Үкіметтің реформасы балабақшаларды жайратып кетуі мүмкін

4540

Әр балабақшаны қаржыландыру 30-40 млн теңгеге қысқарыпты. 

Үкіметтің реформасы балабақшаларды жайратып кетуі мүмкін

Білім және ғылым министрлігі жас ұрпақты мектепке дейінгі тәрбие және біліммен қамту жүйесін реформалауда. Балабақшалар енді 5 жылда 1 рет мемлекеттік аттестаттаудан өтетін болады. Оның нәтижесінде білімінің сапасы төмен, материалдық-техникалық базасы сын көтермейтін, сауалнама нәтижесінде ата-аналар тарапынан нашар баға алған, кадрлары біліксіз балабақшалар жаппай жабылуы мүмкін. Алайда бюджеттен берілетін қаражаттың күрт азайтылуы мектепке дейінгі ұйымдардың қазірден топ-тобымен тоқтауына соқтыруы ықтимал, деп хабарлайды Inbusiness.kz.

Бір балабақшаны ұстап тұруға жылына 80 млн теңге қажет

Реформа аясында білім саласын қаржыландыру 2021 жылдан бастап аудандық бюджеттен алып қойылып, облыстық бюджетке берілген болатын. БҒМ-ның түсіндіруінше, бұл білім беру ұйымдарын қаржыландыруды жақсартуға тиіс, себебі, аудандардың бюджеті әрқалай, соның салдарынан кедей аудандар ауқатты аудандарға қарағанда оларға әлдеқайда аз қаражат бөлуге мәжбүр. Тиісінше, бұл құзырет облыстың деңгейге ауысса, онда аудан-қалалар, ауыл-кенттердің білім беру саласын қаржыландыру біркелкіленбек.

Алайда әдеттегідей қисынды бастамалардың өзі өмірге жолдама алғанда қисық іске айналып шыға келгендей,

"Осы уақытқа дейін ауданнан мемлекеттік балабақшаларды қаржыландыруда ешқандай қиындық болған емес! Барлығы заңға сай жүргізіліп келді. Ал биылғы жылдың 1 қаңтарында облыстық деңгейге өткелі бері тек түсінбестіктер мен наразылықтар тууда. Себебі, мембалабақшалар бұған дейін мекемедегі штат санына, қызметкерлердің білімі мен біліктілігіне, мекеме ғимаратының ауданына қарай есептелген нормативтерге сәйкес қаржыландырылды. Яғни, шығынды қажет ететін барлық дерлік жайттар қамтылды. Енді осы жылдан бастап жан басына қаржыландыру дегенді шығарды", – дейді мектепке дейін мемлекеттік ұйымның өкілі, педагог Урзада Әшірова.

Бұл тетікті министрлік бұрыннан ілгерілетіп келген: бюджет қаражаты әр баланың соңынан еріп жүреді деді. Бір қарағанда, орынды сияқты. Бала барғысы келмейтін балабақшаға ақша да бармайды. Дегенмен, іс жүзінде ол балабақшалардың жете қаржыландырылмауына соқтырған.

"Қазір балабақшадағы бала санына қарай ай сайын қаржы бөлінеді. Бұл бір жағынан дұрыс та шығар. Облыстық деңгейге өттік деп қуанғанымызбен, қаржымызды едәуір мөлшерде қысқырып қалатынын білмедік. Мысалы, Қызылорда облысында бала басына ай сайын 50 мың теңге бөлінеді. Назар аударатын жайт, 90 баланы тәрбиелейтін 1 балабақшаға 1 жылға қажетті сома – 80 миллион теңгені құрайды. Яғни, жаңа тетік 1 балабақша үшін берілетін қаржыны 36 миллион теңгеге дейін қысқартып отыр", – дейді шағым иесі.

"Қаржыландырылмайтын нормативтен күшінде қалды"

Балабақша білім мен тәрбиенің бастауы. Бала – еліміздің болашағы дейміз. Ендеше мемлекеттің түлкібұлаңға салып, ақырында жас ұрпақтан үнем қылуын қалай түсінуге болады? Балаларға мектепке дейінгі сапалы білім мен тәрбиенің берілуі – заман талабы. Онсыз Қазақстан сауатсыз ұлтқа айналып, өркениет көшінің соңында салпақтайтын болады.

Неге жеткіншектердің білімі мен тәрбиесінен қаржы аяймыз? Бөбектердің білімінен, тәрбиесінен қысқартылған қаржыны билік қандай маңызды мақсатқа жұмсауда? Балалардың сапалы білім алуынан қаржы үнемдеген мемлекеттің болашағы қандай? Сауал көп. Жауап жоқ.

"2020 жылы педагогтардың жалақысы 25%-ға, 2021 жылы 50%-ға өсті. Бұл әрине, қуантарлық жаңалық. Бірақ жалақымызды өсіріп, балабақшалардың қаржысын қысқартқаны түсініксіз. Соның кесірінен өз жалақымызды толық ала алмай жатырмыз. Себебі қаржы жетпейді. Қаржы жетпегендіктен, балабақша қызметкерлері өз еркімізбен ақысыз еңбек демалысына шығуға мәжбүрміз. Пандемия жайлаған қиын уақытта бұл бізге, жалғыз ғана жалақыға қарап отырған қарапайым қызметкерлерге үлкен ауыртпалық. Шенеуніктер неге осыны түсінбейді? Сонда бәрібір толық төленбейтін болса, еңбекақымыздың көбейгенінен не пайда? Бұл кімді алдау, не көзбояу?", – деді У.Әшірова.

Оның айтуынша, мекемедегі персоналдың санына және біліктілігіне, балабақша ғимаратының ауданына және жасақталуына қарай қаржыландыруды доғарғанымен, мемлекет ол талаптардан бас тартпаған. Нәтижесінде, мембалабақшалардағы "үлгі штаттары және педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген адамдар лауазымдарына" (Үкіметтің №77 қаулысы), "мектепке дейінгі ұйымдарды жабдықтармен және жиһазбен жарақтандыру нормаларына" (БҒМ-ның №70 бұйрығы) қатысты құжаттар сол бойы күшінде. Олардың мүлтіксіз орындалуын құзырлы органдар қадағалайды.

Алайда жаңа тетік аясында қаржысы жалақыға жетпей жатса, мемлекеттік балабақшалар көнерген жиһаз орнына жаңасын қалай алады? Жылу, жарық, су, кәріз жүйесіне қарыз болып, олардан ағытылса, балабақшаларға жабылу ғана қалады.

"Біз Үкіметтің, министрліктің қаулы, бұйрықтарын басшылыққа алып, жұмыс жасап келдік, ал жан басына қарай қаржыландыру бұл нормативтерге қарама-қайшы келеді. Оларды орындау мүмкін емес. Онда неге бұлардың да күшін жоймаған?", – дейді осы ұйым өкілдері.

Жалақы арттыруға 300 миллиард теңгедей жұмсалмақ

Өз кезегінде Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев жан басына шаққандағы қаржыландыруға көшу мен тәрбиешілердің жалақысын өсіру арасында байланыс жоқтығын білдірді. 

"Өйткені Бюджет кодексінің 55-56-баптарына және "Білім туралы" заңының 6-бабына сәйкес, балаларды мектепке дейінгі оқытумен және тәрбиемен қамтамасыз ету жергілікті бюджеттер қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Ал "Педагог мәртебесі туралы" заңына, сондай-ақ Мемлекет басшысының педагогтердің жалақысын арттыру жөніндегі тапсырмасын орындауға республикалық бюджеттен қаржы бөлінді. Нақтылай кетсек, Білім және ғылым министрлігі арқылы өңірлер бюджеттеріне жалпы сомасы 351 млрд 486 млн теңге нысаналы трансферттер қарастырылған. Соның ішінде мектепке дейінгі білім беру ұйымдары педагогтерінің еңбекақысын жыл сайын 25%-ға арттыруға жалпы сомасы 284 млрд 865 млн теңге бөлінеді", – деді бас қаржыгер.

Жылдарға таратсақ, мембалабақшалардағы педагогтер еңбекақысын арттыруға 2021 жылы – 63 млрд 39 млн теңге, 2022 жылы – 94 млрд 705 млн теңге, 2023 жылы – 127 млрд 120,8 млн теңге көзделген.  

Жалақы көтеруден жекеменшік балабақшалар да қалыс қалмайды екен.

"Аталған қаражаттар аясында, сондай-ақ балаларды мектепке дейінгі тәрбиелеуге және оқытуға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру шеңберінде жекеменшік мектепке дейінгі білім беру ұйымдары педагогтерінің жалақысын арттыруға да шығыстар көзделген. Балабақша педагогтеріне біліктілік санаты үшін лауазымдық жалақының 30%-ынан 50%-ына дейін қосымша ақы төлеуге жалпы сомасы 66 млрд 621,4 млн теңге, соның ішінде жылдар бойынша 2021 жылға – 8 млрд 542,7 млн теңге, 2022 жылға – 23 млрд 726,8 млн теңге, 2023 жылға – 34 млрд 351,9 мың теңге қарастырылды", – деді Е.Жамаубаев.

Оның айтуынша, сонымен қатар өңірлердің жергілікті бюджеттерінен "педагогтерге теңестірілген мемлекеттік мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының мамандарының 56 күндік демалысын төлеуге 2020–2022 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттер берілген" екен.

"Жан басына нормативтік қаржыландыру қағидаты бюджеттен шығыстарды балабақшаға емес, балаға бөлуге негізделеді. Нәтижесінде білім беру ұйымдары арасындағы бәсеке артады, балаларға сапалы білім мен тәрбие беру ісі кепілді қаржымен қамтылады. Жан басына шаққандағы орташа норматив әдістемесіне сәйкес, қаржыландыру көлемі балабақшадағы 1 балаға 2021 жылы – 38 023 теңгеден, 2022 жылы – 41 595 теңгеден, 2023 жылы – 44 945 теңгеден келеді. Бұл ретте қаржы көлемі шағын орталық, 10 сағаттық режим, 9 сағаттық режим секілді келушілер тобына қарай құбылады. Карантин және шектеу шараларының қолданылуы кезеңінде мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға мемлекеттік білім беру тапсырысы 2020 жылғы 5 шілдеден бастап қазіргі уақытқа дейін жергілікті әкімдіктер белгілеген көлемде және сомада қаржыландырылуда", – деді бас қаржыгер.

"Құланның қасуына мылтықтың басуы" дегендей, жан басына қаржыландырудың енгізілуі, мембалабақшалардың ауданнан облыстың қоластына көшуі, олардағы педагогтер жалақысын арттыру, пандемия және карантин шектеулерінің бәрі тұспа-тұс келіп қалып, бөбектер тәрбиесіне жауапты ұйымдарды тұйыққа тірегенге ұқсайды. Жоғарыдағы деректерден байқалғандай, дағдарысты 2021 жылға бөлініп отырған қаражаттар аздау. Бірақ алдағы жылдары еселеп артады деп жоспарлануда.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу