Үкіметтің банктерге "жаңажылдық" сыйлығы депутаттарға ұнамады

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
6234

Мемлекеттік жаңа тұрғын үй бағдарламасы жеке сектордың ұсынысына бәсекелес бола алмай отыр.

Үкіметтің банктерге "жаңажылдық" сыйлығы депутаттарға ұнамады

Мұны енді жауапты шенеуніктер де, парламенттегілер де жоққа шығармайды.

Инвестициялар және даму министрлігінің құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары Бейбіт Шаханов мемлекеттік бағдарлама аясында тұрғызылған тұрғын үйлердің не себепті өңірлерде қымбат тұратынын түсіндірді.

"Кейіннен сатып алу құқығымен берілетін арендалық тұрғын үйлерді "Қазақстандық ипотекалық компания" мен "Байтерек Девелопмент" салуға кірісті. Неге оның бағасы сонша (қымбат) тұрады? Өйткені оларға қаражат ұлттық қордан қарызға беріледі және қайтарыммен қайтарылуға тиісті. Баспананың шаршы метрінің құны да осы мақсаттан туындайды", – деді комитет төрағасының орынбасары.  

Мәжіліс депутаты Сергей Симонов үкімет нарықпен санаса отырып, "Нұрлы жер" бағдарламасын ұдайы түзетуі керек деп санайды. Депутаттардың айтуынша, өмір тез жаңғырады. Үкімет те тиісінше, жаңа мен тиімдіні ескергені жөн. Тек сонда ғана ол өміршең болып, жұмыс жасайды. Олай болмаса, "бағдарламаның өзі идея ретінде тамаша болуы мүмкін, ал жүзеге асуы әрдайым ескі проблемаларға маңдайын соғумен болады".

"Мемлекет қазір тұрғын үй нарығының бір ойыншысына айналып кетті. Өйткені жаңа бағдарлама аясында ол тек аз қамтылғандарды, не әкімдікте кезекте тұрғандарды ғана баспанамен қамтумен шектелмейді. Ол ҚИК пен "Байтерек Девелопмент" арқылы арендалық, коммерциялық тұрғын үй сатуға кірісті. Бұл ретте мемлекет баспана бағасын нақты бекітеді. Бірақ оның бағасы өңірлерде жергілікті нарықтағыдан әлдеқайда жоғары, қымбат болып шығады. Нәтижесінде, бізде, өңірлерде тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша үлкен толқын жүрді. Себебі, ол баға көптеген жеке құрылыс компаниялары үшін тиімді болып отыр", – деді Сергей Симонов.

Оның айтуынша, өңірлерде салушылар өздері тұрғызған тұрғын үйді халыққа сата алмаған кез болды.

"Соның салдарынан олар шаршы метр құнын 120-127 мың теңгеге дейін түсірді. Ал енді оларға бас қатырмай-ақ, сол баспаналарын мына бағдарлама аясында 155 мың теңгеге дейін сатудың жақсы мүмкіндігі ұсынылып отыр. Оның үстіне ақша да бірден беріледі. Сол себепті де былтыр іске қосылған шаршы метрлер көлемінің күрт артуы тіркелді", – деді депутат.       

Ол сонымен бірге, жаңа тұрғын үй бағдарламасын құрылыс материалдарымен жеткілікті түрде қамтамасыз ету мәселесі шешілмегеніне назар аудартады. 

"Баспананы жаппай қолданысқа берілгенде, құрылыс материалдары да орасан зор көлемде қажет етіледі. Осындай бір-екі жылға ғана есептелген дүрбелең кесірінен кейбір өңірлерде құрылыс материалдарына жасанды түрде тым жоғары сұраныс туындады. Салдарынан, олардың, атап айтқанда, кірпіштің, цементтің және басқа да материалдардың бағасы екі есеге қымбаттап кетті. Ең сорақысы сол, осы материалдарды өндіретін кәсіпорындар алдында кезек пайда болды. Содан мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асырылуын жарға жықпау үшін жергілікті әкімдіктер жекеменшік бизнестің аумағы болып табылатын зауыттарға кіріп алып, оларда өндірілетін құрылыс материалдарының кімге қанша көлемде берілетінін белгілей бастады. Бұл дұрыс емес қой. Біз нарықтық экономикада өмір сүріп жатырмыз", – деп қайран қалады Сергей Симонов. 

Өз кезегінде инвестициялар және даму министрлігінің салалық комитеті төрағасының орынбасары Бейбіт Шаханов "Нұрлы жер" бағдарламасының кейбір тұстарын өзгерткендерін айтады. 

"Бұл халықтың аталған бағдарламаға кеңірек қатыса алуы үшін қажет. Нақтырақ айтсақ, "бастапқы баспана" ұғымы қайта нақтыланды. Әйтпесе, әу баста осы бағдарлама қабылданғанда, біз "бастапқы баспана" деп, құрылыс компаниясы жаңа ғана іске қосқан тұрғын үйді тануымыз керек деп ойлағанбыз. Алайда нарықта басқа да тәсілдер бар екен. Мысалы, ірі компанияларда, айталық, "Би-ай холдингте" тұрғын үйді "Би-ай констракшн" салады, бірақ оны "Би-ай-сейл" немесе "Би-ай девелопмент" сатады. Сондықтан біз осы баспана да сатылуы үшін "бастапқы баспана" ұғымын нақтыладық. Осылайша, ипотекашыға да, банкке де көбірек мүмкіндік береміз", – деді ол.  

Енгізілген өзгерістер бойынша "бастапқы баспана" ұғымы кеңейтіліп, оған "салушы атынан басқа заңды тұлғалар сататын тұрғын үйлер" де жатқызылып отыр.

Бұдан өзге, енді "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында 10 пайыздық мөлшерлеме бойынша жеңілдікті ипотека алатын адам 30%-дық алғашқы жарна ретінде ақша орнына өзіне немесе үшінші тұлғаға тиесілі басқа жылжымайтын мүліктегі үлесті де кепілге қоя алады. Сондай-ақ, бұдан былай "алғашқы жарна" ретінде құрылыс компаниясына енгізілген алдын ала төлем де есептелетін болады. 

Тағы бір өзгеріс әзірге пысықталуда және ол банктерді қолдауға бағытталмақ.

"Банктер "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында жеңілдікті несиелендіруге аса құлықты болмай отыр. Себебі, 2016 жылы қолданыстағы банктік заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бұл жаңа түзетулер ипотекашылардың мүдделерін көбірек қорғайды. Нәтижесінде қазіргі кезде егер ипотека алушы өтеу мерзімін өткізіп алып, ол бойынша төлем төлеуді алты айдан кешіктірсе, банктер оған үстемеақы есептей алмайды, басқа да айыппұлдар жазуға да құқығы жоқ. Екіншіден, бүгінде сот тәжірибесі бойынша несие алушының жалғыз баспанасын банк тартып ала алмайды. Үшіншіден, өтеу тәртібі өзгерді: оған сәйкес, алдымен ипотекашының негізгі қарызы өтеледі. Тек содан кейін ғана банк қосқан пайыздарды өндіруге жол ашылады. Осы факторлар кесірінен қазір банктер ипотека беруден бойларын аулақ салуда", – дейді Бейбіт Шаханов.

Үкімет бұл мәселені заңнама аясында шешу жолдарын қарастыруда екен.

Инвестициялар және даму министрлігінің мәліметінше, "Нұрлы жер" бойынша әзірге тек төрт коммерциялық банк – "ЦентрКредит банкі", "АТФ банкі", "Сбербанк", "ВТБ" және мемлекеттік "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" ғана 10 пайыздық жеңілдікті ипотека беруде.   

"Осы орайда біз ипотека беруге деген банктердің қызығушылығын арттыру және қолдау үшін 23 қазанда мәселені үкімет жанындағы экономиканы жаңғырту жөніндегі мемлекеттік комиссияның қарауына шығардық. Ол ұсыныс бойынша "Қазақстандық ипотекалық компания" (ҚИК) нарықтан 50 миллиард теңге қаражат тартады да, банктердің ипотека бойынша талап ету құқықтарын сатып алу жолымен оларды қорландырады. Осы арқылы банктерде қаражат пайда болады. Яғни, банктер енді өз қаражаттарын тәуекелге тікпейді, себебі, олардың қолданыстағы ипотекасын ҚИК сатып алады. Міне, осы жағдайда екінші деңгейлі банктер халыққа үлкен ынта-ықыласпен, қуана-қуана ипотека беретін болады. Біз осындай шаралар қабылдап жатырмыз", – деді Бейбіт Шаханов.

Бұл хабарды ести салысымен, депутаттар оған өре қарсы шықты. Парламентшілердің мәліметінше, оңды-солды қарыз таратып, тіпті өз акционер-қожайындарына еш кепілсіз несие берген банктерді банкроттықтан құтқару үшін ел үкіметі болашақ ұрпаққа арналған ұлттық қордан тек кейінгі жылдары ғана 3 триллион теңге жұмсаған. Демек, оның қайтарымы ретінде банктер де мембағдарламалар аясында халық пен бизнесті несиелендіруі шарт.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу