Украина: Қарулы жанжалға жарты жыл

2865

Алты ай бұрын Владимир Путин ондаған мың жауынгерін Украинаға кіргізді. Алайда "әлемнің екінші қуатты армиясы" тұтас ел түгіл Донбассты әлі ала алмай жатыр.

Украина: Қарулы жанжалға жарты жыл

Ақпаннан бері Украинада Ресейдің тынымсыз бомбалауынан ондаған мың адам қаза тауып, миллиондаған тұрғын үйлерін тастап, қалалар жермен-жексен болып, үйінділерге айналды.

Сұмдық басқыншылықтың кейбір кезеңдеріне тоқталсақ, олардың қысқаша сипаты төмендегідей:

Орындалмаған уәде

Ресей Украинаға басып кіретінін қайта-қайта жоққа шығарды. Бірақ Мәскеу бір сәтте сол сөзінен тайқып, Киевті "қарусыздандыруға", көршісін "ұлтшылдардан" тазартуға және НАТО-ның кеңеюін тоқтатуға күш салатынын жариялап, Украина жерін басып алмайтынын ескертті. Дегенмен қарапайым украиндықтар сенген жоқ. Олар Ресей Президенті Владимир Путиннің ақпанның 24-дегі басқыншылықтан үш күн бұрын жасаған үндеуінен кейін, Кремльдің Украинаны жаулап қана қоймай, украиндардың 1000 жылдық ұлттық болмысын жоюға да бекінгеніне күмән келтірмегендерін айтады.

"Украина біз үшін жай ғана көрші емес. Ол – төл тарихымыздың, мәдениетіміздің және рухани кеңістігіміздің ажырамас бөлігі. Тарихи орыс жерінің оңтүстік-батысында тұратын халық ежелден өздерін орыстар және православиелік христиандар деп атаған", – деді алапат қарулы жанжал қарсаңында Путин.

Алғашқы жеңіліс

Шабуылдан кейін бірнеше сағат ішінде Ресей астанаға найзағайдай соққы беремін деп, Киевтің солтүстігіндегі Антонов аэродромына командос қондырды. Сондағы мақсаты – алып қаланы алу үшін әуеде көпір қамтамасыз ету.  

Дегенмен бір күннің ішінде украиндар ресейлік элиталық десантшыларды жойып, аэродромның ұшу-қону жолағын қиратты. Ал Ресейдің брондалған техника колонналары Киевтің солтүстік шетіне жеткенімен, әуеден қолдау болмағасын кері шегініп, Мәскеудің астананы қас-қағым сәтте жаулап алу жоспарының күл-талқаны шықты.

"Мен осындамын"

Киевке орыстың бомбалары жауып, жергілікті тұрғындар бас сауғалап теміржол вокзалдары мен метро станцияларына топырлап жатқанда, Президент Владимир Зеленский ешқайда кетпейтінін хабарлады.

"Қайырлы таң, украиндықтар. Мен – осындамын", – деді бұрынғы ситком актері басқыншылықтың үшінші таңында ұялы телефонмен түсірілген селфи-видеода жымиып тұрып.

Зеленскийдің түнде сөйлеген сөздері, әскери формасы, нық сөйлеу мәнері халықты ортақ іске ұйыстырып, тіпті Украина қарсыластығының символына айналды.

Содан бері Зеленский АҚШ Конгресіне, Бундестагқа, Прагаға, Грэмми марапаттау салтанатына және талай елдің парламенттері мен музыкалық фестивальдерге үндеу жолдап, жанкүйерлерін "еркіндіктің әрқашан жеңетінін дәлелдеп отыруға" шақырды.

Анамен қауышу

Ресей Украина қалаларына соққы бергенде, миллиондаған адам үйлерін тастап кетті. Еуропада 6,6 миллионнан астам босқын тіркелді. Олардың көпшілігі – көрші мемлекеттерге өткен украиналықтар. Киев соғысатын жастағы ер адамдардың елден кетуіне тыйым салды.

"Олардың әкесі екі баласын маған сеніп тапсырып, паспорттарын беріп кетті", – дейді 58 жастағы Наталья Аблеева басқыншылықтан кейін екі күннен соң "Рейтер" агенттігіне берген сұхбатында.

Шекараның Венгрия жағына өткенде әлгі балалар анасымен қайта қауышты.  Анасы оларды көргенде қуаныштан жылап жіберген.

Тозақтай көрініс

Бір кездері оңтүстікте гүлденіп тұрған порттық қала – Мариупольді Ресей әскері үш ай бойы қиратты. Қызыл Крест ондағы көріністі "тозаққа" теңеп отыр.  

Украина үкіметінің мәлімдеуінше, Мариупольде ондаған мың бейбіт тұрғын азық-түліксіз, сусыз және медициналық құралдардың жоқтығы мен үздіксіз бомбалау салдарынан жертөлелерде қаза тапқан. Біріккен Ұлттар Ұйымы зардап шеккендердің саны белгісіз дейді.

Мұнда театр да қирады. Оның қасында жатқан "балалар" деген жазуы бар суретті тіпті спутниктен көруге болатын. Киевтің дерегінше, соған қарамастан, Ресей қала халқының жігерін өшіру мақсатында театрды әдейі бомбалап, оның жертөлесіндегі  жүздеген адамды мерт қылды. Сол құрбандардың мәйіті әлі жерленбеді деген мәлімет бар. Ресей болса, ешқандай дәлел келтірместен бұл оқиғаның қолдан ұйымдастырылғанын алға тартып отыр.

Көшедегі мәйіттер

Наурыздың аяғында Ресейдің Киевке шабуылы сәтсіз аяқталды. Оның брондалған колонналары украиндардың танкке қарсы зымырандары мен ұшқышсыз ұшақтарының соққысына төтеп бере алмай, батпаққа батып, үлкен шығынға ұшырап, кері шегінуге мәжбүр болды. Мәскеу Украинаның солтүстігінен әскерін әкете отырып, бұл шешімді "ізгі ниет" ретінде қабылдағанын жариялады. Бірақ РФ армиясынан азат етілген қалалар мен ойрандалған ауылдардың көшелерінде мәйіттер шашылып жатты.

Көрікті қала Буча да ойрандалып, көптеген құрбан сол жерден табылды, олардың кейбірінің қолдары байланған. Ресей бұған да қатысы барын жоққа шығарып, ешқандай дәлел келтірместен, бүкіл әлемді дүр сілкіндірген қырғын қасақана ұйымдастырылды деп мәлімдеп келеді.

Ресейдің әскери кемесіне балағат жауап

Шабуылдың алғашқы сағаттарында Қара теңіз флотының "Москва" флагманындағы ресейлік офицерлер Қара теңіздегі тақыр, бірақ стратегиялық маңызы бар Жылан аралындағы украин сақшыларына радиохабар беріп, оларға берілу немесе өлу туралы талап қойды. Сонда украин жауынгерлерінің бірі радиостанциямен: "Русский военный корабль иди на ..." деп жауап берген.

Бұл сөйлем украиндық билбордтарда, футболкаларда бейнеленіп, тіпті ұлттық ұранға да айналып, пошта маркалары флагманға саусағын көрсетіп тұрған сақшының суретімен шығарылды.

Сол марка шыққан күні, яғни, сәуірдің 14-де Украинаның екі зымыраны РФ-ның үлкен әскери кемесі "Москваға" барып тиіп, оны батырып жіберді. Ресми түрде Ресей бұл апаттан бір теңізшінің қаза тапқанын хабарлады. Бірақ батыс сарапшылары 450-ге жуық экипаждың жартысы теңізде мерт болды деп есептейді.

Маусымның 30-да Ресей үлкен шығынға ұшырағаннан кейін Жылан аралынан бас тартып, ол шегінісін де "ізгі ниет" деп атады.

"Азовсталь"

Мариупольді қоршау операциясы негізінен әлем назарынан тыс қалды. Мұнда соңғы украин жауынгерлері Еуропадағы ең ірі металлургиялық зауыттардың бірі – "Азовстальдің" астындағы тоннельдерді бункер етіп, сонда жасырынды. Мамырдың 16-да Украинаның бас штабы оларға өз өмірлерін сақтап қалу үшін берілуге бұйрық берді.

Мәскеу "Азовсталь" тұтқындарына Женева конвенцияларына сәйкес қарауға уәде еткенімен, Украинаның оларды айырбастау туралы үндеулерін қабылдамады.

Шілденің 29-да ресейшіл сепаратистер бақылауындағы түрмеде  болған алапат жарылыс кезінде "Азовстальдің" ондаған қорғаушысы қаза тапты. Киев мұны Мәскеудің бұйрығымен жасалған әскери қылмыс деп есептейді. Ал Мәскеуге сенсек, түрмеге украин зымыранымен соққы берілген. Дегенмен түрмедегі ресейшіл күзетшілердің неліктен зардап шекпегені белгісіз.

Ресейдің Лондондағы елшілігі болса, аман қалған "Азов" тұтқындарын дарға асу керектігін айтып, "олар қорлықпен өлуге лайық" екенін мәлімдеді.

Донбасс үшін шайқас

Киевті ала алмаған Ресей мақсатын өзгертіп, енді бар күшті екі облыстан құралған шығыстағы Донбассты жаулауға жұмылдырды. Сөйтіп Украинадағы қарулы қақтығыстың ең жойқын құрлықтық шайқастары басталды.

Мамыр айының ортасында Северский Донец өзенінен өтпек болған орыс әскерлерінің тұтас бір батальоны жойылды. Спутниктік фотосуреттер екі жағалауда шашылып жатқан ондаған брондалған көлікті көрсетті.

Ресейліктер артиллериялық атыс күшінің артықшылығын пайдаланып, украин әскерлерін үш жақтан қоршау үшін шабуылды үдетті. Маусымда екі жақ та жаудың мыңдаған жауынгерін өлтіргенін хабарлады. Ал Северодонецк және Лисичанск қалаларының үйінділерін басып алғаннан кейін Путин шілденің 4-де бұл аймақта жеңіске жеткенін жариялады. Бірақ Донбасс толық алынған жоқ, шайқастар әлі жалғасып жатыр.

"Хаймарс сағаты"

Қарулы жанжал қазір негізінен оңтүстікке ойысып отыр. Киев түскейдегі Ресей басып алған жерлерді түгелдей қайтарып алуға уәде берді. Сондықтан Мәскеу бұл өңірге қосымша әскер жөнелтті.

Шілденің басынан бері Украина Батыс жеткізген артиллериялық зымыран жүйесі – HIMARS-ты қолдана бастады. Енді онымен Украина армиясы Ресей бақылауындағы территорияларда орналасқан көпірлерді, теміржолдарды, командалық пункттерді және оқ-дәрі қоймаларын нысанаға алып, ұрыстың барысын өз пайдасына өзгертуден үмітті.

Интернетте Украина жақтастары күн сайын Ресей бақылауындағы аумақтарда болған жарылыстардың суреттерін "Хаймерстің сағаты" деген қанатты сөзбен жариялап отыр. Ресей болса, "арнайы операциясының" жоспарлы түрде жүргізіліп жатқанын мәлімдеп келеді.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу