Үкіметтің COVID-19 препараттары мол қорын жасауға қоймасы жоқ

2145

Дәрі тасу үшін авиакомпаниялар ұшақ креслосын жұлып алуда.  

Үкіметтің COVID-19 препараттары мол қорын жасауға қоймасы жоқ

Ел басшылығы Үкіметке коронавирус пандемиясымен күресу және оның келесі жойқын толқындарына дайын болу мақсатында дәрі-дәрмектің ұзақ уақытқа жететін үлкен қорын жасақтауды жүктеді. Алайда соны шетелден елге жеткізу үшін де, кейін сонша көлемін сақтау үшін де мүмкіндік жоқ көрінеді.

Дәрі тасуға кеңестік ұшақтар тартыла ма?

Air Astana әуе компаниясының стратегиялық даму жөніндегі вице-президенті Ердәулет Шәмшиев ұлттық әуе тасымалдаушы елге барынша көмек көрсетуге дайын екенін айтты. Дегенмен, арнайы-құзырлы органдар контрабанда деп есептемеуі және жазаға тартпауы үшін мемлекеттен ресми құжаттар мен рұқсатнамалар керек.

"Бұл істе жәрдемдесу керек пе, әлде жоқ па?" деген сұрақ мүлдем қойылып отырған жоқ. Қазақстанға шетелден дәрілік препараттарды және медициналық жабдықтарды шұғыл жеткізуге және өңірлер арасында таратуға дайынбыз. Ол үшін "СҚ-Фармация" немесе Денсаулық сақтау министрлігінен ресми сұрау келіп түсуі керек. Онда әкелінетін жүктің егжей-тегжейі жазылуға тиіс. Сұрау түссе, Эйр Астана жүкті тез тасып жеткізуге әзір", – деді компания вице-президенті.

Рас, бұл қызметі тегін болмайды. "СҚ-Фармация" да тегін қызмет көрсетуді талап етіп отырған жоқ, тек жеңілдік сұрайды.

Air Astana жүк тасымалдарын сату жөніндегі директоры Жанна Шаяхметова бұған дейін жолаушы тасыған ұшақтар енді жүк тасымалы мақсатына қайта жабдықталып жатқанын айтты.

"Қазіргі кезде біздің қайта жабдықталған ұшағымыз даяр. Boeing 767-300 кең фюзеляжды, алыс магистралді алып лайнерінен креслоларды алып тастадық. Ұшақтың ішін ULD-мен (unit load device), яғни авиациялық контейнерлермен, паллеттермен жабдықтадық. Өкінішке қарай, температуралық режимді ұстап тұратын контейнерлеріміз жоқ. Әйтсе де, ұшақтың жүк бөлігінде ауа температурасы Цельсий бойынша +5-ден +12 градус аралығында реттеледі. Менің ойымша, дәрілік препараттардың көп түрі үшін бұл жеткілікті болады", – дейді Жанна Шаяхметова.

Ол шетелден жөнелтуге қарағанда медикаменттерді ел ішінде тарату күрделірек болатынына назар аудартты.

"Өңірлеріміз арасында жолаушы тасымалы қайта ашылды. Оларға жүк тасымалын қоса сатып жатырмыз. Қынжылтатыны сол, жолаушылардан сұраныс төмен. Сондықтан ұшуларды оңтайландыруға мәжбүрміз. Нәтижесінде, рейстерді Airbus-тан бразилиялық Embraer ұшақтарына ауыстырдық. Онда жүк сыйымдылығы өте шектеулі" – деді Air Astana жүк тасымалдарын сату жөніндегі директоры.

SCAT авиакомпаниясының жүк тасымалына жердегі қызмет көрсету кешені бойынша басшысы Владимир Житник пандемияға тосқауыл қою үшін мемлекетке көмектесуге, препараттарды және медбұйымдарды Қазақстан бойынша тасымалдауға әзір екендерін хабарлады.

"Қазақстандағы барлық әуе тасымалдаушысында жолаушылар ғана емес, сондай-ақ жүк тасымалы құлдырауда. Сұраныс болмағасын рейстер санын жаппай қысқартуға мәжбүрміз. Адамдар ұшақпен ұшуға қорқады. "Скат" әуекомпаниясы шығынды оңтайландыру мақсатында Боингтер орнына канадалық Bombardier CRJ ұшақтарын қоюда, тиісінше, жүк сиымдылығы азайды. Соған қарамастан елге барынша көмек көрсетуге дайынбыз. Сұрау болса, өз тарапымыздан жүк көлеміне орай тасымалдау кестесін және бағаларды ұсынатын боламыз. Мысалы, чартер жалдауға болады. Біз екі жолаушылар ұшағынан – Boeing 757 және Boeing 767-ден креслоларды сыртқа шығарып тастадық. Олардың көмегімен Ресейден, Қытайдан және басқа елдерден жүк жеткізудеміз. Тек чартер – тұрақты рейс емес екенін ескеру керек. Алдын ала тапсырыс беріп, ұшу уақыты, жүк көлемі жөнінде келісімшарт бекіту керек", – деді Владимир Житник.

Скат Үкіметке шағын авиацияны іске қосу туралы ұсыныспен шығыпты.

"Шағын ұшақтар 2–3 сағат бойы ұша алады. Оған АН-24 ұшақтарын тартуға болады. Бұған біздің еншілес компаниямыз – "Южное небо" авиакомпаниясы қызмет көрсете алады. Бүгінде оның қолында авиафлот – ұшақтар паркі бар. Егер ең құрығанда аэродромы болса, коронавируспен күреске қажетті жүкті бір елді мекеннен екіншісіне шұғыл жеткізуге оны да пайдалануға болады. Ол ұшақтар ең көп дегенде 4,5 тонна немесе 27 текше метр жүк көтереді", – деді В.Житник.

Кеденшілер сенбі-жексенбі неге демалады?

COVID-19 індетіне қарсы дәрі-дәрмектердің көбі тасымалдауда және сақтауда ерекше температуралық режимді сақтауды талап етеді. Далада күн күйіп тұр. Мұндай аптапта олар емдік қасиеттерін жоюы, ең сорақысы, сырқатқа зиянды болып шығуы ықтимал.

"Алматы халықаралық әуежайының" департамент директоры Абдул Кусаев әуе айлақтарында осындай құнды жүкті аз уақытқа сақтауға болатынын баян етті. Бірақ ол кеденшілердің аптасына екі күн демалатынына және өзге күндері шектеулі режимде жұмыс істейтініне қынжылды.

"Біздің әуежай қоймаларында әртүрлі температуралық режим ұсталады. Ол фармөнімдерге де жарайды. Біздің тарапымыздан проблема жоқ. Ондай жүктерді қабылдап, өңдеп, жөнелтіп жатырмыз. Тіпті жүкті әуежай қоймасында кедендік рәсімдеуден өткізуге және осы жақтан бірден өңірлерге таратуға болар еді. Мен бір ескертпе жасайын: бізде кеден қызметі тек белгілі бір уақытта ғана жұмыс істейді. Шынын айтсақ, олардың ең құрығанда демалыс күндері де жұмыс істегенін қалаймыз. Ең болмаса, таңнан кешке дейін істесе. Қазіргі сұрапыл шақта тәулік бойғы қызметке кіріссе, тіпті қуанамыз", – дейді Абдул Кусаев.

"СК-Фармация" ЖШС-нің жаңа басқарма төрағасы Ерхат Есқалиев коммерциялық сектордың өзінде құнды дәріні жеткізетін рефрижератор жетіспейтініне өкініш білдірді.

"Кейбір өңірлік әкімдіктер өз бетімен тасып әкетуде. Басқасына қиынға түседі. Қолда бар осындай көліктерді жұмылдыруға тырысудамыз. Нарық шағын. Көбісі отандық кәсіпорындар тарапынан ұзақ мерзімге арендаға алып қойылған. Алайда мемлекеттік маңызды іске қатысты саботаж болса, билік тиісті шаралар қабылдайды. Демек, дәрі-дәрмектің әрбір жеткізілген партиясын таратуға осындай көліктер даяр тұруы тиіс. Бұрын көлікті екі апта бұрын жалдайтынбыз. Енді бәрі едел-жедел. Ендеше оның бағасы да бізге қымбатырақ түседі. Ақша ресурсымыз болса, шектеулі", – деп мәселелерді санамалады "СҚ-Фармация" басшысы.

Ол ауыл-аймақта КВИ дәрілерін сақтайтын жер тапшы деді.

"Температуралық қоймалар қажет. Бұған дейін дәрі-дәрмекті 2–3 қалада ғана сақтайтынбыз. Содан мұқтаж қалаларға жолданатын. Енді әр өңір айлық қор жасауы керек. Ал оны қайда сақтайтынын білмейді. Ауруханалар үлкен көлемде сақтауға бейімделмеген. Бұрындары, бейғам заманда өңірлер мен қалалар алдын ала тапсырыс беретін. Дәрі-дәрмек асықпай хабтан жөнелтілетін. Бүгінде Үкімет мол резерв жасау туралы міндет қойды. Бізде осынша көлемде сақтайтындай тиісті қойма жоқ. Содан GMP стандарттарын бұзу тәуекелі туындауда. Бұл мәселені "ҚазЛогистикпен" бірге тез шешуіміз қажет", – деді Ерхат Есқалиев.

Қалай болғанда, COVID-19 дәрі-дәрмегі негізінен сұйық күйде болып келеді. Оны жаздың аптап ыстығының шабуылынан қорғамаса, шипа емес, бәле болуы ғажап емес.


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу