат, қара бүлдірген (ежевика), құлпынай, шие;
  • жасыл шай;
  • Цитрустардың қабығы;
  • Қара шоколад;
  • Брокколи, шпинат;
  • Қызыл жуа, өткір сары бұрыш;
  • Соя бұршақтары;
  • Бадам (миндаль);
  • Қызанақ (томат), баклажан.

Сонымен қатар профессор Ж.Мағажанов сияқты отандық ғалымдар, Өңдеу және тамақ өнеркәсібінің қазақ ғылыми зерттеу институтының мамандары қара қарақат, таңқурай және басқа жемістерден полифенол концентраттарын алудың тәсілдерін тапты. Осының арқасында олардан отандық биологиялық белсенді заттар (БАД) жасауға мүмкіндік мол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу