Үкіметтің мақта кластеріне қызығушылығы жойылған

6376

Мақта шикізатын өңдеуші инвесторлар қолдау талап етуде. 

Үкіметтің мақта кластеріне қызығушылығы жойылған

Бүгінде Түркістан облысының Шардара ауданындағы Алатау батыр ауылында заманауи мақта өңдеу зауыты салынып жатыр. Оған "International company of Cotton" компаниясы шетелдік, атап айтқанда қытай инвестициясын тартқан.

Қуаты тәулігіне 400 тонна мақта шитісін өңдеуге жететін жобаға 5 миллиард теңгеден астам қаражат құйылуда екен. Оған зауыттың ғимараты тұрғызылады, мамандандырылған ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынады, мақта қабылдау бекеттері мен қойма-терминал бой көтереді. Кәсіпорынға АҚШ патенті бойынша әзірленген соңғы үлгідегі құрал-жабдықтар сатып алыныпты. Сондықтан инвестор өкілі бұл Орталық Азияда баламасы жоқ зауыт болатынына сендіреді. 

"Мақта Қазақстанда тек бір өңірде – Түркістан облысында ғана өсіріліп, өңделеді. Мақта саласында облыста 500 мыңнан астам адам тұрақты түрде еңбек етуде. Өңірде 18 мақта өңдеу зауыты жұмыс жасайды, бірақ олардың құрал-жабдығы мен техникасы әбден тозған. Бұл зауыттарды жаңғырту, ескірген жабдықтарын заманауи озық үлгісіне ауыстыру көп ақша шығындауды талап етеді. Алайда мемлекет мақта саласына инвестиция салуға субсидияны жойды. Бұл мақта өңдейтін зауыттарды жаңғырту және дамыту ісіне тежеу. Инвесторлар мемлекеттің салмақты қолдауына зәру", – дейді кәсіпорын жетекшісі Сәбит Алдабергенов.

Түркістан облысында "Айқажы" компаниясы өзбек инвестициясына тағы бір мақта өңдеу зауытын ашып жатқаны мәлім. Кәсіпорын "Шардара" индустриалды аймағында 10 гектар жерде орналасқан. Оның барлық өнімі Қытайға экспортталады деп хабарланды.

Әйткенмен, кезінде "кластер" деп дәріптелген бұл сала енді Үкімет үшін басымдыққа ие емес. Осының дәлеліндей, Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығымен бекітілген "Инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау қағидаларынан" мақта тыс қалды.

Яғни, Үкімет мақта өңдеумен айналысатын нысандарды салу, құру, кеңейту және модернизациялауға құйылған инвестициялардың бір бөлігін субсидияламайды.

Өз кезегінде бизнесмендер Үкіметтен қағидаларға түзету енгізіп, шығындарының 50%-ын бюджеттен өтеуді сұрап отыр.

Алайда Ауыл шаруашылығы министрлігінің инвестициялық саясат департаментінің директоры Венера Шарби мұның орынсыз екеніне сенімді. Ол субсидияның неге берілмейтінін түсіндірді.  

"Түркістан облысының ауыл шаруашылығы басқармасының дерегінше, биылғы 2019 жылы өңірде 336,5 мың тонна мақта жиналған. Бұл ретте өнімділік әр гектардан 26 центнерден айналды. Бұл былтырғыдан төмен. 2018 жылы жалпы көлемі 343,6 мың тонна мақта жиналған. Негізі, бүгінде Түркістан облысында 21 мақта өңдейтін зауыт бар. Олардың жалпы қуаттылығы 790 мың тоннаны құрайды. Алайда қазіргі кезде олар бар-жоғы 30%-ға ғана жүктелген. Ендеше жаңа мақта өңдеу зауыттарын салу – басыартық нәрсе. Осыны ескере отырып, бұл нысандардың құрылысын инвестициялық субсидиялауды орынсыз деп санаймыз", – дейді Венера Ғалымжанқызы.

Бірақ инвесторлар тоқтамай, ары қарай табандайтынға ұқсайды. Кеше, сәрсенбідегі Мәжілістің жалпы отырысында Құдайберген Ержан, Владислав Косарев, Ерсұлтан Бектұрғанов және Абзал Ералиев Үкімет басшысының орынбасары Роман Склярға депутаттық сауалмен шықты.

"Кезінде "Оңтүстік" арнайы экономикалық аймағы тоқыма секторына инвесторлар тарту үшін құрылды. Оның аумағында шамамен 15 тоқыма кәсіпорнын тұрғызу, жылына 100 мың тонна мақтаның өңделуін қамтамасыз ету және 10 мың жұмыс орнын құру жоспарланды. Бұл мақсатқа қол жеткізілмеді", – дейді депутат Құдайберген Ержан.

Ол өңделген мақтаның құны шикізатынан 4,5 есеге көп екенін айтады. Сондықтан олар Үкіметтен мақтаны терең өңдеуді жолға қоюды, қосылған құны жоғары дайын өнімді сату үшін кәсіпорындарға инвестициялық артықшылық-преференциялар беруді және оларда мемлекеттік тапсырысты орналастыруды сұрады. Сондай-ақ олар "ұзын және арзан айналымдық қаражаттармен қамтуды", "кедендік рәсімдеу кезінде құрал-жабдықтар мен химикаттарға нөлдік ставка енгізуді" де қиыла сұрап отыр.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу